"ШАНШАР" ҚҰЛАМАЙДЫ, ТЕАТР ӨМIР СҮРЕ БЕРЕДI

"ШАНШАР" ҚҰЛАМАЙДЫ, ТЕАТР ӨМIР СҮРЕ БЕРЕДI

"ШАНШАР" ҚҰЛАМАЙДЫ, ТЕАТР ӨМIР СҮРЕ БЕРЕДI
ашық дереккөзі
584

Бұрын "Шаншар" театрында екi Нұржан бар едi. Бiреуi, яғни көрерменге Тука болып танылған Нұржан Төлендиев жеке отау құрып, бөлiнiп шықты да, "Шаншарда" жалғыз Нұржан Құлшынбаев ғана қалды. Томпиған түрiне қарап, оны театрдағылар "томпақ Нұржан" деп еркелетедi.

Нұржан Төлендиев бастаған бiрқатар актерлер бөлiнiп кеткеннен кейiн, арада көп уақыт өтпей-ақ, "Шаншар" театры Алматыдағы кең сарайда кезектi қойылымын өткiздi. Кезектi қойылымнан соң, аталмыш театр республиканың түкпiр-түкпiрiне гастрольдiк сапарға шығып кетiптi. Соның алғашқысын Түркiстан қаласынан бастаған сияқты. Нұржан Құлшынбаевпен Түркiстанда кездестiк. Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетiнiң Мәдениет үйiнде "Шаншар" театрының қойылымы болайын деп жатыр екен. Екеумiз Мәдениет үйiнiң алдында жолықтық.

– Нұржан, жуырда "Шаншар" театры өзiнiң кезектi қойылымын қойды. Жалпы, театрдағы өзгерiстерден кейiн, театрдың деңгейi төмендедi деп ойлайсыз ба?

– Оған баға беретiн көрермен. Өз ойымша, "Шаншар" құлаған жоқ. Кейбiреулер айтып жүргендей, тарқамайды да. Бұрыннан өмiр сүрiп келе жатқан театр бұл. Бiр саты көтерiлмесе, төмендемейдi деп ойлаймын. Сондай жоғары деңгейде деп айтсам, өзiмдi өзiм мақтағандай болам. Сондықтан, бағаны беретiн де, сын айтып, кемшiлiгiн байқайтын да көрерменнiң өзi.

– Төлендиевпен бiрге жүрдiңiз, сахнада да бiрге ойнадыңыздар. Нұржан кеткеннен кейiн, сiздiң өзiңiзде жалғызсырау болған жоқ па?

– Сезiнбедiк емес, сезiндiк. Жалғыз мен ғана емес, жалпы театр сезiндi деп ойлаймын. Себебi, қанша уақыттан берi бiрге ойнадық, сахнада да, өмiрде де бiрге жүрдiк. Нұржан кеткеннен кейiн, бiр мүшемнен айрылғандай күй кештiм. Алайда, театр өмiр сүре бередi. Қазiр театрымызға келiп жатқан жас актерлер Нұржанның орнын толтырып жатыр. "Шаншар" бұрыннан қалыптасқан театр, әртiстерi кетсе де, кетпесе де, театр қалады. Жаңа актерлер келгеннен кейiн, "жаңа қол, жаңа аяқ салып алдық" деп айтуға болар.

– Жаңадан келген актерлердi театрға қалай таңдадыңыздар? Белгiлi бiр iрiктеулер болды ма?

– Ол жiгiттердi бұрыннан бiлемiз. Бiреуi – Түркiстанда өсiп-өнген, Нұржанмен бiрге оқыған, бiрге ойнаған Ғалымжан деген жiгiт. Одан бөлек, театрымызға жас дарындар да қосылып жатыр. Олардың барлығы дерлiк, Ясауи атындағы қазақ-түрiк университетiнiң түлектерi.

– "Шаншардың" қойылымдарын көрiп отырсақ, интермедияларының көбiнiң объектiсi – ауыл. Бұл ауылда көп болатындықтарыңызды көрсете ме?

– Бiзде бiр нақты объектiнi немесе нысананы алып, соны көздеу мақсат емес. Халықтың көңiлiндегi нәрсенi, халықтың басындағы проблеманы айтқымыз келедi. Соны айтқанымызды көрермен де қалап отырады. Әзiлдеп болса да, қалжыңмен болса да елдiң мұңын жеткiзуге тырысамыз.

– Театрда көбiне интермедияларды Уәлибек Әбдiрайымов, Жүсiп Ақшораев, Нұржан Төлендиев жазады. Танымал сатирик ағаларымыз өздерiнiң шығармаларын сiздерге ұсынбай ма?

– Авторлар да бар. Бiрақ, бұл сұрақты Уәлибек ағаға қойсаңыз, дұрыс болар едi. Өйткенi, театрдың директоры болғаннан кейiн, сатириктерiмiз өздерiнiң сықақтарын, интермедияларының көбiн ол кiсiге алып келедi. Сосын Уәкең бiздiң ортамызға салады.

– "Шаншарлықтар" деп кеткен адамдардың бөлiнуiне белгiлi бiр себеп болды ма?

– Ол мәселе жайында нақты бiрнәрсе айта алмаймын. Пәленше бұлай, түгенше солай болды деп те айта алмаймын. Ең басты себеп, концерттен гөрi тойды көбiрек қуалап кеткен сияқтымыз.

– Сiз ше? Сiзде тойға барасыз ба?

– Барам. Асабалық жасаймын. Мұның бәрi тек концерттен тыс кездерi болатын нәрсе.

– Театрдың қызметкерлерiне тойға баруға, той басқаруға қаржының аздығы себеп бола ма?

– Әртiстерге керемет ақша, керемет айлық төленбейдi. Бiрақ, сонда да "ақша жоқ" деп, ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Айлығымыз, Құдайға шүкiр, жаман емес.

– Нағыз өнердi құрметтейтiн адам ақшаның емес, өнердiң ғана құлы болуы керек емес пе?

– Сiздiң ойыңызды түсiндiм. Бiздiң Жүсiп ағамыз тойға көп бара бермейдi. Себебi, "ол сенiң миыңды өзгертедi, творчестводан алшақтатып жiбередi" дейдi. Бiз де тойға шыққымыз келiп шықпаймыз, ақшаға құныққан да жоқпыз, бiрақ ақша керек. Артық ақша ешкiмге артық етпейдi. Тойдан түскен ақшаға аудио таспаларымызды жасаймыз, киiмдерiмiздi түгелдеймiз. Той басқару дегенде, соншама қымбат бағаны сұрап көрмеппiн де. Барға қанағат тұтамыз.

– Тегiн барған кездерiңiз болды ма?

– Неге болмайды, болады. Кейде үлкен кiсiлер өтiнiш айтып, жағдайын айтса, тегiн қызмет көрсетуге тырысам.

– Өнер адамы үнемi iзденiсте болмаса, тоқырап қалатын жағдайлары кездеседi. Сiз қалай дайындаласыз?

– Менiң негiзгi мамандығым – музыкант. Өзiм баян класын бiтiргем. Бұрын iздену дегендi түсiнбейтiнмiн. Адам қалай iзденедi деп ойлайтын едiм. Баянға дайындалып отырамыз ғой, соның өзi iздену, жаңа бiрнәрсенi ойлап табу болып саналады екен. Оны кейiн түсiндiм. Ал актер болғалы берi Уәлибек пен Жүсiп ағаларымыздан көп нәрсенi үйрендiм. Олардың өз рөлдерiне қалай дайындалатынын көрдiм. Содан кейiн берiлген рөлдi қалай шығарсам екен, қалай дұрыс болар екен дегендi ойланатын болдым. Бiр-бiрiне ұқсатпауға тырысатын болдық.

– Өзiңiз сомдаған рольдердi өзiңiз сынаған кездерiңiз ше?

– Болады. Екi рет ойнаған бiрдей рөлiм бар. Ол шәй құятын қыздың рөлi. Оны бiрдей ойнауға тура келгендiктен, солай жасадым.

– Нұржан Төлендиев өзiнiң бiр сұхбатында: "Мен "Шаншарға" көрермен жинап бердiм" деген екен. Қазiр қалай, "Шаншардың" көрерменi азайып қалған жоқ па?

– Ол сұхбатын оқымаппын. Көрермен – сол баяғы өзiмiздiң көрерменiмiз деп ойлаймын. Уәлибек Әбдiрайымов пен Жүсiп Ақшораев жинады ма, әлде Нұржан Төлендиев жинады ма, әлде театр жинады ма, оны бiлмеймiн. Менiң ойымша, кез келген көрермен: "Бұлар қандай жақсы дүние ұсынады екен? Не жаңалығы болады?" деген оймен келуi де мүмкiн. Көрермен өзi келедi, өзi бағалайды…

– Концерттен кейiн ше? Қандай пiкiрлер айтылып жатыр?

– Жаман пiкiр естiген жоқпыз. Үлкен кiсiлердiң көбi өздерiнiң ризашылықтарын айтып жатыр. "Шаншар" бұрыннан "Шаншар". Ол өмiр сүре бередi. Оның әртiстерi ауысып тұруы мүмкiн, бiрақ, театр өзiнiң табиғи қалпын сақтап қалады.

– "Шаншар" театры көрермен алдына көп шыға бермейдi. Әр қойылым ұзақ iзденудi қажет ете ме, әлде көрерменге деген жауапкершiлiктен туындап отыр ма?

– Жылына екi рет те қойған кезiмiз болды. Кейiнiрек, жылына бiр рет шыққанымыз дұрыс шығар деп ойладық. Қолымыздан келгенше, жақсы дүниемен көрерменiмiздi қуантқымыз келедi.

– "Шаншар" театрының қойылымы өте салысымен-ақ, қара базарларда пираттық бейнетаспалар көбейiп кетедi.

– Театрдың күнi кеше ғана өткен қойылымын да түсiрiп алыпты деген әңгiмелер бар. Пираттық бейнетаспалар кейде театрға өзiнiң зиянын тигiзiп жатады. Кейбiр сюжеттерi түсiнiксiз болып қалуы мүмкiн. Сапалы камералармен түсiрмегендiктен де, бейнетаспалардың сапасы нашар болады ғой. Сондықтан, сапасыз бейнетаспаны тамашалағаннан гөрi, сапалы дүниенi көргенге не жетсiн?!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары