“АҒАЙЫНДЫНЫҢ” ҚАҚАҒАН АЯЗЫ АЛДА
“АҒАЙЫНДЫНЫҢ” ҚАҚАҒАН АЯЗЫ АЛДА
Табиғат қаңтар айында қаһарлы мiнез танытты. Жылда қыс келетiнiн бiлсе де, көптеген қалалар бұған дайын болмай шықты. Алматының көшелерi тазаланбай, ақыры қар өзi ерiген. Елiмiздiң барлық өңiрiнде қалың қар жауып, ащы аяз қыспаққа алды. Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында ауа-райының температурасы 45-50 градусқа дейiн төмендеп, кей жерлерде үскiрiк боран соқты. Қайсыбiр өңiрлерде кей адамның ақырғы демi үзiлдi. Кәрiн төккен қаңтардың қаһарлы күндерiнде аталған облыстарда бiлiм мекемелерi уақытша жабылып, оқушылар сабақтан босатылды. Қыс әлi аяқталған жоқ. Алда ақпанның ақырған аязы келуi мүмкiн. Қиын күндерден құзырлы мекемелер қандай сабақ алды? Алда бiздi не күтiп тұр?
Қазақ ақпан айын “ақпан-тоқпан” деп қосарлап атайды. Ертеден "ағайынды" деп те астарлап айтатын бұл айдың ақырған аязы адамдарды шошытушы едi. Бiздiң бейқамдығымыз қазiр бел алып бара жатқан сияқты. Әйтпесе, тағдырдың маңдайға жазғаны сол шығар, қаңтарда Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, 49 жастағы К.Құсайынованың қарлы боранда үсiп өлгенiн хабарлады. Министрлiктiң баспасөз өкiлi Елдор Әлiмғазыұлының айтуынша, Батыс Қазақстан облысының оңтүстiгiндегi ең шалғай Жәнiбек ауданына қарасты Ақкөбе селолық округының Нұрболат есiмдi тұрғыны қасына зайыбы мен төрт жасар ұлын ертiп, 2 шақырым жердегi көршi ауылға қонаққа барған. Олар қайтып келе жатқанда, қалың тұман түсiп, жүрген бағыттан жаңылысып, адасып кетедi. Не iстерiн бiлмей, дал болған отағасы әйелi мен баласын ықтасын бiр жерге қалдырып, өзi дереу ауылдан ат-шана әкелуге аттанады. Дүлей боранды жеңiп қайтып оралғанда бауыр етi баласын аман алып қалуға жанталасып, қақаған суықта үстiндегi бар жылы киiм-кешегiн ұлының үстiне жауып, өзi үсiктен бақи дүниеге аттанып кеткен зайыбын көрiп жанын қоярға жер таппай, егiлiп жылайды. Бұл жан түршiгерлiк оқиға сол сәтте-ақ бүкiл ауыл-аймаққа тарап үлгердi. Естiген жұрт марқұм Ананың ұмытылмас ерлiгiне таңдай қақты. Ертеңгi жарық күндi өзi көрмей кетсе де, баласының татар дәмiнiң таусылмауы үшiн жанын құрбандыққа қиған батыл Ана осы жүректiгi арқылы балаға деген махаббатының шексiздiгiн дәлелдегендей болды. Қайран ана, өмiрiнiң жалғасы – перзентi үшiн жанын тәсiлiм еттi. Мұндай жанпидалық, өзiн әркез құрбандыққа шалуға даярлық — қасиеттi қазақтың аналарына ғана тән қасиет! Ежелден солай. Жүректi ананың бұл әрекетi аналық махаббаттың мәңгiлiк екенiн көрсеттi. Кейбiр баласынан безiнген тасжүрек, қатыгез қоғамның опасыз аналарын көз алдыңа әкелсең, баласына қайта ғұмыр сыйлаған батыр Ананың әруағына мың рет тағзым жасағың келедi.
Өмiр қатал! Елiмiзде сауық-сайран қуған желiкпе қыздардың кесiрiнен Қазақстанда шамамен 50 мыңдай жетiм бала тiркелген. Оның көбiсiнiң ата-анасы тiрi болса да, тұл жетiм ретiнде жәутеңдеп жүр. Бiр ана баласын құтқармақ боп, өзiнiң өмiрiн қиса, екiншi аналар туған нәрестесiн тастап, тағдырдың талқысына қалдырады. Екi түрлi көзқарас, екi түрлi әлем. Бiрақ адамзат баласы қашанда адами құндылықты жоғары бағалаған. Бiз үшiн мына жалған дүниеде құйттай баласына тiршiлiк нәрiн сепкен Ананың жүрегi қымбат!
Иә, кенеттен суытқан қыс елiмiздiң тұрғындарын да, төтенше жағдайлар жөнiндегi құтқару қызметкерлерiн де бiраз әбiгерге салды. Жер-жерде төтенше оқиғалардың саны күрт артып, құтқару саласы мамандарына еш дамыл болмады. Мәселен, Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментiнiң баспасөз қызметiнiң мәлiметтерiне қарағанда, құтқару операциялық шарасы көбiнесе апатқа аяқасты душар болғандарға емес, сау басына сақина тiлеп алған балықшыларға арналыпты. Аз уақыт iшiнде Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментiне қарасты құтқару тобы Балқаш көлiне батуға шақ қалған 4 балықшыны аман алып қалса, Сарқан ауданында 7 маман тағы да елiккен жастардан құралған 4 балықшыны құтқарған. Осы сияқты 5 әуесқой-балықшы Алакөл көлiне демалуға келгенде, мұз жарылып кетедi. Алакөл аудандық құтқару тобы дер кезiнде жұмылдырылып, моторлы қайық арқылы әлгi байғұстардың өмiрiн сақтап қалды. Сондай-ақ Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Алтынемел асуында тұрып қалған төрт көлiк қар құрсауынан шығарып алынды. Алматы облысы Райымбек аудандық Өрт сөндiру бөлiмiнiң бастығы, подполковник Ерғали Талиповтың айтуынша, Алматы – Нарынқол жолындағы "Қайқы" асуында 19 адам мiнген 7 техникаға көмек көрсетiлген. Турасын айтсақ, құтқару қызметкерлерiнiң өз iсiне деген адалдығына, ерлiгiне тәнтi боласың. Алайда, төтенше оқиғалар орын алған кезде құтқару тобының техникалық құрал-жабдықтарының әлсiздiк танытқанын да жасыруға болмас. Ал оған мемлекет тарапынан көңiл аз бөлiнiп жатыр ма, әлде, министрлiктiң өзi "барға қанағат" етумен келе ме, ол жағы белгiсiз.
Бiз Алматы облыстық Төтенше жағдайлар жөнiндегi департамент бастығы Дәурен Дунаевты сөзге тартқанымызда, жаңа жылдың басынан берi төтенше жағдай 4 ауданда, атап айтқанда, Алакөл, Кербұлақ, Райымбек, Талғар ауданында орын алғанын айтты. "Бәрi де шекаралас аймақтар. Қаңтардың басынан 20-на дейiн 126 адам, 50 автотехника құтқарылды. Ешқандай шығын болған жоқ. Тiптi, 2-3 күнге дейiн созылған iздестiру жұмыстарының арқасында жоғалған адамдар табылып, аман-есен үйiне оралды".
– Осы құтқару шаралары кезiнде техникалық жағынан әлсiздiк танытқан жоқсыздар ма?
– Техника болған соң кемшiлiк болады. Бiрақ техникамыз жарты жолда, боранда қалдырып көрген жоқ. Күннiң суықтығына байланысты жанармайдың қоюланып кетуi жиi орын алады. Темiрдiң аты темiр. "Қыс шанаңды жазда қамда" демекшi, бiз жаз бойы дайындаламыз.
– Бiрақ та кешегi аязды күндерi қарапайым хабар-ошар жеткiзетiн рация құралының да жетiспеушiлiгi байқалған сияқты. Бұған не дейсiз?
– Әрине, бiздегi құрал-жабдықтардың бiразы ескiрдi. Техника болған соң iстен шығады, тозығы жетедi. Бiр жылдары жаңаға қол жеткiзiп, мәз болысып едiк. Соңғы бiр-екi жылда, яғни, дағдарыс дендеген уақытта жаңа құралдарға қол жеткiзуде бiраз кiдiрiс бар. Бiрақ қазiр бұрынғыға қарағанда, едәуiр жақсы деп қанағат етсек те, Төтенше жағдай мекемелерi заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлуi тиiс. Бәрiн 4-5 жыл сайын жаңартып отыру керек. Шүкiр, бiз қазiрдiң өзiнде "АССО-20" авариядан құтқару автокөлiгi және шынжыр табанды тягачтың көмегi арқылы соңғы 3 айда тынбай жұмыс iстеп, талай жанның өмiрiн аман алып қалдық.
Әңгiме бiр ғана облыстың төңiрегiнде орын алған оқиғалар тiзбегi жөнiнде өрбiдi. Ал, елiмiздiң басқа аймақтарындағы құтқару қызметкерлерi де дәл сондай ерлiк көрсеткенiн ерекше айта кеткен жөн. Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiктiң құтқару қызметтерi жаңа жыл басталғалы қар астында қалған 150 жеңiл көлiк, шағын автобустар мен жүк көлiктерiн, сондай-ақ 10 жолаушылар автобусын қардан аршып, жүздеген адамдарға қайта өмiр сыйлады. Ал қар құрсауынан 400-дей адам, 175 техника құтқарылса, өкiнiшке қарай, 8 адамның өмiрiн алып қалу мүмкiн болмады.
Қазiр елiмiздiң аймақтарында ауаның температурасы түсiп, қатты аяз сына бастады. Десек те, кейбiр өңiрлерде күретамыр жол бөгеттерi мен асулары бейқамдыққа жол беруге болмайтын күйде. Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк мамандары тұрғындардың өмiрiне алаңдап, аязды, боранды күндерi үйден ұзап шықпауды, алыс сапарлардан бас тарта тұруды қатаң ескертедi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ