ҒАРЫШТЫ ИГЕРУГЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КҮШI ЖЕТПЕЙ ОТЫР

ҒАРЫШТЫ ИГЕРУГЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КҮШI ЖЕТПЕЙ ОТЫР

ҒАРЫШТЫ ИГЕРУГЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КҮШI ЖЕТПЕЙ ОТЫР
ашық дереккөзі
361
Ресей депутатының орынсыз өкпесi
 

Сәрсенбiде таңғы сағат 9.45 «Союз У» зымыраны ғарышқа ұшырылды. Ал улы түтiн қазақ жерiнде қала бердi.

Таяуда депутат Михаил Ненашев "екi ел арасындағы стратегиялық әрiптестiктi Қазақстан тарапы бұзып отыр" деп салды Думаның кезектi отырысында. Ол аз болғандай, жарты ғасырға жердi жалға берiп отырған "Қазғарышқа" өкпесiн түйнектеп тұрып тiзiп бердi. Бұл туралы ресейлiк ақпарат алпауыттары "Интерфакс" және "Вести" мәлiмдедi. Байқоңырға қатысты айтылған ашулы айқайдың орынсыз екенiн Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң басшысы Талғат Мұсабаев қазақ бұқаралық ақпарат құралдарына тәптiштеп түсiндiрiп берген. Тағылған айыптың адуындысы да ауыры – жаңа "Қазсат" байланыс аппаратының бұрынғыдай Ресейде емес, Израиль мен Франция компанияларында құрастырылатындығы. Бұл мәселе өз кезегiнде Дума депутатының ашуын әбден қоздырған секiлдi. "Ресейдiң ғарыш саласының көмегiмен күн көрiп отырған Қазақстан бiздiң өндiрiске қызығушылық танытпай отыр. Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң басшысы Талғат Мұсабаев Ресейден тыс шетелмен байланыс жасапты. Атап айтсам, Германия, Үндiстан, Италия, Канада, АҚШ және Жапония, Малайзия елдерiмен ғарыш саласында байланыс орнатып, Ресейдiң ғарышты игеруiне кедергi келтiрiп отыр" дедi депутат. "Қазсат" аппаратын жасауға Франциядан басқа да мемлекеттердiң қатысатыны рас. Қазақстан ұлттық ғарыш агенттiгiнiң басшысы Талғат Мұсабаев: – “Ресейдiң тағып отырған айыптарын жөнсiз деп санаймын. Бұған дейiнгi екi байланыс аппараты Ресейдiң Хруничев орталығында әзiрлендi және де осы төңiректегi келiсiмшарттар "Қазғарыштың" құрылуына дейiн жасалған. Ендеше ешбiр кикiлжiңге орын жоқ”, – деп түйдi. Алайда, орынсыз сөз бықсытқан М.Ненашев ғарыш айлағына қатысты бiр-ақ мәселемен шектеле қоймады. Сiрә, 15 жыл аралығында көкейкестi мәселелер қордаланып қалса керек. "Ресей Байқоңырды он жылға жалдағаны үшiн бiр миллиард доллар төледi, алайда айлақ эксплуатациясының жүзеге асырылуы өте нашар" деп соқты ол. Бұл пiкiрдiң де асығыс айтылғандығын Талғат Мұсабаев терiске шығарды. “–Оның жөнi бiр бөлек. Өйткенi, ҚР тек Ресейдiң тапсырысы бойынша зымырандар ұшыратыны белгiлi. Бiрiншi "Қазсатта" қате кеткендiктен, екiншi ғарыштық байланыс аппаратының жасалуы ұзаққа созылды. Тiптi бiрiншi сапардың сақтандыру құжаттары да түгелдей берiлген жоқ”, – дедi. Биыл Байқоңырды жалға бергенiмiзге 15 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында Ресейдiң ғарыш индустриясына елеулi үлестi дәл Байқоңыр қосып келедi. Қайтарымы қанша екенi әлi күнге күмәндi. "Қазсат" ғарыштық байланыс аппаратын жасауды Израиль мен Франция фирмалары қолға алғаны рас. Бұл ретте Ресей тарапына сенiм азайған-ды. Себебi, естерiңiзде болса, бұған дейiнгi аппараттың ғарыш кеңiстiгiнiң қай бөлiгiнде қалғаны беймәлiм. Франциялық EADS Astrium компаниясы негiзгi әрiптес ретiнде таңдалып алынды. "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы Франциямен келiсiмшартты бекiтiп те қойса керек. Осы келiсiмшартқа бола күйiп-пiскен депутат ғарыш саласындағы ресейлiк бағдарламалардың зая кететiндiгiн де айтып қалды. "Жылдан-жылға зымыранды ғарышқа ұшыру Қазақстан позициясының кесiрiнен қиынға соғып келедi. Бiздiң ғарыштық бағдарламаға сәйкес бекiтiлген ұшырулар кестесi әлдеқашан бұзылып кеттi. Мәселен, соңғы кездегi "Протон-М" блогына тiркелетiн "Бриз-М" және Eutelsat W7 ғарыштық байланыс аппаратының ұшуына Қазақстан шенеунiктерi екi ай бойы рұқсат бермей қойды", – дейдi Дума депутаты. Ал бұл мәселенiң басы ашық. Себебi елiмiзде жергiлiктi жердiң экологиясына орны толмас зиян келiп жатыр. "Протон М" негiзгi блок болғанымен, одан өте улы "гептил" газы бөлiнедi. Соның салдарынан бiздiң үкiмет осы зымыранның ұшырылмауын қалап отыр. "Бұл жағдайлар өте көп қайталанады, – дейдi Михаил Ненашев, – Тiптi 2007 жылғы ұшырылатын зымырандар кестесi мен 2008-2009 жылдардың кестелерiн Қазақстан тарапы бекiтпей қойды. Ал бiр ғана ғарыш аппаратын ұшыру үшiн бiз бiр жыл бұрын рұқсат алуымыз керек екен. Олай болса қандай дипломатиялық қарым-қатынас көрiп тұрсыздар? Бiз не үшiн жыл сайын миллиондаған қаржы төлеп отырмыз?" – деп ашу шақырды. Жалға алынған жердiң төлемiнен тыс, әрбiр ұшырылған зымыран үшiн де қаржы төленетiнi рас. Әйтсе де, Байқоңырға жақын Төретам және Ақай елдi мекендерiнiң экологиясы оларды селк еткiзе алмады. "Протон-М" Ресейдiң жоғарғы кластағы негiзгi зымыраны болып табылады. ҚҰҒ агенттiгi бұл кластағы зымырандардың ұшырылуын қысқарту керек деген ұстанымда.
БАЙҚОҢЫР
 

Байқоңыр ғарыш айлағында 18-қаңтардан бастап ауыр жүктi "Прогресс М-04М" кемесi тiркелген "Союз-У" зымыранын ұшыру жұмыстары басталып кеттi. Зымыранды ғарыш кеңiстiгiне аттандыру жоспарға сәйкес кеше, 3 ақпанда жүзеге асырылды.

Сондай-ақ "Қазғарыш" екiжақты келiсiмшартты жаңаша қарастыруды көздеп отыр. Мұндай жағдайда Ресейдiң есебi тағы түгенделмей қалады. Себебi, ғарыш айлағының жұмысына көңiлi толмай, бар билiктi қолына алғысы келетiн көрiнедi. Сондықтан, "қомақты қаржыны" не үшiн берiп отырмыз деген сауал "Роскосмостың" көкейiн тесiп бара жатса керек. Бiрақ, бiздiң елiмiз қаншалықты қаржы алса да, экологияға орны толмас зиян келiп жатқанын ескерусiз қалдырып отыр. Бұл мәселенiң жауабы ретiнде "Интерфакс" агенттiгiне берген сұхбатында Михаил Ненашев жылына 1 миллиард доллардан астам қаржы бөлiнгенiн алға салды. Бұл ақы Қырымдағы Қаратеңiз флоты үшiн Украинаға берiлген қаржыдан бiрнеше есеге артық. Сондай-ақ, депутат Қырымның курортты, демалыс аймағы екенiн еске сала отырып, Арал теңiзiнiң түгелiмен тартылып қалу алдында тұрғанын, яғни онсызда экологиясы нашар аймаққа жататындығын айтты. Оның айтуынша, қазақ елi ештеңе жоғалтпайды екен, керiсiнше керексiз аумақты тиiмдi пайдаланып отырған көрiнедi. Соған қарамастан Ресей үкiметi Байқоңырда болған қызметкерлердiң еңбек демалысына қосымша бiр күн қосып бередi екен. 2009 жылдың қараша айында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халық сауалдарына тiкелей эфирде жауап берген-дi. Мiне, сонда Астанада жиi болатын боран Байқоңырда ұшырылатын зымырандардың кесiрiнен болатыны қозғалды. Елбасы дәп осы ұшыру айлағының арқасында ел экономикасына келген қомақты қаржыны, сондай-ақ Ресеймен және басқа да елдермен дипломатиялық қарым-қатынас тығыз екенiн айтты. Әсiлi, ұлттық ғарышқа ұшыру орталығының тиiмдi екенi дәлелдеудi қажет етпейдi. Байқоңыр ғарышқа ұшыру айлағындағы ең iрi жобалардың бiрi – "Бәйтерек" кешенi. Ол Байқоңырдан орбитаға 24 тонна, ал геостационарлы орбитаға 4 тоннадай пайдалы заттарды тiркеп шығара алады.
САУД АРАБИЯСЫНА IС-САПАР
 

Жақында Ұлттық ғарыш агенттiгi делегациясы Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне барып қайтты. Бұл iс-сапар барысында Ислам Конференция Ұйымының басшылығымен келiссөздер жүргiзiлдi. Жиылыста қаралған басты мәселе – жасанды жер серiктерiн жасау. Екiжақты қарастырылған келiссөздер нәтижесiнде ғылыми орталық болып саналатын Абдель Азиз қаласының вице-президентi Қазақстанға келiп, елiмiздiң ғылыми-техникалық потенциалын бақыламақ. Сондай-ақ нанотехнологияларды енгiзуде бiрнеше жобалар қолға алынып отыр.

Келесi мәселе – қазiргi таңда актуалдылыққа ие болып отырған ғарышты зерттеу және ғарыштық туризмге жiтi көңiл бөлiндi. "Болашақта өз ғарыштық индустриямызды дамытып қана қоймай, сонымен қатар экономикамыздың ғарыш саласына iрi көлемдi инвестициялар салынатын болады" дедi Талғат Мұсабаев. 2010 жылы Байқоңырды жалға беру туралы Ресей мен Қазақстан арасындағы келiсiмге 15 жыл толады. Осы жылдар аралығында талай зымырандар ұшырылып, жергiлiктi жердiң экологиясына да орасан зиянын тигiзуде. Алайда, Ресей үкiметi жартығасырлық келiсiм болмағанда, Қазақстанның Байқоңырды сақтап қалуы екiталай дегендi айтып жүр. Оған тiптi мысалы да бар көрiнедi. Мәселен, Қырғызстандағы КСРО тұсында авиациялық кадрларды дайындау және жетiлдiру орталық курстары бар авиаполкi салынған-тұғын. Кеңес үкiметi тұсында бiрнеше жыл бойында үздiксiз жұмыс атқарып тұрды. 1992 жылы авиаполк Қырғызстанның юрисдикциясының қарамағына өттi де, бiраз уақыттан кейiн жарамды болмай қалды. Олардың авиаполктi ұстап тұратын қаражаты жетiспедi. Ал бiрнеше зымыран дивизиясы, екi аэродромы, азот пен оттегi өндiретiн зауыты бар бүтiн бiр ғарыш айлағын қамтамасыз ету оңай емес екенi тағы бар. 90-жылдардағы дағдарыста Қазақстанның айлақты ұстап тұру қаражаты жеткiлiксiз болар едi дейдi Ресей үкiметi. Шынымен-ақ ғарышты толыққанды игеруге Қазақстанның күшi келмей ме? Кiм бiлсiн…
Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары