ӘЛЕМ “РИБАНЫ” ҚОЛАЙЛЫ КӨРУДЕ

ӘЛЕМ “РИБАНЫ” ҚОЛАЙЛЫ КӨРУДЕ

ӘЛЕМ “РИБАНЫ” ҚОЛАЙЛЫ КӨРУДЕ
ашық дереккөзі
406

Қаржылық жүйе тiрегi – исламдық банкинг Қазақстанға келдi

Батыстық экономикалық үлгi солқылдақтығының кесiрiнен әлемдiк экономика үш жылдан берi дағдарыстан еңсесiн тiктей алмай отыр. Сарапшылар қауымы бүгiнде «жүйкесi» сыр берген халықаралық қаржы саласына бiрден-бiр ем – исламдық банкинг екендiгiн айтуда. Тiрегi мықты исламдық қаржы саласының жетiстiктерiн ел игiлiгiне пайдалануға бет бұрған мемлекеттер арасында Қазақстан да бар.

Дүйсенбi күнi Астанада өткiзiлген Исламдық қаржыландыру жөнiндегi форумда ҚР Қаржы вице-министрi Берiк Шолпанқұлов министрлiктiң 2010 жылы исламдық құнды қағаздарды айналымға енгiзгелi отырғанын мәлiмдедi. Оның айтуынша, ҚР заңнамалық құжаттарына қажеттi өзгерiстердi енгiзiп, оны шариғат заңына сәйкестендiргеннен кейiн ғана исламдық қағаздарды шығаруға мүмкiндiк бермек. Аталған заң жобасы бүгiнде отандық мемлекеттiк органдарда талқыға салынуда. «Қаржы министрлiгi елiмiзде benchmark қалыптастырып, исламдық қаржы нарығындағы корпоративтiк салаға бастайтын жолды ашуға бар күшiн салуда» деп мәлiмдеген Б.Шолпанқұлов айналымға енгiзiлетiн құнды қағаздар көлемi қалыптастырылатын benchmark қауқарына сәйкес болатынын көлденең тартты. Яғни, егер шығарылым көлемi 500 млн. доллар benchmark қалыптастыруға жеткiлiктi болса, Қаржы министрлiгi 500 млн. долларлық құнды қағаздар шығармақ. Вenchmark – инвестиция салынатын құралдан түсетiн кiрiс көлемiне қарай бой түзеу. Вenchmark нарықтық индекстер мен белгiлi бiр қаржылық құралдар негiзiнде анықталады.

Қазақстан айналымға енгiзгелi отырған сукук – исламдық құнды қағаздардың бiр түрi. Сукук құрылыс кешенi, тауарлар өндiрiсiн жақсарту сияқты т.б. кез келген арнайы жобаны жүзеге асыру мақсатында шығарылады. Сукук өзге облигацияларға қарағанда қауiп-қатерге онша ұрынбайды. Кез келген исламдық құнды қағаз белгiлi бiр қаражатпен бекiтiлген және исламдық қаржыландырудың негiзiнде келiсiмшартты қабылдаушылар арасында тәуекелдiлiк жүгiн бiрлесе көтеру қарастырылған. Осы себептi, дәстүрлi банктiк несиелердiң баламасы болып табылатын сукук жобаларды iске асырудың басты тетiгi iспеттi. Оның үстiне, облигацияларға қарағанда, анағұрлым қауiп-қатерсiз тетiк ретiнде қабылданатын сукук инвестициялық қоржынды (сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы қорлары секiлдi ұзақмерзiмдiк инвесторлар үшiн) дербестендiрудiң құралы ретiнде қызмет етедi. 2007 жылы ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi Қазақстанда исламдық қаржылық ұйымдар қызмет етуiн қамтамасыз ететiн заң жобасын дайындады. Заң жобасы ҚР Азаматтық және Салық кодекстерiне, банк жүйесiне қатысты заңдарға, құнды қағаздар туралы заңға т.б. бiрқатар заңнамалық актiлерге өзгертулер мен толықтырулар енгiзудi қарастырады. Бұл исламдық банктер мен исламдық инвестициялық қорлардың ешқандай кедергiсiз жұмыс жасауына, сондай-ақ, исламдық құнды қағаздарды шығаруға мүмкiндiк бередi. Ислам банкiнiң пайыздық ақы түрiнде сыйақы алуға құқығы жоқ және депозиттерге кепiлдендiру мiндеттемесiнiң жүйесiне қатыспайды. Әрбiр ислам банкiнiң жанынан Исламдық қаржыландыру қағидалары жөнiндегi кеңес құрылған. Кеңестiң мiндетi – банкте жүргiзiлетiн барлық операциялардың ислам қаржыландыру қағидаларына сәйкес болуын қадағалау. Исламдық инвестициялық қор инвестициялауды Шариғат заңдарына орай жүзеге асырады. Қордың барлық әрекетi Исламдық қаржыландыру қағидалары жөнiндегi кеңестiң жiтi назарында.

Үш жылдан берi экономикалық және қаржылық дағдарыстан еңсесiн тiктей алмай отырған әлем күнi кешеге дейiн әлемдiк экономика мен қаржылық жүйенiң тiрегi боп келген батыстық экономикалық үлгiге күмәнмен қарай бастады. Халықаралық сарапшылар қауымы дағдарыстың дауылына төтеп беруде төзiмдiлiгi сыр берген еуропалық үлгiнiң басты кемшiлiгi несиелiк пайыздық өлшемдер екендiгiн айтады. Бүгiнде қаржылық жүйедегi ақаулар мен кемшiлiктердi жөндеуде исламдық қаржыландыру тетiктерi сеп болмақ. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде Әбу-Даби қорында шетелдiк нарықты инвестициялауға қабiлеттi 800 млрд. доллар сақтаулы. Ал исламдық банктердiң еншiсiндегi қаражат – 750 млрд. доллар. Араб елдерiне тиесiлi инвестициялық қаржының жалпы көлемi 2 трлн. доллардан астам. Оның үстiне, исламдық қаржыландыру – жыл сайын 15-20 пайыздық өсiм көрсеткiшiне ие болған әлемдегi ең жедел әрi жылдам өсушi сала. Исламдық банкингтi дүниежүзiнiң 400-ден астам қаржылық құрылымдары тәжiрибеден өткiзуде. Бұл саладағы өсiм бiрiншi кезекте бүкiл әлем мұсылмандарының инвестицияларын Шариғат талаптарына сай өндiруге деген құлшынысының артуынан. Исламдық өнiмдерге қатысты сұраныс көлемiнiң жоғарлауы мұнай бағасының көтерiлуi нәтижесiнде, экономикалық көрсеткiштерi 2002 жылдан берi екi есеге көбейген Парсы шығанағы елдерiне тиесiлi байлықтың өсуiне де байланысты.

Қазiргi таңда инвесторлар қауымы қаржылық нарық түрлерiнiң көптiгiмен және икемдiлiгiмен ерекшеленетiн исламдық өнiмдерiне, әсiресе, Оңтүстiк-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдерiнiң инвестициялық капиталына қызығады. Оның үстiне, бұрынғыдай ас та төк пайдадан әрi арзан қаражат көздерiнен қағылған халықаралық қаржы саласының халi мүшкiл. Дамыған және дамушы елдер үшiн инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға ақша тарту барған сайын қиынға түсуде: бiрқатар нысандардағы құрылыс жұмыстары тоқтап қалды, өндiрiстi iске қосу үшiн қаражат керек, қаражат тапшылығының кесiрiнен банкротқа ұшыраған кәсiпорындар дүниежүзiндегi жұмыссыздар қатарын арттырды. Дәстүрлi банктiк несиелер мен ипотекалардың бұрынғы тартымдылығы бәсеңдеп барады. Негiзi қаражат тапшылығы барлық зайырлы мемлекеттерге әртүрлi деңгейде әсер еткенi белгiлi. Алайда, қаржылық жүйесi исламдық қағидаларға сай құрылған мемлекеттер дағдарыстан онша зиян шеккен жоқ. Сарапшылар қауымы мұны исламдық қаржыландыру жүйесiнiң артықшылықтарымен байланыстырады. Ең бастысы, мұсылман инвесторлардың Шариғат заңдарына сәйкес келмейтiн жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ, қару-жарақ, арақ-шарап, темекi, шошқа өнiмдерi, көңiл көтеретiн орындар (казино, кинотеатр т.б.), сақтандыру және келiсiмнен түсетiн пайыздар есебiнен қызмет ететiн қаржылық компаниялардың акцияларын сатып алуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, «риба», яғни, қарыздардың үстiнен түсетiн пайыздық ақыны алуға қатаң тыйым салынатыны кеңiнен белгiлi. Исламдық құқықта «риба» «шектен шығушылық» ретiнде қабылданады. Мұны қаржыға пайдалану пассивтiк капитал үшiн сыйақы төлеу, яғни, қол қусырып қарап отырып-ақ, пайдаға шашетектен кенелу болып табылады. Осы себептi, ақшаның үстiнен ақша табуға тыйым салынады. Демек, кез келген келiсiмнiң негiзiнде белгiлi бiр меншiк немесе инвестициялық жоба бар.

Дағдарыстар мен тоқырауларға төтеп беруге қашанда қауқарлы исламдық қаржыландырудың басты қағидаларының бiрi – қауiп-қатердiң ара-жiгiн ажыратып алу. Исламдық банкингтiң ерекшелiгi сол, банктердiң кiрiсi қаражатты әртүрлi жобаларға салу есебiнен қалыптасады. Банк не серiктес ретiнде (мүшарак келiсiмi), немесе траст қорлар ретiнде (мүдараб келiсiмi) әрекет етедi. Тараптар: банк те, клиент те қауiп-қатердiң жауапкершiлiгiн теңдей бөлiсетiндiктен, салынған қаражат көлемiне сәйкес, жобалардан келетiн пайда мен шығын оларға ортақ болады. Осылайша, исламдық банкингте сыйақыға кепiлдiк берiлмесе де, жобалардың тиiмдiлiгi мен инвестицияның қайтарылу жауапкершiлiгi келiсiмшарт жасасқан екi жаққа да бiрдей жүктеледi. Бұл жобалардың жүзеге асу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. Исламдық банк пен оның салымшыларының кiрiстерi кәсiпкерлiк арқылы қалыптасып, банктiң кiрiсi нақты бiр тауарлар түрiн өндiретiн операциялар барысында түзiледi. Демек, бұл қаражаттың тек өндiрiстiк мақсатта жұмыс iстейтiнiн байқатады.

Бүгiнде Қазақстан қаржылық саласы мығым Оңтүстiк-Азия мен Таяу Шығыс елдерiнен қаражат тартуға және қор нарығындағы қаражатты дербестендiруге мүдделi. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен исламдық қаржылық жүйеден құрылған мемлекеттерде өндiрiс пен сукук шығару көлемi төмендесе де, исламдық қаржылық жүйе пайыздық төлемдердiң есебiнен пайда табуға тыйым салудың арқасында қаражат дағдарысына төтеп беруге қауқарлы екендiгiн көрсеттi. Оған барлық инвестицияларды нақты активтермен қамтамасыз ету де сеп. Бұл исламдық қаржылық жүйенiң зайырлы жүйеге қарағандағы басымдығын дәлелдейдi. Келешегiнiң жарқындығы және уақыт өткен сайын беделiнiң артуы исламдық қаржылық саланың қарқынды дамуына ықпал етедi. 2013 жылға қарай исламдық банктер мен қаржылық құрылымдардың жалпы активтерi 1 трлн. АҚШ долларына дейiн өседi деген болжам бар. Қазiр көптеген елдердiң қаржыгерлерi мен мемлекеттiк органдар өкiлдерi аталған саланың тиiмдiлiгiне сенiмдi болғандықтан, өз елдерiне исламдық банкингтi енгiзуге тырысуда. Исламдық банкингке қызыққан ТМД елдерi арасында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Әзiрбайжан да бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары