КЕРЕКУЛIК ЖАСТАРДЫҢ БАТЫЛ ҚАДАМЫ

КЕРЕКУЛIК ЖАСТАРДЫҢ БАТЫЛ ҚАДАМЫ

КЕРЕКУЛIК ЖАСТАРДЫҢ БАТЫЛ ҚАДАМЫ
ашық дереккөзі
279

Белгiлi қоғам қайраткерi Болатхан Тайжан атына көше беру керек!

Кейiнгi кезде елiмiзде жастар ұйымдары мен бiрлестiктерiнiң саны арта бастады. Әуелгiде жекелеген топтардың ықпалымен ашылған кейбiр қоғамдық ұйымдар көп ұзамай жабылып жатса, ендiгi бiр қолға алған iстерi мығым, алға қойған мақсаты биiк қоғамдық ұйымдар саяси сахнадан өз орнын таба бiлдi. Осылардың қатарында жас та болса, бас болып, Кереку өңiрiндегi күрмеуi қиын — тiл мәселесiнiң шешiлуiне өзiнше атсалысып келе жатқан "Ұлан" жастар бiрлестiгiнiң еңбегiн елемеуге болмас.

Жасыратын түгi жоқ, бүгiнде Павлодар облысы әлi күнге мемлекеттiк тiлге мойын бұрмай келедi. Содан болар, жергiлiктi аймақта қазақ тiлi ахуалының да мәз еместiгi айқын сезiлуде. Бiр айта кетерлiгi, бұл мәселелердiң түбегейлi шешiмiн табуына қал-қадiрiнше үн қосып жүрген ұландық жастар аймақтағы қордаланған жәйттердiң жай-күйiн жергiлiктi билiкке, республикалық ақпарат құралдарына дер кезiнде жеткiзiп келедi. Нәтижесiнде талай жылғы қатып қалған сең қозғалып, жастардың рухани намысы ояна бастады. Тiптi, ұландық белсендiлер аймақтағы орыстiлдiлердiң бетiн берi қарату үшiн "Serpin" атты тәуелсiз қоғамдық-саяси жастар газетiнiң негiзiн қалады. "Ұлан" жастар бiрлестiгiнiң төрағасы Еркебұлан Алдабергеновтiң айтуынша, алғашқыда айына бiр рет жарық көретiн басылым тек қазақ тiлiнде шыққан. Әрине, кейбiр космополит тұрғындар жастардың ұлт, тiл жайында шырқырап айтып, жазып жүргендiгiнен бейхабар болуы мүмкiн. "Орыстiлдi оқырманға да бiздiң жанайқайымыз жетсiн деген ниетпен әрi жергiлiктi мемлекеттiк мекеме құжаттарының толықтай мемлекеттiк тiлге өтпей жатқанын ескерiп, газеттi екi тiлде шығаруға мәжбүр болдық", – дейдi Еркебұлан Алдабергенов. "Ұландық" жастардың ендiгi мақсаты – аймақтағы ақпараттық кеңiстiктiң қазақылануына өз септiгiн тигiзу. Бұл орайда, олар аталмыш басылымның өрiсiн кеңейтiп, айына екi рет шығаруды көздеп отырғанын қуана жеткiздi.

Тағы бiр жағымды жаңалық, "Ұлан" жастар бiрлестiгiнiң мұрындық болуымен Инновациялық Еуразия университетi жанынан 2009 жылдың желтоқсан айында белгiлi қоғам қайраткерi Болатхан Тайжан атындағы "Парасат" интеллектуалдық пiкiр-сайыс клубының тұсауы кесiлдi. Клубтың тұсаукесер рәсiмiне арнайы қатысқан саясаттанушының ұлы Мұхтар Тайжан сол сапарында газеттi көрiп, бiр жыл бойы барлық қаржылық шығынды өз мойнына алатынын айтыпты.

– Алғашқыда Болатхан Тайжан атындағы "Парасат" пiкiр-сайыс клубын ашатынымызды айтып журналист Берiк Уәлиге шыққан едiк. Сөйтсек, ол iзiн суытпай, жай-жапсарды Мұхтар Тайжанға мәлiм етiптi. Бiздiң бастамаға ерекше қуанған Мұхтар Тайжан қашан да ұлт, тiл мәселесiнiң бiржақты болуына өз үлесiн қосатынын бiлдiрдi. Бұдан бөлек Инновациялық Еуразия университетiнiң ректоры Камербаев Асқар Юсупұлына, Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетiнiң редакторы Мұхит Омаровқа және саясаттанушы Айдос Сарым сынды ұлтжанды азаматтарға алғысымыз шексiз, – дейдi Еркебұлан Алдабергенов.

Қоғамдағы ұлт, тiл мен дiн секiлдi өзектi мәселелердi талқылайтын клубқа келешекте Алматы қаласынан белгiлi саясаттанушылар мен журналистердi шақырып тұру жоспарда бар екенiн айтқан ұландық белсендiлер Кереку өңiрiнiң түйткiлдi мәселелерiнiң шетқақпайда қалмауы үшiн күреспек. Сондай-ақ, Абай атындағы №10 қазақ лицейiнiң бастауыш сыныбында бiлiм алған Павлодардың тумасы, белгiлi қоғам қайраткерi, саясаттанушы Болатхан Тайжанның артында қалған асыл сөздерiн, парасат-пайымын, салиқалы ойларын жастарға өнеге етiп жеткiзу де – "Ұлан" жастар бiрлестiгiнiң басты мақсаттарының бiрi.

Тәуелсiз Қазақстан үшiн аянбай еңбек еткен асыл азамат, қазақтың бiртуар патриоты Болатхан Тайжан келер жылы 70-ке толады. Соған байланысты "Ұлан" жастар бiрлестiгiнiң мүшелерi Павлодар қаласынан Болатхан Тайжан атына бiр көшенi беру үшiн бастарын тасқа да, тауға да соғып жүр. Құдай оңдаса, бұл iстiң де өз нәтижесiн беретiн күнi алыс емес деп сенедi. Ұландық жастардың ендiгi бар үмiтi – Павлодар облысына әкiм болып тағайындалған ұлтжанды азамат Бақытжан Сағынтаевта ғана. Ұлт мәселесiнен алшақ жүрмейтiн әкiмнiң ұлттық саясатта iлгерi қадамдар жасап жатқанын ескерсек, бұл күнге де жақын арада жететiнiмiз ақиқат.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары