УРАН АЙНАЛАСЫНДАҒЫ У-ШУ

УРАН АЙНАЛАСЫНДАҒЫ У-ШУ

УРАН АЙНАЛАСЫНДАҒЫ У-ШУ
ашық дереккөзі
254

Иран мен Қазақстан арасындағы уран тасымалы жөнiндегi келiсiм жоққа шығарылды

Өткен аптада Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң (МАГАТЭ) сарапшылары Қазақстанға шұғыл аттанбақ ниет танытты. Жедел сапар мақсаты — Қазақстанның ядролық нысандарына тексерiс жүргiзу. Қаңтардың 13-жұлдызында өткен ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрi Әсет Мағауов МАГАТЭ өкiлдерiнiң келетiнiн мәлiмдеген болатын.

Әдеттен тыс қолға алынған тексерiстiң себеп-салдарын отырыста түсiндiрiп баққан Әсет Мағауов мүшелiкке өткен жылдар аралығында атом энергиясы жөнiндегi ұйым тарапынан ешбiр секем айтылмағанын атап өттi. "Қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға МАГАТЭ сарапшыларының келуi жоспарланып отыр. Сарапшылардың жыл сайынғы мұндай сапарының негiзгi мiндетi — Қазақстанның ядролық нысандарын тексеру. Бұған дейiнгi МАГАТЭ сарапшыларының тексерулерi барысында, яғни өткен он жылда Қазақстанға ешбiр ескерту жасалған емес", — дедi Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрi. Сондай-ақ, ұйым өкiлдерiнiң тексерiс жүргiзуiне тағы бiр себеп бар көрiнедi. Ол — Қазақстаннан уранды экспорттау мәселесi. Жоғарыда айтылған отырыста экспорттық бақылау мәселесi де назардан тыс қалған жоқ. Бiрiншiден, елiмiздiң уран экспорты қызметтiң лицензияланған түрiне жатады. Осыған сәйкес отандық кәсiпорындар мемлекеттен лицензия алуы тиiс.

— Қазақстан ураны ядролық держава санатына кiрмейтiн елдерге тасымалданады. Олай болса кәсiпорынның рұқсат беретiн сертификаты болған күнде ғана уранды шетелге шығара алады. Өз кезегiнде, сертификат — уран алушы мемлекеттiң шикiзатты бейбiт мақсатта пайдаланатынын және Қазақстанның келiсiмiнсiз үшiншi елдерге шығара алмайтындығын бiлдiредi. Осының алдын алу үшiн уран тасымалданатын мемлекеттер тiзiмi МАГАТЭ-мен бiрлесе отырып жасалған, — дей келе, бұл мәселе бойынша да ешбiр келеңсiздiк көтерiлмегенiн айтты.

Дейтұрғанмен де, МАГАТЭ сарапшыларының келуiне басқа да маңызды себеп бар едi. Қазақстан тарапына шүбә келтiрген ұйым мүшелерiнiң көңiлiне секем кiрген. Мәселе мәнiсi Иранға қатысты туындап едi. Бүтiндi бүлiндiрген — Associated Press агенттiгi. Сызатты шүбәға айналдырған да осы агенттiк. Себебi бұл мағлұматты бiрнеше басылымдар көшiрiп басқан. Құзырлы орындардың МАГАТЭ үшiн әзiрлеген есебiне сүйене отырып, агенттiк Қазақстан мен Иранның құпия түрде уран концентратын тасымалдау мақсатында келiсiмге келгенiн жарияға жар салды. Сонымен қатар бұл келiсiмге алдағы аптаның iшiнде қол қойылып, расталуы тиiстiгi жайында да сөз қозғалған. Ислам Республикасына бағытталған 1350 мың тонна уран концентраты 450 миллион долларға бағаланыпты деген ақпарат тез арада Еуропа елдерiне кеңiнен тарап үлгердi.

Алайда, Қазақстан тарапы 450 миллион долларға бағаланған келiсiмдi дер кезiнде жоққа шығарып отыр. Билiк өкiлдерi мұндай келiссөздердiң мүлдем болмағанын дәлелдеп бақты. Нәтижесiнде, МАГАТЭ тексеруге сарапшы жiберетiн болды. Осы мәселеге орай өткен жұмада, дәлiрегi, 15-қаңтарда мемлекет-хатшысы және сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев Австрия астанасы Вена қаласында атом энергиясы жөнiндегi халықаралық ұйымның басшысы Юкия Аманомен кездестi. Кездесу барысында, МАГАТЭ басшысы еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып үлгерген аталмыш келiсiмдi дереу жоққа шығарғаны үшiн Қазақстанға өз алғысын бiлдiрдi. Сонымен қатар сарапшылардың бiздiң елге бәрiбiр ақпан айының басында келетiнi ескертiлдi. Ал Юкия Аманоның өзi iс-сапармен кейiнiрек келiп-қайтпақшы. Бұл ретте АҚШ жағы да қарап қалмай, өз ойын бiлдiрудi жат көрмедi. Құрама Штаттардың мемлекеттiк өкiлi Иэн Келли мұндай жағдай орын алған күнде Иранға қарсы БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесi қабылдаған санкцияның бұзылатынын алға тартты.

Сондай-ақ, Қазақстандық басқа да баспасөз беттерiнде аталмыш келiсiмнiң болғаны жайлы дәлелденбеген ақпарлар бар. Мәселен, Newsru.com интернет-сайтының мәлiметiне жүгiнсек, келiсiм елiмiздiң биiк лауазымды шенеунiктерiнiң қолдауымен ұйымдастырылған көрiнедi-мыс. Алайда, билiк бұл қауесеттi дер кезiнде түгелдей жоққа шығарып, сол себептi де ұйым тарапынан алғысқа ие болды. Қазақстан сенаторлары елiмiздiң абыройын түсiрмекке ойластырылған бұл мәлiметтi таратқан агенттiктi сотқа берудi ұсынып отыр. Расында, Associated Press — өте беделдi ақпарат агенттiгi. Шынтуайтына келгенде, ойда-жоқта қасақана ұйымдастырылған ақпараттың бұл агенттiкте жариялануы күдiк тудырады. Парламенттiң жоғарғы палатасы бұл мәлiмет елге саяси және экономикалық нұқсан келтiрдi деп есептейдi. Сондықтан агенттiктiң сотқа тартылуын талап етiп отыр. Алайда, агенттiкте мұндай мәлiмет берiлген жағдайда жоққа шығару әрекетi ғана қолға алынады. Ал алпауыт ақпарат агенттiгiн сотқа тартып, ақпарат жариялағандығын дәлелдеу тiптен мүмкiн емес. Сондықтан бұл қадамнан елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгi бойын аулақ салып отыр. Бұл туралы 18-қаңтарда Сыртқы iстер министрлiгi өткiзген брифингте мәлiм болды. Әзiрге тек агенттiкке ұсынылған ақпарат көздерi анықталып жатыр.

Елiмiз МАГАТЭ-ге мүшелiкке өткелi берi ядролық қаруды таратпауды бақылау Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiктiң көмегiмен жүзеге асырылады. 1994 жылғы ақпанда Атом энергиясы жөнiндегi агенттiкке (МАГАТЭ) мүше бола отырып, Қазақстан сол жылдың шiлдесiнде МАГАТЭ-мен Кепiлдiктер туралы келiсiмге қол қойды. Бұл келiсiм бойынша барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нiң кепiлдiгiне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметi халықаралық агенттiктiң ережелерi мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Сол себептi де ұйым мүшелерi ядролық ошақтарды тексеру үшiн кез келген уақытта арнайы өкiл жiберуге құқылы.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары