"ШЕВРОН" 45 СТУДЕНТКЕ ШӘКIРТАҚЫ ТАПСЫРДЫ

"ШЕВРОН" 45 СТУДЕНТКЕ ШӘКIРТАҚЫ ТАПСЫРДЫ

"ШЕВРОН" 45 СТУДЕНТКЕ ШӘКIРТАҚЫ ТАПСЫРДЫ
ашық дереккөзі
430

Сейсенбi күнi Chevron компаниясы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетiнде (ҚазҰТУ) техника мамандықтары бойынша тәлiм алатын 45 студентке шәкiртақы сертификатын табыс еттi. 2009-2010 оқу жылының Шәкiртақы бағдарламасы бойынша тағайындалған бұл сыйлық болашақ мамандарға серпiн берерi сөзсiз. Салтанатты шара барысында Chevron корпорациясының Еуразиялық бизнес бөлiмшесi Басқару директорының орынбасары Дерек Магнесс жоғары оқу орындарымен серiктестiк орнатуға бағытталған Chevron компаниясының ғаламдық бағдарламасының Қазақстандағы атқарылып жатқан шараларына тоқталды.

Университеттермен тығыз байланыс орната отырып, серiктестiк құруды көздейтiн Chevron аталған бағдарлама шеңберiнде дарынды жастарды iздеп тауып, заманауи техника мен технологиялардың арқасында бизнестi дамытуға арналған мүмкiндiктердi iске асыруды мақсат етедi. АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия, Қазақстан, Таиланд, Индонезия, Үндiстан, Оңтүстiк Африка мен Венесуэла сияқты 10 елдiң 18 үздiк жоғары оқу орнымен ынтымақтас Chevron корпорациясы арнайы бағдарлама шеңберiнде университеттерге жаңа оқу бағдарламасын енгiзуге, олардың материалдық-техникалық ахуалын жақсартуға ықпал етумен қатар үздiк оқитын студенттерге гранттар мен шәкiртақылар бөлiп отырады. Қазақстан бойынша компанияның серiктесi ретiнде белгiленген ҚазҰТУ-дан серiктестiк бағдарламасы шеңберiнде 45 студенттi таңдап, оларға 8 толық және 37 iшiнара шәкiртақы тағайындалуы сондықтан. Дерек Магнесстiң айтуынша, бағдарлама елiмiзге енгiзiлгелi берi ҚазҰТУ-дың техникалық мамандығы бойынша тәлiм алатын 90-ға жуық студентке шәкiртақы бөлiнiптi. Сонымен қатар Chevron тарапынан жасалған демеушiлiк көмектiң арқасында ҚазҰТУ-ға тиесiлi бiрнеше кафедра мен институттар заманауи зертханалық құрал-жабдық пен мамандандырылған бағдарламасы бар компьютерлiк сыныптарға ие болған.

Халықаралық ынтымақтастыққа келсек, компания ҚазҰТУ мен Колорадо Тау-Кен Мектебi (КТКМ) арасында байланыс орнатып, ұстаздар мен студенттердiң өзара тәжiрибе алмасу бағдарламасын жүзеге асырған. 2009 жылдың маусымында аталған оқу орындары бiрлескен геологиялық тәжiрибесiн ұйымдастырды. Мақсат – ҚазҰТУ-дың оқу бағдарламасын халықаралық акрредитация алуға мүмкiндiк беретiн әлемдiк стандарттарға сәйкестендiру. 75-жылдық тарихы бар ҚазҰТУ-дың мерейтойлық шараларын ұйымдастыруға белсене араласқан Chevron АҚШ пен Түркияның үздiк университеттерiндегi кәсiби ғалымдарды Қазақстанға шақырып, Халықаралық мұнайшы инженерлер қоғамының (SPE) Студенттiк бөлiмшесiне арналған Ресурстық орталығын ашып, SPE мен Жер шарының ең үздiк мұнай-газ компаниялары – Chevron, Schlumberger, Kappa Engineering құрал-жабдық, геологиялық барлау деректерiн тәржiмалайтын құны аса қымбат компьютерлiк бағдарлама мен техникалық кiтапхананы сыйға тартты.

Сондай-ақ, "Қазэнерджи" қауымдастығы мен "Бiлiм – Орталық Азия" бiлiм беру орталығының шәкiртақы бағдарламаларына демеушiлiк көресетудi де назардан тыс қалдырған емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары