2010 жыл: ДАҒДАРЫСТЫҢ АУЫЗДЫҚТАЛАР СҰРЫ ЖОҚ

2010 жыл: ДАҒДАРЫСТЫҢ АУЫЗДЫҚТАЛАР СҰРЫ ЖОҚ

2010 жыл: ДАҒДАРЫСТЫҢ АУЫЗДЫҚТАЛАР СҰРЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
178

"Қазақстан банктерiнде 1,5 трлн. теңге босқа жатыр", – дейдi сарапшылар

Соңғы алпыс жылда алғаш рет соққан экономикалық дағдарыстың күштiлiгi мен қуаттылығы соншалықты, әлем соққыдан есiн әлi жинап үлгерген жоқ. 2010 жылы әлемдiк экономикадағы қордаланған қиындықтар қалай шешiмiн таппақ? Халықаралық қаржылық жүйенiң осал тұсы қайсы? Үкiметтiк бағдарламалар мен шаралардың қауқары қаншалықты? Жұмыссыздықпен күрес қалай өрбiмек? Осындай ауыр сауалдар адамдарды күн сайын мазалауда.

РЕЦЕССИЯНЫҢ ЕКIНШI КЕЗЕҢI МЕН ГИПЕРИНФЛЯЦИЯ

Bank of America Merrill Lynch сарапшылары 2010 жылғы экономикалық көрсеткiштердiң өсуi әлемдiк экономиканың дағдарыстан сауығуының кепiлi бола алмайтынын, әлемдi күткен қауiптiң әлi де көптiгiн көлденең тартты. Яғни, көрсеткiштер жақсарғанымен, қордаланған қиындықтар түбегейлi шешiмiн таппайды. Bank of America Merrill Lynch банкiнiң Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка нарықтары жөнiндегi маманы Билл О’Нилл: "2009 жылы дүниежүзiлiк қаржылық жүйе күйреген жоқ, алпауыт корпорациялар жаппай дефолтқа ұшырамады, жұмыссыздық деңгейi күрт артпады, жаһандық сауда, азық-түлiк соғысы туындамады. Алайда, 2010 жылы Жер шарының жағдайы жақсарады деуге әлi ерте. Келесi жылы бiздi рецессияның екiншi кезеңi, облигациялар нарығындағы аласапыран мен гиперинфляция күтiп тұр" дедi. Америкалық банкирдiң бұл пiкiрiн "2010 жылы әлемдiк экономиканың халi одан сайын мүшкiл тартады" деп мәлiмдеген РФ вице-премьерi Кудрин де құптады. 2009 жылдың қыркүйегiнде Еуропалық орталық банктiң басшысы Жан-Клод Трише дағдарыстың әлi бiтпегенiн, сондықтан экономика мен қаржылық жүйенi тұрақтандыруға бағытталған шараларды аяқтау әлi ерте екенiн ескерткен. Сарапшылар: “тығырықтан шығудың ең төте жолы – мемлекеттiк қаржылық қолдаулар мен тұтынушылық сұраныс арасындағы алшақтықты азайтып, үкiметтер бұрын-соңды болмаған деңгейге дейiн күрт төмендетiп тастаған пайыздық ставкаларды жедел түрде көтерудi қолға алуы тиiс” дейдi. Алдағы 6-9 ай iшiнде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды аяқтауға кеңес берген О’Нилл: “2010 жылдың басында Ұлыбритания, Үндiстан, Индонезия, Оңтүстiк Корея, ал жыл соңында еуроаймақ пен Қытай пайыздық ставкаларды жоғарылатуы керек” деген пiкiрде. Ресейдегi Сбербанк сарапшысы Николай Кащеев: "2008-2009 жылдары экономикаға құйылған аса iрi көлемдегi қаржылық қолдаудың арқасында 2010 жыл онша қиын болмауы мүмкiн, бiрақ 2012 жыл бүкiл әлем үшiн аса ауыр болмақ. Аса iрi көлемдегi дербес қарыздардың қордалануы, сауда тапшылығының артуы, қаржылық қолдаулардың қысқа мерзiмге құрылуы себептi, мемлекеттiк қолдаусыз өмiр сүруге қабiлеттi ұзақмерзiмдiк өсiм көрсеткiшiн қамтамасыз ете алмауы жағдайды шиеленiстiре түседi" дейдi. Халықаралық сарапшылардың көпшiлiгi "жекеменшiк сала мемлекет қамқорлығынсыз өз бетiнше күн көре ала ма, жоқ па?" деген мәселе 2010 жылдың екiншi жартысына қарай анықталатынын көлденең тартады. Егер жекеменшiк сала аяғынан тiк тұра алмаса, әлемдiк экономикаға төнген күшейе түсерi белгiлi. Алайда, сүреңсiз болжамдарға қарамастан, Merrill Lynch 2010 жылы әлемдiк экономиканың өсу қарқыны 4,3 пайызға тең болатынын айтады. Үстiмiздегi жылы — 1%-бен шектелген бұл көрсеткiштi жақсартуға Қытай (10%) мен Үндiстан (7%) атсалысатын көрiнедi. Аспанасты елiне қаржылық дағдарыстың айтарлықтай керi әсер ете алмауы және қытай билiгiнiң мемлекеттiк қолдауды аса iрi көлемде, жедел түрде қабылдауы нәтижесiнде Қытай дағдарыстан әлем бойынша ең бiрiншi ес жиған ел болмақ.

ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ АРТАДЫ

Халықаралық еңбек ұйымы тәсiлi бойынша есептегенде, ТМД аумағындағы жұмыссыздар саны 10 миллион адамға жеткен. Бұл еңбекке жарамды да қабiлеттi халықтың 7,7 пайызына тең. Ал ресми деректерде бұл көрсеткiштiң төмендетiлiп берiлетiнi белгiлi. Кәсiподақтар ұйымдарының жалпы конфедерациясы 2009 жылы жұмыссыз қалғандардың саны 11-15 миллионнан (8-10%) асып жығылғанын көлденең тартады. Бұл еңбек нарығындағы ахуалды шиеленiстiрiп, кедейшiлiкке ұшырағандарды көбейтедi. Қазiргi кезде халқы ең кедей — Қырғызстан (66%), одан кейiнгi кезекте — Молдова (31%), Ресей (17%), Украина (15%). Қазақстан кедейлерi аз елдер қатарында — 3%. Дағдарыстан ең көп зиян шеккен Балтық жағалауы елдерiндегi компаниялардың басым бөлiгi 2010 жылы қызметкерлерiнiң 35-40 пайызын қысқартуды көздеп отыр. Түркия, Венгрия, Болгария, Латвия, Литва, Румыниядағы 1700-ге жуық компанияға сауалнама жүргiзген Дүниежүзiлiк банк бүгiнде Шығыс Еуропа бойынша экономикалық қиындықтардың басым бөлiгi Балтық жағалауы елдерiнiң еншiсiне тигенiн мәлiмдедi. Тұтынушылық сұраныстың күрт төмендеуi салдарынан, Латвия мен Литваның компаниялары сату көрсеткiштерiн 40 пайызға қысқартуға мәжбүр болса, өндiру қарқынын 24 пайызға азайтқан. Мамандар қауымы КСРО ыдырағаннан кейiн-ақ халi мүшкiл тартқан балтықтық елдердi қолдаусыз қалдыруға болмайды деген пiкiрде. ТМД елдерiне келсек, Молдовада — 6,9 пайыз, Грузияда — 16 пайыз. Ал халқының саны 80 миллионға жуықтаған Түркиядағы жұмыссыздық деңгейi — 13-14 пайыз. Халықаралық еңбек ұйымының болжамдарына иек артқан ресейлiк кәсiпкерлер Ресейдегi жұмыссыздық деңгейi 2010 жылдың сәуiрiнде 5,8 млн. адамнан 8-16 млн.-ға дейiн өсiп кетедi деп дабыл қағуда. Оның себебiн кәсiпкерлер қауымы жыл басы — қаңтар, ақпандағы тұтынушылық сұраныстың төмендеуiмен бiрге кәсiпорындардағы қысқартулардың жаппай өсуiмен байланыстырады.

Жұмыссыздық деңгейi жағынан алғанда, Қазақстан Ресей, Беларусьпен бiр деңгейде — 6,2 пайыз. Бiрақ кейбiр бейресми деректерде бiздегi жұмыссыздық 12, тiптi, 25 пайыз аралығында делiнедi. Алдағы жылы Қазақстанға келетiн шетелдiк жұмыс күшiне берiлетiн квота 2010 жылы 60 мың адаммен бекiтiлген. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың айтуынша, бүгiнде шетелдiк компаниялар сырттан тартатын жұмысшы санын 30 мыңмен шектептi. Жұмыссыздықпен күрес мәселесiнде "Жол картасын" келесi жылы да жалғастырып, республикалық бюджеттен 140 миллиард теңге, жергiлiктi бюджеттен 15 миллиард теңге ($1 млрд.) бөлiнбек. Сонымен қатар зейнетақы — 25 пайызға, күнкөрiс деңгейi инфляция деңгейiне қарай артады. Еңбекке жарамсыз азаматтар мен асыраушысынан айрылғандарға арналған жәрдемақы көлемi 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға көтерiлдi. Халықаралық қаржы қоры ТМД елдерi экономикасының рецессиядан шығуы қиын екенiн айтты. ХҚҚ сарапшыларының пiкiрiнше, несие нарығын тек iрi компаниялар мен корпорацияларға ғана айқара ашқан ТМД мемлекеттерiнде келесi жылы жұмыссыздық деңгейi артады. Олар "Тәуелсiз мемлекеттер достастығына мүше елдердiң көпшiлiгi Ресейге тәуелдi болғандықтан, РФ экономикасының күрт төмендеуi (7,5%) Арменияда (-15%), Украинада (-14%) байқалса, өсiм Әзiрбайжанда (7,5%), Түркiменстанда (4%) орын алған. ХҚҚ мамандары көмiрсутегi қорларын дербес жолдар арқылы тасымалдайтын елдер, яғни, Ресейден тәуелсiз мемлекеттер қаржылық қиындықтарды өз бетiнше шешуге қауқарлы" деген пiкiрде. Есесiне, экономикалары дотациялық үлгiге құрылғандар — Қырғызстан, Тәжiкстан, Армения мен Грузия тығырыққа тiрелiп отыр. Алайда, ХҚҚ мамандары 2010 жылы ТМД аумағындағы экономикалық өсiм 2,1 пайыздың көлемiнде болатынын көлденең тартады. "Екi қолға бiр күрек" табуға келгенде, дамыған елдердiң де жағдайлары мәз емес. Жуырда Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы сарапшылары экономиканы тұрақтандыруға ұмтылған үкiметтердiң талпынысы жұмыссыздықты төмендетуге сеп бола алмайтынын айтты. Ұйымның мәлiмдеуiнше, АҚШ-тағы жұмыссыз қалғандар саны 2010 жылдың алғашқы жартысында күрт көбейедi. Ал кәрi құрлықтағы жұмыссыздық тек 2011 жылға қарай ғана бәсеңдемек.

ҚАРЖЫЛЫҚ ЖҮЙЕНIҢ ТҮЙТКIЛДЕРI

Халықаралық сарапшылар дерегiне жүгiнсек, бүгiнде Еуроодақтағы қаржылық жүйенiң халi мүшкiл. ЕО-ға мүше мемлекеттердiң көпшiлiгiнде банктер қаржы тапшылығы мәселесiн шешiп үлгерген жоқ әрi мемлекеттiң қолдауына әлi зәру. Егер Батыс Еуропаның банктерi Шығыс Еуропадан үдере көшсе, бүкiл аймақтағы күйреуге әкеп соқпақ. Жуырда EBRD мен Халықаралық қаржы қоры бiрiгiп, 25 млрд. еуроға жуық қаржысы бар қорды құрды. Негiзi әлемдiк қаржы жүйесiндегi келеңсiздiктердiң барлығы тәуекелдiк менеджменттiң дұрыс түзiлмеуiнен, бақылау мен қадағалау тiзгiнiнiң уыстан шығып кету салдарынан болғаны белгiлi. Қазiр Жер шары осындай олқылықтардың орнын толтыруға тырысуда. Былтыр желтоқсанның басында еуропалық елдердiң қаржы министрлерi бiртұтас Еуропаның қаржы саласын реттеу және қадағалау мақсатында 3 жаңа бақылау ұйымы мен Жүйелiк қатерлер жөнiндегi бiртұтас еуропалық кеңестi құруға шешiм қабылдады. Еуропалық орталық банкке тiкелей бағынатын бұл Кеңес кәрi құрлықтағы қаржылық дағдарыстардың қайталанбауына жауапты. 2009 жылы Еуропалық орталық банк ұзаққа созылған рецессия қаржылық дағдарыстың үшiншi толқынын тудырып, 2010 жылы кәрi құрлықтағы ең iрi деген 25 банктiң күйреуiне әкеп соғуы мүмкiндiгiне алаңдаған. Әлгi 25 банкке қосымша қаржылық қолдау көрсетуi сол себептi. ЕОБ қаржылық тұрақтандыру жөнiндегi сарапшысы Дежан Крусеч қиындыққа ұшыраған барлық банкке ЕОБ тарапынан көрсетiлетiн қаржылық қолдаудың жеткiлiктi мөлшерде екендiгiн, шығынды жабуға мүмкiндiгi барлығын айтқан. Қазақстандық қаржы саласының қиындығы да бiр басына жетiп-артылады. Осыдан екi жыл бұрын дағдарысқа қарсы шараларды қолға алған Үкiмет алдымен қаржы саласын тұрақтандыруға ден қойды. Бұл қадамды құптағандар бар, қарсы болғандар да. Мысалы, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов Үкiметтен бөлiнген қаржылық қолдаудың басым бөлiгi қаржы саласын тұрақтандыруға емес, экономиканың нақты саласына бағытталуы тиiс едi деген пiкiрде: "Экономиканың нақты саласына 5 млрд. емес, одан көп ақша бөлiнуi тиiс болатын. Екiншiден, банктерге бөлiнген 5 млрд. доллар айналымға шығарылған жоқ, сол банктердiң өздерiнде қалды. Бүгiнде 1-1,5 трлн. теңге банктердiң есепшоттарында босқа жатыр. Қайтарылған несиелердiң мөлшерi мемлекет тарапынан құйылған қаржы мөлшерiнен көп. Яғни, экономикаға түсуi тиiс қаржыдан қағылдық. Ал осы орасан көп қаржы экономиканың нақты саласына құйылуы керек едi". Есесiне, "дағдарыс адамдардың қолдағы қорын ысырап етпей, жинақтай бiлуге үйреттi. Дағдарыстың алғашқы жылдары сескенiп қалған ел ендi жайлап ақшаларын жұмсауға көшедi. Кейiнге қалдырылған сұраныс бiртiндеп қанағаттандырыла бастайды. Соңғы екi-үш айындағы көрсеткiштерге көз салсақ, адамдардың мейрамхана, кинотеатрларға барғыштауды жиiлеткенiн, тұтынушылық сұраныстарын қанағаттандыруға көшкенiн байқаймыз" (О.Құдайбергенов).

МҰНАЙ БАҒАСЫ ЭКОНОМИКАҒА ТIКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДI

Әлемдiк экономиканың дағдарыстан құлан-таза айығып кетуi шикiзат нарығындағы ахуалға тiкелей әсер етедi. Былтыр жыл соңында 2010 жылға болжам жасаған ОРЕС сарапшылары экономикалары тұрақтана бастаған елдердiң арқасында көмiрсутегiнi тұтыну көлемi де артатынын айтты. Мысалы, келесi жылы тәулiгiне тұтынуға кететiн мұнай көлемi 85,13 млн. баррель болмақ және ОРЕС шикiзат өндiруге бөлiнетiн квотаны тәулiгiне — 24, 845 млн. баррель күйiнде өзгерiссiз қалдырды. Картельдегi мұнай бағасы қаңтарда 41,51 доллардан қарашада 74,97 долларға дейiн өстi. Ағылшындардың Barclays Capital банкi сарапшылары жасаған болжамда келесi жылы мұнайдың бiр баррелi орташа есеппен алғанда, 85 долларға, ал 2011 жылы 97 долларға дейiн жетедi делiнген. Алайда, Олжас Құдайбергенов: "Егер үкiметтер дағдарысқа қарсы шаралар толық тоқтатса, дағдарыстың екiншi толқыны алдыңғысына қарағанда, әлдеқайда күштi соқпақ. Ал мұнай бағасы 30 долларға дейiн құнсызданады. Мұндайда девальвацияның екiншi толқынын күту керек" дейдi. Экономистiң пiкiрiнше, "2009 жылдың қаңтары мен ақпанында әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы күрт арзандап кеткенде Ұлттық банк ұлттық валютаны құнсыздандыруға шешiм қабылдады. Бiрақ импорт көлемi одан сайын өсе түскендiктен, теңгенi девальвациялау қордаланған қиындықтарды шешуге ықпал ете алмады. Көп ұзамай, жаздың соңы және күздiң басында мұнайдың бiр баррелi 70-80 долларға дейiн өсiп, күнi бүгiнге дейiн сол деңгейде сақталып тұр. Соңғы үш айда мұнай құны былтырғыға қарағанда, едәуiр өскен. Демек, ұлттық экономикалық көрсеткiштердi жақсартуға мұнай оң ықпал еттi. Сарапшылардың көпшiлiгi жыл соңына қарай экономикалық ахуал нашарлай бастайды деп болжаған болатын. Экономист Олжас Құдайбергеновтiң пiкiрiнше, ҚР Үкiметi "дағдарыс аяқталды, бiрақ дағдарысқа қарсы шараларды жалғастыра беремiз" деп өзiн өзi алдап отыр. Бiрақ дағдарыстың екiншi толқыны басталса, Үкiметтiң қолында құятын қосымша қаржысы жоқ. Өйткенi, ақшаның басым бөлiгi жұмсалып кеттi, бюджет тапшылығы мен мемлекеттiк қарыз көлемi орасан үлкен. Жаңа қаражат көзiн табуға қауқарсыз: "Қазiргi кезде Қазақстан үшiн ең маңыздысы, әлемдiк экономикаға, әсiресе, АҚШ экономикасына баса назар аударуы тиiс. АҚШ Федералдық қор жүйесi қазанда дағдарысқа қарсы шараларды тоқтатуға шешiм қабылдағанда, нарыққа керi әсер етiп, ФҚЖ бағдарламаны тоқтатуға қатысты ойынан айнып қалғаны белгiлi. Өткен аптада 700 млрд. долларлық бағдарламаны тоқтатқан Америка күнi кеше ғана дағдарыс бiттi деп қуануға әлi ерте екендiгiн, дағдарыстың әлi бiтпегенiн ескерттi. Американың Орталық банкi дағдарысқа қарсы бағдарламасын желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында толық тоқтатуды көздеп отыр. Бiздiң қазан айына дейiн күткен көрсеткiштердiң төмендеуi желтоқсан, қаңтар, ақпанға ысырылды. Мемлекет нарықтан ақшаны қайтарып ала бастағанда 2007 жылдың тамызында, 2008 жылдың тамызында болған жайттар қайталанады. Доллардың бағамы өсiп, мұнайдың 70 долларға дейiн арзандауы соның кесiрiнен. Менiңше, егер ФҚЖ қор нарығындағы әбiгерден тағы да қорқып кетiп, қосымша қаржы құюға тырыспаса, 2010 жылдың алғашқы екi айында жағдай күрт нашарлап, мұнай өте тез құнсызданады. 2009 жыл көңiлдерге үмiт ұялатқан жыл болса, 2010 жыл көңiлдердi қалдырған жыл болмақ". Келеңсiздiктердi көлденең тартқандар қатарында Нобель сыйлығының иегерi, Дүниежүзiлiк банктiң бұрынғы бас экономисi Джозеф Стиглиц те бар. 2010 жылдың екiншi жартысында АҚШ жаңа экономикалық дағдарысқа тап болуы мүмкiндiгiн ескерткен оның пiкiрiнше, америкалық билiктiң өскелең ұрпақты жеткiлiктi деңгейде жұмыспен қамтамасыз ете алмауы, еңбек өнiмдiлiгi мен өндiрiс қарқынының бәсеңдеуi, жұмыссыздықтың артуы, экономикалық өсiмнiң бәсеңдiгi келесi жылғы қиындықтарға себеп болады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары