556
ҚОҚЫСТАҒЫ АҚ НАН ЖӘНЕ АШЫҚҚАН АДАМДАР
ҚОҚЫСТАҒЫ АҚ НАН ЖӘНЕ АШЫҚҚАН АДАМДАР
Кеше…
"Бiз соғысты көрген жоқпыз". Белгiлi жазушы Дулат Исабековтың шығармасы осылай аталушы едi. Рас, бiз соғысты көрген жоқпыз. Бiздiң әкелерiмiз де… Бiрақ, сол бiр сұрапыл жылдардың төлi болғаннан кейiн бе, әкем қиямат-қайымы мол жылдар туралы емiс-емiс есiнде қалған нәрселерiн айтып отыратын. Аштықты да, алапат соғысты да көрген жоқпыз. Тарихтан белгiлi сол бiр азапты жылдардағы оқиғалар туралы қаламгерлерiмiздiң шығармаларында жиi жазылды. Бiрiнiң бала кезi, бiрiнiң жастық шағы өттi сол күндерде. Олардың әрқайсысының есiнен бiр үзiм нан үшiн ұзын-сонар кезекке тұратын сонау бiр зұлматты жылдар әсте кетер ме? "Нан" деген сөздi естiгенде, ұйқы шайдай ашылады. Жетi түн iшiнде таң атып, күн шығып, он жетiмнiң тар бөлмесiне нұр шашырағандай болушы едi. "Нан" деген сөз — алыстағы ауылдан апаң келiп тұр дегенмен бiрдей. Айында-жылында ауылдан апаң келгенде кiшi қалта талқан, бiрер таба нан әкелер едi. Iнi-қарындасыңның аузынан жырып әкеп тұрғаны еске түскенде, талқан тамағыңнан өтпейдi-ау" демеушi ме едi "Интернат нанында" жазушы Шерхан Мұртаза. Ал, Қазақстанның халық әртiсi Зәмзәгүл Шәрiпова сол бiр қиын-қыстау күндермен бетпе-бет келген балалық шағын есiнен ешқашан шығарған емес. "Бiр ұмытпайтыным — интернаттың қара наны. Күнiне екi жүз грамм нан бердi. Әлгi нанның қаралығы сондай — тура көмiрдiң түсiндей, осы күнге дейiн дәл сондай қара нанды неден iстейдi екен деп ойлайтыным бар", — дейдi Зәмзәгүл апа өз естелiгiнде. Белгiлi қаламгер Сайын Мұратбековтың "Жабайы алма" повесiнде де жоғарыдағыдай оқиғалар кездеспеушi ме едi. Бiр үзiм нан үшiн масақ терген жесiр әйелдi зұлмат жылдардың құрбаны етiп, шиеттей балаларының көз жасына қарамастан, соттатып жiбермеп пе едi? Бүгiн… Оппа қардан сырғанап барып, жол шетiне әзер тоқтаған қызыл көлiктiң iшiнде жүргiзушiден бөлек, тағы бiр жолаушы бар екен. Көлiк жүргiзушiнiң аузы бiр тынар емес. Саясатты да, мәдениеттi де, тарихты да әңгiмеден тыс қалдырған жоқ. Алдыңғы орындықта отырған жолаушы анда-санда басын шұлғып қойғаны болмаса, дәрiс оқып тұрған ұстаздың моп-момақан шәкiртi сияқты, ұйып тыңдап келедi. Жүргiзушiнiң самбырлаған дауысына ерiксiз құлақ түресiң. Сөз ауанына қарағанда, бес уақыт намазын құр жiбермейтiн тақуа адам сияқты. Дiн туралы, адамдардың дiншiлдiгi туралы әңгiмелерi көңiлге қонады. "Сенесiз бе, бiзге Алла тағаланың шапағаты жауып тұр ғой. Қазақ деген момын халықпыз. Сол момындығымыздан шығар, Алланың қазаққа берген несiбесi де көл-көсiр" деп бiр қойды жүргiзушi. Әңгiменiң бағытын ағамыз ендi басқа жаққа аударды. "Менiң нағашы iнiм қоқыс шығаратын көлiктi айдайды, — деп бастады ендiгi әңгiменi жүргiзушi. — Сол айтады: "Аға, сенесiз бе, қаланың қоқыс жәшiктерiнен аптасына екi қапшық нан аламыз. Қатқан нан болса, бiрсәрi, жұм-жұмсақ, балбырап тұрған нандарды тастайды кейбiрi. Нанның қоқымы жерге түссе, алақанымызға жиып алатын халық едiк. Бұл адамдардың пейiлi не боп барады?" дейдi. Iнiмнен алғаш бұл сөздi естiгенде сұмдық хал кештiм. Әкем марқұм сонау соғыс жылдарында аштыққа шыдамай, балаларының нәсiбi үшiн, даладан үш келi масақ терiп алған көршiсiнiң пәленбай жылға сотталып кеткендiгi туралы жиi айтып отырушы едi. Бүгiнгi адамдар шынында не боп барады?" деп ауыр күрсiндi. Көлiк iшiндегi тыңдарман бiз де үнсiз қалдық. Үнсiздiктi жүргiзушiнiң өзi бұзды. "Алла Тағаламның қазаққа берер несiбесi азаймасын! Алланың берген қолдауы шығар, бидайымыз қамбаға сыймай, асып төгiлiп жатыр дейдi. Кейде адамдарға Алламның берген сол несiбесiн жерге тастамай, қадiрiне жетейiкшi дегiм келедi. Наннан құдiреттi ас бар ма? Адамзат баласы осыны неге ойланбайды екен деп уайымдаймын. Сосын бiр Алладан кешiрiм сұрап, жалбарынам", — дедi көлiк иесi. Көлiктен түскеннен кейiн де, әлгi жүргiзушiнiң айтқан әңгiмесi көңiлiмнен шықпай қойды. Көз алдыма әжем оралды. Әжем байғұс көзi көрмесе де, жерге түскен нанның қиқымын алақанымен сипалап, ыждағатпен жинап отырып: "Ботақандарым, наннан қасиеттi ешнәрсе жоқ. Нанды жерге тастамаңдар! Аш-жалаңаш өскен бiздер небiр зұлматты жылдарды бастан кештiк қой. Сол бiр сұрапыл кезеңдi сендердiң бастарыңа бермесiн! Сондықтан, нанды қадiрлеңдер" деушi едi жиi. Дәл қазiр әжем тiрi болса, апта сайын екi қапшық нанның далада, адамдардың табанының астында жататынын естiгенде не дейтiн едi деп ойладым. Көкiрегiн кере ауыр күрсiнiп, көз жасын бiр сығып алып, Тәңiрiнен кешiрiм сұрап, тынбай жалбарынары сөзсiз… P.S. Мүмкiн, көзiмiздi ашқалы нанның таршылығын көрмеген бiздер, оның қадiрiн бiлмейтiн де шығармыз. Бiрақ, наннан қасиеттi, наннан қымбат нәрсе жоғын бәрiмiз бiлемiз. Әлемде аштықта отырған қаншама адамдар бар. БҰҰ-ның жылдық қорытындысына сүйенсек, соңғы 2009 жылда жер бетiндегi ашыққан адамдардың саны 1 миллиардқа жетiптi. Синхуа агенттiгiнiң тiлшiсi көше кезiп, қайыр сұрап жүрген кiшкентай қыздан: "Мына дүниеден не тiлер едiң?",-деп сұрағанында, бүлдiршiннiң көзiнде от пайда болып: "Бiр қорап тәттi нан" деген екен. Ал, бiз болсақ, айдың-күннiң аманында нанды табанымызға таптап жүрмiз?!Гүлзина Бектасова