БАС ШҰЛҒИННЫҢ БАСЫНА ҚАУIП ТӨНIП ТҰР

БАС ШҰЛҒИННЫҢ БАСЫНА ҚАУIП ТӨНIП ТҰР

БАС ШҰЛҒИННЫҢ БАСЫНА ҚАУIП ТӨНIП ТҰР
ашық дереккөзі
305

Аулымыздың ежелгi аты – Желтұрған.

Желтұрғанның бастығы Бас Шұлғин дейтiн елгезек, елпiлдек, желпiлдек кiсi. Оның елгезектiгiнде шек жоқ, елгезер секiлдi бәрiн елеп алады. Көре қояды – қырағы, ести қояды – саққұлақ, сезе қояды – иiсшiл, бере қояды – жомарт, ала қояды – епшiл. Жаңалық тапқыш, өзгерткiш. Табан астында құбыла салу қанында бар, бұзыла салу бертiнде пайда болған ерекшелiктерi. Бас Шұлғин бұл шаруаның аса шеберi.

– Себебi, – дейдi Басекеңнiң өзi – бiздiң аулымыз Желтұрған. Жел тұрған сайын бiз қаңбақтың ролiн ойнаймыз. Жел құбылған сайын Желтұрғандағы ел құбылады. «Желтұрған» деген ат ырымға жаман. Ұйқыдан ояна сап «Желтұрған» деп қақсаймыз, «Желтұрған, Желтұрған» деп жағымыз қарысып-ақ бiттi. Жәй ысқырғанның өзiне жел тұрады. Оның қасында «Сыбырлағанды еститiн» құдай «Желтұрған» дегендi естiмей ме, естидi. Естидi де «Қалауларың осы болса – алыңдар» деп, желiн жiбередi де отырады. Сондықтан «Желтұрған» деген аттан қалайда құтылуымыз керек!

Бiр жиында Басекең осындай мәселе қозғады. Ел кәдiмгiдей ойланып қалды. Әбден жел тотықтырған беттерiн, жел кептiрiп тастаған безерген ерiндерiн ұстап, бiраз отырды. Жарылып кеткен қолдарының сырттарына қарады. Сипалап көрдi. Бастарын шайқады.

– Рас-ей, басекеңнiң сөзiнiң жаны бар, – деп, жиналыс бiткеннiң бiрiншi сөзiн алатын Желбезек көкем желп еттi.

– Апыр-ай, бұрын басымызға қалай келмеген? – Желбезектен кейiн кезек тиетiн Үлдiрек жеңешем селк еттi. Селк еттi де ары қарай жалғастырды. – Кремнен крем қоймаймыз. Қаладағы балалардан ұят болды, кремдi бiзден көп жағасыңдар дейтiндi шығарды. Айтатындай жөндерi бар екен-ау, баттастырып жағамыз да отырамыз. Күйеуiм кремнiң иiсiне шыдамайды, лоқсып, жүрегi айниды, кешке амал жоқ терiс қарап жатады, бетiмдi кептiрiп, кремдi сiңдiрiп, оны берi қаратқанша ол қою қорылға басады, ол қорылға басты дегенше құдай атты дей бер, айырмен пiскiлесең де оянбайды. Бәрi Желтұрғанның кесiрi екен-ау!

Бұл екеуi бастаса жиналыс қызады. Қызды. Қыза-қыза бәрi бiр шешiмге келдi. Ауылдың аты өзгертiледi.

– Қандай ат қоямыз?

Ол тығырықтан да Бас Шұлғин мырзаның өзi алып шықты.

– Мен көп ойландым.

– Тапсаң, айтсаңшы сиырқұймышақтатпай! Сен бiр бәленi ойлап қойдың ғой, бiлемiз сенi!

Өзiнiң құрдасы Кедiрбұдыр едi бұл. Оның шын атын ешкiм бiлмейдi. Осындай кедiр-бұдыр мiнезi үшiн бiр атқойғыш жеңгесi қоя салған дейдi. Осыны айтып болды да ол ернiнiң астына бiр түйiр насыбай тастап, кәйiп ұстап бiраз отырды. Насыбайдың кәйiпiне ештеңенi айырбастамайды.

– Әй, құрдас, қанша Кедiрбұдыр болсаң да мен ойлаған ат саған да ұнайды, көр де тұр.

– Айтшашы тезиек, – дедi насыбайына тiлi сүрiнген Кедiрбұдыр.

– Айтсам – Аманқұт болсын бұл ауылдың аты!

– Аман және құт! Жақсы екен! Ырымға жақсы!

– Мағынасы не оның?

Осындай күбiр-сыбырдың толқыны жиналғандардың арасын бiраз қыдырыстады. Бас Шұлғин да бәле ғой, сiңiрiп алсын дегендей алыстан жымия барлап тұр. Бұл уақытта Кедiрбұдыр да насыбайының кәйiпiн тауысып, қалдығын сұқ саусағымен сылып ап, анадай жерге лақтырып тастап, артынан өзi де түкiрiнiп болған едi. Ауыз босаған соң қарап отыра ма, тағы да құрдасына қарай сұрағын шиырып лақтырды.

– Сен тегiн қойып отырған жоқсың, Аманқұт дегендi қайдан ойлап таптың?

– Желтұрған дегеннен Аманқұт тәуiр емес пе? Бiздiң ауылға одан артық не керек?

Жиналғандар шу-шу еттi. Құптады. Үлдiрек жеңешем де Аманқұт болса кремнiң құтысынан құтылатынына иланды ма, «Аманқұт болса, Аманқұт болсын» деп жарылып, жартылай жара боп кеткен екi қолын бiрдей аспанға көтердi. Қалғандары қолдап ала жөнелдi.

Жарты жылғы қағаз жинаудан соң ауылға кiре берiстегi «Желтұрған» деген балабақшаның баласының бойындай әрiптермен жазылған жазуды бiрiншi кластың баласының бойындай әрiптермен тiзiлген «Аманқұт» деген атау алмастырды.

Кедiрбұдыр шешуiн таппаған «Аманқұт» қайдан келдi? Ол таппаған шешудi ел таппайды. Сондықтан ел оған басын қатырмай, бұл жұмысты Кедiрбұдырға тапсырған. Ұзақ ойланып, ұзақ iзденiп, әркiмнiң аузына бiр, қабағына бiр, ым-әрекетiне бiр қарап жүрiп Кедiрбұдыр «Аманқұттың» жетi атасының жiгiн ажыратып, тегiн шығарды әйтеуiр. Ауылдың атын ауыстырардан бiраз бұрын облыстың әкiмi боп Амантұр Құтпанбаев деген азамат келген едi. Әр жаңа келген әкiмге ат мiнгiзе-мiнгiзе шаршаған аудан бұл жолы ол кiсiге ауылдың атын берiп, айды аспанға бiр-ақ шығарды. Былайғы жұрт бiлiп қоймасын деп, аты мен пәмилесiнiң басқы буындарынан «Аманқұтты» шығарып апты. Ойдың иесi – осы Бас Шұлғин.

Ауылдың атын өзгертуге арналған салтанатқа аудан әкiмi Сақадай Әзiров бастаған осы төңiректiң шенеунiгi түгел келдi. Олардың арасында аста, тойда иықтарын шапанға дайындап тұратын аудандық ақсақалдар кеңесiнiң төрағасы мен әр атаның осындай шаралардан қалмайтын қалт-құлт еткен шалдары да бар. Ол шалдардың құлағы баяғыдан естiмейдi. Бiрақ мұндай iс-шараларды, құдайдың құдiретi, күнiбұрын бiлiп, сезiп отырады. Теңдiк пен бостандық жолында күресiп жүрген аудан әйелдерi ұйымының төрайымы да, мәслихат та – бәрi-бәрi шұбатылған шаңды артына қалдырған мәшинелер керуенiнен бiрiнен соң бiрi түсiп жатты.

Бұл күнi аудан жұмыс iстеген жоқ. Несiн iстейдi, ауданда жұмыс та жоқ. Балалар оқымады. Әр ауылдан озат оқушылар ақ көйлекпен, қызыл гүлмен, класс жетекшiлерiмен, директорларымен топтанып, «Алтын күн аспаны…» деп шырқай келдi. «Желтұрған» ауылы…ой, кешiрiңiздер, бұдан былай «Аманқұт» деп оқыңыздар…ауылы мәре-сәре тойға кенелдi.

Облыс әкiмi ұялды ма, өзi бой көрсетпедi. Бiрақ бiрiншi орынбасары, басқа орынбасарлары, кеңесшi, көмекшiлерi, ол жақтың да ақсақал-көксақалдары автопойыз боп жеттi. Алдыларында – шамы жарқыраған МАИ-дың мәшинесiнде «Жолдан былай тұрыңдар!» деген команда берген подполковник. Таудың қойнауындағы бұйығы ауылда мынадай абыр-сабырды көрмеген, бұдан былай аманқұттықтар, ауыздарын ашып, көздерiн жұмды.

Аудан әкiмi салтанатты ашты. Заманның жақсы екенiн, елдiң айтқаны болатынын, елдiң басшыларының ауылдағы кiсiлердiң ұсынысына ылғи құлақ түрiп жүретiнiн, қолдайтынын бiр жапырақ қағазға жазып алған екен, судыратып оқып шықты. Мектептiң балалары пытырлата кеп қол соқты. Шапан киетiн шалдар да қарап тұрмады. Бiрақ тарамыс саусақтарының арасынан шыққан әлжуаз шапалақ төрге жетпей өшiп қап жатты.

Облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары әкiмнiң өзiнiң құттықтау сөзiн оқыды. Ауылдың әкiмдiгiне кiлем сыйлағандар, портрет сыйлағандар табылды. Бес-алты бизнесмен жiгiт келген екен. Олар да қысқа-қысқа сөйледi. Көздерiнен көзiлдiрiктерiн алмайды. Кедiрбұдыр солардың көздерiне тiк қарағысы-ақ келдi. Айтып тұрғандарының рас-өтiрiгiн көздерiнен оқығысы келдi. Бiрақ аналар әккi екен, шешпей кеттi. Олар не айтты дейсiздер ғой? Көп ұзамай ауыл мен аудан арасындағы тас жолды асфальтпен ауыстыруға, сылағы түсiп жатқан мектептi жөндеуге уәде бердi. Тағы бiреу газ әкелемiз дедi. Газ дегенде Үлдiрек жеңешем газға тұншыққандай талып қала жаздап, оған мына дүрмекпен келген ақ халатты дәрiгерлер укол сап есiн жоғалттырмады.

Аудан басшылары көшпелi аспаздармен тамақ дайындатып келген екен. Аманқұттықтар рахаттана бiр тойды. «Мұндай палауды жемегелi, құдай-ау, қанша жыл болды?» деп, насыбайдың кәйiпiн орта жолда бұзып, бүкiл сөлiн сорып болып лақтыратын қалдықты бұл жолы саусақпен баппен сылып алмай, былш дегiзiп түкiрiп тастаған Кедiрбұдырдың өзi майы сорғалаған таңсық асты қолын жуар-жумас, балалармен таласа-тармаса қарпыды.

Бұл әңгiме ұзақ уақыт тоқтамады. Екеудiң басы қосылса да, жалғыз кетiп бара жатып та соны жыр қылады. Ауылдың әйелдерi бұрын палау басқыш едi, қазiр оны қойды. Әнеукүнгi палаудың дәмiн алған соң аманқұттық еркектер басқа палауға қарамайтын болған. Жылмаңдаған екi өзбектiң еркегi бүкiл ауылдың әйелдерiнiң беделiн бiр қазанмен осылай түсiрiп кеттi.

Шындығында «Аманқұттың» Аманқұт болғалы абыройы аспандады. Жол жөнделiп жатты. Бас Шұлғинды күнде демесек те ауданға, облысқа жиi шақырады. Талтаңдап қайтады. Түкiрiгi жерге түспей тұр. Ауылдың ортасындағы дүкеннен бiр шөлмек алып, iргедегi талдың арасына барып бөлiсiп iшетiн еркектер де Амантұр Құтпанбаевтың денсаулығы үшiн көтеретiн бопты. Бастаңғы жасаған, «шөрни кассаға» жиналған әйелдер де жетiскендерiнен iшпейдi, ауылды ажарландырып жатқан әкiмнiң амандығына тост арнайды.

Бұрын бұл ауылға әкiм жақпайтын. Тығылып iшетiн еркектер «әкiм құрысын» деушi едi, ендi кәдiмгiдей жасырынбай, бой көрсетiп, жалынды тост көтерiп, кiшiгiрiм iшiстiң өзiн тойға айналдырып, улап-шулап қайтатын боп жүр. Қонақта да солай. Қысқасы, бұл ауылдың iшуiне де мәдениет келдi. Обалы не, ол мәдениеттiң орнығуына Бас Шұлғин мырза көп еңбек сiңiрдi. Сонымен атын ауыстырған Аманқұт ауылы күннен-күнге гүлденiп, күннен-күнге түрленiп, облыс бойынша ауызға iлiне бастады. Аманқұттықтар «Бас Шұлғин ауданға өсiп кетедi екен, облысқа барады екен, депутат болады екен» деген жаңалықтармен оянады. Төсекке жатып, бастары жастыққа тигенде басқасы келедi құйындатып. «Ойбай, әзiрге еш жаққа бармайды» деп жұбатқан хабар көз ұйқыға iлiне бергенде өлiп-өшiп жетедi. «Аманқұт» елi Бас Шұлғинды басқа жаққа қиғылары жоқ. Ол да күн өткен сайын шiреншек, күшеншек боп бара жатыр, бiр қызығы, сонысымен жұртқа ұнай бастады. Жалпы, қазақ қарапайым бастықты жақтыра бермейдi, жүре-жүре менсiнбей қояды, кiсi қатарына санамайды. Керiсiнше, неғұрлым қаттырақ шiренсе, соғұрлым құлдық ұрады. Ол – ежелден келе жатқан мiнез. Бас Шұлғин да елдiң бәрiне бейберекет бас шұлғи берген соң оны кiсi қатарына санамай кеттi мына жұрт. Ендi кiшкене кеуде көтерiп қап едi, «Басеке» дейтiн болды, сол Басекеңмен есептесетiн, ақылдасатын болды.

Бас Шұлғин үлкен үй салып алды. Екi қабатты. Сыртын кiсi бойынан асатын тас қорғанмен қоршады. Соның барлығы апай-топай тез iстелдi. Өзбектер ме, тәжiктер ме, күнi-түнi қыбырлап жұмыс iстейтiн бiреулердi әкелдi. Құрылыс материалдары да тоқтаусыз жетiп жатты. Оған да кiрерде небiр жылтыраған мәшине мiнгендер «құтты болсын» айтып кеттi. Негiзi, үй солар үшiн соғылған екен. Ауылдың жырбақай әйелдерi мен ырбақай еркектерi «Мынау үйге кiм келдi?» деп сығалай бермес үшiн қоршауды биiк жасатыпты. Бастықтың үйiне баяғыда баса-көктеп кiре беретiндер ендi шекарадан, кеденнен өткендей күй кештi. Бiрiнiң үстiне бiрi шығып қарамаса ауланың iшiнде не боп жатқанын ешкiм бiлмейдi. Ол жаңалық бiлгiсi кеп тұратын әйелдердi әбiгерге салды. Күнiне елден бұрын бiр жаңалық естiп, елден бұрын елге жеткiзiп үлгермесе iшкен асы бойына сiңбейтiн, ұйқысы бұзылып, жүрегi ауырып қалатын Үлдiрек жеңешемiзге обал болды. Кәдiмгiдей жүдеп, бiр-екi килә салмақ тастады. Әйелдiң өсекпен семiрiп, өсекпен көңiл-күйiн көтеретiнiне сонда ғана көз жеткiздiк.

Бас Шұлғин «құтырды». Облыс та, аудан да алақанында. Астанадан депутаттар да хабарласып тұрады. Тасы өрге домалады деген осындай-ақ болар. Аралары екi жастан келетiн үйелмелi-сүйелмелi төрт ұлы бар. Алды екiншi класта. Жұрттың бiразының аты-жөндерiн өзгерткен науқан бұл ауылға да соқпай кеткен жоқ. Бiреулер шолтитып, өзi мен әкесiнiң атын қатар атайды, оның әкесi қайсы, баласы қайсы – өздерi ғана бiледi. Бiреулер Бек пен Байдың алдына сызықша қойып, бас әрiппен жазатын болды. Түсiнiксiз. Бас Шұлғин төрт баланың атын ауыстырам дедi бiр күнi.

– Неге? – деп келiншегi сұрамады.

Өйткенi қазiр билiк тұтас Басекеңнiң қолында. Келiншегi Мәйкө момын адам. «Балалардың атын неге ауыстырасың?» деп сұрайын десе, өзiмдi ауыстырып жiбере ме деп қорықты. Өйткенi қазiргi күйеуiнiң қарқыны сұмдық, бет қаратар емес.

– Ауылдың атын беделiмдi салып жөндеп алдым. Ендi мына балалардың атын жаңарту керек! Болмаса, елден ұят.

– Дәкүментiн баяғыда ап қойған жоқ па едiк? – деп сұраулы жүзiн екiұдай ойға ұштастырып жiбердi Мәйкө сонда да күйеу сыйлайтын мiнезiнен жаңылмаған күйi.

– Ол атаңа нәлет дәкүмент дегенiңдi алты-ақ секүнтте жасаймын ғой мен. Сөз боп па? Қазiр адам жасайтын заман. Оның қасында бiр жапырақ қағаз не ол? Ол Шұлғин үшiн шұлғау ауыстырғаннан да жеңiл!

Айналдырған екi-үш күннiң iшiнде Бас Шұлғин балаларының атын өзгерттi де тастады. Екi кештiң арасында төрт бiрдей метiркенi алып, екi құлағы екi езуiнде, жетiп кеп тұр.

Үдербай Керiм бопты. Мәйкө үндемедi.

Күдербай жәй ғана Аман бопты. Мәйкө: «Ауылың да Аман, балаң да Аман, елден ыңғайсыз емес пе?» деп елiрiп тұрған жұбайының тамырын басып көрiп едi. Онысы: «Ел деген кiм? Қой сияқты, маңырай бередi. Не бiлiм жоқ, не ұғым жоқ. Олардың сөзiн тыңдай берсең, күнiң қараң болады, асың арам болады. Ел – мына екеумiз, сен, мен, бiздiң балаларымыз! Осыны ұғатын бiздiң жанашыр достарымыз» деп, сұқ саусағымен аспан жақты нұсқап қойды. «Еркек қой, бiрдеңе бiлетiн болар» деп Мәйкө тағы үндемедi.

Шiдербай Елтөре бопты. Мәйкө аздап елең еттi. Бұл есiм ұнаған сияқты.

Бай Нұрбай бопты. Мәйкө кiшкене қарсылық бiлдiрдi. «Айырмашылығы не? Мұнда да сол «бай» жүр ғой» дедi. Бас Шұлғин оны басқа қырынан дәлелдеп шықты. «Бұл «бай» ол «байдан» түбегейлi бөлек. Құрғақ қана «бай» деген сөздi алдындағы сөз байытып тұр, байқайсың ба? Мағынасына қарау керек, мағынасына!» дедi. Мәйкө амал жоқ – тағы үндемедi.

Сонымен аттар балалардың өздерiне де ұнаған сыңайлы. «Нешауа!» деп қояды бәрi. Сол күннен бастап бұл үйдiң адамдары балаларының аттарын күнде қырық рет қайталап, өздерiнiң аузын, балалардың құлағын дағдыландырды. Ұйықтап жатса да: «Керiм, Аман, Елтөре, Нұрбай» деп қояды ерлi-зайыпты екеуi кезек-кезек. Аналар да төсекте жатқандарына қарамастан сапта тұрған жауынгердей «Мен! Мен!» деп ұйқылы-ояу төсектерiнен ыршып-ыршып тұрады. Ауылдағылар да кәдiмгiдей дағдыланып, балалардың бұрынғы аттарын ұмытқан секiлдi. Тек Кедiрбұдыр ғана бiрдеңеден секем алады. «Бұл Бас Шұлғин басын қасығанда да есеппен қасиды, мұның астарында бiрдеңе жатыр» деп тiмiскiленiп кеткен. Әзiрге нәтижесiз.

Мәйкө бiр күнi:

– Әлi-ақ үйренiп кетедi ғой, несiне балаларды әурелеймiз? – деген-дi.

Отағасы:

– Е, әйел, сен не бiлесiң? Жақында осы ауылдан үлкен кiсiлер өтедi. Бiздiң үйге ат басын бұрады. Сонда олардың аттары бiздiң үйден естiлiп жатса, сен де, балаң да, мен де абыройлы болмаймын ба? – деген жауабын екiұштылау жеткiздi.

– Ол тағы қанда үлкен кiсiлер?

Әшейiнде әйелге сыр ашпайтын Бас Шұлғин бүгiн мiнезiн өзгерттi.

– Мәке! – дедi.

Құдай бiледi, өмiрiнде тұңғыш рет әйелiн осылай атаған болуы керек. «Мәкесi» өңi мен түсiн ажырата алмай, рас пен шындықты айыра алмай айран-асыр боп, аузын аңқита ашыңқырап, отырып қалды. Ауыз ұзағырақ ашылса, қарысып қалатынын бiлетiн отағасы орнынан тұрды да әйелiнiң аузын өзiнiң мәшинесiнiң есiгiн жапқандай еппен жабыңқырап қойды.

– Ауызды бұл ашқан ашқан ба? Ана үлкен кiсiлер келгенде абай бол, аузыңды ашып отырып қап, оған шыбын кiрiп кетiп, үлкен кiсiлер «Бас Шұлғинның әйелi түк көрмеген екен» деп жүрмесiн, үйрен! – деп ақылын әйелiне қарай аудара салды да, аузына темекi қыстырды.

– Мұндайың жоқ едi?

– Үйрену керек болды, аналардың барлығы тартады екен, – деп түтiндi будақтата үрледi.

Туғалы самаурын мен ошақтың түтiнiне қақталып келе жатса да Мәйкө темекiнiң түтiнiне төзiңкiремей, аздап қақалды. Аузы-басын тұмшалап, тұншыға бiрнеше дүркiн жөтелдi. Ол жөтелгенi Басекеңе онша жақпады.

– Түк көрмегендей боп, темекiнiң түтiнiне шашалғаны несi? Көнесiң!

Темекiнiң түтiнiне кiшкене бойы үйренiп, жөтелi басылған соң Мәйкө әңгiменiң байыбына барғысы келдi.

– Оларың кiм?

– Ойбай-ау, олар дөкейлер! Осы облыстың әкiмi Әбекең ғой – Амантұр, ұққан шығарсың, ана баланың атын Аман қойғаным – сол, Керiм – көршi облыстың әкiмi, Әбекеңнiң досы, Елтөре – министр, ол да Әбекеңнiң досы, Нұрбай – депутат, көрдiң бе, бiздiң балалардың есiмдерi қандай-қандай мықтылардың аттарымен байланысты? Мiне, солар ертең бiздiң үйге түстенедi. Кемпiр, мықты бол!

Мәйкө үндемедi. Басқа әкiмдердiң, бастықтардың балалары секiлдi Бас Шұлғинның ұлдарында да бiршама тентектiк мiнез бар. «Әкiмнiң баласымыз» дейтiн кеуде, онша-мұншаны менсiнбеу сияқты өздерiнiң өлшемi бойынша көзге iлiнбейтiн ұсақ-түйек еркелiктер байқалады. Олар әкелерiнiң алдында ғана момақан, монтайы. Оның көзi қалай тасаланды болды, бет-бетiмен кетедi, сосын Мәйкөнiң жағы амалсыз сембейдi. Оның да балаларының аттарын жеке-жеке атап, жеке-жеке қаттап, арғы тегiмен қоса сыпыртып барып көңiлi бiр-ақ тыншиды.

Бауырсағын пiсiрдi. Қойын да сойды, тайын да сойды. Мынадай үлкен аула, үлкен қақпа пайда болғалы Бас Шұлғинның iшкi шаруасы да құпия. Ауылдың Үлдiрек секiлдi әйелдерi мен Кедiрбұдыр сияқты еркектерi ауланың iшiнде болып жатқан аласапыранды ауданға жаймас үшiн оларды баяғыдай көмекке шақырмайды. Облыстан өзбектердi алдырып, тамақты да соларға пiсiртедi, тоқашты да соларға дайындатады, малды да соларға сойдыртады. Өз үйлерiнде тауық бауыздап көрмеген өзбектер қазiр қойыңды да, жылқыңды да оп-оңай бауыздай салатын болған. Бүгiн де бәрiн айра-жайра ғып тастады.

Самаурын гүжiлдеп, екi иығынан демiн әзер ап тұр. Тай қазанның да қақпағының астында аласұрған керемет иiс пен асау бу бұрқ-бұрқ етедi. Ол иiс бүкiл Аманқұт ауылының жұмыссыз отырған еркек-әйелiнiң құт-берекесiн алды. Мұрындарын қайта-қайта қасылап, Бас Шұлғинның ауласына мойындарын соза қарайды. Эйфель мұнарасы тәрiздi оюлап өрнектеген биiк қақпадан бу мен түтiн сылқым келiншектер құсап бұраңдап көтерiлгенше ауаға тарап үлгередi. Оның қаншалықта қою екенiн ажырату оңайға соқпайды. Ал ендi қанша қақпайласаң да бағына бермейтiн, қуыс-қуыс, жәрек-жәректен сумаң етiп шығып, қаздаң етiп қыдырып кететiн жас малдың етiнiң арсыз иiсi арсалаңдап көше кезiп, үй аралап жүр. Құр аралап жүрсе мейлi ғой, Кедiрбұдырлардың, Үлдiректердiң танауын қытықтап, тамағын жыбырлатып, шаршатып бiттi. Талпынса да, таласса да биiк қақпаның ар жағындағы құпияны бiлу олардың маңдайына жазылмаған.

Қонақтардың да келетiн мезгiлi. Басекең шыдамай жолдың айрығына кеттi. Онда ауданның әкiмi Сақадай Әзiров бiр-екi сенiмдi адамымен жол күзетуде. Үлкен кiсiлердi сонда қарсы алмақшы. Мәйкө өзбек аспаздарға тапсырма берiп, бәрiн реттеп қойған сияқты. Ендi босағада мөңiреп тұрған сиыр мен бұзауды алысқа арқандатып қоймаса, естi шығарады. Төрт бала сабақтан келе сала құрыған. Мәйкө соларды iздеуге шықты – таптыра ма? Ауылдың маңын шолып қайтты. Жоқ. Онша-мұншаға қозғала бермейтiн Мәйкөнiң жүйкесiнiң шетi сетiнедi. Ашуы құлағын қайшылап, ауыздығын шайнап, жүгенiн жұлқып-жұлқып, тiсiн шықырлата бастады. «Қазаннан қақпақ кетсе – иттен ұят кететiнi» тәрiздi Мәйкөнiң ашуы тыржалаңаш шешiндi. «Шешiнгеннiң судан тайынбайтыны» екiнiң бiрiне мәлiм. Балаларын ұстаса қазiр жүндей түтiп, киiздей тепкiлеп алуға әзiр.

Күн де еңкейiп қалды. «Мәйкө балаларын тапқанша тұра тұрайын» дейтiн Күн жоқ, таудың тасасына қарай сорғалап болмаса да жорғалап жақындады. Ендi бiр ентiксе қызарған құлағы да көзден ұшады. Дегбiрсiзденген Мәйкө үй сыртында шыбығын сығымдап ұстап, көзiн күннен көлегейлеп, астаң-кестең ашуын жаңбыр нөсерлеткендей төгiп жатыр, төгiп жатыр. Сонда Мәйкө не айтып тұр дейсiздер ғой? Құбылаға қарап даусын былай құйқылжытты:

– Әй, Керiм, атың өшсiн сенiң атың өшкiр! Көршiлердi зар жылатып, қайда жүрсiң қаңғырып? Керiм болмай қал сен. Керiм боп жүргеннен өлiм боп жүргенiң әлдеқайда артық. Iшкендi, жегендi бiлетiн жалмауыз! Құлқыныңды толтырасың да құрисың да жүресiң тентiреп. Керiм болған сенiң… қараңқағыр…қарасирақ, қара жираф!

Қонақтар ауланың алдына кеп тоқтап, мәшинеден түсе салысымен Мәйкөнiң термесiне құлақ түрген. Содан кейiн көршi облыстың әкiмi Керiм мырзаның керiле берiп кiдiрiп қалған суық жүзiне тiк қарай алмай сипақтаған қалғандары не iстерiн бiлмей аласұрған Бас Шұлғинға мойын бұрды.

Мәйкө ендi бетiн Шығысқа қаратып шырқырады.

– Жер жұтсын сенi, жер жұтқыр Аман! Бүйтiп аман жүргенше адасып өлсейшi. Ешкiмге жаны ашымайтын тасмейiр, сыболыш, қарның тоқ болса, уайымың жоқ болса – бiттi саған! Елдiң қамын ойлаушы ма едiң сен кәпiр! Топас! Тоңмойын! Идиот!

Қонақтар өздерiн шақырған Амантұр әкiмнiң адам аяйтын кейiпiн көргiсi келмей, осының барлығын әдейi ұйымдастырғандай Бас Шұлғинға өштесе қарап, оған бiр табан жақындады.

Мәйкө ешкiмдi аңғаратын емес, еститiн емес, Солтүстiкке, тау жаққа мойын бұрды да ары қарай аңыратты:

– Сен қайда жүрсiң, Елтөре! Елтөре болмай жертөле болғыр қояншық! Қарашы-ей, шынымен жертөледей боп, мыжырайып ап, iшiңнен тынып, дүниенi бүлдiресiң де жүресiң! Сендей оңбағандарды көгендеп қойып сабап, жүгендеп қойып соққылар ма едi, қараңқағыр! Саған сенген мен де ақымақ! Не сенiмi жоқ, не өнiмi жоқ, өлексе!

Қонақтар ендi байқады, министр Елтөренiң бойы бiр-ақ тұтам екен. Онсыз да жерге жақын адам одан сайын шөгiп кеткен секiлдi. Бас Шұлғин не әйелiне қарай жүгiрерiн бiлмей, не меймандарының қасына барып, басу айтарын бiлмей, есi ауып, сiлекей ағып, сiлейiп қалды. Мәйкө Солтүстiктi қойып, ендi Оңтүстiктен төртiншi баласын iздедi.

– Әй, Нұрбай! Нұрбай болмай сұмырай болғыр! Онсыз да сұмырайсың! Жұртқа сүйкiмi жоқ, атаңа нәлет! Өскенде депутат болам дейсiң! Атаңның басы! Айтқаныңның бәрi өтiрiк, жасағаныңның барлығы бұзықшылық! Елдi ойбайлатқаннан басқа не бiлесiң сен оңбаған! Басқан жерiң ойылып қалғыр!

Қонақтардың iшiндегi Нұрбай мәшинеге қарай аттайын десе басқан жерi ойылып кететiндей тұрған жерiнде қалшиды да қалды. Алғашқы әрекеттi көршi облыстың әкiмi Керiм жасады. Мәшинесiне отырды да шопырына:

– Тарт! – дедi булығып.

Елтөре де мәшинесiне ұмтылды. Жолай қалшиған Нұрбайды қолтығынан сүйей кеттi.

Ауданның әкiмi Сақадай Әзiровты келiстiре бiр боқтаған Амантұр Құтпанбаев та қорбаңдап мәшинесiне отырды да өкпелеп бара жатқан қонақтарының соңынан құйындата жөнелдi.

Одан кейiн Бас Шұлғинның бас терiсiн келiстiре сыбап, жетi атасына жеткiзген Сақадай Әзiров «Нивасына» мiнiп, қимасымен қоштасқандай түтiнi будақтап, жас еттiң иiсi бұрқыраған аулаға көзiн сата қарады да ауданның жолына түстi.

Кетейiн десе кете алмай, түкiрiгiне шашалып, қақырығына қақалып сенделген Бас Шұлғин басын ұстап отырып қалды булығып.

Бұл кезде ары қарай бала-шағасының жер-жебiрiне жете алмай шаршаған Мәйкө шыбығын сүйретiп үйге қарай аяңдап келе жатқан.

Төрт бала да ауылдың төрт бұрышынан шаң көрсеттi.

Бас Шұлғинның басына қатты қауiп төнiп тұр…

Толымбек ӘЛIМБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары