СИЫР ЖЫЛЫНЫҢ «ЖҰЛДЫЗДАРЫ» СИРЕП БАРАДЫ

СИЫР ЖЫЛЫНЫҢ «ЖҰЛДЫЗДАРЫ» СИРЕП БАРАДЫ

СИЫР ЖЫЛЫНЫҢ «ЖҰЛДЫЗДАРЫ» СИРЕП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
186

«Екi жұлдыз» сиыр жылының «табысты» жобасы. Әр сенбi сайын елдi көгiлдiр экран алдына жинаған шоу бағдарлама көрерменнiң есiнде ұзақ сақталатыны анық. Қызығы мен шыжығы көп болған «Екi жұлдыздың» әуелден-ақ жарнамасы жақсы болды. Шулатып, думандатып басталған бағдарламаны көрермен де асыға күттi.

“Шоу бағдарламалар бүгiнгi қазақ көрерменiне қажет емес” деп түбегейлi пiкiр айтуға тағы болмас. Қажет. Қажет екендiгi сол, көрермен бiткен «Екi жұлдызды» әр сенбi сайын тағатсыздана күттi. Күтiп қана қойған жоқ, өздерiне ұнайтын әншiлерге даусын аямай берiп жүрдi.

«ЕКI ЖҰЛДЫЗДЫҢ» ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНДЫ МА?

Алдымен аздаған шегiнiс. Жаз айларында әр телеарна көрерменiне жаңалықтар дайындады. Бiр телеарна жаңа телехикаяларымен көрермен көңiлiне жол iздесе, ендi бiрi сонау Ресейден арнайы продюсер шақырып, әзiлдi бағдарлама әзiрлеп жатты. Ал «Қазақстан» телеарнасы «Екi жұлдыз» жобасымен көрермендi қуантпақ болған. Қалың көрермен «бұл өзi бiр тың бағдарлама болар» деп жобаның эфирге шығуын асыға күткенi рас. 26-қыркүйекте жобаның тұсауы кесiлдi. Көгiлдiр экранға шыққан күннен бастап елiмiздегi тұңғыш «супер-мега-шоу» жан-жақты сыналды. Алдымен «Жұрт танымайтын «жұлдыздар» бағдарламада неге жүр?» деген сұраққа жауап iздеп, «жұлдыздардың» iрiктелуiне бiршама наразылық бiлдiрдi көрермен қауым. Одан соң Қазақстандағы қазақ бағдарламасының өзге тiлде өтетiнiне қанымыз қайнады. «Көшiрме бағдарлама» деп те мiн тағылды. Елiмiздегi «жұлдызды» жорналдар әр санын осы бағдарламаға арнады. Әр санын толықтай болмаса да, тұрақты арнап отырған журналдардың бетiнде «Екi жұлдыздың» «жұлдызды» суреттерiн де көбiрек кездестiрдiк. Тiптi, «Екi жұлдызға» қатысты алқалы жиын да ұйымдастырылды. «Бұл бағдарлама көшiрме емес, лицензия. Алғаш рет көрермен назарына ұсынылғандықтан, халық әлi үйренiспей жатыр. Осы бағдарламаға бола дау шығарудың қажетi жоқ» деген қарымта жауаптарды да құлағымыз шалған.

КӨРЕРМЕН ӨЗIНЕ ҰНАҒАН ӘНШIГЕ ҒАНА ДАУЫС БЕРДI

Әдiлқазының дауысы бiр бөлек, көрерменiнен лайықты дауыс жинай алмаған жұлдыздарымыз шоу бағдарламадан шеттеп қалып жатты. Үш ай iшiнде «Екi жұлдыздың» сахнасына кiмдер келiп, кiмдер кетпедi. «Қауiптi аймаққа» тап болып, жобадан аластатылғандардың алғашқысы Венера Нигматуллина мен Ерлан Көкеев. Олардың iзiн-шала Аяз ата мен Ақшақар, дәлiрегiнде Ләйлә Сұлтанқызы мен Алмас Кiшкенбаев қош айтысты көрерменмен. Дiлназымыз бағдарламаны менсiнген де жоқ. Депутат Ғани ағамыз дүрмектен бiр шығып, қайта қосылды «жұлдыздар» қатарына. Балерина Сәуле Рахмедова Мейрамбексiз ән шырқады. Не керек, үш ай iшiнде клоун жiгiтiмiз қыз болып та үлгердi, Мейрамбек билеудi үйрендi, Сәкен ресейлiк Тиматидiң кейiпiне ендi, Күлпаш келiн де ағылшынша сайрай жөнелдi. Әр апта сайын әуелгi 16 жұптың қатары сейiле бердi.

Ең қызығы, көрермен дауысты «Екi жұлдыздағы» әншiнiң әнiне қарап берген жоқ. Олардың көбiн бұрыннан келе жатқан атақ-дәрежесiне, көпшiлiктiң арасындағы «сүйкiмдiлiгiне» қарай көбiрек бағалаған сияқты. Әр апта сайын ең жоғары баллды жинап жүрген Мейрамбек пен Сәуленiң жұбы осының нақты дәлелi. Мейрамбек Беспаев елдiң ықыласына бөленген талантты әншiлерiмiздiң бiрi. «Екi жұлдыздың» сахнасында Мейрамбек сияқты әншiнi жұптастырған Сәуле Рахмедованың бағы шығар. Әйтпесе… Әр сенбi сайын жүргiзушi Баян Есентаева ханым атап ескертсе де, яғни вокалдық жағына қарағымыз келмесе де, Сәуленiң «әу» деп ән айта алмайтын жан екенiн мойындағанымыз ләзiм. Мейлi, ол жүз жерден талантты бишi болса да… Егер шындап келгенде, тек шоу жағына баса назар аудартатын болса, Мейрамбек ән салсын, Сәуле ту сыртында биiн билесiн. Сонда оған ешкiм де дау айта алмайды. Бұл Сәкен Майғазиев пен Әйгерiм Жаңылбаеваға да қатысты. Әйгерiм талантты актриса шығар, кiм бiлсiн, бiрақ ән айта алмайтынын әуелден-ақ байқатты.

ӘТТЕҢ-АЙ, ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР ШЫРҚАЛМАДЫ

Бiр-екi аптадан соң қазақстандық «жұлдызды мега-шоу» мәресiне жетедi. Халық елiмiздегi «Екi жұлдыз» кiм екен деп тағатсыздана күтiп те отырған болар, бәлкiм. Үш айға жуық уақыт iшiнде жобаға қатысушылар аз тер төккен жоқ. Дегенмен, қазақ көрерменi үшiн жасалған бағдарламада қазақ әндерi аз шырқалғаны қынжылтады. Арагiдiк қазақ әнiн есту бақытына қол жеткiзгенiмiзбен, Әйгерiм, Сәуле, Мұрат, Тәңiрберген сынды қазақы есiмдi «жұлдыздардың» қайран қазақ тiлiн қор қылғанын көрiп, қарнымыз ашты. Бiр қызығы, елiмiз үшiн аса маңызды тарихи мереке – Тәуелсiздiк күнiне бiр ән арнап, жақ ашпаған «мега-шоу» Жаңа жылға қауырт дайындық үстiнде ұқсайды. Бүгiнде 6 жұп өзара бақ сынасауда. Айтпақшы, «Екi жұлдыздың» қазылар-алқасы да бiраз сыналған едi. Үш ай iшiнде жобаға қатысушылардың бетiне шындықты басып айтқан әдiлқазыларды көрмедiк.Тiптi бағдарламада Сәбит Досыбаев сынды дизайнер бауырымыздан басқа, тұрақты әдiлқазы да жоқ. Бағдарламаның алғашқы шығарылымына төрелiк еткен Болат Атабаевтың айтуына қарағанда, «жұлдыздарды» қатаң сынға алған қазылардың сөздерi монтаждалып, ұйымдастырушылар жобаға қатысушылардың шымбайына батады-ау деген пiкiрдi қиып тастайды екен. Бұл жайында түсiрiлiмге барған студенттер жиi айтып жүр. Көрермен жинау үшiн студенттердi шоу өтетiн жерге топтап алып баратын көрiнедi. Түс ауа түсiрiлiм басталғанымен, түн ортасы бiтетiн бағдарламадан қажып, шаршап-шалдығып, аш қайтатын студенттер «Екi жұлдыздың» қызығы мен шыжығын жақсы бiледi. Олардың кейбiрiнiң пiкiрiне құлақ түрсек, «Екi жұлдызда» әдiлқазылар мен жүргiзушiлер көбiрек дауласатын көрiнедi. Әдiлқазының аузынан жақсы деген пiкiрiн естiмейiнше, жүргiзушiлер тықақтап қоймайды екен. Оның рас екендiгi кейде экрандық нұсқасында да байқалып қалады. Егер бәрiне бiрдей жақсы деген пiкiр айтылуы керек болса, әдiлқазының қажетi қанша? Жүргiзушiлер өздерi-ақ бағасын берiп, өздерi қалаған әншiсiн лайықты орынға қоя берсiн! Кейде жүргiзушiлер сахнада тұрып, этиканы да ұмытып кетедi. «Сiз мына кереметтi қалай байқамадыңыз?», «Неге тым қаталсыз?», «Бiз сiзге өкпелiмiз», «Бүгiнгi кеште жағымды пiкiр айтқан тек сiз ғана болдыңыз», «Сiз неге сонша қаталдық таныттыңыз, сахнаға шығу оңай дейсiз бе, олар кәсiби әншi еместiгiн ұмытпаңыз» деген сөздердi қарша боратады келiп. Кейде осылар жүргiзушi емес, баға берушiлер сияқты көрiнедi бiзге. Әндi айтқан әншiлер, бағаны беретiн әдiлқазы, жүргiзушiлер неге сонша өлерменденедi. Әйтеуiр, түсiнiксiз…

«ЕКI ЖҰЛДЫЗ» ҒАШЫҚТАРДЫҢ ӘНI ЕМЕС ПЕ ЕДI?

Әр сенбi сайын «Екi жұлдыздың» әнұранына айналған «Екi жұлдыз» әнiн естiген сайын қайран жаның оңбай күйзеледi. Оның бiрiншi себебi, шоу басталғанына үш ай өтсе де, кейбiр «жұлдыздарымыз» осы әндi әлi күнге қағазға қарап айтып жүр. Соншама уақыт iшiнде екi-үш шумақ әндi ақылы толмаған жас сәби де жаттап алатын кезең болды. Екiншiден, «Екi жұлдыз» «екi жұлдыздың» әнұраны болатын ән емес. Ол ғашықтардың әнi. Сенбесеңiз қараңыз,

«Екi жұлдыз екi бақыт көктегi,

Төбемiзде тұрып алды кетпедi.

Бар аспаннан екi жұлдыз көрдiк бiз,

Бiзде жаным екеу едiк, өйткенi»…деп келетiн ән жолдарын талай ғашықтар сырласу кештерiнде тыңдаған болар, сiрә! Әннiң сөзiн қазақтың махаббат жыршысы Тұманбай Молдағалиев жазған. Шоу бағдарламаға лайық әндi жаздыруға, дайындауға болатын едi. Бiздiң ұйымдастырушылар iзденiстен гөрi, дайынға құмар болатыны несi екен,ә!?. Көршiнiң қаңсығы, бiзге таңсық болмасын десек те, кейде көршiлердiң жасап жатқан дүниесiнiң талғампаздықпен жүзеге асырылатынын мойындамай тұра алмаймыз. Қанша жерден көшiрсе де, Ресей телеарналарының ұтатын тұсы көп. Ресейлiк арналар ұсынатын бағдарламаларды ерiксiз көресiң, ерiксiз тамашалайсың. Көрiп отырып, қызығасың, қарап отырып, аз ғана уақыт iшiнде қаншама нәтижеге қол жеткiзетiнiне таңданасың. Мәселенки, «Две звезды» бағдарламасын айтпай-ақ қояйық, «Ледниковый периоды» қалай? Әр бағдарламасы бұрынғысына ұқсамайды, әралуан. Ерiксiз табындырады, ерiксiз көруге мәжбүрлейдi. Көретiнiңiз сол, бiр бағдарламамен ғана шектелiп қалмайсыз, әр жаңа бағдарламасын асыға күтесiз.

ТҮЙIН: Бiздiң телевизияда көзбояушылық басым. Шоу-бағдарлама дегенге, өтiрiк кейiпкер дайындап, кәсiби бiлiктiлiгi мүлдем жоқ адамнан әншi шығарып, экранның бер жағында отырған көрермендi алдағысы келедi. «Әу» демейтiн қазақ жоқ дейтiн едiк, «Екi жұлдызға» қарап, ондайлардың бар екенiн байқадық. Қазақта тамаша ән көп. Халық әндерiнiң небiр көркем үлгiсiн шығаруға болатын жобаны қойыртпалақтап, күлдiбадам қылып жiбердi. Музыка ұлт пен ұлысқа бөлiнбейдi. Әлемнiң озық дүниесiн пайдалануға болады, бiрақ, ол ұлтқа лайықталып жасалынса… Осындай көзбояушылықпен әннiң сәнi, сахнаның қадiрi кетiп барады. «Екi жұлдызға» қатысушылардың бiрi: «Бiрiгiп альбом жазу жоспарда бар» десе, ендi бiрi: «Әншi болуым да ғажап емес», — деп сайрайды. Бiр қауiптiсi, осыдан соң қазақ сахнасы жасанды, шала әншiлермен толыға түсетiн сияқты…

Гүлзина БЕКТАСОВА, Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары