ЕЛIМIЗДЕГI БАЛАЛАРДЫҢ САЛМАҒЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ

ЕЛIМIЗДЕГI БАЛАЛАРДЫҢ САЛМАҒЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ

ЕЛIМIЗДЕГI БАЛАЛАРДЫҢ САЛМАҒЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
237

Жыл сайын жөргекпұл мен жәрдемақы көлемi өсiрiлуде. Үкiмет сәби сүюге қауқарлы қыз-келiншектердi қаржылық тұрғыда қолдауға қанша тырысқанымен, елiмiздегi бала туу қарқыны бәсең. Мамандар пiкiрiнше, бiрнеше жылдан берi күн тәртiбiнен түспей келе жатқан демографиялық ахуалдың күнгейiнен көлеңкесi басым болуының бiрнеше себебi бар.

2009 жылы жүргiзiлген Халық санағының нәтижесiнде, Қазақстан халқының саны 16 млн. 402 мың адамға жеткен. Оның iшiнде, қазақтардың үлесi – 67 пайыз. Санаққа дейiн бұл көрсеткiш 15 млн. 730 мың (қазақтардың еншiсiндегi үлес – 53 пайыз) болатын. Ал 1999 жылмен салыстырғанда, ҚР азаматтарының саны 2 пайызға (678 мың адам) өскен. Елiмiздегi орташа жас көлемi 32 болғандықтан, 67 пайыздың үштен бiр бөлiгiн 30 жасқа дейiнгiлер құрайды. Шара барысында жастардың басым бөлiгi отбасы құрамын 3-5 балаға дейiн жеткiзудi жоспарлап жүргенiн жеткiзген. Қазақтың қарадомалақтарын көбейту мәселесi күн тәртiбiне шыққалы берi бүгiнгi демографиялық ахуал толғандырған сан қандастың сол кезде көңiлi бiр марқайып қалғаны анық. Алайда, мамандардың айтуынша, келiншектердiң былтырғы бала туу қарқыны алдыңғы жылға қарағанда бәсең көрiнедi. Мысалы, 2008 жылдың қаңтар-қыркүйегiмен салыстырғанда, 2009 жылдың алғашқы тоғыз айында келiншектер 1339 баланы кем туған.

"Жығылғанға – жұдырық", Бiрiккен Ұлттар Ұйымының деректерiне жүгiнсек, елiмiздегi 15 жасқа дейiнгi балалардың салмағы күрт азайып, есесiне, еңбекке жарамсыздар саны артып барады. Мұндайда қарапайым халыққа көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасын жақсарту, әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн дамыту аса маңызды. Өйткенi, сапасы жоғары және бағасы қымбат ақылы медициналық қызметке "қалтасы тесiк" отандастың, әсiресе, ауылдағы ағайынның жағдайы келе бермесi белгiлi.

Тағы бiр алаңдайтын жайт, ерлер мен әйелдер арасындағы жас тепе-теңдiгi бұзылуда. Орда бұзар 30 жастан басталатын бұл теңсiздiк зейнеткерлiк жастағы 100 еркекке 140 әйелден келедi екен. Демографиялық ахуал туралы жиi дабыл қағып жүргендердi бiрi – "нұротандық" депутат Айткүл Самақованың айтуынша, адамдар арасында өмiр сүру ұзақтығы жағынан алғанда да тепе-теңдiк бұзылған: 2008 жылы ерлер мен әйелдер арасындағы жас ұзақтығы 10,5 жылға тең болыпты. Кейiнгi кездерi бала мен ана және жалпы халықтың өлiм-жiтiмiн төмендетуге, сондай-ақ, өмiр сүру ұзақтығын көбейтуге мемлекеттiк деңгейде қанша күш салынғанмен, Қазақстандағы өмiр сүру сапасы дамыған елдерге тән көрсеткiштерден әлдеқайда төмен. Әсiресе, денсаулығы сыр беретiндер арасында әйелдер мен балалар көп. Олардың басым бөлiгi қаны аздық дертiне шалдыққан.

Былтырғы Халық санағына сәйкес берiлген ресми деректерде ҚР азаматтарының үштен бiрi 30 жасқа дейiнгiлер, яғни, елiмiздiң халқы жас делiнгенмен, БҰҰ берген мәлiметтерде Қазақстан бүкiл әлем бойынша халқы қартайып бара жатқан мемлекеттер қатарында. Елiмiздегi 65 жастан асқан қарттар үлесi ҚР азаматтарының жалпы санының 7,5 пайызына тең. Халықаралық стандарттарға жүгiнсек, бұл көрсеткiш 7 пайыздан аспауы тиiс. Бүгiнде қазақтың санын көбейтуге елдегi ажырасулар, кәрi қыздар мен сүрбойдақтар санының көбеюi де айтарлықтай кедергi болуда. Кейбiр мамандар кеңестiк империя кезiнде салынған "Бойдақ салықты" жаңғырту сүрбойдақтар мен кәрi қыздардың отбасын құруға деген талпынысын арттырады деген пiкiрде. Өкiнiшке қарай, дала философиясының қағидаларына сүйенген қазақтың бүгiнгi ұрпағында некесiз туған балалар көп. Мәселен, ресми деректер қазiр Қазақстандағы жарты миллион келiншек балаларын әкесiз тәрбиелеп жатқанын көлденең тартады. Яғни, 500 мың бала – жартылай жетiм. Сорақысы сол, соңғы кездерi балаларына ай сайынғы алиментiн төлеуден қашатын әкелер саны күрт көбейген. Қазiр отандық телеарналардың кейбiрiнен берiлiп жүрген тiрi жетiмдердiң аянышты тағдырынан үзiк сыр мен әкелердi алимент төлеуге шақырған насихаттық роликтер – соның айғағы. Демографиялық жағдайды сараптаған отандық және халықаралық мамандар қауымы сан мен сапа таразы басында тең түскенде ғана қордаланған қиындықтар бiртiндеп шешiмiн таба бастайтынын айтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары