БYРКIТШI МАҚПАЛ

БYРКIТШI МАҚПАЛ

БYРКIТШI МАҚПАЛ
ашық дереккөзі
319

Мақпал – құсбегi. Оның бұл ата кәсiппен айналысқанына, мiне, он жыл болды. Негiзгi мамандығы – заңгер. Қарағанды облысының шалғайдағы Шет ауданында тұрады. Туып өскен жерi де сол.

Бүркiттi қалай баптаудың қыры мен сырын әбден меңгерген. Қар кетiп, көк көтерiлiп, күн жылысымен қыранын жемдеп, семiртiп түлету әдетiне айналған. Таңертең қызметке барар алдында жуылған жұмсақ еттi баланың алақанындай етiп турап, алдына қояды. Басынан, арқасынан, бауырынан сипап жас сәбидей айналып, толғанып еркелетедi. Бүркiтi де оның қоңырқай үнiне, сылап-сипағанына әбден үйренген. Қуанғаны ма қос жанары жалт-жұлт етiп, қанаттарын қомдап, саңқ-саңқ етедi. Тұғыр астындағы саңырығын тазалағанша оның жұмыс уақыты да болады. Кешке қызметтен оралған соң да бiр ауық бүркiтiнiң жанында болып, әдеттегiдей сылап-сипайды. Күнделiктi әдетi осы.

Жазда қыраны семiрiп, түлей бастайды. Әуелi бiр қанатының қауырсындары түсiп, орнына жаңасы шығып қатаяды. Содан соң екiншi қанаты түлейдi. Ал кұйрық қанаты соңынан жаңарады. Күзде қыранын суытып, арықтатып, қан сонарға дайындап, баптаудан ол әсте жалыққан емес.

Арқаның қысы ерте түсiп, ұзаққа созылады. Қызығы алғашқы қарда бүркiтпен аңға шыққан. Тобықтан сәл жоғары түскен көбiк қарда қоянның, түлкiнiң iздерi сайрап жатқаны.

Мақпал Әбдiразақова ер азаматтарша ықшам киiнiп, таудай төбенiң басына шығып, қыранының томағасын сыпырып, тұғырынан ұшырады. Заңғар көкке көтерiлген бүркiт қырағы көзiмен айнала төңiректi шола қарап бiраз қалықтап жүредi де бiр кезде шоғыр бұта астынан шыға келген түлкiге шүйiле құлдилайды. Түлкiнi әудем жерге жеткiзбей төбесiнен төнiп қағып түседi. Мақпал астындағы атын қамшылап жеткенше бүркiтi бүрген түлкi жан тәсiлiм етедi екен. Ол түлкiнi қанжығасына байлап қыранына томағасын кигiзiп, қолындағы тұғырына қондырып тағы да биiк төбелердiң бiрiн бетке алады.

Қазақта қыздардан шыққан құсбегiлер аз. Тiптен саусақпен санарлықтай ғана. Мақпал солардың бiрi әрi бiрегейi. Бiрнеше рет бүркiтшiлердiң республикалық жарысына қатысып, жүлделi орындардан көрiнiп, көрермендердi сүйсiндiрiп келедi. Ол биыл да Алматы облысының Райымбек ауданында өткен жарыста жоғары орынды иемдендi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары