ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕГI КӨЛЕҢКЕ

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕГI КӨЛЕҢКЕ

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕГI КӨЛЕҢКЕ
ашық дереккөзі
258

Қазiргi күндерде Алматы мен Астанада көбiне осы заманға лайық су жаңа автобустар сатып алынып, қала көшелерiнде жүйткiп жүр. Олардың моторы да көңiлден шығады, жолаушылар мен жүргiзушiге барлық жайлы жағдай жасалған десек те өсiрiп айтпағанымыз. Жарқын түске боялған, сәуле шашқан бағдар нөмiрi анадайдан көзге ұратын автобусты көргенiмде осы көлiкпен серуендеуге аңсарым ауғаны. Кең де жайлы салон сапарымның сәттi болатынын алдын ала сездiргендей, амал қанша, үмiтiм лезде-ақ су сепкендей басылсын: алғашқы әсер алдамшы болып шықты.

Бәрi де табанасты болды. Табалдырықтан аттап, iшке енгенiм сол-ақ екен, автобустың төбесiне қондырылған сансыз аудиожүйе күшейткiштерiнен «Черные глаза» тектес жалған әрi шектен тыс анайы, талғамсыз ән құлақ жарғағын жара барылдай жөнелген.

Дәп осы сәтте ешқашан сәйкеспейтiн кереғар жайттарға ерiксiзден көзiм жетсiн. Автобустардың iшiнде қоғамымыз реттемейтiн керi ережелер өз бетiмен қалыптасқан көрiнедi. Әлгi ережелер жолаушы таңдап алған автобус бағдарына, дәлiрек айтсақ, ди-джейлiк мiндеттi өз еркiмен мойнына артқан жүргiзушi күштеп таңатын әуендерге тәуелдi болып шықты. Көлiктегi бейсауат адам әп-сәтте жат әлем, өзге өркениет, бөтен дүниенiң құшағына күмп беретiн көрiнедi.

Бұл келеңсiз жайт жанымды сыздатқан және жауабы жоқ сансыз сауалдарды өрбiткен.

Бiрiншiден, жолақысын толық төлей тұра нелiктен жалған, жыртақай әуен тыңдауға мәжбүр болуға тиiспiн? Су сепкендей күрт түскен көңiл-күйiмнiң өтемiн кiм қайтарады? Себебi, осынау «саз қобдишасын» құлағым шалған мезетте-ақ жүйкем жұқарып, еркiмнен тыс сыр бердi емес пе?

Екiншiден, нелiктен барлық жолаушылар бiр ғана жүргiзушi талғамсыздығының ерiксiз құрбаны болуға тиiс?

Әрине, мұндай көлiктер жекеменшiк, жеке компаниялардың иелiгiнде деп қарсы дау айтатындар да табылар…

Бiрақ, мен мiнген әлгi автобус баршаға ортақ қоғамдық көлiк емес пе? Мұндай көлiктермен осында өздерiнiң ең алғашқы «музыкалық тәлiмдерiн» алатын құйтақандай балаларымыз, FM стансалары космополиттiк хит-шерулерiн күштеп таңатын етжақын туыстарымыз да жүр едi ғой. Рөлде отырып, өзiнiң үңгiрлiк-музыкалық «құндылықтарын» насихаттайтын рухани мешеу әрi өресiз жүргiзушiнiң кесiрiнен қазақтар және қазақстандықтардың күнделiктi өмiрiнiң мазмұны туралы шетелдiк қонақтарымыздың көңiлiнде керi пiкiр қалыптасады емес пе?

Музыка көпшiлiктiң көңiл-күйi мен жан-дүниесiне орасан зор ықпал ететiнi баршаға белгiлi. Ол былай тұрсын, әлгiндей өресi төмен жүргiзушiлер жүйткiтетiн автобустардың бағдары (маршруттары) мемлекеттiк тендерлердiң негiзiнде үлестiрiледi.

Бiр сөзбен түйiндесек, осындай аса маңызды мәселеде «Әй!» дейтiн ажа, «қой!» дейтiн қожаның» жоқтығы андағайлап көзге ұрады. Бәлкiм, автобустың iшi ешқандай ортақ ережеге пысқырмайтын территория, турасын айтсақ, ешбiр заң сақталмайтын зона болғаны ғой. Олай болса, бiздiң қоғам алдындағы жауапкершiлiгiмiз қайда қалады?

Мемлекеттiк көзқарас қайда? Мемлекеттiк мәдениет министрлiгiнiң талаптары қайда? Әлде ондағы шенеунiктер қоғамдық көлiктердiң маңайына жуымай ма?

Неге жолаушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыратын арнайы мемлекеттiк бағдарлама жасамасқа?

Бiздiң елiмiзде музыкалық талғамы биiк адамдар жоқ па? Жарық әрi кең автобустың iшiнде түрлi көздер мен басқада кейбiр адам мүшелерi туралы анайы әндер емес, Вивальди мен Моцарттың мәңгiлiк туындылары нелiктен естiлмейдi?

Мақұл, ұлттық құндылықтар, тәуелсiздiк туралы да сөз қозғайық, бiрақ бұл мiндеттi түрде қазақ тiлiндегi деңгейi төмен, небары үш нотадан тұратын жасық әндер болмауы керек қой. Ұлттық мақтаныштарымыз – Құрманғазы, Тiлендиев, тағы басқа мақтан тұтар композиторлар мен әншiлерiмiздiң таңғажайып күйлерi мен әндерi неге орындалмасқа?

Абай даңғылымен келе жатқанда бiздiң қонақтарымыз ұлы Абайдың әндерi мен өлеңдерiн тыңдаса, ұлттық сезiмiмiз де биiктей түсетiнiне күмән жоқ. Бұл Т.Г.Шевченко мен Н.В.Гогольге де, сондай-ақ қаламыздың көшелерi есiмдерiн иеленген барша ұлы адамдарға да қатысты жайт. Мұның өзi де эстетикалық талғам қалыптастыру бағдарламасының ажырамас бөлшегi.

Бәлкiм, сонда ғана қоғамдық көлiктердегi басбұзарлық пен дөрекiлiк тыйылып, жолаушылардың жанарында күлкi ойнар едi.

Ағылшын қалаларының бiрiнде автобус аялдамаларындағы жастардың сотқарлығы мен бұзақылығын тыю үшiн күрескен билiк түптiң-түбiнде осындай аялдамаларда классикалық музыка ойнатуға шешiм шығарғаны жұртшылыққа кеңiнен мәлiм. Осының нәтижесiнде бұзақы жастар әлгiндей аялдамаларды жайына қалдырған.

Әрине, таңдау еркi болуға тиiс! Бiрақ, әркiм өзiнiң жекеменшiк көлiгiнде, жеке ұялы телефоны мен МРЗ-плейерiнде қалаған музыкасын тыңдасын, ал қоғамдық көлiктер мен қоғамдық орындарда биiк талғам қалыптастыратын мемлекеттiк бағдарлама жүзеге асырылуы керек.

Осылайша қоғамдық көлiктер, өкiнiшке қарай, мемлекет рухани тәрбие мәселесiн ұмытып кеткен көптеген адамдарды тәрбиелеу және ағартудың анағұрлым тиiмдi құралдарының бiрiне айналары күмәнсiз.

Оның үстiне бiз әлемдегi талғамы биiк және озық елдердiң сапына қосылғымыз келедi емес пе? Ал таңдаулы елдер дегенiмiз – жан басына шаққанда IЖӨ көлемiнiң көптiгi ғана емес, таңдаулы адамдар, сол ел тұрғындарының рухани деңгейiнiң биiктiгi.

Мұрат НҰРМҰХАМБЕТОВ, кездейсоқ жолаушы

Серіктес жаңалықтары