ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТIҢ ҮЗДIК ФАКУЛЬТЕТI АНЫҚТАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТIҢ ҮЗДIК ФАКУЛЬТЕТI АНЫҚТАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТIҢ ҮЗДIК ФАКУЛЬТЕТI  АНЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі
248

3 желтоқсан күнi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында жалпыұлттық Тәуелсiздiк күнiне орайластырылып, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздiк факультетi» байқауының жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмi өттi.

Тәуелсiздiк күнiн мерекелеу елiмiздiң жетекшi оқу орнының 75 жылдық мерейтой салтанатының шарықтау шегi болса, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздiк факультетi» байқауының нәтижесiн шығару – мерейтойлық жылдың қорытынды оқиғасы болды.

Мерекелiк шара мемлекеттiк туды салтанатты түрде әкелiп, әнұранның орындалуымен ашылды. Тәуелсiздiк күнi, ректор Бақытжан Жұмағұлов атап өткендей, бұл көптеген алдыңғы ұрпақ өкiлдерiне жасалған құрмет, бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен қорғап қалған құндылығымыз дей келе, қарашаңырақтың сiңiрген елеулi еңбегiн атап өттi.

– ҚазҰУ өзiнiң 75 жылдық тарихында қазақстандық ғылыми, экономикалық, әлеуметтiк және саяси элитасының кадрларын дайындау «ұстаханасы» болып келдi. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев бiздiң университеттiң қабырғасында оқыған дәрiсiнде ҚазҰУ-ды «жаңа Қазақстанның бiлiмi мен ғылымының форпосты» деп атады, – деп жаңа анықтама бердi.

Университет факультеттерi арасында жыл сайын өткiзiлетiн байқау жеңiмпаздарын марапаттау салтанатында ректор байқау номинанттарын дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Байқау нәтижесi бойынша екiншi орынды биология және химия факультетi өзара бөлiстi, үшiншi орынды шығыстану факультетi иеленсе, төртiншi орын филология факультетiне бұйырды. Әлбетте, кештiң «қызық құпиясы» ауыспалы жалауша мен «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздiк факультетi» атағын иеленетiндiгiн көрермендер асыға күттi. Сонымен биыл ҚазҰУ-дың ең үздiк факультетi болып физика факультетi танылды! Жеңiмпаз факультеттiң деканы Әлия Асқарованың айтуынша, байқау жай көрнекiлiк ретiнде емес, күрделi деңгейде ұйымдастырылған. Университеттiң 13 факультетi өзара оқуда, ғылыми қызметте, тәрбие жұмысында ең жақсы көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатында бақ сынасты. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық деңгейi де қарастырылған, тiптi, оқу ғимараттары мен жатақханалар жағдайы да ескерiлдi. «Факультеттер арасындағы жарыс жеңiл болған жоқ, сондықтан да бұл жеңiстiң салмағы басым. Бiздiң ұжым өз жеңiсiне қуанады, алайда университеттiң «айнасы» болу – көп мiндет жүктейдi», – дейдi ҚазҰУ-дың физика факультетiнiң деканы.

Мерекенiң концерттiк бағдарламасы барысында тәуелсiз Қазақстан халықтарының бiрлiгi мен болашағын көрсететiн «Халықтар достығы» және «Бiз Тәуелсiз Қазақстанның ұландарымыз!» хореографиялық композициялары, университет студенттерiнiң орындауындағы патриоттық әндер мен «Бақыт» би тобының әдемi билерi кеш сәнiн кiргiзе түстi. Ең бастысы, биылғы Тәуелсiздiк Күнiн Қазақ ұлттық университетiнiң ұжымы елжандылық рухпен, бар сән-салтанатымен қарсы алуы елiмiздiң дамуы мен жаңа белестерге жетуiне қосқан үлесiнiң айқын көрiнiсi.

Келе жатқан Тәуелсiздiк Күнi құтты болсын!

Гүлназ ҚҰЛМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары