КӨКТҮРIК МЕМЛЕКЕТIНIҢ ЫДЫРАУЫ

КӨКТҮРIК МЕМЛЕКЕТIНIҢ ЫДЫРАУЫ

КӨКТҮРIК МЕМЛЕКЕТIНIҢ ЫДЫРАУЫ
ашық дереккөзі
306

Құрметтi оқырман, биылғы жылдың 15-қазанында «Түркiстан» газетiнде шыққан «Ойды ой қозғайды, тасты су қозғайды» деген мақаламда Құдiреттi Көктүрiк мемлекетiн құрған «Ашна» (достық- К.М.) бiрлестiгi туралы сөз қозғаған едiм, ендi сол сөзiмдi жалғастырып, Ашна әулетiнiң жоғарғы билiктен кету себептерiне сiздердiң назарларыңызды салайын.

Сөйтiп, аталас бауырларымен араз болған Көктүрiк мемлекетiнiң патшасы Ышбара (қыт-Шаболиохан), бытыраңқы Қытай бектiктерiн бiрiктiрiп Суй әулетiн құрған қайын атасы Янцзянға төмендегi хатты жолдады: «Тәңiрiм жаратқан Түрiк мемлекетiнiң патшасы Тәңiрiұлы Ышбара құдiреттi Суй әулетiнiң басшысына хат жолдайды…» Янцзян хатты алып Ышбараға мына жауапты жазды.

«Құдiреттi Тәңiрiнiң баласы Суй әулетiнiң патшасы, құдiреттi Түрiк патшасы Или юйлу Мохэ Шаболиоханға. Сiздiң хатыңызда бiзге деген сүйiспеншiлiгiңiздi бiлiп риза болдым. Мен бұрын сiздiң әйелiңiздiң әкесi едiм, ендi сiздi де өз балам деймiн…»

Екi патша келiсiп, соғыс өртiнiң шықпауына бар күшiн салды. Төремендi алғашқыда жақтаған ру, тайпа басшылары, ендi бiрiнен кейiн бiрi одан iргесiн аулақ ұстады. Шағын жақтаушыларымен қалған Төременге Авар қағанатының әулеттерi әке құнын қайтарып аламыз деген айыппенен (Төременнiң әкесi Муганхан 555 жылы ырыққа көнбей қашып жүрген Авар ханы Дыншуцзыны 3000 адамымен қолға түсiрiп, әйел мен балаларды қалдырып, қалғанын өлiм жазасына бұйырған едi) Төременнiң Ордасын шауып, бала-шағасын олжаға алды. Төремен қашып Қара-чоринге келдi. Аталасы оны Бухара өлкесiнiң әмiршiсi етiп тағайындады. Ол есiн жиып, бекiнiстер салып, аяғынан тұрғаннан кейiн, Қара-чоринге бағынудан қалды. Қара-чорин Ышбара ағасының орнын басқан Чуло қағанға арызданды. Чуло Суй әулетiнен көмек алып, Бухараға келiп Төремендi қолға түсiрiп, оны өлiм жазасына кестi. Чуло қаған Қара-чориннiң Суй әулетiнiң билiгiн мойындауын талап еттi. Қара-чорин бұл шешiмге наразылығын бiлдiрiп едi, қаған әскер жинап батысқа аттанды, бiрақ жеңiлiп қаза болды. Таққа 588 жылы Ышбараның баласы Оң йоллук (қыт.Юнюйлю) отырып, аталастарымен қайта тiл табысып, Ашна әулетiнiң ханзадаларын бiр-бiрiне айдап салған Суй әулетiне тиiстi. Янцзян, Оң йоллуктың туған iнiсi Жаһангерге ( қыт.Жанганға) қызын ұзатып, оны ағасына қарсы қойды. Ел қайта бүлiнiп Оң йоллуқ жалдамалы қанiшерлердiң қолынана қаза болды. Бұған ренжiген Қара-чорин жоғарғы билiктi қолына алып, Суй әулетiменен, оның қуыршақ ханы Жаһангерге соғыс жариялады. Бауырларының тартысына араласпаған Орхон, Селенга, Толы өзендерiнiң бойында мекендеген Оғузханның ұрпақтарынан тараған вэйхэ, пугу, тунло, бейегу деген жетекшi төрт ру бiрiгiп өздерiне йагликар деген ортақ ат алып, өз үлестерiне бабасы Оғузхан қойған ұйғыр есiмiн алды. Бұл хандықты Суй әулетi Хойху – Солтүстiк Ұйғыр хандығы деп жазды. Бұл атау қазiргi оңтүстiк, солтүстiк, батыс, шығыс Қазақстан дегендей Ұйғыр мемлекетiнiң iшiндегi Солтүстiк Ұйғыр хандығы едi. Йагликарлардың бөлiнiп шығуы тобгачтарға оң жанбастан келiп, олар Қара-чориндi қысып, оның Тибет тауына қашуына себепкер болды. Эстемидiң ұрпағы Жаһангердiң ырқына көнбей, 603 жыл Түрiк қағанаты Шығыс, Батыс болып екiге бөлiндi. Тобгачтар шыққан қайшылықты тереңдетiп, екi қағанатты да өзiне тәуелдi еткiсi келдi. Бiрақ, әке орнын басқан Шибирхан (қыт. Шибихан-Жаһангердiң тұңғыш ұлы) бауырларымен қайта тiл табысып, Түрiк мемлекетiн жiк-жiкке бөлген Суй әулетiн тақтан тайдырып үкiмет басына «Таң» әулетiнiң келуiне себепкер болды. Шибирхан өлгеннен кейiн оның орнына отырған iнiсi Чулохан (619-621 ж.ж.) Шығыс-Түрiк қағанатының iшiнде жасырынып, баспана iздеп жүрген Суй әулетiнiң ханзадаларына көмектесiп Таң империясымен араз болды.

Чулоның ұстаған жолын Шибирханның жақтаушылары қолдамады, көп ұзамай ол өз тоқалының қолынан у iшiп о дүниеге аттанды.

Қағанның орнын басқан Чулоханның iнiсi Кателхан (қыт. Хйелихан) ағасының жолын ұстаймын деп марқұм Шибирханның балаларымен тартысты. Шибирханның мұрагерi Тулиханды қудалады. Тулихан Таң империясына келiп көмек сұрағанда император оған: (қаз.ауд. – Қ.М.) «… Сенiң атаң Жаһангер тақтан айырылып қалғанда, тобгачтар (Суй әулетi – Қ.М.) оған көмектесiп, оны қайта таққа отырғызды. Атаң өлгеннен кейiн таққа әкең Шибирхан отырып Суй әулетiне жау болды, оны тақтан тайдырды. Бүгiн сенiң басыңа күн туғанда сен менен көмек сұрап отырсың, мен көмек бере алмаймын…» дедi.

Таң империясы аталастарының iшiнен шыққан отты үрлей түсiп 632 жылы Қателханды тұтқынға алды. Император – Лишимин оған: (қаз. ауд. Қ.М.).

«… Сен бес түрлi кiнәмен айыпталасың:

1. Сенiң әкең тақтан айырылып қалғанда Суй әулетi оған көмек берiп, оны қайта таққа отырғызды. Суй әулетiнiң басына күн түскенде, сен оларды сақтап қалу үшiн бiрде-бiр садақ оғын шығармадың;

2. Бiзбен iргелес тұрып, қоқан-лоққы жасадың, келiсiм шартты бұздың.

3. Өз күшiңе сенiп шекара аймақтарында тыныштық бермедiң;

4. Бiздiң азаматтарымызды тонадың, алқаптағы астығымызды өртедiң;

5. Келiсiмге келiп бiтiм-шарт жасау кезiнде әртүрлi себептердi айтып, уақытты создың.

Осы айтылған күнәларға қарап сенi өлiм жазасына бұйыруға құқым бар. Бiрақ мен олай iстемеймiн. Мен «Вэй шартнамасын» бұзбаймын, сондықтан саған өмiр сыйлаймын…» – дедi

Қателхаңды қолға түсiрген тобгачтар көп ұзамай Батыс, Шығыс қағанатты да өзiне тәуелдi еттi. Жаһангердiң ұрпақтарын мемлекеттiң тұтқалы орындарына тағайындады. Бұған қарсы болған ханзадалар 680 жылы бас көтерiп едi, тобгачтар оны басып тастады. Қолға түскен ханзадалар мен жетекшi ру басшыларының бастары Чаньань қаласының Чакам алаңында шабылды. Бұл уақиға Тонюкук ескерткiшiнде былай жазылған: (руна жазуын оқыған А.Аманжолов, қаз.ауд. – К. М.).

«… Түрiктердiң ханы жоқ едi. Олар тобгачтардан бөлiнiп өз жетекшiсiн (Шибирханның баласы Нишифу болса керек – Қ.М.) хан тағына көтердi. Жаңа сайланған басшы кейбiр жетекшi түркi руларынан (Чулохан, Қателхан әулетерiнен – Қ.М.) қолдау таппай, олар тобгачтарға қайтадан бағынышты болды».

Тобгачтардың қатыгездiгi елдi дүр сiлкiндiрiп, бүкiл ұйғыр жұртына көтерiлiстер басталып кеттi. Бiрiншi болып билiктi өз қолына алған Жаһангердiң ұрпағы Құтлұқ (қыт.Гудулу) болды. Бұл уақиға Күлтегiн ескерткiшiнде төмендегiдей жазылған (руна жазуын оқыған А.Аманжолов, қаз.ауд. – Қ.М.)

«Бiздiң қағанымыз бар ел едiк, басшымыз қайда? Кiмдерге қызмет iстеп жүрмiз.., құл болғанша өлгенiмiз артық, әкем «Елтириш» (Құтлуқ) қаған, ал шешем «Елбиге» хатун болып сайланды…»

Өз уақытында Жаһангердiң кейбiр ұрпақтарының арандатуына түсiп Таң империясына тәуелдi болған ұйғыр ақсүйектерi алғашқыда Құтлуқ құрған Түрiк мемлекетiне (II Түрiк қағанатына) күмәнмен қарады. Ал жоғарғы билiктен үмiттенiп жүрген Муганханның, Арысланханның, Эстемидiң, бұрынғы Авар қағанатының ұрпақтары жаңадан бой көтерiп келе жатқан Құтлуққа қарсы шығып өз үлестерiн жеке хандық деп жариялады. Сөйтiп, VII ғасырдың аяғында ұлы далада бiрнеше мемлекет бiрлестiктерi пайда болды. Құтлуқты жақтаушылар өздерiн түрiк десе Халхыдағы (Монғолиядағы) йагликарлар (оғуздар) бiрлестiгi – ұйғыр атанды. Маньчжуриядағылар – кидан, Оңтүстiк сiбiрдегiлер – қырғыз, Батыс қағанат – тургеш, Жоңғар даласындағылар – қарлуқ, Гоби шөлiнiң оңтүстiгiндегiлер – тангут, ал Тибет тауларындағылар – тибет атанды. Негiзгi бәсеке Халхыны мекендеген ұйғыр ақсүйектерiнiң iшiнде болып, бiр ұлт: «ұйғыр», «түрiк» болып екiге бөлiнiп бiр-бiрiмен тартысты. Соңғы сөйлем Күлтегiн ескерткiшiнде былай өрбидi: ( руна жазуын оқыған -А.Аманжолов. қаз.ауд. – Қ.М.) «…Бiздерге оңтүстiктегi тобгачтар, сол жақтағы Баз қаған, тоғыз – оғуздар, солтүстiктегi қырғыздар, айналамыздағы қуырқандар, отыз татарлар, кидандар, татабылар жау болды деседi».

Ұйғыр (түрiк) елiн қайтадан аяғынан көтерген Құтлұқ 693 жылы әлемнен өттi. Күлтегiн жас болғандықтан таққа Құтлұқтың iнiсi Қапаған (қыт. Мочжо) отырды. Ол мемлекеттiң тұтқалы орындарына өз балаларын, жақындарын тағайындап, Құтлұқтың балаларына тиiстi мән бермедi. Соңғлардың жақтаушылар Қапағанға сен тақтың иесi емессiң, сен оны «ұрлап» алдың деп айыптады.Орда iшiнен шыққан ырду-дырду 716 жылы Қапаған басын жұтты. Басқару жүйесiн қолына алған Күлтегiн, Қапағанның балалары мен сенiмдi адамдарын сендер басшыны қорғау, күзету жұмысын дұрыс ұйымдастырмадыңдар деп айыптап Қапағанның мұрагерiн, бiрсыпыра хандары мен бектердi өлiм жазасына кестi. Аман қалған Қапағанның балаларымен жақындары бассауғалап тобгачтарға қашты. 716 жылы Күлтегiннiң ағасы Могилян таққа Билге қаған мәртебесiмен отырды. Жұрт тынышталды, ел байыды, түрiк әулетiнiң беделi өстi. Сұм ажал ержүрек Күлтегiнмен, данышпан Тонюкукты алып кетiп Билге қағанды жалғыз қалдырды. Осы сәттi күтiп тұрған Қапағанның ұрпақтары мен жақтаушылары әке құнын қайтарамыз деп 734 жылы Билге қағанды улап өлтiрдi. Ел қайта бүлiнiп ханзадалар бiрiн-бiрi өлтiрумен болды. Бiрнеше жылға созылған тартыстан кейiн 741 жылы таққа басмыл бiрлестiгiнiң басшысы – Құтлуқтың iнiсi Елтиришхан отырды (Орда мүшелерi Құтлуқтың да Қапағанның да балалары өзара келiсе алмайтындығын бiлiп, Елтириштi сайласа керек– Қ.М) Елтиришке Қапағанның баласы (немересi) қарсы шығып, ол өзiне «Өзмiш» (қыт. Усумиши) деген мәртебе алып елдi айналасына бiрiктiре бастады. Сөйтiп, Ашна әулетiнiң iшiнен шыққан тақталастық пен бақталастық Көктүрiк қағанатын әлсiретсе, жетекшi ру басшыларының ынтымақсыздығы түрiктердiң бөлiнiп, бөлшектенуге себепкер болды. Елдi қайта бiрiктiруге ұмтылған Елтириш қаған йагликаркар бiрлестiгiнiң басшысы Гули Пэйлоға сол қанат қолды, ал қарлуқ бiрлестiгiнiң жетекшiсi Тай билге тұтыққа оң қанат қолды бердi. Соныменен Өзмiшке немесе «түрiктерге», йагликар, карлук, басмыл бiрiгiп «ұйғыр» атанып қарсы шықты. Бiрiккен күш Өзмiштiң жасағын, Орхон өзенiнiң бойында кездестiрiп екiге бөлдi. Өзмiштiң iнiсi Бомей (қыт. Баймейхан) шығысқа қашты. Ал Өзмiш Гоби шөлiнен өтiп тобгачтардан ( қытай императорынан) көмек сұрады. Империя жағына Өзмiштiң баласы Гэлачи бастаған бес мың үй өттi.

Өзмiштi тығырыққа тiреген ұйғырлар ендi Бомейге аттанды. Қақтығыста Бомей өлiп, оны жақтаған 11 ру Тонюкуктың қызы Сәбектi (Билге қағанның әйелi) алып, Қытайға өтiп кеттi. Қытай императоры (тобгачтардың жетекшiсi) өзiне өткен түрiктердi аталастарына қарсы қойып, өз елiнiң мүддесiн қорғап қана қоймай, түрiктердiң iшiндегi алауыздықты барысынша тереңдетуге тырысты. Бiрақ олар кейбiр ханзадалармен, ру басшыларын дұрыс жолдан шығара алмады. Олар елдi қайта бiрiктiруге бар күшiн салды. Бұл сөйлемдер Күлтегiн құлптасында төмендегiдей өтедi. (руна жазуын оқыған А. Аманжолов қаз ауд. – К.М) «…түрiктердiң ер жүрек батырлары тобгачтарға құл болса, пәк, сымбатты сұлу қыздары күң болды…» десе, Билге қаған құлптасында, (руна жазуын оқыған М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы, қаз. ауд. -К.М.) «…тобгачтар биязы тiл, сәндi сыйлықтармен кейбiр ержүрек батырларды алдай алмады..» дейдi.

Ашна әулетiнiң бiр-бiрiмен келiсе алмайтындығына көзi жеткен жетекшi ру басылары елдi қайта бiрiктiруге Оғуз ұрпақтарынан тараған йагилкар бiрлестiгiне үмiт артты. Йагилкарлардың жетекшiсi Гули Пэйло елдi қайта бiр ортаға жұмылдырып, жаңа құрылған мемлекетке Оғузхан көтерген Ұйғыр есiмiн берiп, өзiн сол мемлекеттiң басшысы деп жариялады.

Сөйтiп ғасырлар бойы созылған тартыс Оғузханнан тараған – йагликар немесе (тоғыз-оғуз) әулеттерiнiң билiкке келуiмен аяқталды. Бұл мәтiндер тек Таң жылнамасында ғана емес, 1976 жылы Монголиядағы Тес (Тез өзенiнiң бойында табылған Моюн -чор құлптасында да жазылған.( руна жазуын оқыған С.Кляшторный, қаз. ауд. -К.М.) «…Оғуз әулетiнiң ұрпағы Билге қаған баласы Турянменен Өтекен тауының бөктерiнде үшiншi рет (742 жылы– К.М.) Ұйғыр мемлекетiнiң туын көтердi. Бұл мемлекет Ел Этмиш Билге қаған тұсында (742 -759 жж..) өз үкiмiн дүниенiң төрт тарабына жүргiздi….» дейдi.

Қытай жылнамаларыменен Монғолиядағы жәдiгерлердi терең зерттеген Ресей академиясының ғалымдары Елэтмиш Билге қаған ол ұйғыр патшасы Моюн-чорды тақтық мәртебесi дейдi. Моюн-чор 750 жылы қазiргi Тува Республикасының жерiнде патшаның жаздық Ордасы «Пор-Бажынды» салдырған. Бұл Ордада Ресей ғалымдары соңғы 200 жыл iшiнде бiрнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргiзiп әртүрлi жәдiгерлердi тапқан. Тек, 2007 жылы Пор-Бажындағы жұмыс мемлекеттiк бағдарламаға енiп, оны зерттеуге 100-дей ғалым, 500-ден астам студенттер жұмылдырылған едi, зерттеу әлi де жалғастырылуда.

Келтiрiлген тарихи деректер ел арасындағы ынтымақсыздық неге алып келгенiн байқаған боларсыздар. Олай болса , бүгiнгi таңда бабалар тарихына қайта бiр үңiлiп оны бiр жүйеге келтiрiп, бiрлiгiмiздi нығайту , барлығымыздың алдына тұрған өзектi мәселе деп бiлемiн. Бұған Елбасымыздың Баку саметiндегi сөйлеген сөзi , Қазақстан халықтар Ассамблеясының 15 – сессиядағы шешiмi толық куә бола алады.

Касым МАСИМИ, тарихшы

Серіктес жаңалықтары