ХАЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
ХАЛЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Әкiмдердiң халық алдына шығып, есеп берудi әдетке айналдырғанына бес жылдың жүзi болды. Бұл әдет ерiктi түрде жүзеге асты деуге болмас. Шындығында, 2005 жылғы 6-сәуiрдегi ҚР Президентiнiң жарлығына сәйкес барлық деңгейдегi әкiмдер жыл сайын тұрғындарға есеп беруге мiндеттi болды. Әдетте, қаңтар айында басталған есеп беру кездесулерi ақпан айының соңына қарай аяқталып қалады. Осы уақыт аралығында әрбiр облыста орташа есеппен 600-700-ге жуық кездесулер өткiзiледi екен.
Осыдан соң Президенттiң әкiм мен қараны жақындастыруды көздеген тапсырмасын жергiлiктi билiк бюрократиялық механизмнiң бiр тетiгiне айналдырмады деп көрiңiз.
Президенттiң барлық деңгейдегi әкiмдерге халық алдына шығып, есеп беру туралы тапсырма бергендегi түпкi мақсаты не едi?
Ең әуелi, әкiм-қаралар өздерi басқарып отырған аймақ тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиiс болатын. Басқаша айтқанда, әкiмнiң бiр жылғы жұмысына бағаны билiк емес, бұқара халық беруi керек. Екiншi бiр мақсат – әкiмдер халық арасына шығып, қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ түрсiн деген игi ниеттен туған едi. Үшiншiден, жергiлiктi билiк органдарының жұмыс iстеу тәсiлiн жетiлдiру көзделген едi.
Ресми деректерге көз жүгiртсек, бұл мақсаттар ойдағыдан артық орындалған сияқты. Мысалы, 2008 жылы түрлi деңгейдегi әкiмдердiң есебiне елiмiз бойынша миллионнан астам адам қатысқан екен. Жалпы саны 10 000-нан астам кездесу ұйымдастырылған. 50 000-нан астам сұрақ қойылған. Олардың iшiнде өтiнiш те, ұсыныс та, наз да, өкпе де бар. Бiрақ әкiм мен халықтың ара-қатынасы туралы айтқанда, құрғақ сандар шынайы өмiр шындығын көрсете ме? Статистика жыл бойы әкiмнiң қабылдау бөлмесiнiң босағасынан сығалай алмай жүрген талай азаматтарды сипаттай ала ма?
Сонымен, бес жылда не ұқтық?
Не ұттық?
Әкiмдердiң баршасына бiрдей тас лақтыру ойымызда жоқ, бiрақ соңғы жылдары жергiлiктi басшылар халықпен кездесудi кәдiмгi әкiмшiлiктегi жиналыстардың бiрiне айналдырып алғандай көрiнедi. Мейлi аудан, мейлi қала, мейлi облыс басшысының есебi болсын, әуелi сол аймақта тындырылған жұмыстарды, жоспардағы шараларды қамтыған, дерек пен дәйекке толы әкiм баяндамасы оқылады. Бұл баяндама кейде баспасөз хатшысының, көмекшiлердiң, орынбасарлардың белсене атсалысуымен жазылатыны құпия емес. Нәтижесiнде, әкiмнiң 1-1,5 сағаттық баяндамасын тыңдап отырған халық қалғып-мүлгiп, толып жатқан сандар мен көрсеткiштерден, кестелер мен диаграммалардан жалығып, мезi болуға айналады. Ал, сабыр сақтап, баяндаманы соңына дейiн тыңдаған адам тыңғылықты дайындалған құжатта айтылған, баяндалған жағдайға оң баға беретiнi сөзсiз.
Неге? Себебi бiреу-ақ: әкiмдер есебiне қарағанда, Қазақстан халқының қазiргi жағдайы "қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған" деп сипаттауға келер.
Биылғы жылы бiраз әкiмнiң есебiне шолу жасадық. Обалы не керек, мейлi оңтүстiк аймақтың әкiмi болсын, мейлi iрi қаланың әкiмi болсын, тiптi аудан әкiмi болсын – барлық әкiмдердiң есептерi бiр қолдан шыққандай ұқсас. Әуелi Президенттiң биылғы "Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi" атты жолдауынан үзiндi келтiредi, сосын мемлекеттiк "Жол картасы" бағдарламасы бойынша атқарылған шаралар туралы айтып келiп, аймақта қанша көше жөнделiп, қанша аула жөнделгенiн, осы кезеңде қанша жаңа жұмыс орындары ашылып, қанша адам жұмысқа орналасқанын санамалап өтедi, сосын "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша сол аймақта салынып жатқан, құрылысы аяқталуға жақын мектептер мен ауруханаларға қатысты қасаң сандар тiзбектеле бередi… Ал, былтырғы жылы әкiмшiлiк мынандай кемшiлiктерге жол берiп алды, осыдан мынандай сабақ алдық…. деген сөйлемдi қолыңызға шам алып iздеп таппайсыз.
Шындығында, көптеген әкiмдердiң бұл кездесулердi өздерiн жарнамалау үшiн, ал кейбiрiнiң тек "өткiздiк-мыс" деген ақпарат беру үшiн ұйымдастыратынын билiк өкiлдерi де мойындайды. Әкiм есеп беретiн мәжiлiс залына жергiлiктi мәслихат депутаттары, әкiмшiлiк қызметкерлерi арнайы пәрменмен жиналатындай. Сұрақ қоятын адамдар алдын ала тiзiмге алынып, олар қоятын сұрақтар қатаң сұрыптаудан өтетiн сияқты.
Мысалы, әкiмдер есебiнде оппозициялық партия өкiлдерiнiң қатысқанын көрдiңiз бе, немесе естiдiңiз бе? Екiталай-ау. Себебi, әкiмдер өз есеп беру жиналысына "жағымсыз" сұрақ қоятын адамдардың келуiнен қатты сескенедi. Сондықтан алдын ала сақтық қамын жасайды…
Өкiнiшке қарай, халықпен бетпе-бет жүздесуге кiмдердiң бәрiнiң бiрдей жүрегi дауаламайды.
Дегенмен, халықпен кездесудi әдетке айналдырып, жыл бойына елдi мекендердi, ауданданды аралап, тұрғындардың мұң-арызын ауызба-ауыз тыңдауды жатсынбайтын да әкiмдер бар. Өкiнiшке қарай, олар – азшылық.
Шын мәнiнде, есеп берудi шынайы түрде өткiзу ең әуелi әкiмдердiң өздерiне керек едi. Өзiне сенiп тапсырылған аймақтың тұрғындарын не толғандыратынын, шаруашылықта қандай қордаланған мәселелер бар дегендi халықтың өз өкiлдерiнен естудiң пайдасы көп.
Мысалы, осыдан екi жыл бұрын Шымкент қаласы әкiмiнiң есебiнде тұрғындар қаладағы жылу жүйесiнiң сапасыздығына көп шағымданған. Ал биылғы жылғы қала әкiмi Арман Жетпiсбаев Шымкент қаласындағы тұрғын үйлер 100 пайыз жылумен қамтамасыз етiлгенiн мәлiмдедi.
Биыл есеп берген әкiмдердiң iшiнде өткiр сынға толымды жауап берген — Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов. Астанада басқа қалаларға қарағанда тұрғын үй құрылысы саласында қордаланып қалған мәселелер көп екенi белгiлi. Алданған үлескерлер былтырғы жылы Парламент пен Үкiмет үйлерiнiң алдын торуылдап, босағасын күзеткенiн бiлемiз. Ендi әкiмнiң халықпен кездесуi кезiнде де үлескерлер билiктi сынға алды. Оларға қала басшысы: "Үлескерлiк құрылыстың мәселесi келесi жылға дейiн бiржола шешiледi!", — деп мығым жауап бердi. Бұдан кейiн Астана әкiмiнiң "Мен өз жұмысыма жауапкершiлiкпен қараймын. Кiм не айтса да, көздерiңiзге тура қарап айтайын — өз жұмысым үшiн қызарақтайтын жерiм жоқ!" деген сөзiне залдағы жұрт ду-ду қол шапалақтады.
Әкiмнiң iрi турап, кесек сөйлегенi халықтың көңiлiне жағады. Әкiмдердiң барлығы бiрдей халықтың көзiне тура қарай алса, қанекей?..
Гүлбиғаш Омарова