Бақытжан МОМЫШҰЛЫ: ӘЛI КҮНГЕ БАУКЕҢНIҢ БАЛАСЫ БОП ЖҮРМIН...

Бақытжан МОМЫШҰЛЫ: ӘЛI КҮНГЕ БАУКЕҢНIҢ БАЛАСЫ БОП ЖҮРМIН...

Бақытжан МОМЫШҰЛЫ:  ӘЛI КҮНГЕ БАУКЕҢНIҢ БАЛАСЫ БОП ЖҮРМIН...
ашық дереккөзі
1893

Аты аңызға айналған батырларға қазақ халқы кенде болмағаны тарихтан белгiлi. Дегенмен, қазақтың Бауыржаны бiреу ғана. Бүгiнде батырдың 100 жылдығына байланысты шаралар елiмiздiң әр облыс, аудан көлемiнде басталып та кеттi.

Бiз батыр Бауыржан Момышұлына туған баласы Бақытжан Момышұлының тұрғысынан үңiлудi жөн көрдiк. Қара шаңырағына жүрексiне кiрiп, ондағы мамыражай қоңыр қазақи тiрлiкке көңiлiмiз толып, батыр ұрпағы өсiп-өнiп отырған ошақтан марқайып шықтық. — Бақытжан аға, Қазақстанда биылғы жыл — Момышұлының 100 жылдығы, яғни Сiздiң әулеттiң жылы ғой. Үкiмет не деп жатыр? — Әңгiменi сәлемнен бастайық. Газет оқырмандарын тарихқа енiп жатқан Барыс жылымен құттықтаймын. Әр қазақтың отбасына береке-бiрлiк, елiмiзге тыныштық тiлейiк. Бiз үшiн, әрине, бұл жыл ерекше жыл, әкемiздiң жүзжылдығы аталып өтетiн жыл. Дайындық бұдан үш-төрт жыл бұрын-ақ басталып кеткен. Сол кездегi әкiм Серiк Үмбетовтiң қолдауымен Жамбыл облыстық әкiмшiлiгi жанынан ғылыми орталық құрылды. Оны басқарған өзiмiздiң ағамыз, академик Мекемтас Мырзахметов деген азамат. Солар әкемiздiң шығармаларын, хаттарын, лекцияларын, 30 томдық энциклопедиялық анықтама кiтабын шығармақшы. Содан кейiн "Өнер" баспасы фотосурет альбом шығарды, 15 томдық шығармалары да оқырман қолына тиiп қалар деп отырмыз. Үкiмет тарапынан да бiраз қозғалыстар болып жатыр. Өкiнiшке орай, анық бекiтiлген жоқ қой деймiн, өйткенi қағазға түсiрiлген жоба-жоспарын әкелiп көрсеткен, бiрақ көңiлге онша қонбады. Ой-ұсыныстарымызды қостық, оны қабылдай ма, қабылдамай ма, жоғары жақ өздерi бiледi. Бiрақ әке аруағы алдында қарыз болып қалмайық деген оймен ептеп ұсыныстар енгiздiк, кiм бiлсiн, бекiтiлiп қалар. Ал, жалпы ондағы iс-шаралар мектептердегi кездесулер сияқты, жоғары оқу орындарындағы жүздесулер, айтыс, мерекелiк концерттер ғана екен. Республика көлемiнде өтетiндей ауыз толтырып айтарлық ештеңе де көре алмадым. Әкем – әскери адам. Ол кiсi артына өшпейтiн, өлмейтiн әскери ғылым қалдырған кiсi. Жасалған жоба-сценарийден әскери ештеңе көзге түспедi. Көп жылдан берi қарай елдiң де, қоғамдық ұйымдардың да өтiнiп сұрап жүргенi әкемнiң атында офицерлiк орден жасалса деген ұсынысын қостық. Өйткенi, егемендiк алғалы 18 жыл болды, осы он сегiз жылдың iшiнде әкем тәуелсiз Қазақстанның бiр жапырақ қағазына не наградасына ие болған жоқ. Көпшiлiк қателеседi, кейде "Халық қаһарманы" деп жазып жатады. Ол атақты әкем алған жоқ. Тiптi, кешегi үкiмет басшысына ұсынылатын мерекелiк шараның жобасында да осылай аталыпты. Бiз қаһармандық сұрамаймыз да, тiптi қазiргi кезде бұл атақ дәрiгер, саудагер, кәсiпкер, әртiстерге де берiлiп жатыр. Кейде, бұл атақтың әкеме керегi де жоқ деп ойлаймын. Мен әскери шендегiлерге офицерлiк орден тағайындалса дегендi сұрадым. Сосын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi, әкемнiң алғашқы мамандығы финансист-банкир болған. Бұл кiсi Ленинградтың финакадемиясын бiтiрген. Қазiргi "ТұранӘлем" банкiсi ол кезде "Промстрой" деп аталған. Осы банктiң негiзiнде "ТұранӘлемнiң" 80 жылдық мерейтойындағы "Алғашқы қазақ банкирлерi" деген тiзiмде әкем екiншi болып тұр. Академияны бiтiрiп келгеннен кейiн осы банкте жұмыс iстеп, аз уақытта қызметi жоғарылап, алған мақтау қағаздары мен сыйақыларының түбiртектерiне дейiн банк архивiнде сақталыпты. Осыдан кейiн маған тағы бiр ой түстi: “неге ескерткiш монета шығармасқа деген?” Әкемнiң жүз жылдығы қайталана бермейдi ғой, осы бiр ұрымтал тұста осы тiрлiк те жүзеге асып кетсе деп ойлаймын. Содан кейiн тағы бiр таңқалдырғаны, мынау Шымкент, Алматы қалаларындағы өткiзiлетiн шаралар тiптi жоқтың қасы. Ал шын мәнiнде, әкем – Жамбыл мен Шымкентке ортақ перзент. Әкемнiң туған ауылы ол кезде Жамбыл облысына қараған. Түлкiбас, Сайрам Жуалыға қараған. Кейiн облыс аумағы қағазға түскенде Жуалы Жамбыл облысына кеттi де, әкемнiң ата-бабаларының, туыстарының 11 ауылы Түлкiбаста қалып қояды да, ал 5 ауыл бергi Жуалыда қалады. Сондықтан туған жер дегенде екi облысқа ортақ перзент деп тұрғаным сол. Көнекөз қариялар бұл туралы жақсы бiледi, әкемдi өз тумасы деп есептейдi. Бiрақ жобада Шымкент, яғни Оңтүстiк Қазақстан облысы мүлдем жоқ. Ең бiр сорақысы, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке дайындалған жобада “Кеңес Одағының батыры”, “Қазақстанның Халық қаһарманы” деп тұр. Айналайындар-ау, сонда Президент аппаратында отырғандар, жобаны жасағандар әкемнiң бұл атақты ресми түрде алмағанынан бейхабар болғаны ма?! Ән айтып, мерекелiк концерт, айтыс, кездесулермен шектелмей, ғылыми конференциялар өтсiн, жыл бойы әскери бөлiмдерде әкемнiң жазып кеткен, артына қалдырған үлгi-өнегесiнен үздiксiз оқулар неге өткiзбеске?! Әкемнiң атындағы №131 мектеп мұндай шараларды үнемi ұйымдастырып жатады. Жақында №17 мектептегi өткен жиынға Зейнеп апаларың қатысып келдi. Ал, жоғары оқу орындарының көпшiлiгi ақылы болғандықтан, әйтеуiр ақшасын төлеп, диплом алса ғана болды, әлгiндей шаралар ұйымдастырыла бермейдi. Оқу орындарындағы әскери оқулардың барлығында әкемнiң отансүйгiштiгi, әскери патриоттық үрдiсi тереңдеп жүргiзiлсе, әншейiн даңғазалықтың түк те қажетi жоқ. Елдiң, қазақтың елдiгiне сын, өйткенi, қазақ үшiн, сол қазақтың ұлан-ғайыр кең даласын, жерiн сүйiп өткен әкемдей қазақ батырлары жоқ емес, тарихтан оларды сызып тастауға болмас, дегенмен, соңғы жүз жылда туған қазақтың Бауыржаны бiреу ғана. Бауыржан мен қазақ – егiз ұғым деп қабылдау керек! Өйткенi, қазақ әкемдi бөлген жоқ, ал әкем қазақты бөлген жоқ. Сондықтан да бiздiң шаңырақтың ғана емес, бұл елдiң, бүтiн қазақтың тойы болуға тиiс. Елдiң рухын, жастарымыздың патриоттық сезiмiн оятатын той болуы керек. Тағы айта кететiн нәрсе, 1991 жылы Қарамановтың премьер-министр кезiнде, сол кiсiнiң қолы қойылған қаулыда Алматы қаласында әкеме ескерткiш орнатуға қаулы шығарған. Сол қаулы әлi күнге жүзеге асқан жоқ. Өткен жолы Панфилов паркiне қоямыз дедi де, комиссия құрылып, бiздi шақырып, макетiн қарағанбыз. Көңiлiм толмады, образ жоқ, жансыз. Содан кейiн Момышұлы көшесi мен Райымбек даңғылының қиылысқан жерiне аллея ашып, тағы бiр орын дайындалды. Әуезов ауданының сол кездегi әкiмi Әдiл Несiпбаев деген азамат бауырымыз дайындады. Бiрақ ескерткiш қойылмады. Бұл жер қаланың сырты деп кейбiреулер рұқсат етпеген бе, түсiнiксiз жағдайда қалып қойды. Қайта қалаға кiре берiстегi, әдемi-ақ жер едi. Бiрақ бiздiң пiкiрiмiзбен санасып, шынын айту керек, сұрап жатқан адам жоқ. Менi тыңдар құлақ болса, мына паркке қоюға қарсымыз. Бiрiншiден, бұл паркте Отан қорғағандарға арналған Мәңгiлiк алау бар, монумент тұр. Екiншiден, бiр жағында ауған соғысының батырларына арналған ескерткiш, үшiншiден, батыр қалаларға арналған тас ескерткiштер тұр. Әр мемлекеттiң президенттерiне арналған ескерткiштер тағы тұр. Содан кейiн 28-панфиловшыларға арналған ескерткiштер де тұр, бiр жағында Панфиловтың ескерткiшi және бар. Қысылып-қымтырылып тұрған үш зеңбiрек, оның бәрiн былай қойғанда шiркеу тұр. Содан кейiн ол жерде қазақтың керемет азаматтары Кәрiпжанов, Бөрiбаевтың зираттары бар. Ал әкемнiң ескерткiшiн екi зеңбiректiң ортасына қоймақшы екен. Төменгi жағы көкбазар. Ескерткiшке гүл қоямыз дейтiндердiң көлiгi түгiл, өздерi де сыймайтын алақандай жер, тiптi қисынсыз. Комиссияға шақырылғанымда осы ойларымды айттым. Өкiнiшке орай, менсiз де шешiлiп қойған мәселе екен, көзбояу үшiн шақырылғандай болып қалдым. Ескерткiштiң өзi де қолапайсыз, тек шошайған папахасынан танымасаң, тiптi келмейдi. Әкемнiң бас киiм киюiнде де аңғарған адамға, сырт көзге бiлiнбейтiн бiр ерекшелiк бар. Ол кiсi бас киiмiнiң төбесi әдемi болып тұруы үшiн төбесiн жiппен жиырып киетiн. Образ жоқ. Осы жүзжылдық ұрымтал тұс, мұнан қалып қойса, Бауыржанға ескерткiш мүлдем қойылмай кететiн де шығар деген қорқыныш та жоқ емес. Өйткенi, сонау 1991 жылдан берi қанша рет қаулы шықса да орындалмай, жүзеге аспай бедерленген қағаздар бедiрейген күйi қалып келедi. "Халық бармайды" деген сылтау ғана. Қаланың шетiндегi аудан тұрғындары халық емес пе? Әкеме бас иiп, гүл қойғысы келгендер, қаланың қай шетi болса да тауып барады. Қала қонақтары болсын, жергiлiктi халық болсын бала-немерелерiмен барып серуендеп тұратын орнықты кең жерге қойылса деген ой ғой. Панфиловты ұстазы деп екеуiн парктiң екi жағына қоямыз деген ойлары дұрыс та шығар. Дегенмен, әкемнiң де ешкiмге қыстырылмай-қысылмай өзi-өз болып жарқырап тұратын орны бар ғой. Бауыржан жеке тұлға болуға тиiс. Астанадағы ескерткiштi орнатқанда Бөрiбай Жексембин өзi бiрге жүрiп, менi жиi-жиi шақырып, тынымсыз еңбек еттi. Нәтиже жаман болған жоқ. Ақылдасып-кеңесiп шешкен дүние қашанда ұнамды болады. Кез келген пендеңiздiң ата-анасының бет-бейнесiн, оның жүзiндегi әрбiр ерекшелiкке дейiн елестете алатыны сияқты, мен де әкемнiң мiнез-құлқының өзгерiсiне дейiн оның жүзiнен, көзiнен аңғаратынмын. Қабағындағы, әсiресе екi қастың арасындағы сызығына дейiн көз алдымда. Тiптi, әлгi ескерткiштiң тым табиғи, жанды шығуы да осы менiң көз алдымдағы суретпен, әке суретiмен сәйкес келгенiнен болар. Сондықтан да болар, ескерткiш көңiлiмнен шықты. Әкемнiң өзiндiк ерекшелiктерi көп-ақ. Бас киiмнiң өзiн ерекше киетiнiн айттым ғой. Ал ендi адамгершiлiк жағынан, заң жағынан да мен жалғыз мұрагерiмiн, ұрпағымын. Сондықтан ол кiсiге байланысты кез келген тiрлiк менсiз бiтпеуi керек. Ел-жұрттың бiлетiнiндей, мұны растайтын, тiптi, қағазым да бар. Содан кейiнгi бiр ескеретiн мәселе, ол – орнатылатын ескерткiшке ұзын-сонар сөз жазбай, қысқа да нұсқа болуы шарт. Мәселен "Даңқты қолбасшы Б.Момышұлы" деп жоғары жағынан жұлдызын орнатса. Ал Жуалыдағы ескерткiште Қазақстанның Халық қаһарманы деп жазулы тұр. Әлдебiреулердiң сауатсыздығынан бүткiл елдi шатастыруға бола ма? Қайталап айтуға тура келедi, республикамызда Елбасының ғана жарлығымен тағайындалатын бұл жоғары атақ ол кiсiде жоқ, болған емес. Саяси қате ғой, кейбiр ақпарат құралдарында да осылай жазылып жатады. Менiң ойымша, қазақтың Бауыржаны қандай құрметке, қандай атаққа болса да әбден лайық. Бiрақ солай екен деп ондай жауапты атақты жапсыра беруге тағы болмайды ғой. – Момышұлы туралы естелiк жазушылар көп. Өзiңiз жаңа ғана айтқандай, баспасөз беттерiнде әкеңiздiң бүкiл архивi Мекемтас Мырзахметовтың қолында екен деген сыбыс та бар… Осы жарияланымдарда қаншалықты шындық бар? – Уақыт жылжып, жылдар өткен сайын әкемнiң көзiн көргендер қатары да сиреп барады. Сондықтан естелiк айтушылардың өзi де азайды. Ал азды-көптi сырлас, сыйлас болғандар, бiрге қатар жүргендердiң естелiк айтуы заңдылық! Қазақтың батыр ұлының жанында жүрiп, көзбе-көз әңгiмесiн тыңдап сырласқандар, мүмкiн кейде әсiрелеп артық-ауыс айтылып та, жазылуы да даусыз. Ондай кезде пәлендей сын, өкпе айтуға жоқпын. Әкем қайтып оралса, бәлкiм, олардың бет-жүзiне қарамас едi. Амал жоқ, өлгендер қайтып келмейдi. Ондай сәттерде Зейнеп жеңгелерiң екеумiз өзара сырласамыз да қоямыз. Бiз бiр қалыпқа түсiп қалған адамбыз. Өйткенi, сол кiсiнiң қара шаңырағын ұстап отырған адамбыз, таза қазақша айтқанда – шырақшымыз. Сондықтан бiзге қадалатын көз де, сөз де көп екенiн де бiлемiз. Әкем айтатын: "Атақты адамдар үнемi нысанада тұрады. Былайғы адамдарға сол қажет пе, қажет емес пе, нысанаға оқ атуға дайын тұрады. Өйткенi, атақпен бiрге азап жүредi" дейтiн. Соны бiз қазiр басымыздан өткiзiп жүрмiз. Ендi, мына 100 жылдыққа байланысты, мерейтойға байланысты шараларды жүзеге асыруда ұйымдастырушылар көбейiп жатыр. Оған,әрине, өздерiңiз бiлесiздер, қыруар қаржы жұмсалатыны бар ғой. Ал ақша жүрген жер қашанда даулы-дамайлы. Талай рет осындай жағдайлардан бармақ тiстеген кезiмiз де болған. Кейiнгi кезде, соңғы екi-үш жылдың iшiнде баспасөз беттерiнде, радиодан Мекем аға (Мекемтас Мырзахметов) әкемнiң бүкiл архивiн өмiрбойы жинап-терген, ендi сол кiсiнiң қолындағы дүниелер 45 том болып жинақталып жатыр екен дегендi мен де естiдiм. Рас, Мекем ағамен әкем өте жақын, қандас әрi рухани бауыры болған. Өзгеге айтпаған сырларын сол кiсiмен бөлiскен. Сырлас iнiсi. Өз басым да ол кiсiнi өте қадiрлеймiн, сыйлаймын. Әкем кеткелi менiң де мұңдасым, сырласым, құрдасымдай iздеп тұрамын. Бұл Мекем ағаның аузынан шыққан сөз емес, ал журналистердiң мұндай деректi қайдан алатынын бiлмеймiн. Жалпы, кез келген дүниенi жазу үшiн әбден зерттеп, зерделеп, байыптап жазу керек шығар. Әкем көзiнiң тiрiсiнде-ақ архивiнiң бiр бөлiгiн Орталық мұрағатқа тапсырған. Ал оның да шын мәнiндегi иесi мен. Өйткенi, артында қалған бүкiл жазбаның иесi заңды түрде менмiн ғой. Сол мұрағаттан әкем жайлы бiлгiсi келетiндер алдымен менiң рұқсатымды алады. Тәртiп солай. Одан кейiнгi әкем сенiм артып кеткенi – Зейнеп. Келiнiнiң әу бастан қағазға, қаламға бейiмдiлiгiн сезген болар, жарыққа шыққан, шықпаған, кеңес дәуiрiндегi тiлге, ұлттық құндылықтарға байланысты ашық айтуға болмайтын көп дүниелерiнiң иесi, осы жеңгелерiң. Облыс әкiмi Серiк Үмбетовтiң қолдауымен әкiмшiлiк жанынан ашылған орталық осы дүниелердiң басын бiрiктiрiп, жинақтап отыз томдық шығаруы керек едi, материалдардың көптiгi сонша, 45 том дайындалды. Академиялық томдарын шығару үшiн көп жұмыс атқарып жатқан Мекем аға. Сөйтiп, бiз қолдағы барымызды бердiк. Аға жоспарын жасап, Секең қолдап, мәслихат депутаттары бекiтiп, жоғары жақтан рұқсат алынды. Бұл тек кiтап шығару үшiн емес, әкемнiң барлық жазған-сызғанын жинап, ғылыми жүйеге келтiру үшiн үкiмет бес жылға 25 миллион ақша бөлiптi.Бiр-екi жыл Зейнеп пен Ержан да осы орталық үшiн жұмыс iстедi. Орысшасын ұлымыз Ержан, арабшасы мен қазақшасын Зейнеп дайындап берiп отырды. Ал ол орталық қызметкерлерi кәдiмгiдей жалақы алып жұмыс iстедi. Оларға әкемнiң аруағы риза болсын дегеннен артық не айтуға болады. Әкемнiң бүкiл архивiн бiз тегiн бердiк. Ал, ендi сол орталық әкемнiң Мәскеудегi лекция оқыған генштабтағы лекцияларын сұрағанда, олар бiр бөлiгiн пәленбай миллион қаржыға сатты. Қалғанын берген жоқ, ол әлi құпиясы шешiлмеген деген сылтаумен бермептi. Осы жерде ойлап қараңызшы, егер бiз, әкемнiң атын-даңқын пайдаланғымыз келсе, даңққұмар, байлыққұмар болсақ, үн-түнсiз саудаласып отырар едiк. Бiзге ең бастысы, әкемiздiң архивi қымбат, оның әр жерде шашылмай бiр орталыққа жинақталғаны ғана керек. Мекем аға да, ол кiсiнiң қарамағындағы қызметкерлер де бiзден алған дайын өнiммен жұмыс iстедi. Бiрен-саран кiсiлердiң " жан-жақтан тiрнектеп жинадық" дегенiн өз құлағыммен естiдiм де, олардың бiреуiнiң аузынан деректердi қара шаңырағынан алдық деген сөз шықпағанына iштей ренжiп те қалдым… – Осындай кереғар пiкiрлерге Мекемтас аға неге қарсы пiкiрiн бiлдiрмейдi? – Оны бiлмеймiн, айтса айтып жүрген шығар. Өз басыма, сөзден гөрi әкемнiң жазған-сызғаны әр жерде шашылмай тезiрек жинақталғаны керек. Басында 30 томдық дегенi 45 томдық болып шығайын деп жатқаны көңiлге демеу. Дегенмен, олардың еңбегiн де жоққа шығаруға болмас, қыруар жұмыс атқарды. Рас, Мекемтас ағаға да әкем бiраз шежiресiн, әкесiнiң Құранын, тағы бiраз қолжазбаларын берiп кеткен. Ал Зейнепке табыстағаны үйде сақтаулы. Қайткен күнде де үйдегi жағдайда мұндай құнды дүниелердi өз қалпында сақтау өте қиын екен. Бiрқалыпты ауа емес қой, бiрде жылы, ыстық, бiрде суық дегендей, ал мұрағатта басқаша ғой. Оның үстiне мезгiлiмен дәрiленiп тұрады. Көптен берi өзектi өртеп жүрген бiр мәселе бар. Ол айтыла-айтыла әбден жауыр болды десе де болады, осы дүниелердi ұқыптап бiрiктiретiн әкемнiң жеке мұражайы туралы. Ол кiсiнiң пайдаланған кiтаптары, қолжазбалары, тiптi күнделiктi тiрлiкте қолданған заттарына дейiн сақтаулы. Мүштiгiнен бастап жастық, жамылған көрпесiне дейiн мына жеңгелерiң көзiнiң қарашығындай сақтап отыр. Алғаш Зейнеп келiн болып түскенде сыйлаған кiр жуатын мәшинасына дейiн тұр. Бiз Зейнеп екеумiз де жас емеспiз, денсаулық деген де мәз емес. Бiзден кейiн балалар ұқсата ала ма, алмай ма деген күдiк те жан ауыртып қояды. Сондықтан осылардың бәрiн бiр жерге орналастырып, мүмкiн болса Орталық мұрағаттан үлкен бiр бөлме бұйырса деп ойлаймыз. Кiм бiлсiн, әлi тыныштық. Жуалы ауданында 100 жылдыққа байланысты музей жабдықталмақшы болған. Ол кезде Жексембин әкiм болатын, бiз ақылдасып, "Егер үлкенiрек ғимарат болса, қолдағы әрбiр заттың тарихын жазып, көрнектi етiп тапсырсақ" дегенбiз. Бiрақ бұл мемлекеттiк каталогқа енуi керек те, туристер мен арнайы iздейтiндей әрi демалыс орны болуы керек деп ойлағанбыз. Өйткенi, қазiр ауданда музей бар, оның 80 пайызын Зейнеп өз қолымен жасақтап берген. Шағын ғана, оның үстiне ауылдың шетiне орналасқандықтан кiрiп-шығып жатқандар жоқтың қасы. Есiгi үнемi жабық. Ал, мұрағат деген өлi болмауы керек, ол үнемi жұмыс iстеп тұратын, кездесулер, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып жататын көпшiлiк орын болуы керек қой. Әсiресе, жастар үлгi-өнеге алатын мәдени-ағарту жұмыстары жүргiзiлетiн орын болуы шарт. Әкемнiң ғұмырының көп уақыты Алматыда өттi. Көпшiлiктiң ойында, “өзiнiң тұрған үйi ше?” деген сұрақ тууы мүмкiн. Әкемнiң кейiнгi әйелiмен тұрған үй мына моншаның жанында едi, ол сатылып кеттi. Мен туылған үй бұзылып кеттi. Ал мына үйде әкем тұрған жоқ. Көзiмiздi жұмып кiрiсiп кетейiк десек, осындай қолайсыздықтар қол байлау болуда. Панфиловшыларға арналған музейде, №131 мектепте, Жуалыда, Тараздағы музейлерде бiр-бiр бұрыштары бар ғой. Осылардың бәрiн бiрiктiрсе, әжептәуiр көрме-музейге көпшiлiк жиi бас сұғар едi. Жеке мұрағатқа, әрине, қаржы да көп кетерi сөзсiз. Дегенмен, бiр жүйеге келтiру тек әулеттiң ғана емес, болашақтың бағыт-бағдарламасы болар едi, келешекке керек болар едi деген үмiт қана. Ал, Жуалыдағы музей дағдарысқа байланысты тоқтап тұр, салынбайтын болды. Азға қанағат етiп, қарапайым ғана тiрлiк кешу, бұл – бiздiң отбасымыздың позициясы. Адалдық, кiсiге қиянат жасамау, сұғанақ болмау, кiсiге алақан жаймау, бұл – әкемнен қалған мұра. Сондықтан осы уақытқа дейiн әке атын пайдаланып, есiк қағып көрмеппiн. Ендiгi жерде де салым суға кетпегенiн қалаймын. – Әңгiме отбасына қарай бұрылды ғой, аға, немересi Момышұлы-3 жайлы сұрағымыз келiп отыр. Мамандығы кiм, батырдың ұрпақтары немен шұғылданады? – Ержан Ұлттық университеттiң журналистика факультетiн бiтiрген. "Лениншiл жаста", "Ұланда" бiраз жылдар қызмет iстедi. Қайта құру басталған тұста "Кәусар бұлақ" деген баспа ашып, кәсiпкерлiкпен айналыса бастап едi. Өкiнiшке орай, бұл бала жаңа заманға лайық нарыққа енiп кете алмады. Кейбiр бiрге жүрген азаматтарынан бетi қайтып, басы тасқа тигендей болған соң, екiншi жоғары оқу орнына түстi де, қазiр сол Алматы Энергетика университетiнде аға оқытушы. Шығармашылық адамға, әсiресе Ержан сияқты екi тiлде еркiн жазатын адамға бизнес-кәсiпкерлiк деген қол емес екенiн дер кезiнде түсiндi-ау деймiн. "Қазақша жазсам шешесi, орысша жазсам әкесi жазып бердi" дейтiн болды-ау деп қысылып жүрiп, жазғандарын аса жариялата бермейдi, әрi аудармамен де айналысты. Екi немеремiз бар. Үлкенi Нұрсұлтан 5-сыныпта, Құдайдың құдiретi, әкемнен аумайды. Атжақтылығы, тiптi екi қасының ортасындағы екi сызығына дейiн, қабағын түйгенi, кiсiнiң бетiне тiк қарағанда көзiңдi тайдырып әкетесiң. Көп сөзге жоқ, тұйықтау болып өсiп келедi. Бабасына ұқсаған тағы бiр қасиетi, есепке жүйрiк, шапшаң. Физика-математика мектебiнде оқып жатыр. Сабағы өте жақсы. Әкемнiң туған күнiнен екi күн бұрын өмiрге келдi де, Зейнеп ырымдап бабасының туған күнiнде шiлдехана жасады. Мiнезi де бабасынан аумайды. Бес жасар Мадиярымыз әжесi Зейнептен аумайды. Күлуi де, жылауы да тез. Тез сөйлейдi. Құдайға шүкiр, отбасымызбен қазақшамыз, басқадай болуы мүмкiн де емес. (Бақытжан аға күлiп алды да, көзiнiң екi ұясына келiп қалған мөп-мөлдiр тамшыларды бiзге көрсеткiсi келмей, орамалымен сүргiштей бердi… Ұрпақтар жалғастығы, әулет қуанышы сөз болған тұста кез келген пендеңiздiң жаны толқитыны даусыз. Немерелерiне байланысты бiр әңгiменiң ұшы шығып тұрғанын сезiп, бiз де үнсiз қалдық.) – Бiрде екi-үш күн көрмей, балаларды сағынып Ержандыкiне бардық, – деп әңгiмесiн қайта жалғастырды. – Олар да жаңалықтарын айтып қауқылдасып жатырмыз. Тағы да аса сабырлы, бала болса да өзiн байыпты ұстап отырған Сұлтанға қарап: – Алтыным менiң, жаным, өте ақылды азамат болады,- деп емiренiп жатсам, әкесiне қарап иегiмен менi меңзеп: – Папа, папаңның не айтқанын естiп ал! – дейдi. Әлгi жерде Зейнеп екеумiз әбден мәз болайық. – Бақытжан аға, қазақта "Батыр жүз жылда туады" деген жақсы сөз бар. Мiне, жүз жыл да өттi. Батыр туатын орта қандай болмақ? Қанына, тегiне байланысты болар, бәлкiм. Әсiресе, тәуелсiздiкке қол жеткелi кез келген пендеңiз ата-бабаларынан батыр, көсем iздеу дағдыға айналғандай. Бұл қазақи дарақылық, даңғазалық емес пе? – Бұл, шын мәнiнде үрдiс болып кеттi. Бiр аңыз есiме түсiп отырғаны: кiшкентай мысық жолбарыстың суретiн көрсетiп "Мынау менiң атам" дептi. Осының керi келген заман болды. Құдайға шүкiр, қазақта батыр да, ақын да жетедi. Бiрақ кез келген жерден батыр iздеп, оны жекешелендiрiп "мынау бiздiкi" деп бөлiп алу, бұл халықты бiрiктiре қоймайды. Пәленше атасына ескерткiш қойыпты, шежiре жазыпты, мен неге бәйгеге ат қоспаймын деген бәсекелестiк iшiнара болса да жүрiп жатыр. Тiптi жасырын да емес, белең алып кеттi. Жалған намыстың жетегiнде жүру жақсылықтың нышаны емес. Шындап келгенде, қазақ деген халық, қазақтың батырлары тұтас қазақтың қамын ойлап, мұң-мұқтажын көксеген, сондықтан бiлегiнiң күшiмен, найзасының ұшымен, қылышының жүзiмен ортақ жердi, елдi қорғаған. Ондай ортақ батырлар Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай, Райымбектер iшкi емес, сыртқы жаумен жауласқан. Бөлiнбеген, халықтың бiртұтастығы үшiн күрескен, қан төккен. Сондықтан да ұрпақтан-ұрпаққа даңқтары жетiп жатыр. Бүгiнгi ұрпақ солар салған сара жолмен жүруi, ерлiктерiмен сусындауы, ұлтжандылығынан тәрбие-өнеге алуға тиiспiз. "Бөлiнгендi бөрi жейдiнiң" керi келiп жатыр ғой… Ал менiң әкемнен қолға мықтап ұстап қалатын әскери ғылым қалып отыр. Тiптi Кеңес Одағы Батырларының арасында әкем сияқты мұндай мол әскери ғылым қалдырған кiсi кемде-кем. Ал бiздiң елiмiзде тiптi жоқ. Әкемнiң артында қалған әскери ғылымы бiздiң бүкiл әскерилердi тәрбиелеуге жетедi. Өкiнiшке орай, әлгi қазақ айтады ғой, “Артқы айылдың батқанын, Иесi емес, ат бiлер. Азаматтың қадiрiн, Ағайын емес, жат бiлер”, — дегендей, неге Израильде, Кубада, Түркиядағы кадеттерде әкемнiң әскери ережелерiнен лекциялар жүрiп, емтихандар тапсырады. Бұл, шындық! Ал бiзде ше?! Ал бiзде әкемнiң соғыс тактикаларын, Отан қорғау технологиясынан лекция жүрген әскери бөлiмшелердi бiлмеймiн, осы уақытқа дейiн естiген де жоқпын. Дайын тұрған ғылыми лекциялар болса да, әскери тәртiп пен мақсат-мүддесiн қалыптастыратын тәрбие құралы, оқу құралы бола тұра, ешкiмге қажет емес. Қазақстанның Халық қаһарманы, ауған соғысының батыры Бақытжан Ертаев екi сөзiнiң бiрiнде Момышұлына елiктеп ержеткенiн, осы уақытқа дейiн әскери жолда қандай жетiстiкке жетсе, соның бәрi менiң әкемнiң арқасы екенiн жалықпай айтып отырады. Қай жақтан келсе де ең алдымен әкемнiң зиратына барып мiнәжат етiп, сосын үйге, қара шаңыраққа келiп құран оқып шығады. Ал қазiргi жастарымызда осындай пiр тұтатын, елiктеп, үлгi-өнеге алатын батыр тұлға бар деп айта алмас едiм. Қазiргi жастардың бәрi кәсiпкер, қаржыгер болсам дейдi. Олай болса, ортаның өзi, қоғамның өзi ұрпақты тәрбиелеп жатыр. Әлде жанбағыстың жарапазаны десек те дұрыс болар. Бiр көңiл бөлетiн нәрсе, жастардың көбi кiтапқа қарай, рухани дүниеге, имандылыққа қарай көш басын бұрғанын да жасырмауымыз керек, қолдауымыз керек. Рухани дүниесiз мүмкiн емес екенiн түсiнген жайымыз бар. Дегенмен, бiрiншi орында бай болу тенденциясы өршiп тұрғаны да жасырын емес. Ешкiм де жақсы тұрмыс, жайлы қызмет, барлық-байлыққа қарсы емес. Бiрақ тек осы мақсатты ғана көздеу, ол ендi жақсылыққа апармайды… Сондықтан да батырды да, қаржыгердi де, шын мәнiнде қоғам, орта тәрбиелеуi мүмкiн. Ал әу бастағы қандағы намысшылдық, ерлiк, бiлiмдiлiк, ол ендi атаның күшi, ананың сүтiмен даритынын түйсiгi бар пендеңiз мойындауы керек. – Жастар тәрбиесi жайлы дегенде, еске Момышұлы атындағы әскери училище түседi, олармен қарым-қатынастарыңыз қалай? – Бұрын Ким Серiкбаев, Әбiрев деген азаматтар басқарып тұрған кезде ол мектеп бiздiң екiншi үйiмiз секiлдi едi. Өйткенi, олар бiзбен үнемi қарым-қатынаста болды. Әкемнiң туған күнiнде, балалар ант қабылдап оқуға түскенде, бiтiрген кездерiнде бiз отбасымызбен шақырылатынбыз. Неге екенiн бiлмеймiн, кейiнгi директор бiзге осы күнге дейiн тiптi сәлем берген азамат емес. Ал өз басым бала емеспiн, батырдың баласы екенмiн деп тiрлiктерiне қалай араласасың. Өркөкiрек те емеспiн, бiрақ жасы кiшi әрi әкем атындағы оқу орнын басқарып отыр, мен қара шаңырақты ұстап отырмын, кiшiлiк көрсету оның iсi едi деп ойлап қоямын. – Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас оңай емес. Бауыржан атамызбен араларыңызда келiспеушiлiк әлде түсiнiстiк басым болды ма? Әдебиетте өз орныңыз бар қаламгерсiз, әке тасасында қалып қойдым деп ойламайсыз ба? – Мен Алматының асфальтында туғанмын. Кеңес үкiметi кезiнде елдегi идеология солай болды, қалада жалғыз қазақ мектебi бар, оның өзiне алыс-жақын аудан-ауылдардан келген малшы-шопандардың балалары қабылданады. Сөйтiп орыс мектебiнде оқыдық. Сонда әкем демалысқа келгенде тек қана қазақ тiлiнде сөйлейдi. Шала-пұла жауап беремiн. Бiрде шешеме: – Өзiң "Лениншiл жаста" жұмыс iстейсiң. Мынау орыс болып кетпеу үшiн сондағы ауылдан келiп оқып, жұмыс iстеп жатқан жас тiлшiлердi, пәтерде жүрген журналистердi қасыңда тұрғыз! – дейдi ғой. Содан бiздiң үйден кiсi арылмайтын болды. Әсiресе, Кәкiмжан Қазыбаев, Қайдолла Тiлемiсов, Саттар Бөлтекбаев сынды ағаларым, одан кейiн Камал аға Смайыловтар менiң таза қазақи тәрбие алуыма септiгi тиген азаматтар. Менiң өмiрiмдегi үш жұлдызым, осы үш ағам, жоғарыда аттары аталған азаматтар, олар менiң әкемнiң пагонындағы жұлдыз емес, менiң өмiрiмдегi жұлдыздарым болғанын мақтанышпен айтып отырамын. Олар үйде жүрген соң, қазақтың тiлi, әуенi құлағыма сiңедi ғой. Тiлiмдi қазақшаға бұрған осы кiсiлер. Ал мектепте жүргенде жазғы демалыс сайын менiң жолдастарым (Әбдiлда Тәжiбаевтың, Ғабит Мүсiреповтың, Ғабиден Мұстафиннiң, Қаныш Сәтбаевтың т.б. балалары) Балтық, Қара теңiзге кетiп жатқанда, менi жәй пласкард вагонмен әкем ауылға қуады. Жеткенше жылап барамын. Әкеме ызам келедi, батырдың баласы, жалғыз ұлы бола тұра жүрiсiмдi қарашы, деймiн ғой ызаланып. Намыстанамын, үш ай ауылда шаң-шаң болып, сабақ басталар кезде қалаға келемiн. Қазiр көзi тiрi жеңгелерiм қошқарға мiнiп шабатынымды, қойлардың арасында шаршап ұйықтап қалатынымды әлi күнге еске салып, қалжыңдап отырады. Ауылдың аты – ауыл, берекелi, ауасы қандай, сонда әкем туған жерiнен тамыры үзiлмесiн, топырағына аунап өссiн, жердiң қадiр-қасиетiн сезiнсiн деген оймен жiбередi екен ғой. Ақсудың мөлдiр суынан iшiп, шомылып санасына ұлттық күш-жiгер құйып өссiн деген, ағайынмен ара жiбi үзiлмесiн деген екен ғой. Оны кейiн жас ұлғайған сайын түсiне түседi екенсiң. Жасыратын не бар, арагiдiк сәл кесiлдi, бiрақ әлi үзiлген жоқ. Ол кiсiге бекер-ақ өкпелейдi екенмiн. Сол бала күннен қалған әдетiм, әлi күнге қарынға салған қолдың майын, ып-ыстық табаға пiсiрiлген нанын жақсы көремiн, аңсап тұрамын. Соның арқасында өзiм тұстастарымның, жолдастарымның iшiнде ең қарапайым, қазақи болып қалған мен ғана. Шығармаларымды орыс тiлiнде жазамын, ал бiрақ кейiпкерлерiм – қазақтар, шығармаларымда қазақтың салт-дәстүрi, қазақтың қоңырқай тiрлiгi, бәрi өзiмiздiң қазақи ортадан алынған кейiпкерлер, ойдан емес, өмiрде барлар ғана, айталық қоғамдағы қолдан жасалған пiкiрлерге онша көңiл бөлмеймiн. Қағазға басқа тiлде түссе де, түпкi мақсат өз ана тiлiмде сайрайды. Оның үстiне мен қала баласы бола тұра, Зейнептей дала қызына үйленгенiм, қосақ болғаным да шығармашылығымда көп көмегiн тигiздi. Әкем содан кейiн болар, Ержанды қазақ балабақшасына орналастыруда бұрын-соңды ешкiмнiң алдына бармаған, басын имеген кiсi жанын салып-ақ бақты. Одан кейiн қазақ мектебiн алтын медальмен бiтiрiп, университеттi де қазақша оқыды. Ал әкемнiң көлеңкесiнде қалғанның өзi үлкен бақыт қой. Әкем: "Я приговорен к славе, ты обречен быть сыном" дегенi әлi құлағымда қалғаны сонша, мiне 70-ке келiп қалсам да, Құдайға шүкiр, әлi Баукеңнiң баласы болып жүрмiн. Әңгiме барысында айтып кеткенiмдей, ешқашан әкемiздiң атын пайдаланып, қазақтың батыр ұлы, қазақтың Бауыржаны деген атқа өз тарапымыздан кiр жұқтырмай, шаң жуытпай, қолымыздан келгенше әке аруағын сыйлауға, қанымызға сiңген тәрбиелiк өнеге-өсиетiн өзiмiзден өрбiгендерге ұран етiп табыстауға бармыз. Менiң әкем жайлы үш кiтабым шықты. "Восхождение к отцу" деген алғашқы кiтапты жазып шықтым да, қолжазбам ұнамады. Қайта-қайта қарадым, тiптi басқаша жазып шықтым. Бұл кез кеңестiк идеологияның тұсы, сонда да көңiлiм толмады. Қайта жазылған дүниенi қарағанымда, бұл тiптi әкеге табыну емес, баспалдақ, шағын ғана қадам екен. Бұл тақырыпқа әлi дайын емес екенiмдi ұқтым. Бiрақ жиырмадан астам кiтап, одан да көп аудармаларым бар. Кiтаптарымның iшiнде мiндеттi түрде әкем жүредi. Әлi күнге дейiн жазып отырғанымда желкемде қарап тұрған сияқты сезiнемiн. Редакторым тәрiздi, артық-ауыс кеткен жерлерiмде түзеп: "әй, мына жерде iрiленiп барасың, саябырсы, немесе ұсақталып кеттiң ғой" деп тұратын сияқты. "Во имя отцада" тек әкем жайлы емес, әкемнiң тұстастары, қарым-қатынаста болған сыйластары, қатарластары арқылы әке образын жасауға тырыстым. Одан кейiн "Сыновья великого волканың" кейiпкерлерi де қазақтың марғасқа ұлдары. Әкемдi көбiне өте қатал, сұсты, бiрбеткей, алдына келген кiсiге дөрекiлеу, мiнездi деп көбiрек айтылып жатады, ол кiсiнiң айтқан әрбiр сөзiнiң астарында өсиет, өнеге жатқанына мән берiлмейтiн сияқты. Мәселен, "Дарвин маймылдан, ал мен бөрiден жаралдым" дейдi. Көрдiңiз бе, Дарвин ғылымын түкке алғыссыз етiп тастайды. Мұндай афоризмдер ол кiсiде көп кездеседi. Сондықтан кейiнгi кездерi әкемнiң сыртқы келбетi, мiнез қайшылықтарына емес, әрбiр сөзiне, сөйлемiнiң түп-төркiнiне зерттеу жүргiзiп жүрмiн. Әсiресе, рухани, тән, жан, мәңгiлiк, рух жайлы жазғандары, әкемнiң тiршiлiк, табиғат, бақи туралы көзқарастарын-пiкiрлерiн зерделеп, зерттеп жатырмын. Әкем жайлы қанша жазсам да, зерттесем де, ұшы-қиырына жетер емеспiн. Ол кiсiнiң әке ретiнде, азамат ретiнде әлi ашылмаған беттерi баршылық. Ал ес бiлiп, етек жапқалы ондай түсiнiспеушiлiк болмады емес, болды. Өмiр-тiршiлiк болған соң, бiр-бiрiмiзге қырын қараған кездерiмiз де болған. "Батыр аңғал, аңқау келедi" дейдi, мүмкiн әкемнiң батырлығына, батылдығына қызыққан болар, жiгiтшiлiк жасаған кездерi де болды. Ондай да, әрине, ренжiдiм. Бiрақ жылдар өте санам сабасына түскендей, әкемнiң қазақ деген халықтың алақанында жүрген кездерi, ерлiк пен елдiктiң туын көтерiп жүрiп ондай "еркелiк" жасағаны да өмiрдiң заңдылығы болар деген тоқтамға келемiн… Иә, Бақытжан ағаның өзi айтпақшы, жетпiске келiп қалса да “әлi күнге әкемнiң, Баукеңнiң баласы болып келемiн” дегенiндей, ол кiсiнiң балалар әлемi, жас жеткiншектерге арналған керемет дүниелерi де шығармашылығының бiр ауыр жүгiн көтерiп тұрғандай. Орыс тiлiнде жазса да, кез келген шығармасынан қазақтың ұлылығы, даналығы салтанат құрып тұратын жазушы Момышұлы-2: "Мен әлi баламын" ("Я еще ребенок") деп бiздi әдемi қалжыңмен шығарып салды…
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары