ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ АЛҒАШҚЫ МЕШIТ ҚАШАН САЛЫНДЫ?
ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ АЛҒАШҚЫ МЕШIТ ҚАШАН САЛЫНДЫ?
Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы мәдениет саласындағы қалалар тарихы, сәулет өнерi, мешiттер мен дiни оқу орындары жөнiнде тарихи бағытта арнайы зерттелген еңбектер жоқтың қасы.
Кеңес Үкiметi тұсында тарихи еңбектерде, әсiресе, дiни бағыттағы мешiттер және Орта Азия халықтарының мәдениетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн насихаттауда бiр жақты атеистiк тұрғыда үстiрт зерттелген-дi.
Тарихи кезеңдердегi небiр аласапыран оқиғаларын бастан өткiзген, нәубеттiк, науқандық шаралардан әбден тұралап асылдарынан айырылып, қайта оянған қазақ халқының қазiр дүниежүзi әлемiнде терезесi тең елдер қатарына қосылғанын мақтаныш етемiз.
Қазақстан Республикасы тәуелсiз ел болып жарияланғалы берi ғана тарихи асыл мұраларымыз, мәдени, дiни ескерткiштерiмiз ұлттық бағытта зерделенiп, зерттелуде.
Тарихи деректерде көрсетiлгендей араб, иран мәдениеттерiнiң негiзiнде орта ғасырда ислам мәдениетi қазақ мәдениетiнiң қолөнерлiк, зергерлiк бағыттарына өз әсерiн тигiздi. Оған археолог ғалымдарымыздың Оңтүстiк Қазақстан және Жетiсу аймағында жүргiзген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерi дәлел. Осы археологиялық деректерде IХ-ХII ғасырлардағы Ислам елдерi қалаларына тән рабаттары, мешiт, моншалары бар қала құрылыстары табылған. Мұсылмандық бағыттағы мешiттер құрылымына тоқталсақ, IХ-Х ғасырларда бұрынғы шiркеу ғимараттарын мешiтке ұқсатып қайтадан өңделiп жасалғанын көремiз. Алғаш рет Х ғасырда мешiт ғимараттары Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Құйрықтөбе елдi мекенiнде болғандығы айтылған. Сондай-ақ алғашқы медреселер де осы өңiрде табылған.
Дегенмен де Ислам дiнi түркi халықтарында ежелден қалыптасып келе жатқан өлiге құрмет, құлшылық ету, яғни әйгiлi ғұламалар мүрделерiне кесенелер тұрғызып, оларға сиыну дәстүрi жалғасын тапқан. Археологтардың қазба жұмыстары негiзiнде VIII-ХI ғасырларда Қазақстан территориясында ислам өнерi үлгiлерiнiң бiрi – шебер жазу өнерiнiң жәдiгерi табылған. Зерттеулердiң нәтижесiнде бұл жазулар геометриялық фигура немесе өсiмдiк бейнесiнде «куф», «сулс» деп аталатын араб жазу үлгiсiнде Құран аяттары мен хадистерi бедерленiп жазылғандығы көрсетiлген. Осындай жазу үлгiлерi мешiттердi, кесенелердi безендiруге қолданылғандығы да дәлел.
ХII ғасырларда айналымда жүрген ақшалардың нысандары мен бет-пiшiндерi өзгертiлдi. Бұрын қытай технологиясымен әзiрленген ақшалар ендi күмiстен, жезден құйылған динарға, дирхамға ауысты. Ал металл ақшаларда Құран аяттарымен қатар халифтердiң аты-жөндерi жазылған. Өкiнiшке қарай, халифаттың құлдырауымен ақша бетiндегi халифтердiң аты-жөндерiнiң орнына жергiлiктi билеушiлердiң аты-жөнi жазылатын болды.
Қазақстанның Жiбек жолы бойындағы қалаларында Батыс пен Шығыс, Европа мен Азияның бiр-бiрiне ұқсамайтын мәдениет түрлерi жақындасып, бiрiн-бiрi толықтыруға тарихи жағдайлар туындады. Мысалы, IХ-ХII ғасырлардың бас кезiндегi ескерткiштерге археологиялық зерттеулер жүргiзген кездерi Орта Азия мен Қазақ даласында мұсылмандардың қалалық мәдениетi құрылып, қалыптасқандығы анықталған. Өйткенi, қазақ жерiнде ислам дiнi зароастризм, будда, христиан дiндерiн және жергiлiктi тәңiрге табынушылықты да ығыстырды. VIII-IX ғасыр оқиғаларын баяндайтын деректер Оңтүстiк Қазақстан халқының жаппай ислам дiнiне кiргенiн дәлелдейдi. 840 жылы Нұһ ибн Асад Испиджабты бағындырады. 858 жылы оның iнiсi Ахмед ибн Асад Шавғарға жорық жасайды. 766 жылдан бастап Жетiсуға және Қазақстанның оңтүстiгiне саяси өктемдiгiн жүргiзген қарлұқ мұсылман мәдениетiнiң ықпалына түседi. Х ғасырдың бас кезiнде Қарахандар әулетiнiң негiзiн салушы Сатық исламды қабылдайды, ал оның ұлы Богра хан Харун 960 жылы Исламды мемлекеттiк дiн деп жариялайды. ХI-ХIII ғасырларда Ислам дiнiнiң қыпшақтар арасына жайылғандығы жөнiнде де мәлiметтер бар.
Тараз бен Меркедегi санаулы христиан шiркеулерi мешiттерге айналдырылады. Исламды ұстанатын халық саны көбейген сайын қалаларда мешiттер салына бастайды.
Қазақ жерiнде алғашқы мешiт Тараз шаһарында 893 жылы тұрғызылды. IХ-Х ғасырлардың екiншi жартысында өлген адамды қабiрге қойғанда оның заттары бiрге қойылмайтын болған. Мұсылмандардың ең ертедегi қорымы (бейiтi) Отырар аймағанда IХ-Х ғасырларда пайда болған. ХI-ХII ғасырларда қорымдағы зират басына үлкен мазарлар (мәселен, Тараз қаласындағы Айша бибi) жасалған.
Тараз (Талас) – орта ғасырдағы Қазақстан қалаларының iшiндегi ең көнесiнiң бiрi. VII ғасырда Тараз Ұлы Жiбек жолы бойындағы iрi қалаға айналды. Жазба деректер бойынша Таразда 568 жылы Византия императоры Юстианның елшiсi Земарх Килликискийдiң Батыс Түрiк қағаны Дизабулға берген есебiнде Тараз да аталған. 630 жылы Қытайдың саяхатшысы Сюянь Цзан батысында Тараздың (Далассы) шеңберi 8-9 шарқы шақырымға жеткен маңызды сауда орталығы деп сипаттаған. Осы кезден бастап Тараз қаласы тек өз өлкесiнде ғана емес, көршiлес мемлекеттерге белгiлi болды. Тараз – Түркеш, Қарлұқ онан кейiн Қараханид мемелекеттерiнiң орталығы болып, өзiнiң бақыр ақшаларын шығарды.
Х-ХII ғасырларда қаланың гүлденген кезеңi болды. Тараз қаласындағы мұсылман сәулет өнерiнiң iнжу-маржандары болып саналатын Арыстан баб(Xғасыр), Әулие ата – Қарахан (ХII ғасыр) және Дәуiтбек (ХIII ғасыр) кесенелерiн ерекше айтуға болады. ХII ғасырдың аяғында бабамыз Қарахан дүниеден өткен кезде, оның қабiрi басына сәулеттi күмбез ғимараты салынып, бұл мазар «Әулие ата» аталып кетедi. Бiрақ моңғолдардың шапқыншылығы кезiнде қала да, қасиеттi күмбез де қиратылды. Тек 1809 жылы кесене қалпына келтiрiлiп, Айша-бибi, Бабаджа-қатын, Дәуiтбек (Шамансұр) сынды ерте орта ғасырдың архитектуралық ескерткiштерi күнi бүгiнге дейiн сақталуда.
Осынау қасиеттi Тараз қаласынан ХI ғасырдың бiрiншi ширегiндегi теңге сарайы табылған. Сонымен қатар Тараз қаласынан ХI-ХII ғасырлардағы төбесi күмбезделiп жасалған монша, ұзындығы 12,8 метр су құбыры, күмбез тәрiздi, ұзын мойынды тәсiлiмен жасалған пеш табылған. Осы қазба жұмыстары нәтижесiнде табылған заттар, өрнектелген бұйымдар, тарихи ескерткiштер заттай және рухани мәдениеттiң дамуына зор үлес қосты.
Тараз қаласы 1856 жылы Әулие ата деп аталып, 1936 жылы Мирзоян аты берiлсе, 1938 жылы жыр алыбы Жамбыл есiмi берiледi. Тек 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығымен ежелгi аты қайтарылып, Тараз қаласы аталды.
Х ғасыр жазбаларында «Шаңғар», «Иасы» деген атпен белгiлi болған қала кейiннен «Түркiстан» деп аталған. «Түрiк» сөзiнiң түпкi мағынасы – «батылдық», «ер жүректi» дегендi бiлдiрген екен. Ал «стан» парсы тiрiнде «ел, халық» деген мағынада болғандықтан «Түркiстан» атауы «Батырлар елi» ұғымын берген.
Тарихи деректерге жүгiнсек, VIII ғасырға дейiн Түркi және Батыс қағанатының, одан Түркеш қағанатының құрамына енген Шауғар немесе Иасы қаласы жаугершiлiк заманда бiрде арабтардың, бiрде қарлұқтардың және оғыздардың билiгiндегi астанасы болып келген. Ал Есiм хан (1598-1628жж.) кезiнде Түркiстан қаласы Қазақ хандығының астанасы болып, теңге соғатын сарай салынған. 1598 жылы Қазақ хандығының қолына өткен Түркiстан қаласын 1815 жылы Қоқан хандығы жаулап алса, 1864 жылы Ресейдiң қол астына өтедi. Сөйтiп, 1872 жылы қала Түркiстан уезiнiң орталығы болады. Кеңес Одағы кезiнде, 1928 жылдан бастап аудан орталығы болып есептелiнедi.
Өзiнiң «Даналық кiтабымен» әлемге танылған, 1103 жылы дүниеге келген әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауи Түркiстанға келiп, сопылық идеяларын уағыздаған ислам өкiлi.
Бүкiл Шығысқа әмiрiн жүргiзген қолбасшы Ақсақ Темiр Ахмет Ясауидiң қайтыс болғаннан 200 жыл өткенде қирап бiтуге таянған мазар орнына сәулеттi зәулiм ескерткiш орнатқан. Сол ХIV ғасырда ғажайып үлгiде салынған Ясауи кесенесiнiң үлкендiгi, сәулеттiгi, әшекейлiгiмен ерекшеленген тарихи-мәдени ескерткiш бұл күндерi де жұртты таңдандырады.
«МЕШIТ (араб. – масджид) — мұсылмандардың Аллаға ғибадат етуiне арналған дiни ғимарат. Алғашында барлық ғибадатханалар мешiт деп аталды. Сирия,Иран жерлерiнде мешiт орнына храмдар да пайдаланылды. Алғашқы мешiт VII ғ-дың 1-ширегiнде Медине қаласының жанындағы Құба елдiмекенiнде салынды. Мешiтке Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) түйесi шөккен жер таңдалып, ол жер Сехл, Сүхейл атты жетiмдерден (Нахжар әулетi) сатып алынды. Мешiт құрылысында Пайғамбардың өзi қатысты. Төбесi құрма (пальма) жапырағымен жабылған үй төрт бұрышты етiп салынды. Мешiтке мұсылмандар намаз оқу, дiни уағыз тыңдау және өмiрлiк мәселелердi талқылау үшiн жиналған. Алғаш мешiттiң қызмет аясы кең болды, онда жарлықтар жарияланып, сот iстерi атқарылды (Х-ХI ғ-ларға дейiн), медереседе бала оқыту да мешiт қызметкерлерiне жүктелдi.
Тарихи даму барысында мешiттiң қызметi шектелiп, ол дiни ғибадатханаға айналды. Мешiт құрылысының қазiргi үлгiсi (мұнара, михраб, т.б) VIII ғасырдың аяғында қалыптасты, хұтба (уағыз) айтушыға арналған мiнбер (минбар) кейiн пайда болды. Мешiттiң ашық аулалы (араб елдерiнде) және күмбездi (Орта Азияда) түрлерi кең тараған. Жұма мешiттерiмен қатар жәми (жамағатқа арналған) мешiттер және медресе жанында шағын мешiттер де болған. Мешiтте мүсәпiрлерге, жетiм-жесiрлерге көмек көрсетiлген. Ерлерге жұма намазын мешiтте оқу парыз етiлген. Мешiтке Алла ризашылығы үшiн ғибадат жасауға келгенде адал ниет, тазалық, ғайбат сөзден аулақ болу талаптары қойылды.
ХVIII ғасырда патшалық Ресейдiң бодандық бұғауы кезiнде ислам дiнiне шектеу қойып, жергiлiктi жұртты шоқындыруға тырысқан сәтте де елiмiзде мешiт, медресе ашып, дiнiмiздi насихаттау жалғасын тапты.» ХVIII ғасырдың 70-жылдары елiмiзде ең алғашқы мешiттердiң бiрi Петропавл қаласында да бой көтердi. Ал ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысынан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында мешiттер салына бастады. Маңғыстаудағы Шақпақ ата (ХIХ-ХХ ғғ.), мешiттер сияқты медреселер де ХIХ ғасырда Қазақстанның Сайрам (Испиджаб), Түркiстан, Ақмешiт, Әулие ата қалаларында 31, Семей аймағында 7 медресе, Батыс Қазақстан және басқа да облыстарда ондаған медреселер жұмыс iстеген.
Осындай Орта Азия сәулет өнерiнiң аса үздiк үлгiсiмен салынған ғимарат Жетiсу өңiрiнiң шығыс аймағында орналасқан Жаркент қаласындағы Уәлибай мешiтi дүниеге келдi. Бұл мешiт өзiнiң ғажайып қайталанбас түр ерекшелiгiмен, сәулеттi құрылыстың нұсқасымен назар аудартады. 1892 жылы салынған бұл мешiт ХIХ ғасырда салынған архитектуралық әсем ескерткiштердiң бiрi ретiнде бiздiң заманымызға жетiп отыр.
Құрылыстың салынуына себепшi болған Жаркенттiң атақты байы Уәли – Ахун Юлдашев едi. Ол 1884 жылы мешiт салу үшiн құрылыс ағаштарын дайындау қажеттiгiн айтып, Жаркент уезiнiң тұрғындарын аралап қаржы жинай бастайды. Қаржы жиналып болған соң (3 мың алтын ақша) арнайы шақырылған сәулетшi шебер Хон — Пиктiң басшылығымен 1883 жылдан бастап шеберлер мешiт салу жұмысына кiрiседi.
1885 жылы 75 ағаш ұстасы Пекиннен шақырылған Хон-Пиктiң басшылығымен 4 жыл бойы құрылысқа аса берiк Тянь-Шань шыршаларын 200 шақырым қашықтықтағы Кетпен, Ақсу тауларынан өгiз арбамен тасиды. Жеткiзiлген ағаштар кесiлiп, одан кейiн ерекше әдiспен сүргiленiп, тек көлеңкеде ғана 5-6 жыл кептiрiлген. Құрылыс материалдарын дайындау, оны тасып жеткiзу жұмыстарын жүргiзген жергiлiктi халық ақысыз жасаған.
1887 жылы 10 мамырда Уәли – Ахун Юлдашев жоғарғы басшыларға мешiт салу жөнiнде өтiнiш жасайды. Жетiсу облыстық басқармасының құрылыс бөлiмi 1887 жылы 20-шiлдеде мешiт салуға рұқсат бередi.
1890 жылдан бастап шеберлер Ұшурбақи және Абдуқадыр ерекше әдiспен кiрпiштер күйдiре бастайды. 1891 жылы мешiтке барлығы 122 ағаш бағаналары тұрғызылды. Медресенiң iшiндегi тiреу — 24, тас жастықшаларға қолданылған сыртқы тiреу — 56, қабырғалардың арасына жұмсалған тiреу — 42 тал болған. Осылайша 1894 жылы Уәлибай мешiтi дүниеге келдi. Сөйтiп халықтан жиналған қаржыға салынған көрiктi ғимарат құрылысының бағасы алтынмен есептегенде 300 мың сомға жеткен. Мешiт құрылысы тек ағаштан қиюластырып, ешқандай шегесiз жасалынады. Бүкiл құрылыстың салмағы тек ағаш бағаналарына түскен.
Мешiт үлкен және кiшi залдардан тұрған. Екi залдағы қабырғалар ою-өрнек түрiнде ойылып безендiрiлген. Мұндағы бiр ерекшелiк – бiрнеше жүздеген ою-өрнектер бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Кiшi залдағы имам отыратын жеке орында жүзге жуық ою-өрнектер, суреттер салынған. Бұл ою-өрнектер шығыс сәулет өнерi негiзiнде жасалғандығын көрсетедi. Мешiттiң iшiндегi сатымен жоғарғы қабатқа, одан мұнараға көтерiлуге болады. Мешiттiң маңдайшалары 11 және 9 қатар ағаштан тұрғызылған. Осы маңдайшаларға жасалған мешiттiң 4 жағындағы ою-өрнектер мен суреттер саны 3,5 мыңға жетедi.
Мешiттiң көрiктiлiгiн айқындайтын екiншi бiр құрылыс – ғимарат маңдайшасын әшекейлеу жұмысы. Бас қақпаның қабырғасы Ақсақ Темiр дәуiрiндегi құрылыс шеберлерiнiң үлгiсiмен жүргiзiлген. Ғимарат маңдайшалары мен күмбездерi кiрпiштен салынып, мұнарлары ағаш материалдарынан өрiлген. Биiктiгi 19 метр қақпаның екi жағына қатарластыра колонна тұрғызылған. Колоннаның және мұнаралардың басына алтын жалатқан ай орнатылған. Қақпаның негiзгi көше жақ бетiне араб әрiпiмен құраннан үзiндiлер жазылған. Бас қақпаның батысына жапсарлас тұрғызылған мұнараның биiктiгi 26,7 метр болған.
Құрылыстың архитектуралық сымбаты өте әсемделген. Үлкен залының әсiресе, батыс қабырғаларының өрнектерi мен оюлары, неше түрлi суреттерi адам қиялы мен шеберлiгiнiң айтулы нұсқасы. Қабырғалардағы көркем ою-өрнектер көрерменге терең әсер қалдырады. Оның маңдайшалары мен күмбездерiнiң iшкi жағы мен қабырға тұстары түстi бояулармен алуан өрнек – оюлармен жасалғандығы әркiмдi де таңқалдырмай қоймайды. Әсiресе, ғимарат iшiндегi батыс қабырғада жарты шарланып орналастырылған сүйiр мiнбе өте шеберлiкпен жасалған. Мешiттiң қабырғаларының негiзгi бетi ақшыл түспен әсемделсе, iшiндегi терезелер мен есiктердiң үстiне орналасқан әшекейлер, түрлi бейнелер әр түске боялып, қабырғаның үстiңгi жағына ақшыл гүл өрнегi бедерленген. Ғимараттың сол жағында ағаш мiнбе жасалған. Ол құран оқушылар мен уағыз айтушылар үшiн қойылған биiк баспалдақ түрiнде жасалған. Мiнбенiң қанаты ақ гүл аралас гүл кестемен безендiрiлген. Мiнбенiң шымылдығына ғимараттың шатырындағы жиектi бейнелi таяқшалар қойылып, олардың барлығы да гүлмен өрнектелген. Ғимарат құрылысының сыртқы көркi де зор шеберлiкпен әсемделiп жасалған. Оның ұзындығы 55 метр, енi 30 метр, күмбездi қоспағанда қабырғаларының биiктiгi 7 метрге жеткен. Мешiт үйiнiң iшкi көлемi 1063 шаршы метр болған. Ал екiншi қабатындағы бөлмелерде намаз кезiнде әйелдер құлшылық ететiн болған.
1906 жылға дейiн бас қақпаның екi жағына 18 бөлмелi медресе үйi және солтүстiк бұрышынан намаз оқитын үлкен бөлме салынған. Медреседе дiни сабақ өткiзiлiп, Жаркент уезiнiң қазақ, ұйғыр, дүнген балалары дiни бiлiм алып және хат тануға мүмкiндiктерi болған. Оқып, дiни бiлiм алған азаматтар халық арасында ислам дiнiн таратуға, оған қалтқысыз қызмет етуге тиiс делiнген. Мұнда шәкiрттер бiрнеше жылдар бойы араб грамматикасын, философиясын т.б. пәндердi оқып меңгерген. Шындығында, олар басқа тiлдегi текстердiң мән – мағынасын түсiнбестен, тұтас бiр парақтарды немесе тарауларды жаттап ауызша айтатын болған.
Аталған ғимарат 1934 жылға дейiн мешiт болып мұсылмандар үйiне айналса, 1952-1962 жылдары аудандық өлкетану музейiне айналған. Мұнда жыл сайын күзде аудан көлемiнде ауылшаруашылық көрмесi өткiзiлiп тұрған. 1967 жылдан ескерусiз қалған мешiттi қайта қалпына келтiру жұмыстары қолға алынды. 1971 жылдан бастап Қазақ ССР Мәдениет Министрлiгi жанынан құрылған ескi мәдени ескерткiштердi қалпына келтiру жөнiндегi ұйымның бас архитекторы Нәйла Рақымжанова бастаған архитекторлар мен инженерлер Уәлибай мешiтiне қолданған құрылыс материалдарының (кiрпiш, ағаш) құрамын зерттеп, қалпына келтiру мәселелерiн шештi. Арнайы дайындықтан өткен маман жұмысшылармен қатар ағаш шеберлерi шақырылды. 1971 жылдан 7 жыл бойы алматылық шебер Исмагилов Ириктiң басқаруымен 25-30 шебер мамандар мешiттi қайта қалпына келтiру жұмыстарын атқарды. 1977 жылдың қыркүйек айына дейiн 610 мың сомның жұмысы атқарылған екен.
Сөйтiп, « Уалибай мешiтi « атанған бұл архитектуралық ескерткiш – экспонат ретiнде келушiлерге көрсетiлiп, ал музей экспонаттары мешiттi айнала қоршаған дуалмен бойлай салынған жеке бөлмелерде ұйымдастырылған. Бұл аталған мешiт өлкетану музейi ретiнде ғылыми-зерттеу, ағартушылық бағытта тарихи және мәдени мұраларды сақтайтын орынға айналған.
Қазiр «Уалибай мешiтi» халқымыздың үлкен мәдени-тарихи мұрасының бiрiне айналды. Бұл ғимараттың тарихи және көркемдiк құндылығы өте зор екенi даусыз. Мұндай тарихи және мәдени ескерткiштер қазiргi заманның және болашақтың ұрпақтары үшiн үлкен ұлттық тәрбиелiк мәнi бар екенi анық.
Кеңес үкiметi тұсында дiни басқармалар, көптеген мешiт, медреселер жабылып, тек 1943 жылдан кейiн дiни ұйымдарға көзқарас өзгерiп, Орта Азия мен Қазақстанда дiн басқармалар өз жұмыстарын жандандыруда. Өткен ғасырдың басында елiмiзде 68 мешiт болса, қазiр елiмiз тәуелсiздiк алған тұста облыс, аудан, ауыл-кенттерiмiзде, яғни Қазақстан территориясында 2300-ден астам мешiттер бар.Алла үйлерiне қарапайым еңбек адамдарынан бастап, ғалымдар мен ұстаздар, жастар келiп құлшылық етiп, сәждеге бас июде. Ұлтымыз рухани құндылықсыз өмiр сүре алмайды. Ал мешiт имандылық ордасы ретiнде халық өмiрiне үлкен әсер ететiнi анық. Өйткенi, ол – ұлтты ежелден ынтымаққа, бiрлiкке шақырып, рухани мәдениетiмiздi дiни бағытта тәрбиелейтiн қасиеттi де, киелi орда екенiн естен шығармайық.
Т.Ж.Медеуов, тарих ғылымдарының кандидаты