ТҰҒЫРДА ТҰРАМ ҚАСҚАЙЫП

ТҰҒЫРДА ТҰРАМ ҚАСҚАЙЫП

ТҰҒЫРДА ТҰРАМ ҚАСҚАЙЫП
ашық дереккөзі
252

… Өзi бiзге олимпиада медальдары сағындырып барып келедi. 1994 жылы Лиллехаммерде Владимир Смирновтың алтын жүлдесiн ел болып асыға күткенiмiз есiмiзде. Әуелi қолымызға екi күмiс ұстатқан Володя жарыстың соңғы күнi жұрттың аузын айға қаратып, 50 шақырымдық бәйгеден бiрiншi келдi. Басқа-басқа, әншейiнде 10 және 15 шақырымдық жарыс жолында қара үзiп жүрген Смирновтан 50 шақырымда алтын жүлде күткендер кемде-кем едi… Артынша осы оқиғаны республикалық басылымның бiрi "Ақ қардан аршып алған алтын медаль" деп жазды. Шынында да солай едi. Бұл бiздiң тәуелсiз ел ретiнде олимпиадалардан жеңiп алған алғашқы алтынымыз болатын. Смирновтың осы ерлiгiнен кейiн бiз Қазақстанымызды ерекше қатты жақсы көрiп кеттiк. Ескi әнұранымыз Лиллехаммер аспанын жаңғырықтырғанда, бiз Алматыда отырып, ой көгiнде қыран болып қалықтап жүрдiк…

…2000 жылы Сиднейде де Олимп шыңы басын имей, бәрiмiздi дағдартты. Жарыстың 11-күнi дегенде ғана Александр Винокуров — күмiстен, Ольга Шишигина алтыннан олжа салды. Артынша 4 батыр бокстан қанжығамызды бiр-ақ майлағанда, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейiн егiлдi. Бекзаттың тұғырда көкбайрақты терiс жамылып тұрғаны әлi жұрт санасынан өше қойған жоқ. Ермаханның финалда Марин Симионды жеңгеннен кейiн оң қолын қайта-қайта жоғары көтерiп, "аруақ қолдады!", "аруақ қолдады!" деп күбiрлегенi де жадымызда. Осы жеңiстерден кейiн бiз Қазақстанды бұрынғыдан да ерен махаббатпен жақсы көре түстiк…

…2004 жылы Афинада алтын түгiл, қоланың өзiн көру бiраз уақыт арман болды. Менiң есiме олимпиадашылар көне грек жерiне аттанып бара жатқанда, "Егемен Қазақстанда" жарияланған Тұманбай Молдағалиевтiң "Ерлiктi ала кетiңдершi мендегi" атты өлеңi оралды. Абыз ақын Афинада спортшыларымызға жеке басының ерлiгi жетiспей жататынын, сондықтан да ақындық ерлiктiң қажет болатынын қалай сезiп-бiлген десеңiзшi! Күтпеген жерден зiлтемiршi Сергей Филимонов күмiс тағынғанда, бәрiмiз күрт серпiлдiк. Бiрақ Филимоновтан алтынды тартып алған сiрiңкедей түрiк жiгiтi Танер Сағырдың адам мүмкiндiгiнен де мықты жiгерiне тәнтi болғанымызды да жасыра алған жоқпыз. Өз елiң үшiн желке тамырыңды адырайтып тұрып, алтынды өзiңнен әлдеқайда мықты қарсыласыңнан жұлып әкетуге болатынын түсiндiк.

… Спортта мұндай мысалдар өте көп.

Сиыр жылы да тарихқа кеттi. Спорттағы табыстарымыз жаман емес. Күнi бүгiнге дейiн дзюдодан Қазақстанның бiрде-бiр спортшысы әлем чемпионатында топ жармап едi, 2009 жылы Максим Раков (81 келi) үздiк шықты. Ауыр атлеттерiмiздiң табысына айдай әлем тiк тұрып қол соққаны да кеше. Светлана Подобедова үш әлем рекордын бiр-ақ жаңартты, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Владимир Седов қытайлық қарсыластарының бәрiнiң басын салбыратты. Владимир Кузнецов қола медальдi ел еншiсiне байлады. Бокстан Серiк Сәпиев әлем чемпионатын қатарынан үш рет ұтуға жақын едi, жартылай финалда орыс боксшысына есе жiбердi. Күрес түрлерiнен Нұрбақыт Теңiзбаев (грек-рим), Леонид Спиридонов (еркiн күрес) және Елена Шалыгина (әйелдер күресi) әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралды. Мұның бәрi — олимпиялық спорт түрлерi. Демек, биыл өтетiн кезектi Азия ойындарында да (Гуанчжоу, Қытай) еңсемiз жоғары болады деген сөз.

Кейбiр үмiтсiз ойға көбiрек берiлушiлер қазақ боксының бағы тайғанын айтады. Бұл пiкiрге келiспес едiк. Мысал ретiнде олар соңғы әлем бiрiншiлiгiндегi жалғыз қола медалiмiздi алға тартады. "Асықпаңыз" деймiз бiз. КСРО кезiнде Әбдiсалан Нұрмахановтан бастап, Серiк Нұрқазов, Владимир Рачков, Серiк Қонақбаев, т.б. жампоздар қалап кеткен жеңiс дәстүрi неге кенет ескiре қалсын? Қазақстанның 2000 жылдың қазан айында дүниеге келген ұлдарының атын қарап шығыңызшы, Мұхтархан, Бекзат, Ермахан, Болат болып кете бередi. Халықтың жүрегiне ерлiк рухын осы азаматтардың жеңiсi қайта сепкен. Бұл қатарға Василий Жировты, Бақтияр Артаевтi, Серiк Сәпиевтi, Геннадий Головкиндi, Галиб Жафаровты еркiн қосуға болады. Боксымызда осындай үлкен жеңiс дәстүрi бола тұрып, оның кенет керi кетуi тiптi мүмкiн емес. Керiсiнше, боксымыздағы нәтижесiздiктiң Бейжiң додасынан бiр-ақ жыл өткенде көрiнгенi өте дұрыс болды! Өйткенi, егер бiз 2011 жылғы әлем чемпионатынан бос оралсақ, қауiптiң басы сол болады. Демек, Қазақстанның бокс құрамасындағы буын алмасу процесi дәл қазiр өткенi өте жөн. Мұны бiз үлкен табыс алдындағы тыныс деп бағалаймыз. Бокстан көршi моңғолдар мен қытайлар қатты күшейiп келедi, тайлар мен орыстар ежелден алдыңғы қатарда, өзбектер де осал емес. Ендеше, осынша мықтылардың бел ортасында отырып, белiмiз кирелеңдегенi ұят. Бокстан Қазақстан құрамасы қазақ намысын ХХ ғасырда да, ХХI ғасырда да аз көтерген жоқ, әлi де көтередi.

Бiз күрес түрлерiндегi нәтижесiздiкке терең ой жiберуге тиiспiз. 2007 жылы Қырғызстанның Ош облысындағы Шиыршық жайлауына жолымыз түстi. Малшылар тойына дәл келiппiз. Ортаға балуандар шықты. Бойы сұңғақтау бiр қырғыз баласы қарсылас шыдатпады. Алып та, шалып та шықты. Тiптi өзiнен екi есе дәу балуанды төбесiне көтерiп тұрып атып ұрғанда, сүйсiнбеген жан қалмады. Құрдастары оны тiк көтерiп әкеттi. Жеңiс марапатынан кейiн әлгi балуанға достары атан жiлiктi жiгiттердiң неше атасын көрсетiп: "Мынаны жыға аласың ба, мынаны ше?" — дедi қағытып. Балуан жiгiт те сабаз екен: "Мен ешкiмнен жығылмаймын!" — деп бiр-ақ қайырды. Қанында осындай батырлық бар қырғыз бауырлар Бейжiңде күрестен екi жүлделi болды.

Ал бiзде 1999 жылғы Мхитар Манукянның табысынан кейiн әлi бiрде-бiр әлем чемпионы шыққан жоқ. 10 жыл деген — спортшы ғұмыры үшiн үлкен уақыт. Не барсың, не жоқсың деген сөз. Ең қызығы, бiз олимпиадада бокстан бiр алтын алсақ азырқанамыз да, күрестен алған қоламызды қатты әспеттеймiз. Өйтпеуге керек! Марғұлан Әсембеков, Әсет Мәмбетов, Дәулет Шабанбай, Нұрбақыт Теңiзбаев, т.б. жiгiттер елiне алтын әперуге тырысуға тиiс. Қазiр өзiмiздiң көзiрiмiз болып есептелетiн күрес түрлерiнен де, ауыр атлетикадан да, бокстан да, Аллаға шүкiр, олимпиялық даярлау орталықтары бар. Яғни, спортшыларға мемлекет жағдайды барынша жасауға тырысуда.

Спорт, өкiнiшiмiзге қарай, соңғы жылдары қатты саясиланып кеттi. Ендеше, халықаралық жарыстарда футболшыларымыз 1:5, 0:4 есебiмен ойсырай ұтылса да, боксшыларымыз бос қайтып жатса да, басқалары жарыс бiткенге қара көбейту үшiн ғана барып жатса да — елдiгiмiзге сын деген сөз. 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити олимпиадасының ашылу салтанатында кiшi Джордж Буштың айтқан мына сөзi әлi есiмнен кетпейдi: "Ешкiмге бас имеген халықтың атынан олимпиадада ашық деп жариялаймын!" – дедi ол. Әне, қырық рудан құралған Американың әлемдiк аренадағы басты қаруларының бiрi — осы спорт. Майкл Фелпс бiр олимпиададада жүзуден 8 бiрдей алтын алып жатса, оған қой бағып жүрген мен емес, ақ-қара-сары түстi америкалық азамат аппақ тiстерiн көрсетiп тұрып қуанады деген сөз. Ал "Дрим тим" — "Арман команда" аталатын АҚШ баскетбол құрамасының жиналып, олимпиадаға апаратын ұшаққа отыруына дейiн бүкiл әлем абың-күбiң әңгiме етедi.

Қазақстан — жас ел. Бiрақ спортта мойындалған ел. 2010 жылы бiздi Азия ойындары, түрлi әлем чемпионаттары, футбол мен хоккейден мундиаль, қысқасы, сансыз жарыс күтiп тұр. Маған қазақ спортшысының көк байрағымызды жамылып алып, тұғырда жыларман болып әнұранды шырқап тұрған көрiнiсi қатты ұнайды. Сол кезде, сенсеңiз де, сенбесеңiз де, тұғырда тұған басқа емес, Мен болып кетемiн! Өйткенi, оның жеңiсi бәрiмiзге ортақ.

Барыс жылында қоржындарымыз медальдардан босамасын!

Есен АТЫХАН

Серіктес жаңалықтары