“31-ТЕЛЕАРНАДА” ҚАЗАҚТIЛДI БЕС БАҒДАРЛАМАНЫҢ КҮНI БАТТЫ

“31-ТЕЛЕАРНАДА” ҚАЗАҚТIЛДI БЕС БАҒДАРЛАМАНЫҢ КҮНI БАТТЫ

“31-ТЕЛЕАРНАДА” ҚАЗАҚТIЛДI БЕС БАҒДАРЛАМАНЫҢ КҮНI БАТТЫ
ашық дереккөзі
253

"Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды" деген сөз бар. Соңғы бiрер апта iшiнде: "31-телеарна" қазақтiлдi бағдарламаларын жауып тастады, қазақтiлдi журналистер мен қазақтiлдi техникалық мамандар (оператор, дыбыс, бейне инженерi), бас-аяғы 20-ға жуық азамат жұмыстан босатылды" деген ақпарат желдей естi. Айтса айтқандай, бiз де арнаның бағдарламалық кестесiнен "Замандастар", "Кәсiпкер", "Биiк мақсат" және күзгi маусымда ғана тұсауын кескен "Бiлгiрлер бәйгесi", "Пiкiр алаңы" сынды бағдарламалардың алынып тасталғанын аңғардық.

Iле-шала көңiлiмiздi күптi қылған жайтқа қатысты "Абай.kz" порталында "СТС "31-арнаны" жұтып қойған сияқты" атты мақала жарық көрдi. Онда аты аталған бес бағдарламаның жабылып қалғандығын айта келе, "31-телеарнада қазiр "Жұлдызбен жүздесу", "Әзiл-студио" және әр жексенбi сайын экранда отырып алып, жоқты-барды сөз қылатын "Әңгiме болсын" атты ток-шоу сипатындағы бағдарламалар ғана қалыпты. 31-телеарна мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалардың жалпы жиынтығын аудармалармен, нақтырақ айтсақ, балаларға арналған тәржiма мультфильмдермен, қолайсыз уақытқа қойылған тәржiма фильмдермен, СТС-тiң қазақшаға қотарылған ток-шоуларымен жасап қана отыр. Сөйтiп, мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалардың қарасын 37,5 пайызға жеткiзiптi!" дегендi тiлге тиек етедi.

Бiрақ бiздiң бiлуiмiзше, қазiр "Жұлдызбен жүздесу" мен "Әзiл-студио" ғана телеарнаның қазақтiлдi көрерменiнiң сұранысын қанағаттандырып отырғанға ұқсайды. Ал, шын мәнiнде, былтырғы жылдың күзiнде журналистердiң басын қосып, қазақтiлдi бағдарлама санын арттырып отырмыз деп сүйiншiлеп, бiрнеше хабардың тұсауын кескен басшылық көп ұзамай неге мұндай шешiмге барды екен? Мұның астарында акционер әрiптестерi жағынан қандай да бiр саяси ықпалдың жасалып жатқандығы қылаң бермей ме? Осы сансыз сауалға жауап iздеп көрейiкшi.

"31-телеарнаның" күзгi маусымында ғана көрсетiлiмiн бастаған "Пiкiр алаңы" бағдарламасының авторы әрi жүргiзушiсi, одан бұрын көрерменге "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Шынның жүзi" бағдарламасы арқылы етене таныс Қасым Аманжолдан бағдарламаның қандай себеппен шықпай қалғандығын сұрадық. Мәселенiң күрделi екендiгiне баса екпiн түсiрген ол: "Бұл бағдарлама мемлекеттiк тапсырысты 2009 жылдың аяғына дейiн алған. Жеке телекомпания болғандықтан, жобаны әрi қарай жалғастырғысы келген жоқ. Жаңа жылдан бастап тоқтатты. Бiрақ хабардың өзi прайм-таймға, яғни, халық көретiн уақытқа қойылған жоқ. Бiресе 12-де, бiресе 12.30-да берiлдi. Одан соң бағдарлама "Шынның жүзi" сияқты резонанс алған жоқ. Әрине, жабылғаны өте өкiнiштi. Алайда, олар болашақта жаңа жобаларды бастау жөнiнде ұсыныстар жасап отыр. Сол себептi бұл мәселенi ауыр қабылдаған жоқпын. Ал, негiзi бағдарламаның көрсетiлiм аудиториясын 4-5 айдың iшiнде анықтау қиын. Оған кемiнде 6-7 ай, 1 жыл уақыт қажет. Басталған iстi аяқтамай тастау жақсы әрекет емес. Бұл телеарна басшыларының кәсiби кiнәсi деп айтуға болады", — деп қысқа қайырды. Әрине, "тесiк моншақ жерде қалмас". Қасым Аманжол сияқты бiлiктi журналистiң келешекте те "31-телеарнаның" дүниеге келетiн жаңа жобасын жүргiзетiнiне еш күмән жоқ. Мәселе — оқу орнын кеше ғана бiтiрiп, ынты-шынтысымен iске кiрiскен талантты, дарынды журналистердiң дәл дағдарыс кезiнде жұмыстан босап қалғандығында жатыр. Жас маманды қолдап, көмек көрсеткенiмiздiң бүгiнгi сиқы осы ма?

Ал, "Мемлекеттiк тiл" қоғамдық қозғалысы қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, тiл жанашыры Мұхтар Шаханов билiкке қойған күрмеуi қиын әрi түйiндi 9 талабында да бүгiнде Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн Ресейдiң бұқаралық ақпарат құралдары он, он бес есе басымдықпен жаулап алғандығына ашынып, "Халыққа анда-санда елдегi шындықты айтып тұратын "31-телеарна" да Ресей алпауытына сатылып, егемендi ақпараттық тәуелсiздiгiмiзге елеулi деңгейде көлеңке түсiрдi. Бұл арна Ресей идеологиясын алға тарта бастады. Ақпараттық экспансия салдарынан мемлекеттiк тiл өрiсi күрт құлдырады. Сондықтан Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн басқа елдердiң идеологиясын насихаттау мақсатында пайдалануға жол берiлмесiн", — деп қадап айтып едi. "СТС-тiң хабарларын берiп, Ресейдiң сойылын соғып кеттi" деп жыларман күй кешкен Мұхтар аға "31-телеарнадағы" бес бiрдей бағдарламаның жабылып қалғандығын естiгенде қатты қапаланды. "Өзiмiздiң баспасөздi шетелге сату дұрыс емес. Билiк басындағылар кiм көп ақша берсе, соған бере салатын болды. Мысалы, Ресейден 5 мың 248 газет келсе, оның жартысына жуығы тiркелмеген. Олар хабарын электронды түрде жiбередi, ал бiздегiлер оны басып шығарып, үлкен пайда тауып жүр. Кейде "Бiз қайда тұрамыз? Қазақстанда ма, әлде Ресейдiң қарамағына өтiп кеттiк пе?" деген сұрақ туады. Бұрын "31-телеарна" қазақтiлдi жаңалықтарын 19:00-де беретiн едi, одан кейiн 17:30-ға, қазiр 18:00-ге қойды. Бұл уақытта адамдар жұмыстан қайтады. Қалай көредi? Телеарнадағылар бiздiң басшылардың қазақ тiлiнiң рухани құндылықтарына деген көзқарасын бiледi. Бiлгеннен кейiн ойына келгенiн жасап жатыр. Әйтпесе, "Мұның не?" деп айтуға болады ғой. Басқа елде осылай жасасыншы. Ресейде орыс тiлiне, рухына қарсы сөйлейтiн адам бар ма? Ал, бiзде тiлдi қорғасаң, соған жұмыс iстесең, сенен үлкен халық жауы жоқ" деп әңгiменi тереңнен қозғады.

"Қазақ тiлi" деп шыр-пыр боп жүрген ел ағасының жанайқайы орынды. Тәуелсiз елiмiзде тұрып, өз ана тiлiмiзде тұщымды, салиқалы, салмақты бағдарлама көрсете алмасақ, басқалардан немiз артық? Өз билiгiмiзге өзiмiз ие бола алмасақ, зарығып жеткен егемендiгiмiздiң пайдасы қайсы?

Дәл қазiр "31-телеарнадағы" қазақтiлдi бағдарламалардың кенеттен көрсетiлiмiн тоқтатқандығы жайлы жағымсыз хабар қоғамда гуiлдеп тұр. Жан-жақтан тынымсыз қоңыраулардың да жиiлеп кеткендiгiне елеңдеген телеарна басшылығы үш-төрт тiлшiнiң басын қосып, БАҚ өкiлдерiне мазалаған мәселенiң жәй-жапсарын түсiндiруге тырысты. Бiз де "31-телеарнаның" бас директоры Нұржан Жалауқызынан қазақтiлдi бағдарламалардың жабылып қалу себебiн бiлгiмiз кеп, аз-кем әңгiмеге тартқан едiк.

— Бiз шығармашылық ұжым болғандықтан әрдайым шығармашылық iзденiс үстiнде жүретiндiгiмiздi түсiнесiз ғой деген ойдамын. Бұл — бiр. Екiншi — кез келген бағдарлама тек сапасына ғана емес, экономикалық тиiмдiлiгiне де байланысты бағаланады. Қазiргi заманда кез-келген телевизиялық бағдарлама көрерменнiң көңiлiнен ғана шығып қоймай, жарнама берушiнiң де ойынан шығуы керек. Телеарнада бағдарламаның рейтингi мен телекөрсетiлiм үлесi ерекше маңызға ие. Сондықтан бiз бағдарламалар жүйесiн жоспарлаған кезде қай хабардың рейтингi мен телекөрсетiлiмi жоғары, сол көрсеткiштерге мән беремiз. Осы тұрғыдан алғанда, өкiнiшке қарай, өткен жылы көрермендерге ұсынған қазақтiлдi бес бағдарламаның көрсеткiштерi телеарнамыздың жылдық орташа көрсеткiшiнен төмен болғандықтан шығармашылық мүмкiндiктерiмiздi қайта қарау туралы шешiм қабылдадық. Бiрақ, бұдан бiздiң телеарнадағы қазақтiлдi бағдарламалардың бәрiн мүлдем жауып тастады деген терiс пiкiр туындамау керек. Бiз қазақтiлдi бағдарламаларды шығармашылық жағынан жаңаша сипатта әзiрлеудi жоспарладық әрi осы бағыттта жұмысты жалғастырудамыз. Өткен жылы көрермендердiң көңiлiнен шыққан, сондай-ақ, көрермендердi бей-жай қалдырмаған "Жұлдызбен жүздесу", "Әзiл-студио" жобаларын бағдарламалар жүйесiнде қалдырдық. Себебi, бұл бағдарламалар телеарнамыздың ойын-сауықтық форматына сай жобалар. Басты мақсатымыз — көрерменге көтерiңкi көңiл-күй сыйлау.

— Белгiлi ақын, ұлтжанды азамат Мұхтар Шаханов өзiнiң билiкке қойған талабында "СТС-медиаға" акциясы сатылған "31-телеарнаны" қайтарып алуды және мұндай әрекетке тыйым салу керектiгiн айтқан едi. Сiз арнаның акциясын қайтарып алуды қалайсыз ба? Бұған не дейсiз?

— Кейде ұрандаймын деп осындай пiкiрлер айтылып жатады. Бұл әрбiр азаматтың өзiнiң азаматтық көзқарасы ғой. Мұхаңмен ешқашан пiкiр де таластырмаймын және таластырғым да келмейдi. Екiншiден, бәрiмiз де осы елдiң азаматымыз. Бiз үшiн Қазақстанның, қазақ елiнiң, қазақ жастарының, қазақстандықтардың бүгiнi мен ертеңi өте қымбат. Өз басым Отаным үшiн қызмет жасап жатырмын. Айта кететiн нәрсе, "СТС-медиа" тек Ресейдiкi емес, бұл халықаралық телекомпания. Оның құрылтайшыларының құрамында ресейлiктер де, америкалықтар да, шведтер де бар. ҚР Заңына сәйкес, "СТС-медиа" тек 20 пайызға ғана ие. Сондықтан бiз өз саясатымызды Қазақстан Республикасының заңдылықтарына сәйкес жүргiземiз. Сол сияқты телеарнада бiрде-бiр шетелдiк азамат жұмыс iстемейдi. Бәрi Қазақстанның азаматтары. Екi акционердiң келiсiмi бойынша, бiздiң елiмiзде ойын-сауықтық көшбасшы телеарна жасау қолға алынды. Бiз осы мақсатта жұмыс iстеп жатырмыз.

P.S. 2009 жылдың күзiнде-ақ жоғарыда жабылып қалған бағдарламалар өмiрге келген кезде, "31-телеарна" мемлекеттiк тiлге бет бұрып жатыр" деп бөркiмiздi аспанға атып, қуанып едiк. Алайда, қуанышымыз ұзағынан сүйiндiрмеген сияқты. Шын мәнiнде, тәп-тәуiр дүниелердiң жалғасын таппауына тек телекөрсетiлiм аудиториясының тарылып кеткендiгi себеп болды ма, әлде, арнаның 20 пайыздық акциясына ие (одан да көп болуы мүмкiн) "СТС-медиадан" арнайы тапсырма келдi ме? Бәлкiм, "СТС-медиа" расында да қазақтiлдi бағдарламаны құртып, "31-телеарнаны" жұту саясатына кiрiстi ме?

Бүгiнде эфирге шығып тұрған бағдарламалары қысқартуға ұшыраған шығармашылық ұжым Нұржан Жалауқызы айтып, сендiрген жаңа жобаларды сарыла күтiп жүр. Әзiрге бұл жобалардың нақты қай күнi мақұлданатыны да белгiсiз. Бiзге бататыны — отандық телеарналардың қазақ тiлiндегi бағдарламаны көбейтудiң орнына, күннен-күнге азайтып жатқандығы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары