21 ЖЫЛДЫҚ ЖАНАЙҚАЙ

21 ЖЫЛДЫҚ ЖАНАЙҚАЙ

21 ЖЫЛДЫҚ ЖАНАЙҚАЙ
ашық дереккөзі
433

Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi әлi күнге өсер емес

"Тiл туралы" Заңның қабылданғанына 21 жыл толды. Бұл өмiрге келген нәрестенiң қолы аузына жетiп, ендiгi өзiн-өзi асырайтын уақыты. 20 жылда елiмiздiң экономикалық ахуалы әжептәуiр қарыштағанмен, қазақ тiлiнiң жыртығы еш бүтiндiлер емес. Тiптi, билiк мүшелерiнiң қазақ тiлi мәселесiн бiрлi-жарым сөз еткенi кейбiр арандатушы ойлардың тууына әкеп соғуда. От көсеуге құмар бәзбiр интернет басылымдары: "Қазақстан iс-қағаздарын қазақ тiлiне толықтай көшiрсе, елдегi орыстардың кетуiне түрткi жасауы мүмкiн" деп бiрiнiң пiкiрiн екiншiсi қоздырып әуре-сарсаң.

Бұл мәлiмет шындыққа қаншалықты жанасады? 21 жылда туған ана тiлiмiздiң қолдану аясын кеңейту үшiн не тындырдық? Расында да, елiмiзде iс-қағаздары толықтай қазақ тiлiнде жүргiзiле ме? Жоқ. Әлi күнге бәз-баяғы теперiштен құтыла алмай келемiз. Қай мекемеге барсаң, әуелi ресми тiлде жорғалайтын жас мамандарды көргенде салың суға кетедi. Қаржы, құқық саласы қызметкерлерi қандай да бiр шара немесе баспасөз мәслихатын өткiзсе, кейбiр өзi қазақ, бiрақ орыстiлдi басшылар жанына мiндеттi түрде қазақ тiлiн жетiк меңгерген маманды ерте жүретiндi сәнге айналдырды. Бастан-аяқ орысша жамырасқан жиында кенеттен қазақша сауал қойсаң, "Бұл сұраққа мына кiсi жауап бередi" деп өздерiнен төменде отырған қазақтiлдi әрiптесiн меңзеп отырғаны. Қазақтiлдi БАҚ өкiлдерiне, жалпы қазақ тiлiне бiр маманның ойы ғана жеткiлiктi секiлдi. 21 жылда жеткен жетiстiгiмiз осы ма? Сонда әлгiндей отқа майды құя түскен басылымдар неге сүйенiп отыр? Бәлкiм, ертеңгi күнi Қазақстандағы барлық мекеме құжаттары, халыққа қызмет көрсету таза қазақ тiлiнде сайрап кетпесiн деп алдын ала алаңдаушылық бiлдiре ме екен?

Қолда бар дерекке жүгiнсек, 1988-89 жылғы оқу жылында 67,4 пайыз оқушы орыс тiлiнде бiлiм алса, қазақ тiлiнде бар-жоғы 30,2 пайыз. Әсiресе, жоғары оқу орындары, оның iшiнде ғылыми-техникалық салада орыс тiлi едәуiр басымдыққа ие болса, қазақ тiлi жетiм баланың күйiн кештi. 1995 жылы орыс тiлi – ресми тiл деңгейiне көтерiлiп, тепе-тең дәрежеде қолданылды. Ал, қазақ тiлiнiң – мемлекеттiк тiл мәртебесiн иеленгенiне қарамай бар шаруа тек ресми тiлмен ғана бiтiп жатты. Мiне, осы жағынан қарағанда, билiкте, мемлекеттiк мекемелерде орыс тiлiнiң аясы жылдан-жылға кеңейе түстi де, қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл ретiнде тек құжатта ғана қалып қойды. Керек болса, қазақ тiлiн дамыту мақсатында 1998 жылы "1998-2000 жылдарға арналған бағдарлама", 2001 жылы "2001-2010 жылдарға арналған қазақ тiлiн дамыту" қосымша бағдарламасы, тiптi, 2006 жылы "2010 жылы Қазақстанда iс-қағаздары қазақ тiлiне көшуi мiндеттi" деген Президенттiң жарлығы да орындалмай жатқан сияқты. Әне-мiне дегенше, 2010 жыл да табалдырықтан аттады. Не өзгердi? Қыруар қаржы бөлiнген бағдарламалар қандай нәтиже бердi? Ел-жұртқа немiзбен мақтана аламыз?

БIЗГЕ ҚАЙ ТIЛ ТИIМДI?

"Stoletie.ru" сайтында жарияланған "Как это будет по-казахский?" мақаласының авторы – Александр Шустов: "Қазақ тiлiнiң өз тұғырына қонуы үшiн қаншама күш, қаржы жұмсалып жатса да, Қазақстан ТМД елдерi iшiнде баяғыдай орыстiлдi мемлекеттердiң санатына кiредi" деп мардымсиды. Ал "Еуразия мұрасы" қорының зерттеуi бойынша, басқа Орта Азия мемлекеттерiмен салыстырғанда, "Қазақстанда орыс тiлiне ешқандай қауiп төнiп отырған жоқ". Иә, екеуiнiң де мақтанатындай жөнi бар. Шынында да, көршi Қырғызстан мен Өзбекстанға, тiптi Балтық жағалауы елдерi, Эстония мен Украинаға қарағанда, Қазақстанда орыс тiлi әлi күнге өмiршең, үлкен басымдыққа ие.

"Стратегия" әлеуметтiк-саяси зерттеулер орталығының директоры Гүлмира Илеуованың мәлiметiне сүйенсек, "Қазiргi кезде қазақтың 57 пайызы орыс тiлiнде емiн-еркiн сөйлеп, жаза бiлсе, тағы 25 пайызы орыс тiлiнде өз ана тiлiндей сөйлейдi. Одан бөлек, қазақтың тең жартысы орыс тiлiн жұмыс орнында қарым-қатынас тiлi ретiнде қолданады" дейдi. Ал, ресейлiк Сыртқы iстер министрлiгiнiң берген бағасы мынау: "2008 жылы Қазақстандағы мектептiң 40 пайызында оқыту iсi орыс тiлiнде жүргiзiлiптi. Тiптi, шетелдiң өзiнде 1990-2000 жылдары орыс тiлiнде – 393 газет, 78 журнал, 20 телеарна таратылғанда, 1989 жылы Қазақстанда қазақ тiлiнде бар-жоғы 28,6 пайыз басылым шыққан. Осы уақытта Қырғызстан мен Өзбекстанда, Тәжiкстан мен Түркiменстанда бұл көрсеткiш 50,9 пайыздан 93 пайызға жетiптi". Мiне, бұл сонау тәуелсiздiкке қадам басқан алғашқы жылдың өзiнде көршi мемлекеттердiң қол жеткiзген ерен жеңiсi.

Елiмiзде қазiрдiң өзiнде де қазақ тiлiнде жарық көретiн баспасөздiң жағдайы мәз емес. Таралымы аз. Есесiне, ақпараттық кеңiстiк белгiлi бiр мүдделi топтардың ғана уысында. Кеңiстiгiмiздi ресейлiк БАҚ-тың жаулап алғаны соншалық, ағымдағы ақпаратты жергiлiктi орыстiлдi ақпарат көзiнен, тiптi ресейлiк басылымнан алатындар көбейген. Дәл қазiр Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң "Ресеймен ортақ ақпараттық кеңiстiкте өмiр сүрiп жатырмыз. Қазақстандық БАҚ Ресей оқырманы мен көрерменi үшiн күресуi керек" деп ағынан жарылғаны еске түсiп отыр. Әрбiрден соң ресейлiк оқырман мен көрермен қазақстандық БАҚ-ты қайтсiн?! Онсыз да солардың ығына жығылған телеарналар өз эфирлiк көрсетiлiмiн ретрансляция мен аударма фильмдер арқылы толтырып әлек. Тiптi, елiмiздiң "Тiл туралы" Заңында қазақтiлдi бағдарламаға 50 пайыздық үлес берiлген десек те, Үкiметбасының мынандай мәлiмдемесiнен кейiн бұған кейбiр телеарнаның мұрты қисайып, басы ауырмайды да.

ШЕТЕЛДIК ФИЛЬМДЕР ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ ДЫБЫСТАЛА МА?

Парламентте "Мәдениет туралы" заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге байланысты талқылаулар мен пiкiр-таластар өрбiгенiне бiраз уақыт. Бұл жолы заңда мемлекеттiк тiлдiң дамуына қатысты баптар айқын көрiнiс таппақ. Мәселен, былтыр жыл аяғында Ассамблеядан сайланған депутат Мұрат Ахмадиевтың аузымен, "2012 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан аумағына шеттен әкелiнген прокат фильмдер мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлде дыбысталады" деген әңгiме айтылды. "Бiз тек фестивальдар үшiн ғана кино жасамаймыз, сондай-ақ көпшiлiк көрерменге де арнаймыз. Яғни, бұл кинолар барлық қазақстандыққа қолжетiмдi болуы керек", — дедi Мәжiлiс депутаты. Әлбетте, бұл жағымды жаңалықты естiгенде қуанбаған жан қалмады. Украина сияқты кино прокатты қазақ тiлiнде сайратсақ несi жаман? 2006 жылы шетелдiк фильмдердi украин тiлiне аударуды бастап кеткен Украина нартәуекелге барып, көп шығынға да батты. Себебi, шетелдiк фильмге толыққанды дубляж жасау үшiн кемiнде 25-30 мың еуро кететiн көрiнедi. Бұл қаражат қалта көтермегендiктен де, жергiлiктi аудармашылар, дубляж жасаушылар Министрлер кабинетi қол қойған қаулыдан бас тартуға мәжбүрлiк танытты. Бiрақ Украина үкiметi бұдан да тиiмдiрек жолды таңдап, 2007 жылы "Кинематография туралы" Заңға енгiзген өзгертуге сәйкес, барлық шетелдiк фильм ел аумағына таралудан бұрын мiндеттi түрде дубляжы жасалған, дыбысталған, не болмаса мемлекеттiк тiлдегi субтитрлармен келуi керек деген талап қойды.

Алайда, бiзде бұл iспен кiм айналысады? "Қазақфильм" АҚ-ның президентi Ермек Аманшаевтың ақпараты бойынша, қазiргi кезде қазақстандық кинопрокат саласында отандық фильмнiң үлесi 3 пайыз ғана болса, американдық 70 пайыз, ресейлiк фильмнiң үлесi 25 пайыз екен. Егер фильмдердi қазақ тiлiне аудару шаруасымен мемлекет айналысса, онда бюджеттен қомақты қаржы бөлуiне тура келедi. Ал, iстi әлдебiр коммерциялық ұйымдарға жүктесек, аяғы құрдымға кететiнi де үйреншiктi жайт.

Режиссер Әмiр Қарақұлов: "Бiзде екi тiл бар. Қазақ тiлi — мемлекеттiк тiл болғанмен, өз деңгейiнде емес. Көпшiлiгiмiз әлi орыс тiлiнде сөйлесемiз. Әрине, бұл жақсы жоба, ел-жұрт қазақша тыңдап, қазақша түсiнедi. Тiл дамуы керек. Бiрақ дубляж, дыбыстау мәселесiне үлкен дайындықпен келу керек" дейдi. Рас, бiз осыған дайынбыз ба? Егер бастаманы нақты қолға алатын болсақ, жарты жолда ұятқа қалмайтындай кiрiсу қажет. Өзбектерден, қырғыздардан кембiз бе? Бiр ғана Өзбекстанның кино нарығы 100 пайыз отандық өнiмнен тұрады. Әлемдiк держава Жапония мен Қытайдың киноөндiрiсi де солай. Соңғы кезде отандық телеарналарды шырмауықтай шырмап алған түрiктiң телесериалдарын қашанғы азық ете беремiз?

Бiр қарағанда, елiмiзде қазақ тiлiнен басқа күйiп тұрған мәселе жоқ сияқты. Кез келген басқосу, жиынның күн тәртiбiнде көтеретiн жүгi де осы. Кейде туған тiлiмiз басқа мемлекеттердiң тiлi секiлдi өз тұғырына қонса, түйткiлдiң бәрi шешiлетiндей көрiнедi. Алайда, 21 жылдың өзiнде көңiл көншiтпеген тiлдiң жайы әлi де сол сүрлеумен сүйретiлiп келе жатқаны күйiнiштi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары