"ГӘККУ ӘНШI" ТУРАЛЫ АЗ АЙТЫЛАДЫ

"ГӘККУ ӘНШI" ТУРАЛЫ АЗ АЙТЫЛАДЫ

"ГӘККУ ӘНШI" ТУРАЛЫ АЗ АЙТЫЛАДЫ
ашық дереккөзі
275

Ғасырда бiр туатын тұлғалар болады. ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр қазақтың рухани дүние кеңiстiгiне де сондай бiртуарларды лек-легiмен үркердей етiп бере салды. Көңiл көзiмен көктей шалып өтiп, бертiнге түссек, сол iргелi тарихтың бiрi — қазақ көркем өнерiнiң тарихы, соны жасаушы аяулы тұлғалардың тағдыры. Солардың бiрi қазақтың маңдайына бiткен халқымыздың мақтанышы, өмiрi қайшылықтарға толы болған Күләш (Гүлбахрам) Байсейiтова. Қазiр өткен тарихқа терең бойлап, жаңа көзқарастар тұрғысынан ой топшылайтын жас ұрпақ оны қастерлеуге тиiс. Ұлы актриса, әншi өмiрiнiң кейбiр мұңға оранған сәттерiн негiзге ала отырып, таланттар тағдыры жөнiндегi бiрқатар кезеңдерге бет бұрсақ.

Күләш Байсейiтова Американың бекзат бишiсi Айседора да, француз перизаты Сара Бернар да, орыстың Вишневская немесе Уланова да емес, осынау абзал жандардың тек тағдыр талайында ғана аздаған ұқсастықтар болуы мүмкiн. Өйткенi, таланттар тағдыры қашанда егiз өрiледi. "Айседораның биiнен қандай өрескелдiк көретiнiне таңмын. Ол маған таң нұрына малынған, бақта қызыл гүлдердi жүрегi лүпiлдей соғып, қимай үзетiн, тек қана қиял дүниесiнде өмiр сүруге тиiстi бейкүнә сәбидей болып көрiнедi де тұрады. Мұндай мүлтiксiз мүсiннен мiн iздеудiң өзi күнә ғой" дейдi АҚШ-тың бұрынғы президентi Рузвельт. Осы бiр сұңғыла сөз қоғамдық ортада тағдыры таңғажайып тамаша талант туралы айтылған баянсыз әңгiмелерге қарсы айтылған тұңғыш жауап, бiр жолға қойылған нүкте едi. Күләш та қазақ халқы үшiн қызыл гүлдей әншi едi.

Бiзде де үлкен өнер қайраткерлерi "Күләштi қайғыртуға хақымыз жоқ" деген сөздер айтқан. Бiрақ ол сөздiң қауқары, салмағы жоқ-тын. Ол сөз Рузвельттiң сөзiндей өршiген өрттi өшiрiп, тиып тастай алмайды. Жалпы талантты қорғау ниетiндегi айтылған осындай парасатты сөз сол кездегi тоталитарлық жүйенiң құрсауында қалған. Күләш Байсейiтова жөнiнде Ғабит Мүсiрепов "Чудо" деп қысқа, әрi нұсқа ғажайып жүрек сөзiмен жеткiзген. Оның iшi мен сырты келiскен бiртуар тұлға болған жоқ па? Ол 23 жасында Кеңестер одағының халық әртiсi атанған, өнерпаздығы мен келбетi туралы аңызға бергiсiз көркем әңгiме бүгiнде халық аузында айтылып жүредi. Қазақтың жарқыраған жұлдызы туралы Б.Нұржекеевтiң "Күләштiң соңғы көктемi" атты кiтабында жазылған. Жалпы, кешегi күннiң ақиқаты көркем әдебиетте там-тұмдап болса да көрiнгенi рас. Ұлттық ой-сананың қалыптасуында әдебиет пен өнердiң ықпалы өлшеусiз екенi мәлiм. Ақиқат бiреу ғана — Күләш бiр-ақ рет туады. Мәселеге осы ой тұрғысынан қарасақ, белгiлi бiр мерейтойды күтпей-ақ ұлы тұлғалардың тағдыры туралы жазуды әрдайым назарда ұстасақ жақсы болар едi. Өйткенi, оларды бiз бiлiп, мақтан тұту борышымыз. Аты аңызға айналған осы бiр өнер жұлдыздарын бiлу бүгiнгi ұрпаққа аманат.

Әйгерiм ДАСТАНҚЫЗЫ, Қаныш Сәтбаев атындағы орта

мектеп-гимназиясының 10 "Б" сынып оқушысы

Серіктес жаңалықтары