ЖЫЛДЫҢ ТАМАША ЖЕҢIСI

ЖЫЛДЫҢ ТАМАША ЖЕҢIСI

ЖЫЛДЫҢ ТАМАША ЖЕҢIСI
ашық дереккөзі
205

Оңтүстiк Кореяның Гоянг қаласында ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен сайыпқырандарымыз елге үлкен олжамен оралды. Бұрын-соңды спорт тарихында болмаған толағай табыс сыйлаған ұл-қыздарымызды қалай дәрiптесек те, қандай қошемет көрсетсек те еш артық етпесi анық. Әлем аренасында көк байрағымызды желбiретiп, Әнұранымызды асқақтатқан жерлестерiмiздiң төртеуi де Алматы облысының атлеттерi екенiн аса зор мақтанышпен айтамыз. Және аталмыш әлемдiк додаға дайындық жаттығу жиындары дәл осы жер жәннәтi Жетiсудың төрiнде өткен едi.

ЖАРЫС БАСЫ КЕҢЕЙТIЛГЕН КЕҢЕСТЕН БАСТАЛДЫ

Қасиеттi жұма, яғни қараша айының 20 күнi қазақ елiнiң ауыр атлеттерi мен бiр топ ҚР Ауыр атлетика федерациясының өкiлдерi Оңтүстiк Кореяға табан тiреген. Алғашқы күннен бастап халықаралық ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен кеңейтiлген кеңес өттi. Аталмыш кеңесте дүбiрлi додаға байланысты көптеген мәселелер қаралып, қауымдастық басшысы Томаш Аян мырза әр мемлекет өкiлдерiне ұлы жарыста тек биiктен көрiнулерiне тiлектестiгiн бiлдiрдi. «Мен сiздерге тек жеңiс тiлеймiн. Бұл спорт болғандықтан жеңiлiспен жеңiс қатар жүредi. Сондықтан бұл жерде «бақ шаба ма, бап шаба ма?» Беймәлiм, дегенмен тек сәттiлiк тiлеймiн!»– деп Томаш Аян мырза ағынан жарылып ақ тiлегiн жеткiздi. Артынша әлем бiрiншiлiгiнiң салттанатты ашылуы басталып кеттi.

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢIС ҺӘМ СЕНСАЦИЯЛЫҚ ЖЕҢIС!

Жерлесiмiз Зүлфия Чиншанло ауыр атлетикадан Оңтүстiк Кореяда өтiп жатқан әлем чемпионатының басты сенсациясы болғаны сөзсiз. 16 жастан ендi ғана асқан қыз 53 келi салмақта бас жүлденi жеңiп алып, күллi жұртты тамсандырды. Оның мұндай толағай табысына құлшына қол соқпаған жанкүйер кем де кем шығар. Зүлфия қазақ елiнiң кұрама командасымен жаттығып жүргенiне, мiне, биыл екiншi жыл. Оқта-текте жаттығу залына барғанда қайсар қыздың талай жанкештi жаттығуының куәсi болғанбыз. Шеберлiгi толыса келе, мамандар оны халықаралық жарыстарға шығаруды жөн деп ұйғарды. Зүлфияның алғашқы халықаралық жарысы биылғы жылдың мамыр айында Таиландтың Чианг-Май қаласында өткен жасөспiрiмдердiң әлем бiрiншiлiгiне қатысуынан басталды. Аталмыш жарыста Чиншанло 58 келi салмақта бақ сынады. Қола медальдi иелендi.

Гоянгта жалауын көтерген әлем чемпионатына елiмiздiң белдi зiлтемiршiлерiнiң көбi бармады. Мәселен, Бейжiңде Олимпиада жүлдесiн алғандардың бiрде-бiреуi Гоянгта бой көрсеткен жоқ. Оның да өз себеп-салдары бар. Бiрiншiден, Олимпиада жүлдегерлерiнiң кейбiреуi әлi бабында болмаса, кейбiреуi жарақатынан айыққан жоқ. Екiншiден, бұл әлем чемпионаты лицензиялық емес. Сол себептi бапкерлер әйгiлi спортшыларымызға тағы бiраз уақыт тынығуына мүмкiндiк бердi. Оның үстiне, бұл жарысты жастарымыздың дүбiрлi додаларда бақ сынап, өздерiн көрсетуге берiлген мүмкiндiк десек те болады.

Дегенмен де, Бейжiң төрiнде өткен Олимпиадада айды аспанға шығарған команданың елге құралақан қайтпасына iштей кәмiл сенген де едiк. Ырымға сенгiш халықпыз ғой, iшкi ойымызды сыртқа шығармай тiл-көзден сақтанған да едiк. Рас, көпшiлiк осы жарыста Светлана Подобедова мен Владимир Седовтың топ жаратынына сенiмдi едi. 58 келi салмақтағы Зүлфия Чиншанлоны ауызға iлгендер шамалы болды.

Алғашқы жұлқа көтеру Чиншанло үшiн аса сәттi басталған жоқ. Жұлқа көтеру жаттығуы бойынша әуелде 87 келi салмаққа тапсырыс бердi. Шықты, бiрақ зiлтемiр оған бағынбады. Екiншi ретiнде әйтеуiр дiттеген мақсатына жеттi. Үшiншi рет мiнбеге шыққанда, 90 келiнi тiк көтердi. Ал негiзгi бәсекелестiк Зүлфия Чиншанло мен Чэн Сяотин арасында өрбiдi. Қытай қызы 123 келiге келiп тоқтаса, бiздiң ару 129 келiнi еркiн еңсердi. Сөйтiп, қоссайыста 219 келiнi ырқына көндiрген Зүлфия бас жүлдемен қоса, осыдан екi жыл бұрынғы Қытай зiлтемiршiсi Ли Пеннiң әлемдiк рекордын қайталады. Сөйтiп, Зүлфия Чиншанлоның есiмi Гиннесстiң рекордтар кiтабына ендi. Ол әлем чемпионы атанғанда, 16 жастан ендi асқан едi. Нақтылап айтсақ, 16 жас 4 ай және 27 күн. Бұған дейiнгi рекорд та Қазақстанның еншiсiнде едi. 2005 жылы Илья Ильиннiң туғанына 17 жас 5 ай және 22 күн толғанда төрткүл дүниенiң теңдессiзi аттанды.

МАЙЯНЫ СIҢЛIСIНIҢ ЖЕҢIСI МЕН ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛХАТЫ ЖIГЕРЛЕНДIРДI!

Аз ғана уақыттың iшiнде, яғни екi жылда Мая 63 келi салмақта өзiнiң мықтылығын мойындатты. Ел кубогын жеңiп алды, Бейжiңдегi Олимпиада ойындарына қатысу құқығын иемденiп, аспанасты елiне аттанған едi. Алайда жаттығу барысында жарақаттанып қалуына байланысты жарыс жолына шыға алмады. Олай болмаған жағдайда Манеза аспанасты елiнен де олжасыз келмес едi. Себебi, ол өте еңбекқор, жаттығудан бас алмайды және өте намысқой. Ол туралы кейбiр мамандарымыз «Мая – өте талантты спортшы. Олимпиададан медаль алуы мүмкiн» деген батыл пiкiр де айтты. Бұл сөзге иланбасқа лаж жоқ. Өйткенi жаттығу барысында ол таңдай қағарлық нәтижеге иек артып жүрдi. Бәзбiреулер оны қазақ елi Қытайдың бетке ұстар талантты атлетiн алып келдi деген қауесеттердi де айтты. Шындыққа жанаспайтын дүние. Өздерiңiз ойлаңызшы, қай мемлекет маңдайалды спортшысын бермек? Оның үстiне олардың келгенiнiң өзi қазақ елiнде қыз балалардың зiлтемiрмен айналысуына құштарлықтарын ояту Ал бүгiнгi таңда Қытай елiнiң ауыр атлетика бойынша әлемдегi көшбасшы ел екенi еш дау туғызбайды. Соның барлығын қаперге алған жанкүйер қауым Манеза Маяның Олимпиадада атой салатынына қатты сендi. Биыл маусымда Талдықорғанда жалауы желбiреген Азия чемпионатында бақ сынады. Сары құрлықтың бетке ұстарлары бас қосқан бәсекеде Мая жұлқа көтеруде 98 келi, серпiп көтеруде 131 келi зiлтемiрдi еңсердi. Қоссайыста 229 келi нәтижемен қола медальдi қанағат тұтты. Жерлесiмiз Макао мен Солтүстiк Корея өкiлдерiнен қалып қойған едi. Шыны керек, көпшiлiк бұл нәтижеге аса қуана қоймады. Өйткенi жанкүйерлер жер жәннаты – Жетiсуда өткен жарыста Мая алтын алады деп күткен. Десек те, бұл жеңiлiс Майяны жасытпады, қайта жiгерлендiре түстi. Биылғы әлем чемпионатына тыңғылықты даярланған Манеза жұлқып көтеруде аса көзге түскен жоқ. Бар болғаны 105 келiнi еңсерсе, бұл уақытта бiраз атлет осы жаттығу бойынша, оның алдын орап кеттi. Серпе көтеруде басталды. Қазақстан спортшысы өзгелерге сан соқтырды. Жарыс жолына құлшынып шыққан Манеза 141 келi нәтижеге иек артса, Царукаева мен Симек 135 келiлiк көрсеткiшке қол жеткiздi. Үшiншi орынды түрiк қызы иеленсе, Манеза мен Царукаева мәреге бiрдей жеттi. Қоссайыстың қорытындысы бойынша, олар 246 келiлiк зiлтемiрдi бағындырды. Басты қарсыласынан салмағы 300 грамм жеңiл болғанына байланысты әлем чемпионатының алтыны Мая Манезаның мойнында жарқырады. Қазақ жанкүйерлерiнiң қуанышында шек жоқ. Бәрi құттықтауға асығуда. Бiрер уақытын бөлген Манеза: «Менi жiгерлендiрген Зүлфияға берген Елбасының жеделхаты болды. Өзiмнен бақандай сегiз жас кiшi сiңлiмнiң жеңiсiн қайталамасам болмайды деп өз-өзiме серт бердiм», – дейдi. Мемлекет басшысының жеделхаты барлық атлеттерiмiздi жiгiрлендiрдi десек, артық айтпағанымыз.

ҮШТӨБЕЛIК СЕДОВ СЕНIМДI АҚТАДЫ!

94 келi. Бұл салмақты әлем мемлекеттерi «қазақ елiнiң салмағы» деседi. Олай деуiмiздiң себебi бар. Бiрталай уақыт бұл салмаққа жерлесiмiз Илья Ильин иелiк еттi. Қазiр түрлi себептермен Илья жаттығуда жоқ. Спорт болған соң тартыс та болады, барлығының да арманы әлем аренасынан қол бұлғап, төртжылдықтың төл мерекесi Олимпиада ойындарында бақ сынау. Мiне, үштөбелiк Владимир да сол арманның жетегiнде жүргендердiң бiрi болатын. Күллi әлем алдыңда қазақ елiнiң байрағын желбiретiп, Әнұранын асқақтатты. 94 келi салмақта сайысқа түскен Үштөбенiң өренi көптен берi көзге түсiп жүрген дарынды жастардың бiрегейi. Былтыр Бейжiңде ол 85 келi салмақта күш сынасып, төртiншi орынға табан тiреген. Жеңiс тұғырына бiр адым қалғанда сүрiнген Седов Олимпиададан оралғаннан соң жаттығуға ерекше құлшыныспен кiрiстi. Жан-тәнiн салып даярланып, бойындағы барлық күш-қуатын жұмсады. Ондағы ойы Олимпиададағы сәтсiздiктiң орнын толтырып, дүбiрлi додаларда Қазақстан спортының мерейiн асыру едi. Биыл 94 келi салмаққа ауысқан Владимир бiрден тiзгiндi қолына алды. Жаттығу барысында Олимпиада ойындарының жеңiмпазы, әлемнiң екi дүркiн чемпионы Илья Ильиннiң Бейжiңде көрсеткен нәтижесiнен де асып түстi. Осындай тамаша даярлығының арқасында жазда Талдықорған қаласында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Гоянгтағы әлемдiк додаға да жақсы әзiрлiкпен келген жерлесiмiз жұлқа көтеру жаттығуы барысында-ақ, өзiнiң асқан шеберлiгiн байқатып, қарсыластарының барлығынан қара үзiп кеттi. 185 келiнi оңай еңсерген ол басты бәсекелестерi кореялық Ким Мин Чжае мен әзiрбайжандық Низами Пашаевтан едәуiр озды. Алғашқысынан – жетi, соңғысынан – сегiз келi көп көтердi. Серпiп көтеруде де негiзгi тартыс осы үш атлеттiң арасында жалғасты. Қазақстандық мамандар, әсiресе, Пашаевтан қауiптендi. Әзiрбайжандық спортшы серпiп көтеруде өте мықты. Бұл оның басты «көзiрi» десе де болады. Ким Мин Чжаены артқа тастаған Қап тауының қыраны 210 келiнi бойынан асырды. Бiрақ бiздiң жiгiт одан асып түстi. Тапсырыс берген салмақтарын оңай еңсерген Владимир Седов соңғысында 217 келiнi тiк көтердi. Сөйтiп, қоссайыстың қорытындысында 402 келiнi ырқына көндiрген отандасымыз жеңiс тұғырының ең биiк сатысынан қол бұлғады.

ӘЛЕМДI АУЗЫНА ҚАРАТҚАН СВЕТА!

Барлық әлемдiк БАҚ құралдары өкiлдерiне арналған бөлмеде отырмыз. Әр мемлекеттен келген журналистер өз елдерiне ақпарат таратуда. Бiзде шама-шарқымызша ақжолтай хабарлар таратуға келген едiк. Бөлме iшi у да шу. Барлығының аузында «Подобедова, Қазақстан, рекорд» деген сөздер. Иә, олардың таңғалатындай жөнi бар, бiздiң Света әлем аренасында абыройымызды асқақтатып, айды аспанға шығарды. Әлемдiк үш бiрдей рекордты жаңартты. Әйелдер арасында өткен 75 келi салмақтағы сайыста Қазақстанның қос бiрдей өкiлi күш сынасты. Ардагер спортшы Татьяна Хромова бесiншi орынды мiсе тұтса, жас жұлдыз Светлана Подобедова бас жүлденi олжалады. Светлана әуелi Талдықорғанда табысқа жеттi. Жер жәннаты – Жетiсуда өткен жарыста ол қарсылас шыдатқан жоқ. Дәл сол нәтижесiн Подобедова Гоянгта да қайталады.

Әлем чемпионатында Светлана Подобедова үш бiрдей әлемдiк рекорд қойды. «Мен жарыс алаңына шыққанда, қарсы алдымда ҚР федерация президентi Қайрат Болатұлы Тұрлыханов бастаған бiр топ федерация өкiлдерiн, Қазақстанның Оңтүстiк Кореядағы елшiсiн көрдiм. Қазақ елiнiң туын көтерiп «Света, Света» деген ұрандардан құлағым тұнды. Осындай жанкүйерлерiм менiң жiгерiме жiгер қосты десем де болады. Оңтүстiк Кореяда елiмiздiң Әнұраны жиi шырқалғаны соншалық, өзiмдi әлем чемпионатында емес, Қазақстан бiрiншiлiгiне қатысып жатқандай болдым», – деп Светамыз өз ойымен бөлiстi.

КҮТПЕГЕН ҚОЛА СЫЙЛАҒАН КУЗНЕЦОВ!

Сөздiң шыны керек, елiмiздiң бапкерлер командасы семейлiк Владимир Кузнецовқа аса үмiт арта қоймаған едi. Семейлiк жiгiт . Шыны керек, 85 келi салмақта сынға түскен Владимир Кузнецовтан дәл осындай нәтиже ешкiм күткен жоқ. Қырағы мамандардың өздерi Гоянг сапары алдында «Шығыс Қазақстан облысының өкiлi алғашқы бестiкке iлiксе, жөн болар едi» деген пiкiр бiлдiрген едi. Бiлiктi бапкерлердiң осындай ой айтуы тегiн емес. Бұған дейiн халықаралық жарыстарға сан мәрте қатысқан Кузнецовтың жарқ етiп көзге түскен кездерi сирек. Алайда Оңтүстiк Кореяда Владимир өзiн жақсы қырынан көрсеттi. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 376 (170+206) келi зiлтемiрдi бағындырды.

Сонымен, әлем чемпионатында төрт алтын және бiр қола медальға қол жеткiзген Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екiншi орын алды. Алдымызда тек Қытай. Аспанасты елiнiң әнұраны осы жарыста жетi мәрте шырқалды. Сонымен қатар, олар үш күмiс пен үш қоланы олжалады. Қоржынында қос алтыны бар жарыс қожайындары үшiншi сатыға табан тiредi. Сондай-ақ, Польша мен Армения құрамасында бiр-бiр алтыннан бар. Алдағы уақытта Жетiсудың саңлақтары әлi талай дүбiрлi додаларда топ жарарына кәмiл сенiмдiмiз! «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, жергiлiктi әкiмдiк, спорт басшылары қолдау көрсетiп отырғанда, қазақ елiнiң ауыр атлеттерi алмайтын қамал жоқ десек, артық айтпағандық болар. Қазақ ауыр атлеттерiнiң бұл жеңiсi сиыр жылындағы спорттағы тарихи жеңiс болды.

Бақтияр ҚАБАСОВ, ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары