ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСIНЕ ҚАУIП ТӨНУДЕ

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСIНЕ ҚАУIП ТӨНУДЕ

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСIНЕ ҚАУIП ТӨНУДЕ
ашық дереккөзі
388

Түркiстанның орта ғасырдан бергi тарихы ғұлама ғалым Қожа Ахмет Ясауи есiмiмен тiкелей сабақтас. Киелi өңiрдiң өткен күндердегi даңқы мен бүгiнгi қасиетi, ұлы бабамыздың асыл қазынасымен терең тамырласып келедi. Түркi әлемiнiң мақтанышы Қожа Ахмет Ясауи кесенесi ұлттық мұрамыздың iргетасы iспеттес. XIV ғасыр соңында бой көтерiп, көптеген маңызды оқиғалардың куәсi болды. Сондықтан да ол халқымыздың рухани әрi мәдени тұрғыдан қайта қалыптасуының аса қадiрлi қайнар көзiне айналып отыр.

Сан ғасырдың жүгiн арқалап тұрған алып құрылыстың табиғи күштер әсерiнен түрлi өзгерiстерге ұшырауы заңды құбылыс. Қасиеттi жәдiгерiмiз де уақыт ықпалында екенiне және заман өткен сайын қажеттi жөндеудi талап етерi түсiнiктi. Кеңес одағы кезiндегi атеистiк көзқарастың кесiрiнен киелi кесене көп уақыт қараусыз қалып, 70-шi жылдары ғана шетелдiк туристер келгеннен бастап онда кейбiр жөндеу жұмыстарын жүргiзу қолға алынды. Ал, ата-бабаларымыз аңсап өткен егемендiкке қол жеткен соң, Түркiстан қайта өркендеу жолына түстi. Сонымен қатар, кесенеде күрделi реставрация жұмыстарын жүргiзу қажеттiлiгi туралы шешiм қабылданды.

Ендi мәселенiң түйiнiне келетiн болсақ, ол — көне тарихи ескерткiшiмiздi қалпына келтiру жұмыстары қаншалықты дұрыс жобаланып, сапалы реставрация жүргiзiлгендiгiнде. Атақты Мәулен Садыр ұста басшылығымен ғажайып құрылысты көтерген орта ғасыр шеберлерiнiң озық ойы мен тапқырлығының қырсырын «Қазреставрация» мамандарының қаншалықты түсiне алғанында жатыр. Соңғы жылдары кесенеде атқарылған жұмыстар елiмiздегi реставрациялық институт басшылары бекiткен жобалар бойынша iске асырылып келедi. Алайда, олардың Әмiр-Темiр жобасының талаптарына, ғылыми-практикалық тұрғыдан құрылыстық әрi реставрациялық ережелерге сай емес екендiгi, мамандардың ғана емес, қарапайым тұрғындардың арасында да үлкен күмән тудырып отыр.

Қазақстанның 2010 жылы Еуропаның қауiпсiздiк мекемесiне төрағалық ететiн күнi де жақындап қалды. Осы мүмкiндiктi ескере отырып, Бүкiләлемдiк мұра тiзiмiне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн ЮНЕСКО-ның қаржысына әлемдегi ең үздiк компанияларға халықаралық тәуелсiз құрлыстық сараптамадан өткiзiп, күрделi және сапалы реставрация жасатуымыз керек. Өйткенi Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң жөндеу жұмыстары ғылыми тұрғыдан талғамсыз, жоспар-жүйесiз жүргiзiлiп және Әмiр Темiр жобасының талаптары орындалмай, өрескел бұзылып жатқандығы жанымызға қатты батады. Мұндай жөнсiз-жүйесiз жүргiзiлген жұмыстар ғимараттың келешегiне қатер төндiруде, сондай-ақ кесененiң үстiндегi үлкен күмбездiң құлап түсер қаупiн туғызып отыр. Ең қатерлiсi, қазандық төбесiндегi үлкен күмбездi көк шыны түстi қышпен қаптап, дем тартқыш тесiктердi тығындап бекiтiп және кесененiң жан-жағындағы торкөз терезелердi (панжарларды) қышпен қалап, тығындап тастаған. Осының салдарынан күмбездiң iшiндегi қалыпты температуралық режимнiң бұзылуына, содан ағаш ұстындардың шiруiне, гипс құймаларының ылғалданып салмағының бiрнеше рет көбейiп кетуiне, тiптi құлап түсуiне әкелiп соқтыруда. 1982 жылы төбедегi бiрнеше әсем оюлар (сталактиттер) құлады. Қазiр гипс құймалардың салмағы 300 тоннадан жоғары. Егерде олар құлап түсер болса, онда iшкi ауа қысымының әсерiнен бүкiл кесене екiге бөлiнiп кетуi мүмкiн. 1993-2000 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне реставрация жұмыстарын «Вакиф иншат» түрiк фирмасы жүргiзiп, Әмiр Темiр жобасын жүргiзген талаптарын өрескел бұзған. Бұлай деп айтуға дәлелдер де жетерлiк. Әмiр Темiр жобасы бойынша орта ғасыр шеберлерi кесене қабырғаларының ұлтанына ұсақ мал қиын салып, үстiне қамыс төсеген. Бұл материалдар екi түрлi қызмет атқарған, бiрiншi – жер асты суларын жоғары өткiзбеген, екiншi – жер сiлкiнiсiне төтеп берген. Түрiк құрылысшылары «Казпроектреставрация» институты жасаған құжаттарды басшылыққа алып, қи мен қамысты алып тастап, кесененiң iргесiне өте жоғарғы қысыммен 14 метр тереңдiкке свай фундаменттерiн құйғанымен, қабырғаға горизонтальдық гидролизация жұмыстарын жүргiзбеген, яғни қара қағаз төселмеген. Соның салдарынан кесененiң қабырғалары ылғалданып, құзданып жатыр, намаз кезiнде имам отыратын орын (михраб) құлап түскен. Қазандық күмбезiнде жарықшақтар пайда болған және жекелеген бөлмелердiң интерьерiнiң кейбiр жерлерiнде түрлi-түстi сызат дақтар түсiп, шытынаған. Қазандық төбесiн ұстап тұрған ағаш балкiлерi дымданып, бұзылып кеткен. Тұздың жоғары шығып кетуiне байланысты, қасбеттiң қаптамалары мен басқа да конструкциялық материалдар бұзылып жатыр. Менiң пiкiрiмше, кез келген реставрациялық жұмыс – бұл комплекстi iс-шара, ол кесененiң тарихи-архивтiк жобалары мен құжаттарын жан-жақты зерттеп оқуды, реставрация жасайтын жерлерге археологиялық-архитектуралық зерттеулер жасап және реставрация жұмысына пайдаланатын заттарды толық лабораториялық сараптамалардан өткiзудi талап ететiн жауапты iс. Сол себептен кесенеге реставрация жұмысы көне Әмiр Темiр жобасы бойынша жүргiзiлуi тиiс. Ол үшiн Әмiр Темiр жобасын, Өзбекстан Республикасының мемлекеттiк архивiнен Қазақстанға қайтару керек. Ал сапалы реставрация жасау үшiн, кесененi, бiрiншiден, ЮНЕСКО-ның реставратор-мамандарының қатысуымен, халықаралық тәуелсiз құрлыстық сараптамадан өткiзу керек. Екiншiден, Дүниежүзiндегi ең үздiк реставрация жұмыстарына маманданған компанияларға жасататын уақыт келдi. Қожа Ахмет Ясауи кесенесi бүгiнгi таңда өте қауiптi жағдайда тұр. Егерде жәдiгерiмiздi жоғалтсақ, ұлтымызға ұят, тектiгiмiзге таңба, досқа күлкi, дұшпанға таба боламыз. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен кесенеге реставрация жүргiзiп жатқан мекемелер басшыларына айтып та, жазып та келемiз. Осы мүмкiндiктi уақытылы пайдаланбасақ, орын алған кемшiлiктердi жедел түземесек, алдағы уақытта керемет мұрамыздан айырылып қалу қаупi туындап тұр. Бұл ертеңгi ұрпақ алдында кешiрiлмес күнә болары сөзсiз.

Қасиеттi ораза айында қаламызда «Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн қорғау» қоғамдық бiрлестiгi дүниеге келдi. Қоғамдық бiрлестiктiң негiзгi мақсаты — кесенеге реставрация жұмысын көне Әмiр Темiр жобасы бойынша жүргiзуiне және «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейi» мәртебесiн беруге атсалысу.

Бақытжан ЖҮНIСОВ, «Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн қорғау» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы,

Түркiстан қаласы

Серіктес жаңалықтары