"ҚҰЛДЫҚ САНАМЕН" ӨМIР СҮРУ — ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН ТАҒДЫРЫ МА?

"ҚҰЛДЫҚ САНАМЕН" ӨМIР СҮРУ — ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН ТАҒДЫРЫ МА?

"ҚҰЛДЫҚ САНАМЕН" ӨМIР СҮРУ — ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛҒАН ТАҒДЫРЫ МА?
ашық дереккөзі
511

Әркiм-ақ: "Мен өз бiлгенiммен ойлаймын, оған өзге бiреудiң әсерi шамалы", — деуге бейiм. Солай деп айтушы өзiнiң ерекшелiгiн сезiнедi, және де, сол сезiмнен алабөтен рахат күйге бөленедi… Адам баласының жаратылысында жатқан бұл "астамшылықты" мойындамаудың өзi әбестiк: себебi, әркiмнiң өзi өмiр сүрiп отырған орта шындығының мәнiн өз бетiмен ұғуға тырысқаны айып емес. Бұдан өзгеше бiр iлiк iздеудiң де қажетi жоқ…

Дегенмен, бұл мәселе дәл осылай тұжырымдап қоя салатындай тым қарапайым емес. Оны кең ұғу үшiн әркiм де, алдымен, өзi қандай қоғамда өмiр сүрiп отырғандығын анықтап алуы қажет. Қазiр бiздiң қоғам туралы сөз болғанда сарапшылар "қазақстандық авторитаризм" туралы көп жаза бастады. "Ол не?" деп "Философиялық энциклопедияға" көз салдық. Онда: "Авторитаризм (латынша auctoritas — билiк, ықпал ету дегендi бiлдiредi) — антидемократиялық және заңсыз билiк етудiң түрi. Оған азиялық деспотизмдi, тиранияны, әскери-полициялық және фашистiк режимдер мен казармалық коммунизм түрлерiн жатқызуға болады. А. жағдайында бiр адамның немесе кланның заңсыз билiгiне шек қойылмайды және ол халықтың бақылауынан тысқары, азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың құқы мен еркi шектеулi. Мұндай қоғамда демократиялық шешiмдер болмайды, немесе, халыққа оның алдамшы түрi ұсынылады. Халық саяси манипуляциялардың объектiсiне айналады" — делiнген (Философиялық энциклопедиялық сөздiк. М.: 1989). Авторитарлық қоғамның мұндай сипаттамасын энциклопедия берiп отыр. Ал ендi өзiмiзге келсек, энциклопедияда айтылған анықтамалардың бiразы бiздiң қоғамға тән екенiн байқаймыз — белгiлерi бiздiң қоғамдық қатынастар жүйесiнде толығымен орын алған. Сонымен, бiр сөзбен айтқанда: "бiз демократиясы шектеулi авторитарлық қоғамда өмiр сүрудемiз" — деп мойындауымызға әбден болады. Өйткенi, бiздiң билiк те қоғам өмiрiн толық уысында ұстап отыр, демократиялық үрдiстердi түрлi жолдармен шектеуге ұмтылысын ешкiмнен жасырмай ашық жүргiзiп отыр. Мысалы, билiк партиясының басшылары анда-санда: "Бiз билiктемiз, сол себептi де бiздiң қалауымыз қашанда орындалатын болады" — деп ағынан жарылады. Солай дей отырып, олар: "Бiз өз шешiмдерiмiздiң мемлекет пен оны құраушы халықтың мүддесiне толық сәйкес екендiгiн дәлелдеуге әзiрмiз" деген сөздi айтпайды. Неге десеңiз, авторитарлы билiк ондайға үйренбеген, әрi оны қажет етпейдi. Олар үшiн бiр ғана шындық — "өз қалауы" ғана бар. Одан өзге шындықтың болуы мүмкiн әрi қажет емес. (Осы уақытқа дейiн билiк жоспарлаған реформалардың барлығы дерлiк аяқсыз қалуы, мүмкiн, содан болар… "Ол жобаларға халықтың қанша қаржысы шығындалды?", "Ол үшiн кiм жауапты?", "Аяқсыз қалуының себебi неде?", "Жобалар әуел бастан қате болды ма, болмаса, оның iске аспауына төтенше бiр жағдайлар әсер еттi ме?" деген сұрақтар қоғамда қордаланған үстiне қордалана түсуде. Ешқайсысына жауап берiлмеуде). "Шындығы" шындық болмай шыққан билiк өз қателiгiн мойындаудан әркез басын алып қашуға тырысады. Оның орнына "бiзде бәрi жақсы", "жоспар бойынша дамуды қамтамасыз етудемiз" және т.с.с. уәделердi үйiп-төгуден айныған емес. Уәделер орындалмай, қалың елдiң тұрмыс жағдайы оңала алмай шаршаған халықтың билiкке деген сенiмi "қарқынды" жоғалып жатса да — "нарцицизммен" шалыққан билiк оны көргiсi келмейдi. Әлде, "мен өз ойыммен жүремiн" дегенге қатты сенiп кеткенi соншалық, сенiмнiң сарқылып бара жатқанын көре алмайтын халге түскен бе? Дегенмен де, сөйткен билiк арасынан анда-санда бiреу шығып "Қазақ құлдық санадан арылмаған халық!" деп қоярын қайтерсiң! Олар, сiрә, "құлдық санадан" арылмаған халық "өз шындығын iздемейдi, жоғын жоқтамайды, бәрiн де ұмытып кетедi" деп бек санайтын болса керек. Әлде, қоғамның тұралап қалуы соның әсерiнен деп ойлай ма?..

Бiрақ бiзде әдiл сайлаулар өтiп, халықтың шынайы таңдауын байқаған қадам болды ма өзi? Кiм билiк жүйесiнде жайлаған коррупцияны жойып, халықтың жасампаздық қабiлетiн сынап көрдi екен? Оның орнына: "е-е, бұлар құлдық санадағылар ғой, қолынан не келедi" дей салуын халықтан оқшауланып алған билiктiң өз қателiгi мен болмысын ақтап алудың ең оңай, ең төте жолы демеске амал жоқ. (Ондай қадам түгiлi бұранда бұрынғыдан да бетер қатая түсуде…)

Бiзде қазiр әркiмге бiрдей мiндеттi заңды да бұрмалау жиi көрiнiс беретiн болды. Бұл — авторитарлы қоғамның ушыққан түрiне жататын тоталитарлық қоғамның сипаттарының пайда болуының белгiсi. Егер бұл үрдiс одан әрмен ұлғая түссе — толыққанды тоталитарлық қоғамның да ауылы алыс емес. Осыны ескере отырып, әрi, ойымызды әрмен қарай өрбiту үшiн, бiз "тоталитаризм элементтерi араласқан авторитарлық қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз" деген тұжырымды нысана етiп аламыз. Ол "құлдық сана" ретiнде бiзге "таңылып" отырған қоғамдық сана феноменiн зерделеу үшiн қажет.

Өткен жылы өмiрден өткен кең тынысты философ Н.Сейтахметов "тоталитарлық қоғамдарда қоғамдық сана әрқашанда фрагментарлық тұрғыда көрiнiс табады" — дейдi (Н.Сейтахметов. Нравственный принцип германского идеализма. Алматы, 2007 36-б.). Себебi, тоталитарлық билiк тек қана өз мақсатына сай келетiн ой-пiкiрдi алға шығарып, өзiне зиянды деп санайтын ойды тұншықтырумен болады. Ондағы билiктiң әрекетi бүкiл қоғам ойының тұтас палитрасын қамтымайтыны себептi қолға алынған мемлекеттiк iстер де жеке мақсаттарды қамтамасыз етумен шектелiп отырады. Ең өкiнiштiсi, мұндай жағдайда қоғамдағы азаматтардың көбi сол тоталитарлық билiкке тән фрагментарлық сананы шындықтың шыңы деп қабылдай бастайды. Ал, шын мәнiсiнде, билiктiң көзқарасы қоғамның шынайы болмысынан алшақ болуы себептi, қоғам өз потенциалын мүмкiндiгiне сай дамуын қамтамасыз ете алмайды. Билiк үнемi де "барлығы де ел-жұрттың мүддесi үшiн" деп айтып жатқанымен, шындықтың түбi билiкпен астарласқан элитарлы топтың — тоталитарлық билiктiң мүддесi төңiрегiнде болады. Ал осылай болып отыруы себептi, әрi, осыған байланысты қоғамға ұсынылатын "шындық" жасанды болады. Мұнда қоғамның шынайы келбетiн бейнелейтiн объективтi шындық пен авторитарлы билiк ұсынып, дұрыстығына күмән келтiруге тыйым салынған субъективтi шындықтың арасы жер мен көктей болып кетедi. Қоғамда қайшылық арта түседi. Егер қоғам өзiнiң шынайы болмысына сай өмiрге қолы жетпесе, онда ондағы санаға сiңдiрiлетiн "шындық дейтiн шындық" — шындық емес, түпкiлiктi мақсатында жалған болады.

Қоғам туралы небiр ғылыми теориялар бар. Әдетте көпшiлiк "арнайы бiлiмiмiз жоқ, оны түсiнбеймiз" деп, қоғам туралы ойдан қашқақтап, өз бетiмен жүргендi құп көредi. Солайы солай-ау, арнайы бiлiм болғанға не жетсiн! Онда қоғамды ұғу да жеңiл болар едi. Бiрақ бүкiл халықты осы бағытта жаппай сауаттандыру мүмкiн емес, әрi ол қажет пе? Оның үстiне, қазiргi жағдайымызда тым сауатты әрi белсендi қоғам авторитарлы билiктiң мүддесiне еш сәйкес келмейтiндiктен — ондай идеяның жүзеге асуы да екiталай. Дегенмен, қоғам өмiрiн ұғудың ең қарапайым әдiстерi бар. Егер әркiм де қоғамды жеке адам тағдырымен ұштастыра қарауға, қоғам өмiрiн жеке адам өмiрiмен салыстыра қарауға үйренсе — көп нәрсенiң жұмбағы оңай ашылар едi. Ол үшiн адамға шым-шытырық теорияларды меңгерiп қажетi жоқ, адамның өмiр тәжiрибесiнiң өзi жеткiлiктi. Мәселен, кез келген адам табиғатынан берiлген болмысқа сай өмiр сүре ала ма? Жоқ. Егер ондай заман туса жер бетiнде әлдеқашан жұмақ орнауы тиiс болатұғын… Адамдардың көпшiлiгi өздерiне мүмкiндiк ретiнде берiлген "жұлдызды ғұмырын" өз бастарынан өткермей-ақ өмiрiн сарқып алады. Дегенмен, қалай болғанда да, адамның өмiрi бос өттi деуге сiрә да болмас. Ол, бәрiбiр, өзiне табиғат жүктеген ұрпақ жалғастыру, алдыңғы ұрпақтан сiңiрген тәжiрибенi (тiл, мәдениет, салт-дәстүр) келер ұрпақтың бойына егу сияқты негiзгi адами мiндеттерiн жүзеге асырады. (…Иә, бiреу бұл миссияны орындау жолында керемет етiкшi болып алды. Бiрақ ол қабiлетiне сай композитор болғанда қоғамға әлдеқайда мол пайда әкелер ме едi?.. Ендi, ол басқа әңгiме). Яғни, бұдан адам санасы (қоғамдық сана) көбiне-көп адамның (қоғамның) шынайы болмысын бейнелей алмайды деген қорытынды сұранып тұр. Бiз жеке адамға қатысты алғанда ондай жағдайды "қолының қысқалығынан ерiк-жiгерiн толық iске асыра алмады" — деп атап, өзгенi де, өзiмiздi де жұбатамыз. Әрине, соншалықты қайғыратындай бұл трагедия емес, бұл — тағдыр. Жеке адамның тағдыры болғандықтан бiз оған жанашырлықпен қарай аламыз. Ал өз потенциалын iске асыра алмай жатқан қоғам туралы не айтуға болады? Оған қатысты жанашырлық таныта аламыз ба? "Иә" десек қателесер едiк, өйткенi, бiз жеке адамға қатысты алғанда оқиғадан тысқары тұрамыз. Жаратылысқа сай оның азабын өзiмiздiкi сияқты қабылдай алмағандықтан — жанашыр ғанамыз. Ал қоғам өмiрiнде бiз оқиғаның iшiнде тұрамыз. Сол себептi де қоғамның зары мен қиналысы, мешеулiгi не қатыгездiгi және т.с.с. құбылыстар әрбiр адамды қамтитын құрсаулаған сыртқы күштер ретiнде көрiнiс табады. Сондықтан одан құтылу жолы жеке адамның емес, бүкiл қоғамның ғана қолынан келедi. Қоғам қолының қысқалығынан емес, өзiнiң өмiрiн дұрыс ұйымдастыра алмауының арқасында өзiнiң толық потенциалды мүмкiндiктерiн ашпайды. Соның арқасында қоғамның әрбiр мүшесi қиналыс пен күйзелiс жағдайына түседi. Мұндайда бөтен бiреуге емес, өзiңе өзiң "жанашыр" болу (күресу) қажеттiгi пайда болады. Соның өзiнде, ондай жоғарғы "қасиет" кiм көрiнгенге емес, мешеу қоғамның қасiретiн өз қасiретi деп ұғатын, фрагменттi тұрғыдан емес, тарих логикасын бiршама тұтас қамтуға қабiлеттi адамдарға ғана тән болады.

Осындай астарлы ақиқатты ұға қоймаған бiздiң кейбiр лауазымды тұлғаларымыз "қазақ әлi де құлдық санадан құтыла алмай жатыр" деп қайталағанды тәуiр көредi. Атүстi құлақ салған адамға бәрi де солай сияқты: құлдық санамен жүрген сорлы қазақ өз тiлiне мұрнын шүйiрiп қарайды, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерiн ұмытуда және т.б. дегендей. Егер басқаша түйiндер болсақ, онда, бұны — осы тарихи кезеңге жетiп, бiздiң санамызда қалыптасқан қазақ болмысының бiртiндеп жоғалып бара жатқанына наразылық ретiнде айтылған жан айқай десе де болар едi… Дегенмен, осы "құлдық санадан құтыла алмаған қазақ" деген сөздiң төңiрегiнде де бiраз ойланып көрген артық емес.

Құлдық сананың қазаққа ең түсiнiктi бастапқы белгiсi — "ләпбай". Шыңғыс Айтматовтың атышулы романындағы мәңгүрт тек бiр ғана "ләпбаймен" тiршiлiк ететiн ("өмiр сүретiн" деуге қимай тұрмын), қожайыны айтса болды туған анасын да өлтiруге (ұлтын сатуға, мемлекеттiлiгiн өз жан рахаты үшiн тәрк етуге және т.с.с.) даяр едi. Мәңгүрттiң "құлдық санасында" ешуақытта да ел мен жұрт, Отан деген ұғымдар болмайды. Бұл ұғымдар, сонымен бiрге, жанашырлық, аяушылық, күйзелу мен тебiрену деген сезiмдер оның бойынан мүлдем жоғалған. Мiнеки, нағыз құлдық сана деп осыны айтар едiк. Ал ендi лауазымды тұлға дәл осындай сананың түрiн бүтiн өз халқына нендей себеппен телiп отыр екен? Оған бұл не үшiн қажет? Ең оңайы "ел-жұртқа танымал азамат болғандықтан өзiнiң қандай патриот екенiн көрсету үшiн қажет" дей салса болар едi. Бiрақ олай дей алмаймыз, себебi, оның аузындағы "қазағымы" оның шын ниетiнен шығып отырғанын сезбеу мүмкiн емес. Сонда қалай болғаны, мәселе қалай қарай бұрылып бара жатыр?..

Жоғарыда бiз авторитарлық қоғамда қоғамдық сана фрагментарлы күйде болатынын айтып өттiк. Соның көрiнiсi "қазақтың құлдық санасы" туралы айтушы кейiпкерiмiздiң ойлау тәсiлiнен табылып отыр. Ол "қазақ құлдық санадан арылған жоқ" дей отырып, өзi сiңiсiп кеткен жүйе қалыбында, яғни, фрагментарлы түрде ойлайтынын паш еткенiн байқамайды. Әрине, жеке пiкiр ретiнде, оның айтқан ойы өткiр — әркiмнiң де намысын қытықтайды. Ал егер "зерттеу объектiсi" (қазақ халқы) тұрғысынан алсақ — демагогияның тура өзi! Ендi осыны таратып айтайық:

Авторитарлы билiк үшiн халықтың бұйығы болғаны — ең маңызды шарт. Ол үшiн қолдан келгеннiң бәрi жасалынады. Себебi, сонда ғана билiк халықтан бiршама тәуелсiз болуға қол жеткiзедi. Өз мақсатына алаңсыз қол жеткiзген билiк қана, немесе, сол билiктiң "отымен кiрiп, күлiмен шығатын" тұлға ғана өз халқына қатысты оның бұйығылығын "құлдық санадан арыла алмай отырған халық" деп бағалауға, халыққа осындай "үкiм" шығаруға қабiлеттi. (Әрине оған ондай құзыр берiлмесе де!) Ал, егер, бiздiң елде барлық шешiмдер халықпенен ақылдасып қабылданып жатса, қазба байлықтары шетелдiктерге халықтың рұқсатымен сатылып жатса, халық жерден өз еркiмен бас тартып, оны билiктен байлық жасап отырғандарға өткiзiп берiп жатса, халық тiлi мен дiлiнен жерiп, одан тезiрек құтылуға асығып жатса, ұлдарын казиноға, қыздарын "жезиноға" жетектеп апарып жатса — сонда ғана оны "құлдық санадан арылмаған" деп кiнәлауға болар едi. Ондай халықтың болашағы жоқ! Жойылып кетсе, болашақ тарихшылар "өз обалы өзiнен болды" деген болар едi… Бiрақ олай болып жатқан жоқ қой! "Құлдық сана" демей-ақ қояйық, тарихта әбден тепкi көрiп, санасы сансырап бұйығы күйге түскен халықты оның өз билiгi "халқымның еңсесiн көтеремiн, ездiк санадан құтқарамын!" деп шын ниетiмен бел шешiп кiрiссе кәнеки! Оның орнына өз халқының бұйығылығы мен төзiмдiлiгiн пайдаланған көп шенеунiктер "өз қалауымен" басқару жүйесiн орнатып, байып қалуға жанталасуда. Бұл әрекет олардың тұмшаланған тiршiлiгiнде қалыптағы жағдайға айналды. Ал оларға өз жағдайларын сақтау үшiн жуас халықты одан әрмен езе түсуден басқа амал жоқ. Сонда — "құлдық сана" кiмде: қарсыласуға дәрменсiз халықта болғаны ма? (Ескерту: халықтың еңсесiн басушы "ездiк сананы" "құлдық санамен" шатастыруға болмайды. Шынына келсек "ездiк сананың" емi бар. Ал "құлдық сананың" емi жоқ! Еңсе көтерiлсе — ездiк сана бiртiндеп академик Ғарифолла Есiм "жүзеге асқан арман" деп айтып жүрген "елдiк сана" деңгейiне шырқап көтерiле алар едi. Бiрақ, өкiнiшке орай, ол жағдай әлi де "жүзеге асуы тиiс арман" күйiнде қалып отырған жоқ па!). "Құлдық сана", әлде байлық пен билiкке көздерi тұманданып, бүкiл болмысымен соның құлына (қазақ оны "құлқынның құлы" деп дәл мағынасын берiп қойған) айналғандарда ма? Сөз басында айтылған "ләпбай" кiмнiң аузында қазiр? …Мiне, осы бiр қарапайым ақиқатты ұққанның өзiнде кез келген адам қоғам туралы түсiнiгiнде талай жерге барып қалары сөзсiз…

Мақаланы жазу кезiнде "құлдық сананың өкiлi" Төлеген деген жiгiт жолығып қалды. Әркiмнiң қытығына тиетiн тақырып болған соң, оған жата жабысып, пiкiрiн бiлуге тырыстым. Ол былай дедi: "— Билiкте жүргендер өздерiн мұнарланған шыңға шығып алғандай сезiнедi, халықтың алдында өздерiн астам ұстауға тырысады. Кешегi көше сыпырушыны билiкке қосып жiберсең, ертесiне ол әлгiндей болып шыға келедi. Оның түсiнiгiнде билiк бiр бөлек те, халық аморфты тұлға ретiнде — екiншi бөлек. Олар осы халық болмағанда оған ешқандай лауазым атаулы бұйырмаған боларын ұқпайды. Ұққысы келсе де ұқпайды, себебi, ол жақтағы қойылатын талап солай. Ал ендi осылардың қайсысы "құлдық санамен" ауырады — халық па, әлде халықты жолға салушы "элита" ма? Менiңше, билiктегiлер қожайынының айтқанымен жүрiп-тұруға үйренген. Өйткенi оларды халық емес, қожайын тағайындаған. Оның үстiне, билiкке келгендердi бiр мақсат — "билiк арқылы байып қалу" әрекетi бiрiктiредi. "Құлдық сана" дегендi өз сөзiммен түсiндiрiп көрейiн: “— Ең жоғарғы билеушi бүкiл халыққа "Жатыңдар!" деп бұйрық етiптi делiк. Халық жата кеттi. Ал билеушi бiр жұмыстарымен алаңдап, бұйрығын керi қайыруды ұмытып кетсе керек. Бiр уақыттан кейiн жата-жата жалыққан халықтың арасынан бiреу шығып: "Ау халайық, өстiп жата беремiз бе? Билеушiмiз бiрдемеге ұшырап қалмаса "тұрыңдар!" деп айтар кезi болды ғой" — дейдi. Сол сөзден кейiн әр жерден бiреулер "Қой, ең болмағанда тұрып темекiмiздi тартып алайық" деп көтерiле бастайды. Аз уақыттан кейiн халық түгелiмен тұрып алады. Қараса бiреулер әлi жатыр екен. Сөйтсе олар "жоғарыдан тұр деген сөз болған жоқ" деп жатқан бастықтар мен бастықсымақтар екен… Сонда "құлдық сана" кiмде болғаны? Халықта ма, әлде өздерi басымен байланған билiктiң сойылын соғып жүргендердiң өзiнде ме? Мiне, қызық сұрақ осы! Сондықтан жоғары трибунадан "халықтың құлдық санасы" деп сарнағандарды демагогтар демегенде кiм дерсiң?! Мiне, ешқандай "теорияны" меңгермеген қарапайым халықтың "даналығы" — осы. Одан "құлдық сананың" иiсi де сезiлмейдi.

Ретi келiп отырғанда ел арасында айтылып жүрген тағы да бiр мынадай қаңқу әңгiме еске түстi. Бiрде дiн жолына қатты түскен, "болдым-толдым" деген жiгiт елiне барған екен. Барса, елдегi ақсақалдар әруақтарына құран бағыштап дегендей… әйтеуiр өз бiлгендерiмен дiнiн ұстап жүрсе керек. Содан жiгiтiмiз "адасып жүрген" Құдайдың құлдарын тәрбиелемекке Һәм өзi "ең дұрыс" дейтiн дiнге салып жiбермекке ниет етiп, жұртты құдайы тамаққа шақырады. Тамақ желiнiп жұрт сыртқа шыққанда, бұл өз уағызын бастап кеп жiбередi. Қыза келе: "мұсылман дiнiнде суретке табыну — Аллаға серiк қосу", — дейдi екпiндеп. Жүгiрiп барып үйдiң төрiнде iлулi тұрған әкесiнiң суретiн алып шығады да: "Дiнге бұрылсақ осылай болайық, ағайын! Жаратушымыз Аллаға серiк қосуды доғарайық, ағайын!" деп суреттi жерге бiр-ақ ұрады. Әйнегi быт-шыт болған әке суретi желмен домалапты… Мұны үнсiз бақылап тұрған бiр ауыл ақсақалы шыдамы таусылып: "Әй, найсап! Ол сенiң әкең едi ғой. Ата-анаңды құрмет тұтып, есiңе алма деген қай шариғатта бар?" — деп, ашуға булығып ақырып жiберiп, бұрылып кете барыпты… Мiнеки, тiптен қасиеттi дiн "Адам — Алланың құлы" десе де, жалпы дiндар қауымның өзi мынадай "құлдықты" қаламайтын болып шықты…

Бұл және осы мағыналас сұрақтар адамзат үшiн мәңгiлiк сұрақ болып келедi. Бiздiң ұлы бабамыз әл-Фараби де кезiнде, мың жылдан аса уақыт бұрын, бұл мәселе туралы терең толғанысқа барған екен. Ол: "Дiннiң арқасында (бұл жерде дiндi бiлiм мен пиғыл мағынасында алу керек — Ә.Б.) көкiрегi ояу адамдардың баршасы да көздеген мақсаттарына жетуге мүмкiндiк алады" — дей отырып, ел билеудiң қаншалықты жауапкершiлiктi iс екенiн талдап бередi. Бiз Ұлы бабаның ойларын назардан тыс қалдыруды жөн көрмедiк:

"Егер ел билеушi шынайы қайырымдылықтың жаршысы бола бiлсе, онда оның халықты басқарудағы басшылық қызметi де сан-алуан жақсылық iстерге толы болады. Дәл осындай игiлiктi мақсатты ойдағыдай жүзеге асыра бiлгенде ғана елбасының өзi де, оның қол астындағы әрбiр адам да шексiз бақытқа кенеледi. Мұндай жағдай нағыз бақыттың өзi…

Ал ел билеушi надандықтың жолына түссе болғаны, ол мiндеттi түрде өзiнiң ойындағы арам пиғылдарын жүзеге асырудың жолдарын қарастыра бастайды. Сөйтiп, оның қызметiнде билiк пен мансап, тәкаппарлық пен паңқойлық, байлық пен масайраушылық басты орынға шығады. Дәл осындай жолға түскен ел билеушi шын мәнiсiнде бақытты болмаса да, өзiн тым бақытты сезiнедi. Мұндай ел билеушi тiкелей өзiне бағынышты адамдардың көмегi арқасында өз үстемдiгiн баянды етiп қана қоймай, оны одан әрi нығайта түсуге жанталасады. Алайда ел билеушi халқының қолын берекеге жеткiздiм деп есептегенiмен де, шын мәнiсiнде бұл игi мақсат жүзеге аспаған күйiнде қалып қояды. Мұндай пиғылдағы ел билеушiлер, әдетте, басқалармен салыстырғанда, өздерiн ерекшемiз деп санайды.

Жаңылыстар мен қателiктерге ұшыраған ел билеушi өзiнiң халықты басқарудағы қабiлеттерi мен даналық қасиеттерiнiң жоғары екендiгiне шек те келтiрмейдi. Дәл осылай болмаса да, оның өзi де, одан қалды оның қол астындағылар да дәл осылай ойлауға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда ел билеушiнiң өзi де, оның елi де шынайы бақытқа қолдарын жеткiзбесе де, оны сезiнгендей күй кешедi. Халықты басқарудың дәл осы сипаттағы жолдарының жалғандыққа негiзделгенiне қарамастан, бағынышты халық оны көп жағдайларда сезiнбей де қалады. Сондықтан да болар, олар ел билеушiнiң бойында рақымшылық пен даналық мол екендiгiне кәмiл сенедi. Мұндай көзбояушылықты билеушi де, оның қарамағындағылар да жан дүниесiмен нағыз бақытқа санайды. Сөйтiп, олар ел билеушiнi қолдау арқылы оның көкейiндегi надандық пен бiлiмсiздiктен туындаған мақсаттарының кейбiреулерiнiң орындалуына жағдай да туғызады". (Әлемдiк философиялық мұра. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. Алматы, "Жазушы" баспасы, 2005. 47-48 бб.)

Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың айтқан ескертулерiн оның бүгiнгi ұрпақтары ескермей, ол көрсеткен қателiктердi айна-қатесiз қайталап отырғанына қалайша таң қалмайсың! Фарабиге емес (ұлы адамдардың ойы да ұлы мәңгiлiк ақиқаттар), бүгiнгi ұрпақтарына! Өз қолдарына өзгеден емес, өз бабасынан мұра ретiнде қалған хрестоматиялық ақиқатты ұстай отырып, бар тiрлiгiн оған қарама-қайшы құрып жатқан ұрпақтарына! Сiрә, бұл жерде мәселе ол кiсi айтқан билiктiң бiлiктiлiгiне және пиғылына келiп тiрелiп жатса керек… Дегенмен, билiкте жүргендер де түгелге дерлiк әл-Фараби бабаның ұрпақтары емес пе?..

Әбдiрашит БӘКIРҰЛЫ, публицист, философ

Серіктес жаңалықтары