ЕЛДI МЕКЕНДЕРДI ЕРIНБЕЙ АРАЛАҒАН МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ МАҚСАТЫ НЕ ЕДI?
ЕЛДI МЕКЕНДЕРДI ЕРIНБЕЙ АРАЛАҒАН МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ МАҚСАТЫ НЕ ЕДI?
Шырайлы да шуақты облысқа Асқар Мырзахметов қызметке келгенiне жыл толмаса да, 900 – ден астам ауыл-аймақты аралап, бұрын-соңды ешбiр әкiм аяқ баспаған аймақтарда болды. Бұл елге қызмет етемiн деген азаматтың түпкi мақсаты болса керек. Әкiм ауыл – аймақтың түйткiл мәселелерiн көзбен көрiп қана қоймай,оны шешудiң нақты стратегиялық жоспарын жасап үлгердi. Бұл да болашақ экономикалық-әлеуметтiк жағдайды болжай бiлудiң негiзi. Қысқа мерзiмде орасан зор бағдарламалар жасау кез келгеннiң қолынан келе бермейдi. Ал, оны жүзеге асыру жүйкеге салмақ салып, қыруар қаржыны талап етедi. Кей-кейде «ойшылдың ойы бiткенше, тәуекелдiң iсi бiтетiн» қадамға баруға тура келедi.
Оңтүстiк Қазақстан облысында ең маңызды жаңалықтардың бiрi үш жылдық бюджеттiң бекiтiлуi. Жаңа жылдың бюджетiн тиiмдi етiп жасау үшiн арнайы жұмыс топтары құрылып, әр ауданның әлеуметтiк төлқұжатын анықтады. Облыс тұрғындарымен тұрақты кездесулер өттi, пiкiр алмасулар болды. Бюджеттiң жалпы көлемi түсiмдер мен шығыстар бойынша 161 млрд. 61,3 млн. теңгенi құрады.
Қыруар қаражаттың қайда жұмсалатынына жұртта күмәндi ой тумауы үшiн облыс бюджетiн талқылауда Мырзахметов ашық саясат ұстанды. Ең бiрiншi кезекте жөндеуден өткiзбесе болмайтын нысандарға қаражат бөлетiн ойын ашық айтты. Мәселен, облыста 60-қа жуық апатты жағдайдағы мектеп бар екен. Соның 28-i облыстық бюджеттiң есебiнен жөнделетiн болды. Мұнан соң үш ауысымды мектептердiң жағдайы реттеледi. 2010 жылы оқушыларды 100 мың мектеп тақтасы, 6 мың партамен және 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етуге қаражат қарастырылды. Денсаулық сақтау саласында 300-дей елдi мекенге ФАП керек. Алдағы жылы соның iшiнде ең зәру деген 30 елдi мекенге ФАП салынады. Одан бөлек 2010 жылы ауызсу тапшылығын түбегейлi шешу мақсаты тұр. Қалған қаражат жол жөндеуге жұмсалады. Биыл 1,5 мың шақырым жол жөнделдi. Мұндай жұмыс бұрын-соңды болмаған. Мұнан соң табиғи газбен қамту мәселесi бар. Шаруаларға, диқандар кауымына суландыру жүйесiн жолға қою арқылы бюджеттен қолдау көрсетiледi. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы ауылға бет бұрды. 600-ге жуық жобаны қаржыландырып отыр. Қазынадан тағы да артылатын қаржы есебiнен аудан әкiмдiктерiне қажет деп тапқан мақсатқа жұмсау үшiн 500 млн. теңге бөлiнедi.
Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi қордаланған мәселелердi шешу үшiн Үкiмет отырысында есеп берiп, үкiмет мүшелерiн оңтүстiк өңiрдiң алдағы үш жылға арналған әлеуметтiк-экономикалық даму жоспарымен және 2009-2011 жылдары бiрiншi кезекте атқарылуға тиiс жұмыстарымен таныстырған. Аймақтың түйiндi мәселелерiн жергiлiктi жерде қалай шешудiң жолдарын атап көрсеттi. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов қандай проблемаларды қозғады?
Облыста азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз етуге байланысты маусымаралық кезеңде көкөнiстер, жемiс-жидектер мен картоп сақтайтын қазiргi заманғы қоймалар жетiспейдi. Соның салдарынан жыл сайын өндiрiлген өнiмнiң 10 пайызы егiстiк алқабында қалып кетедi iске алғысыз. Жемiс-көкөнiс қоймаларына бүгiнде небәрi 28,3 мың тонна өнiм сақтауға болады. Бұл қажеттiлiктiң 29 пайызын ғана құрайды. Сондықтан казiргi уақытта жалпы көлемi 70 мың тонна өнiм сиятын жаңа қоймалар салу керек екен.
Соңғы жылдары жылыжайлар салуға ерекше назар аударылып отыр. Егер 2007 жылы жылыжайлар көлемi 48 гектар болса, осы жылдың басында 110 гектарға жеттi.
Дегенмен, жазғы уақытта облыс тұрғындарының көкөнiске деген сұранысы 4 есе артығымен қанағаттандырылса, қысқы кезеңде небәрi 50 пайыз ғана қамтамасыз етiледi. Оның үстiне жылыжай шаруашылықтарының өнiмдерi негiзiнен облыстан тыс жерлерге жөнелтiлiп тұрады. Тұрғындарды қысқы уақытта көкөнiспен қамтамасыз ету үшiн облысқа жалпы көлемi 36 гектар. болатын жаңа жылыжайлар құрылысын жүргiзу қажеттiлiгi Үкiметке құлағдар етiлген.
Жемiс-жидектерге деген қажеттiлiктi өтеу үшiн жемiс дақылдарының көлемi 4 мың гектарға ұлғайтылмақ. Биыл жемiс-жидек 1,8 мың гектарға егiлдi. Тұрғындарды жүзiмнiң асханалық сорттарымен қамтамасыз ету үшiн 1,5 мың гектарға көшет отырғызу көзделген. Оның 300 гектары биыл егiледi.
Жемiс-көкөнiс өнiмдерiнiң үлесi әзiрге төмен. Жалпы, жыл сайын 615,6 мың тонна жемiс-көкөнiс өнiмдерi өндiрiледi. Қайта өңдеу мөлшерiн 30 пайызға дейiн жеткiзу үшiн қуаттылығы 56 мың тонналық 8 кәсiпорын салу көзделуде.
Облыс әкiмi егiс алқаптарын диверсификациялау, оның тиiмдiлiгiн арттыру, рентабельдiлiгiн көтеру мәселелерi туралы құнды ойларын ортаға салған.
Осы мақсатта, суды көп қажет ететiн дақыл түрлерiнен гөрi еңбектi өтейтiн, пайдасы мол дақылдарды өсiруге, егiн суарудың озық технологиясын кеңiнен қолдануға бағыт ұсталып келедi. 2008 жылы мақта егiстiгi 174,7 мыңға болса, 2009 жылы – 139 мың гектарға азайды. Ал 2011 жылы 112,7 мың гектарға дейiн кемiтiлмек. Босаған 36 мың гектарға суды аз қажет ететiн дақылдар өсiрiледi. Сол арқылы 181 млн. текше метр су үнемделмек.
2009 жылы тамшылатып суаруды қосымша 2000 гектарға, 2010 жылы 20 мың гектарға, 2011 жылы 28 мың гектар егiстiкке пайдалану жоспарланған. Осыған орай, Түркiстандағы «Оңтүстiк» ӘКК салған, тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт үлкен рөл атқарып отыр. Тек тамшылатып суару, мақта егiстiгiн азайту есебiнен ғана 558 млн. текше метр су үнемдеуге болады.
Бұл жерде, сондай-ақ ұсақ шаруа қожалықтарын iрiлендiрудiң кезi келгенiн айтқан дұрыс. Облыс бойынша 59 мыңдай қожалықтың иелiгiндегi егiстiк көлемi бес мың гектардан аспайды. 2012 жылы шаруашылықтарды iрiлендiргеннен кейiн олардың саны он мыңға дейiн азаяды. Соның нәтижесiнде жер өңдеу технологиясы жақсара түседi. Көктемгi дала жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жеңiлдетiлген минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай сатып алу үшiн бөлiнетiн қаржыны бұрынғыдан ерте босату жөнiнде құнды бастамалар орын алды. Бұл бастама осы аймақтың дихандарына деген ерекше қамқорлық болды.
Облыс әкiмi суармалы егiстiктiң тиiмдi пайдалану мәселесiн де назарында ұстауда.
Мырзахметов мал өнiмдерiн өңдеу мәселесi талап тұрғысында емес деп санайды. Ет өңдеу небары 13 пайызды құрайды. 2011 жылға қарай ет өнiмдерiн өндiрудi 20 пайызға өсiру жоспарлануда. Бұл үшiн қосымша кем дегенде 10 өңдеу кәсiпорынның, 44 азықтандыру алаңын, сондай-ақ аудан орталықтары мен iрi елдi мекендерде 24 модульдi мал сою пункттерiн салу көзделiп отыр.
Бүгiнде жалпы өндiрiлген сүттiң 4,4 пайызы ғана өңделедi. Қазiргi заманғы сүт фермалары жоқтың қасы.
Сондықтан 2012 жылға дейiн сүт өндiрудi 20 пайызға немесе 120 мың тоннаға көбейту жоспарланған. Ол үшiн жалпы қуаты 75 мың тонна өнiм өндiре алатын 22 сүт өңдейтiн кәсiпорын салу қажет. Оған қажеттi қаржы – 1,1 млрд. теңге. Және де әрқайсысында кем дегенде 150 iрi қара күтiлетiн 42 тауарлы сүт фермасын салу ойда бар.
Облыста 214 мыңдай үй шаруашылығында 3,2 млн. қой бар. Одан жыл сайын 7 мың тоннаға жуық жүн өндiрiледi. Алайда, оның 8 пайызы ғана алғашқы өңдеуден өтедi. Облыста бүгiнгi таңда жүн өңдейтiн бiр ғана iрi цех бар. Оның қуаты 3 мың тонна. Ал, облыста өндiрiлетiн жүндi толық көлемде өңдеуден өткiзу үшiн тұтас зауыт салу керек.
Облыста өнеркәсiптiк бағыттағы 500 кәсiпорын бар болса, оның алтауының болашағы жоқ. Проблемасы бар кәсiпорындардың жұмысына сараптама жасалып, оларды тығырықтан шығарудың жолдары қарастырылды.
Облыс басшысы iшкi рынокты және республикамыздың басқа аймақтарын маусымаралық кезеңде жемiс-көкөнiс өнiмдерiн үздiксiз қамтамасыз ету үшiн Шымкент қаласынан көлiк-логистикалық терминал құрылысын салу қажеттiгiне назар аударды. Бұл жемiс-көкөнiс өнiмдерiн сақтауға әрi тасымалдауға қолайлы болар едi.
Облыс электр қуатының жетiспеушiлiгiн жоюға байланысты нақты iстерге мүдделi. Оның бiрi «Север-Юг» екiншi орамын iске қосу болса, екiншiсi, кiшi өзендерден шағын ГЭС каскадтары құрылысын салу қажет.
Үкiмет отырысында бiлiм беру және денсаулық сақтау салаларына да қатысты проблемалар қозғалған. Облыста жалпы бiлiм беретiн 1013 мектептiң (барлығы 512,2 мың оқушы) 560-ы қарапайым ғимаратқа орналасқан. Атап айтқанда, 332 мектеп қам кiрпiштен тұрғызылса, 69 оқу ордасы апатты жағдайда тұр. 29 мектепте оқу үш ауысымда оқытылады. 19 елдi мекенде мектеп үйi атымен жоқ. Соңғы бес жылдың көлемiндегi бала туу өсiмiн ескерсек, жыл сайын кем дегенде 40 мектеп салу керек. Сондай-ақ, жылына 20 балабақшаның құрылысын қолға алу қажет.
Оңтүстiк өңiрi табиғи ерекшелiгi ерте пiсетiн көкөнiс, жемiс-жидек, өсiмдiк майын өсiруге қолайлы аймақ. Ауыл шаруашылығының алтын қоры саналатын суармалы жерлерден кепiлдi өнiм алу мәселесi осы Оңтүстiктен бастау алатыны даусыз. Алайда, iстен шыққан коллекторлар мен су жүйелерiн қайтадан қалыпқа келтiрмесе, суармалы егiстiктiң көлемi жылдан-жылға қысқарып кетуi мүмкiн… «Меншiк нысандары анықталған соң, мемлекет қарамағындағы суармалы жерлерге тездетiп қаражат бөлу керек», – дедi Ауыл шаруашылығы министрi А.Күрiшбаев облыс әкiмiнiң бастамасын қолдап.
Қазiргi таңда облыста балабақшамен қамтамасыз ету жағдайы 13,8 пайыз ғана. Ал, республикадағы көрсеткiш – 35 пайыз шамасында. Бiлiм және ғылым министрi бұл мәселенi төтенше жағдай ретiнде бағалаған. Облыстағы әрбiр төртiншi бала мектепке барады. Аймақ демографиялық өсiм жағынан да алда тұр. Сондықтан да мектеп салу мәселесiн алдағы 10-15 жылға орайластырып жоспарлау керек. Сондай-ақ, елiмiз бойынша қам кiрпiштен салынған мектептердiң 90 пайызы Оңтүстiк Қазақстанның үлесiнде екен. Үш ауысымда оқитын мектептердiң 60 пайызы да осы өңiрде.
Өңiрдегi жылыжай, ет, сүт, жүн өңдеу меселесiндегi түйткiлдi проблемаларды шешу үшiн қосымша қаржы бөлу Үкiмет отырысында қызу қолдау тапса керек.
Үкiмет отырысында Үкiмет басшысы аймақтың одан әрi дамуына негiзделетiн проблемаларға қатысты облыс әкiмiнiң бастамасын кұптады. Сондай-ақ, бұл iстi Оңтүстiк Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан бастау қажеттiгiн, мұндай мәселелер елiмiздiң барлық өңiрлерi бойынша қолға алынатындығын еске салды.
Бүгiнгi таңда облыста «Жол картасы» аясында 754 инвестициялық жоба iске асырылған. Жалпы «Жол картасы» төрт негiзгi бағытта жүзеге асырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарындағы жөндеу жұмыстары бойынша 324 инвестициялық жоба жоспарланды. 16377 жұмыс орны ашылып, 16320 адам жұмысқа тартылды. Жалпы ұзындығы 39 шақырымды құрайтын 3 каналдың жұмыстары аяқталды. «Жол картасы» бағдарламасының аясында ағын су мәселесiн шешкен облыстың бiрi – осы Оңтүстiк Қазақстан. «Жол картасы» аясында ағымдағы жылы 919,8 шақырым жол жөнделетiн болды. Бүгiнгi таңда жалпы ұзындығы 888 шақырымды құрайтын 131 жолдың жұмыстары аяқталды. 189 бiлiм нысандары жөнделдi. Мектеп пен аурухана әлеуметтiк нысандар бағыттары бойынша 12403 жұмыс орны ашылып, 12212 адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру жолында биылғы жылдың қыркүйегiнде 14 нысан пайдалануға берiлдi.
Елiмiзде әрбiр бесiншi нәресте Оңтүстiк Қазақстан облысында дүниеге келедi. Бұл жақта балабақшаның жетiспеушiлiгi қатты сезiледi. 33 мыңға жуық бүлдiршiн балабақша кезегiнде тұр. Бұл қордаланған мәселенi шағын орталықтар ашу арқылы шешуге болады. Қалада 750 орындық 25 шағын орталық өз жұмысын бастады.
Оңтүстiктiң бейнесi тұтастай өзгерiп келедi. Ордабасы алаңында «Жер-Ана» ескерткiш монументi тұрғызылды. Бұл монументтiң бiр ерекшелiгi Ордабасы алаңы Төлеби, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерiн тоғыстырады. Үш бұрышты бағанның биiктiгi 24 метр, әр бұрышына билерiмiздiң елдi бiрлiкке бастар сөздерi жазылған. Облыс әкiмiнiң бастамасымен бұл баға жетпес ескерткiштi әлемге әйгiлi кәсiпқой, былғары қолғап шеберi Бейбiт Шүменовтiң әкесi Әмiрхан Шүменов демеушi болып тұрғызды. Шымкенттiң шырайын келтiрiп тұрған дендросаябағы күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Саябақты жөндеу, қалпына келтiру жұмыстарына 102 млн. 168 мың теңге қаржы бөлiнген. Соның нәтижесiнде ұзындығы 1650, енi 8 метрлiк атпен серуендеуге арналған жол мен 1900 шаршы метр аяқжол жөнделiп, 8 демалыс орны, 10 субұрқақ, 100 орындық пен қоқыс тастайтын жәшiктер орнатылған. Киiз үй үлгiсiндегi дәмхана, жарықтандыру жүйелерi, суландыру құбырлары қалпына келтiрiлiп, ат пен велосипедтер тұрағы үшiн арнайы шатыр жасалынған. Құймалы қоршаулар орнатылып, тiрек қабырғалары жөнделген. Дендросаябақты қалпына келтiру жұмыстарына облыстық бюджеттен 80 млн. теңге қарастырылыпты. Бұл қаржыға қажеттi жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ, сақалды құрылыстар санатына жататын спорт сарайы, филармония қайта қалпына келтiрiлiп, ел игiлiгiне берiлмек.
Оңтүстiк Қазақстан облысында аз уақыттың iшiнде қыруар жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта бұдан да көп жұмыстар атқарылатынына сенiм мол.
Балтабек ТҮЙЕТАЕВ