АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ АЙТЫЛДЫ МА?

АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ АЙТЫЛДЫ МА?

АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ АЙТЫЛДЫ МА?
ашық дереккөзі
708

Кеңес дәуiрiндегi жетпiс жыл бойы халқымыздың өзiне лайық тарихы тұмшаланып айтылмай келдi. Құдайға шүкiр, егемендiк алғалы берi мемлекет тарапынан да, заңды және жеке тұлғалар тарапынан да тарихымыз зерделенiп, бұған дейiн қол жетпей жүрген деректер, бiлмей жүрген рухани қазыналар жарыққа шыға бастады. Сол бiр рухани қазынамыз, қазақ тарихының жарқын белесi – "Аңырақай" шайқасы.

Отар станциясы мен Шоқпар станциясының аралығындағы темiр жол бойында "Қызыл таң", "Құлжабасы", "Қордай", "Шыңырау", "Аңырақай", "Сексен үш", "Бел", "Құлақшын", "Ала айғыр" атты елдi мекендер бар. Қордай мен Аңырақай тұсындағы және одан солтүстiктегi "Райсай", "Алтынқазған" атты жерлердегi қыстауларды бұрын Жамбыл облысы, Қордай ауданы, "Красный Октябрь" колхозының қойшылары қыстайтын.

Мектепте оқып жүргенде қысқы, көктемгi, күзгi демалыстарында қойшы балаларына орталықтан автобус бөлiнiп, бiздердi үйдi үйге таратып, демалыс бiткен кезде қайтадан жинап кетушi едi. Бiр шақырымдай жердегi Қордай разъезiнен Ырсымбет атты ақсақал құла қасқа атымен үйге жиi келетiн, малшылар бiрiн-бiрi ерулiкке, соғым басыға шақырып, ығы-жығы болып жататын. Әсiресе, Ырсымбет, Қорабай, Тұрсымбай және т.б. ақсақалдар жиналғанда шежiре әңгiмелер көп айтылатын. Сол әңгiмелерiнiң бiрi iргеде болған "Аңырақай шайқасы" жайында болатын. Ес бiлiп, 16-17 жасқа келген менiң есiмде қалғаны төмендегiдей: Ұлы жүздiң қолы осы Қордай разъезiнiң тұсындағы "Құлжабасы" шоқысында жиналса керек. "Құлжабасы" шоқысы сол тау сiлемдерiнiң iшiнде дараланып тұрған ең биiгi. Ол шоқының солтүстiк-шығысынан ғана биiкке салт атпен шығуға болады, қалған жағы тiке тасты, жартасты болып келедi. Оңтүстiк күнгей жағында ұзындығы 400-600 метрдей, биiктiгi 1 метрге жуық тастан қаланған қорған бар болатын. Әрине, мұндай қорғанды көп адамның қалағаны ақиқат. Құлжабасы шоқысын ел арасында "Құлжабасы қу шоқы" деп те атайды.

Құлжабасы шоқысында кезiнде арқар, құлжа көп болса керек. Таңсәрiден аңға шыққан мергенге шығып келе жатқан күнмен сұлу, сымбатты болып әдейi орнатқан тұғырдай арқардың құлжасы өте әдемi көрiнедi.

Бұл биiктен асқан жердi жергiлiктi халық Ақмола, Қарой, Сарбастау шығысы Жарбастау, Қарабастау, Ақдолы, Долаңғара деп атайды. Осы үлкен шоқыдан солтүстiк батысқа қарай жер аттары Еспе, Сарабан, Желтөбе, Сорқұдық, Бетқайнар, Алтынқазған, Райсай болып келедi. Бұл жер аттарын әдейiлеп терiп жазып отырғанымның бiр себебi, Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзiме шейiн" атты кiтабындағы жер аттары бала күнiмде қариялардан естiген әңгiмелердегi жер аттарымен дәлме-дәл келетiндiгi.

Мәселен, 265-бетте "Құлжабасы мен Далатау-Аңырақайдағы ұрыс осылай тәмәмданды. Бұл бүкiл қазақ елiнiң жеңiсi едi, бiржола бiтетiн соғыстың бетiн-жеңiсiн бiздiң күйiмiзге шешкен ұрыс болатын", – делiнген.

Ал 262-бетте: "Қалмақтарды Далатаудың шығысына қуып келгенде, төрт мың қолдың Еспе өзенiне таяу жерде Қарабастаудың батысында орналасып алғанын байқадық. Осы жерде қалмақтардың бiздiң салған ұрысымыздан аздап үлгi алғанын аңғардық. Мен бұларға шабуылға баруға тыйым салдым. Олардың үш мыңдай әскерiн iлгерi жiберiп, iлгерi Сарбастауда да бекiнiс жасалғанынан хабардар болдым", – деп жазылған.

Сонымен бiрге, солтүстiк күншығыс жақтағы Доланқара деген жер қалмақ батырының атымен аталады. "Ол қалмақ батырларының баһадүрi, қазақ қосынына қырғидай тиiп қан қақсатқан", – деп айтып едi Ырсымбет ақсақал.Сонымен бiрге Байсары елiнiң бiр ақсақалында қалмақтан қалған "қалмақ ер" бар дейтiн. Бұл әңгiменi, шежiренi құйма құлақ ақсақал әкесiнен, не болмаса атасынан және т.б. сарабдал азаматтардан естiсе керек. Қалмақтың ерi жайындағы әңгiменi Қордайда тұратын Таубалды аға да растап отыр.

ХVIII ғасырда қанды майдан деп айшықталған “Аңырақай шайқасын үйлестiрушiлер жөнiнде, Аңырақай соғысы қалай өттi, қазақ жасақтарынан кiмдер ерекшелендi, кiмдер ерлiк жасады?” деген сауалға берер жауап тарихнамада аз жазылған жоқ.

2008 жылы "Дайк-Пресс" баспасынан "Аңырақай үшбұрышы: ұлы шайқастың тарихи-географиялық кеңiстiгi және хроникасы" атты ғылыми-зерттеу еңбек жарыққа шықты. Авторлары: И.В.Ерофеева, Б.Ж.Аубекеров, А.Е. Рогожинский және т.б. 2005-2007 жылдары Шу-Iле аймағының ортаңғы бөлiгiнде бiрнеше рет экспедицияда болып, зерттеу жүргiзсе керек. Өкiнiшке қарай бұл еңбек Аңырақай шайқасының толық ақиқатын ашқан жоқ. Аталмыш ғылыми-еңбекте келтiрiлген кейбiр мағлұматтар, әсiресе қалмақтардың бекеттерi (форпостары), жағрафиялық карталары өте құнды. Соған қоса бұл еңбекпен келiспейтiн тұстары да жетерлiк. Ол бас қолбасшы мәселесi, соғыстың болған кезi мен екi жақ қолдың саны.

Бiрiншiден, бас қолбасшы Әбiлқайыр хан туралы айтатын болсақ, бұл еңбектiң 23-бетiнде "…с 1727 по май-июнь 1730 г., объединенное казахское ополчение под предводительством хана Абулхаира перешло в решительное наступление на противника и навязало джунгарским "караульным" войскам, повсеместно расквартированным на завоеванной территории казахов, целый ряд крупных сражений в разных географических пунктах: южных отрогах Улытауских гор, пустыне Бетпакдала, долина Р.Шидерти, предгорный равнине Кыргызского хребта, на юго-западном побережье Балхаша и в районе Чу-Илийских гор", — дейдi

Сөйте тұра қазақтың бас қолбасшысы туралы айта келiп, "К сожелению, прямые свидетельство об этих важных исторических событиях в письменных источниках того времени не зафиксированы", – дейдi. Осылайша өздерiнiң жоғарыдағы тұжырымдарына өздерi қайшы келедi. Тiптi, жоғарыдағы жерлерде қиян-кескi ұрыстар болып өткендiгiне күмән туғызады.

Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзiме шейiн" атты кiтабына сүйенетiн болсақ, Аңырақай шайқасына Ұлы жүзден 17 мың, Орта жүзден 12 мың қол қатысқан. Орта жүзден Олжабай, арғын Естербек, Қарабек, тарақты Тоғай, қарауыл Қасым мен Қалабек және басқа батырларының бұл соғыста аты шыққан. Олжабай батыр қалмақтың Жадамба деген батырын жекпе-жекке шығып жеңедi. Бұл жерде “Қабанбай батыр қайда болды?” деген заңды сұрақ тууы мүмкiн. Қазыбек бек Тауасарұлының жоғарыдағы еңбегiнде: "Бiз Бөгенбай қолымен бiрiгiп Далатауда Аңырақ қолымен шайқасқанда Ерасыл да Қарқаралы сыртында Қарағайлы деген жерде ұрыс салған…Осы Қарағайлыдағы он жетi күн болған соғыста Ерасыл бiр күн кешке дейiн майдан алдында жалғыз тұрып, алты қалмақтың басын алған". Ұлы жүз қолынан шапырашты Бөлек, ошақты Саңырақ, дулат Сеңкiбай мен Шойбек, сыйқым Ырысбек, сәмен Ботбай, сiргелi Қара Тiлек, шымыр Қойгелдi, Ақша т.б. батырлар қатысқан. Бұл шайқаста шапырашты Бөлек батыр жекпе-жекте қалмақ Аңырақты өлтiредi.

Аңырақай шайқасының болған уақыты мен қатысқан әскер санына тоқталатын болсақ, жоғарыдағы "Аңырақай үшбұрышы: ұлы шайқастың тарихи-географиялық кеңiстiгi және хроникасы" атты еңбектiң 78-бетiнде: "…что наиболее вероятной датой Аныракайского сражение является начало апреля 1730 г. т.е. тот непродолжительный период весны когда казахи вытеснив сначало военные отряды джунгар из южной части Чу-Илийских гор, готовились к перекочевке на коктеу-кузеу и рассчитывали в ближайшей перспективе использовать дня этого северную наклонную равнину Анырайских гор", – деп ұлы шайқастың уақытын жергiлiктi аз ғана халықтың көшiп-қонуымен ғана байланыстырып жорамалдайды.

Ал, Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзiме шейiн" еңбегiнде соғыс маусымда болды деп анық көрсетiлген. Таудың, даланың қай шөбi болсын осы уақытты басына бүр салады. Ол дегенiң әскердiң астындағы жорыққа мiнген жылқы әрқашан тоқтықта болады деген сөз. Көшпендiлер – монғол хандары, одан берi Ақсақ Темiр, оның ұрпақтары жергiлiктi жердiң климатын, табиғатын ескерiп отырған. Бұл жерде апрель (көкек) айының басында соғыс болды деу сенiмсiздiк тудырады. Себебi, бұл мезгiлдi қазақ "Ұзынсары" дейдi. "Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн" кезi. Ұзынсарыда мал арып, мiнiс аттары жорыққа жарамайды деген сөз.

Жоғарыда аты аталған еңбекте "Аңырақай соғысына" қатысқан әскер санын 157-бетте " …общее количество участников Аныракайского сражения обеих сторон могло насчитывать приблизительно от 7,5 до 8,3 тысяч и от 2,5 до 3,3 тысяч казахских воинов", – дептi. Ал егер қазақ қолы небары 2,5-3,3 мың адам болса, Әбiлқайырдың, қанжығалы Бөгенбайдың қолы бұл жақта не iстейдi, жергiлiктi жердiң батырларының сарбаздары да жетпей ме? Тiптi, бұл жорамал кешегi Қожаберген, Үмбетей, Тәттiқара, Бұқар жыраулардың, Шәдi ақынның және т.б. жырларын, еңбектерiн жоққа шығарып отыр деген сөз. Кеңес дәуiрiнде де "Сорқұдықта" баласын сүндеттеткен үйде той жасалып, берген көкпарына жан-жақтан 300-500-дей көкпаршылар жинаушы едi. Абылайдың ұрпағы хан Кененiң соңынан көптеген қазақтар ермегеннiң өзiнде 10 мың қолы болды емес пе? Ел басына күн туған кезде ат жалын тартып мiнер еркек кiндiктiлер бәрi атқа қонып, ұрандатып жауға шапқан көшпендiлердiң ұрпағы емес пе едiк! Керек десеңiз, бұрымдарын бөрiк iшiне жасырып, жауға шапқан батыр қыздарымыз қаншама?

Жоғарыдағы И.Ерофеева және т.б. авторлардың еңбегiнде Аңырақай соғысына 30-40 мың әскер қатысқаны "миф" дегенi несi сонда? Бұл жерде олар Аңырақай шайқасы көлемi 50х50 метрлiк Қалмақтөбе бекiнiсiнде болды дейдi. Ол жерден зеңбiректiң оғы т.б. заттар табылған. Әрине, бұл табылған заттар бекiнiс тарихымыз үшiн құнды-ақ. Дегенмен, бекiнiс үшiн болған соғысты бүкiл Аңырақай соғысына таңуға болмайды ғой! Сол соғысқа қатысқан Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы сол кезде-ақ төмендегiдей айтып кетедi:

"…Мен бұларға қарсы шабуылға баруға тыйым салдым. Олардың үш мыңдай әскерiн iлгерi жiберiп, iлгерi Сарыбастауда да бекiнiс жасағанынан хабардар болдым".

Көрдiңiз бе, жоңғарлардың Сарыбастауда бекiнiс жасағанынан хабардар болдым деп айтып тұр емес пе? Әрине, жоғарыдағы "Қалмақтөбе" бекiнiсi осы бекiнiстердiң бiреуi болар.

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегiнде атап көрсетiлгендей, қазақ қолы 29 мың, қалмақ қолы 25 мыңдай дегенi ақиқатқа жақын сияқты. Сонымен бiрге, Аманбай Құнтөлеуұлының "Әбiлқайыр хан" атты кiтабының 289-бетiнде жазылған төмендегiдей деректi есте сақтағанымыз жөн сияқты.

Сыбан Рабдан ордасына 1722-1724 жылдары барған орыс елшiсi Иван Унковскийдiң жазбаларында мынадай деректер келтiрiлген: Ренат Жоңғар қонтайшысына түйеге артылатын мыстан құйылған 7 зеңбiрек, жерге қондырылатын бiрнеше ауыр зеңбiрек, тағы басқа отпен атылатын жеңiл қару-жарақ жасап берген. Одан әрi елшi Сыбан Рабданның қазақтарға қарсы 30 мың жасақ ұстайтынын, ылғи олармен соғыс жағдайында екенiн ескертедi. Ресей елшiсiнiң мәлiметтерiнде, қонтайшының қол астында соғысқа жарамды 60 мың әскер бар екенi, ал қажеттiлiк болса 100 мың сарбаз жинай алатыны да жазылған.

Қазақ халқының өз бостандығы мен тәуелсiздiк жолындағы сан ғасырлық күресiнiң iшiнде жоңғар басқыншыларына қарсы соғысының маңызы өте зор. Осындай шайқастардың бiрi – қазақ тарихындағы 200 жылдай уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының тағдырын шешкен Аңырақай шайқасы да ел жадынан, тарих сахнасынан еш өшпейдi! Аңырақай шайқасына 2,5-3,5 мың сарбаз қатысты дегенiмiз аса ұят нәрсе. Тұтас халықтардың тағдыры сынға түскен шайқас пен ауыл үй арасындағы қарулы қақтығыстардың айырмасы мүлдем басқа. Бұл айтулы шайқастың болашақ ұрпақты тәрбиелеуде, рухымызды асқақтатуда мәнi зор. Ұлы шайқастың рухын, мәнiн төмендетпейiк, бұра тартпайық, ағайын, қисынды шындыққа абай болғанымыз жөн!

Қазiргi таңда "Аңырақай шайқасы" туралы ұлтжанды азаматтардың еңбектерi жарыққа шығып жатыр. Д. Өстемiровтың шайқасқа арнап салған суретiн, дарынды күйшi Бейсеқожаев Нұрсаттың күйiн атап айтуға болады. 2001жылы Алматы-Бiшкек тас жолының 35-iншi шақырымында "Аңырақай шайқасына" арналған монумент қойылды.

Қазақ елiнiң жоғары оқу орындарында Аңырақай шайқасының 280 жылдығына арналған, ғалымдарды, тарихшыларды, жазушыларды, мақала авторларын және т.б. ұлтжанды азаматтардың басы қосылған ғылыми конференциялар өткiзу кезек күттiрмейтiн мәселе. Осы арқылы ұлы шайқастың болмысы түбегейлi ашылып, даулы жайттарға нүкте қойылар едi.

Жандарбек ҚАРАБАСОВ

Серіктес жаңалықтары