ТОҒЫЗ ТАЛАПҚА – ТОЛЫМДЫ УӘДЕ
ТОҒЫЗ ТАЛАПҚА – ТОЛЫМДЫ УӘДЕ
Осыдан бiраз бұрын елiмiздiң бiрқатар ұлт патриоттары билiкке ашық хат жолдап, нақты көрсетiлген талаптарды орындауға шақырған едi. Егер де құзырлы орындар бұл күрделi мәселеге бей-жай қарайтын құлық танытса, олар аштық жариялайтынын да ашып айтқан-тұғын.
Алайда, Тәуелсiздiк күнi қарсаңында белгiлi ақын, «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов бастаған ат төбелiндей топ аштық акциясын өткiзбейтiнiн, қойылған тоғыз талапқа билiктiң мойын бұрғанын жеткiздi. Оған негiзгi дәлел — Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаевтан арнайы жауап-хат келiп түскендiгi.
Мәулен Әшiмбаевтың айтуынша, қоғамда дүрбелең пiкiр туғызған «Ел бiрлiгi» доктринасын республика көлемiнде талқылау қарсылық танытушы топтардан ұсыныс келгенше, келер жылдың 20-қаңтарына дейiн тоқтатылады. «Ұсыныстарыңызды арнайы құрылған жұмыс тобында бiрiгiп қарап, ортақ шешiмге келiп, бiрлесiп жоба жасағанды қолдаймыз. Ортақ мақсат үшiн бiрге жұмыс iстегенiмiз бәрiмiзге абырой болар едi», — дейдi ол. Сондай-ақ, Шахановтың «Желтоқсан көтерiлiсiне тарихи-саяси баға беру және көтерiлiске қатысушылардың құқықтық мәртебесiн шешу қарастырылуы керек» деген талабына, Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары бұл мәселенi шешу iсiн заң шығару органы — Парламент арқылы жүзеге асырудың мүмкiндiгi мол екендiгiн айтыпты. Ұсыныс-талаптарды Парламент мәжiлiсiнiң регламентiн сақтай отырып, енгiзуге болатынын да ескерткен. «Ұсыныстарыңыздың бiр данасын Президент әкiмшiлiгiне де жiберiңiздер. Желтоқсан көтерiлiсiнiң 25 жылдығына дайындық барысында бiз де қарап, қолдануға тырысамыз» делiнген. Ал, БАҚ-да жарияланған «Қытайға 1 млн. гектар жер берiледi екен» деген қауесеттi терiске шығарған Мәулен Әшiмбаев: «Ел аумағының тұтастығы Конституциямызда нақты жазылған. 1 млн. гектар жердi игерсек деген әңгiме-ұсыныс қана. Ата-бабамыздың аманат еткен қазақтың жерi басқа мемлекеттерге сатылмайды. ҚР «Жер кодексiнiң» 23-бабында «тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жер учаскелерi шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың жеке меншiгiне берiлмейтiндiгi» нақты жазылғанын тiлге тиек етедi.
Ал, «Мемлекеттiк тiл» туралы арнайы Заң қабылдау жайындағы ұсыныс билiкте де көтерiлiп жүргенге ұқсайды. Бастамашыл топ тарапынан әзiрленген Заң жобасы 2008 жылғы 23 маусымда Премьер-министрдiң төрағалығымен өткiзiлген «Мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жөнiндегi Комиссия» отырысында қаралып, оның хаттамасы бойынша Заң жобасы Әдiлет министрлiгiне ұсынылған. Қазiргi кезде бұл жобаға жан-жақты заңдық-нормалық сараптама жасалуда екен. Мәулен Сағатұлының айтуынша, мемлекеттiк тiл аясын мейлiнше кеңейту мақсатында қазiргi қолданыстағы бiрнеше заңдар мен нормативтiк актiлердi қайта қарап, мұқият сараптау жөнiндегi жұмыстар жүргiзуге тапсырма берiлiптi. Осы мақсатта «Мемлекеттiк тiлдi бiлу — қазақстандық әрбiр азаматтың мiндетi» деген тұжырымды iс жүзiнде қалыптастыру үшiн «ҚазТЕСТ» жүйесi жасалып, «Азаматтардың қазақ тiлiн меңгеру деңгейiн бағалау технологиясы» атты мемлекеттiк стандарттар бекiтiлмекшi. Яғни, осы стандартқа сәйкес, келешекте мемлекеттiк қызметке келетiн үмiткерлерден мемлекеттiк тiлдi бiлу талап етiледi. Және мемлекеттiк тiл саясатын қазiргi заман талабына сәйкес ғылыми сараптай алатын, әлеуметтiк-лингвистикалық зерттеулермен айналысатын Әлеуметтiк-лингвистикалық ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарға iлiккен.
Сол сияқты Мұхтар Шахановтың «Тәуелсiз ел атанғанымызға 18 жыл, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына 20 жыл толса да, мемлекеттiк тiлде 24 сағат хабар тарататын бiр телеарнаның болмауы елдiгiмiзге сын» деген ұсыныс-тiлегiне Мәулен Әшiмбаев: «Тәуелсiз елдiң рухына сай жаңа көзқарас пен жаңа сипаттағы телебағдарламалар әзiрлеу — күн тәртiбiнде тұрған мәселе. Үстiмiздегi жылдың 6-ақпанында ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына енгiзiлген өзгерiстер бойынша, мемлекеттiк тiлдегi хабардың үлес салмағы тәулiк бойында (әрбiр 6 сағат сайын) тең дәрежеде таратылып отыруы тiис. Қазiр телевизиялық және радиобағдарламалардың мемлекеттiк тiлдегi апталық көлемi уақыты жағынан басқа тiлдегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем емес. Осыдан былай мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың үлесiн арттыруға барынша маңыз берiлмек. БАҚ-тағы тiлдiк нормаларды сақтау жөнiнде тұрақты бақылау жүргiзiп, тиiстi шаралар қолданып отыру Мәдениет және ақпарат министрлiгiне мiндеттелдi», — деп нақты жауап бердi.
Жағымды жаңалықтың жерде жатпайтыны белгiлi ғой. Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда сандық телевидениеге көшу аясында тек мемлекеттiк тiлде хабар тарататын 3 телеарнаның тұжырымдамасы әзiрленiп жатқандығынан жұрт хабардар. Олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтiк-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарна болмақ. Оның бiреуiн — «Мәдениет», келесiсiн — оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», ал бүлдiршiндерге арналғанын «Балауса» деп атаған жөн деп тауыпты. Дегенмен, арналардың аттарына байланысты ой айтып, олардың тұжырымдамасы туралы ұсыныс жiберуге мүмкiндiк бар.
«Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн Ресейдiң бұқаралық ақпарат құралдары жаулап алғаны туралы» ақынның жанайқайы да жауапсыз қалмады. Президент Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев: «Мемлекетiмiздiң ақпараттық қауiпсiздiгi жайында алаңдауыңыз өте орынды. Бұл үшiн ең алдымен өз елiмiздегi БАҚ-тың сапасын арттыруға ұмтылу қажет. Олардың бәсекелестiк қабiлетiн күшейту керек. Бұл мәселенi қазақтiлдi БАҚ-тарға мемлекеттiк тапсырысты көбейту арқылы шешуге болады. Мәдениет және ақпарат министрлiгi қазақ тiлiндегi БАҚ-тарға берiлетiн мемлекеттiк тапсырыс көлемiн жыл сайын ұлғайтуда. Және қазақ тiлiнде шығарылатын кiтаптарға да мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлiнiп жатқандығын» баса жеткiзiптi.
Қойылған 9 талап билiктi бей-жай қалдырмады. Бұған дейiн сан мәрте ұсынылып келген ұлт пен тiл төңiрегiндегi жайттарға үкiметтiң ендi ғана құлақ асып, оны орындауға уәде беруi рухы биiк жандардың жанына жағымды хабар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ