ЖАУҺАР

ЖАУҺАР

ЖАУҺАР
ашық дереккөзі
1083

Бiз ол кезде құрбым Жауһар екеумiз қаланың шетiнде пәтер жалдап тұратынбыз. Түнгi клубқа, таныс жiгiттер шақырған кештерге бармай, үйде кiтапқа көмiлiп жатып, болашақ ханзадамыз туралы қиялдаймыз. Кафеде танысқысы келген жiгiттерге мойын бұрмай екеуден екеу отырамыз.

— Өмiр өтiп барады. Ал бiз түк те тындырған жоқпыз. Сонда өмiрге не үшiн келдiк? — дейдi ол бетiме сұраулы жүзбен қарап. — Өлу үшiн. — Жоқ, мен өмiр сүру үшiн келдiм. Бiрақ… бiлесiң бе, мен ылғи да өзiмнiң бейiтiмнiң басында жылап отырамын. Әлден соң үйде отырғанымды сезiнем де қорқыныштан селк етемiн. — ?.. — Неге үндемейсiң? — Мен өзiмдi ұйықтап жатып, ояу жатқандай, ояу жатып, ұйықтап жатқандай сезiнем. Күн суық күнi ыстықтап жүремiн, ал ыстық күнi тоңып жүремiн. — Кеше көпке дейiн ұйықтай алмай жаттым. Әкем туралы ойладым. Ол өзiн өзi жоғалтып алған адам ғой. Бiр уақытта көз алдыма аппақ кебiнге оранып жатқан әкем келдi. Өксiгiмдi баса алмай ұзақ жыладым. Жарықты жағып, айнаға көз салдым. Айнадан сыртқы кескiн-келбетiмдi көрдiм, ал көзiмнiң қарашығынан iшкi жан дүниемдi байқадым. Сол сәтте тiрi әкемдi өлiмге қимай ұзақ жыладым. Бала кезiмде әкемдi жек көрушi едiм. Бiрде анам аурухананың ауласын сыпырып тапқан жалақысын "сұрағанда бересiң" деп қолыма ұстатты. Әкем анамның әлгi ақшасын мен жасырған жерден ұрлап, iшiп қойды. Бала кезiмде анамнан қатты қорқатынмын. Жүйкесi шаршаған, ашуланшақ жан. Анамды, өзiмдi, бауырларымды аяп жыладым. Бiр қызығы, анам күс-күс қолымен маңдайымнан сипап, тiл қатпай ұзақ отырды. Әлден соң: — Шаршадым. Құр сүлдерiм жүр. Сендер үшiн өмiр сүрiп жүрмiн. Әйтпесе, мен өлген адаммын ғой, — дедi бар болғаны. Жауһардың көзiнен бiр тамшы жас үзiлiп түстi. — Сен менi түсiнесiң ғой. — Адамды адам түсiнбейдi, түсiнуге ғана ұмтылады. — Менiң шарап iшкiм келедi. — Қызық. — Әкем iшiмдiкке үйiр болған соң ба, бұл пәленi ұнатпаушы едiм. Ал бүгiн iшем. Ол даяшыға шарап алдыртты. Шарапты тыжырынып ұрттап отыр. — Мен кеше жыладым. Себепсiз… — деп күрсiндi. — Себепсiз жылай алмайсың. Бәлкiм, көз жасыңды төгуiңе себепкер болған оқиға осыдан бiраз жыл бұрын өтуi мүмкiн. Бәлкiм, күндердiң күнiнде өлетiнiңдi ойлап, мына өмiрдi қимауың мүмкiн. Қуану мен жылаудың себебi болмай қоймайды. — Мүмкiн… Ол мұңдана күлiп: — Мен оны жақсы да көрмеймiн, жек те көрмеймiн, — дедi. — Кiмдi? — … — Ә-ә… Ол жiгiттi менiң суқаным сүймейдi. Жасанды күлкiсiнен жиiркенемiн. Көздерi де өтiрiк күлiп тұрады. — Менiң шынайы өмiр сүргiм келмейдi. Бiздiң қоғамда шынайылық – күлкi шақырады. Жасанды да өмiр сүргiм келмейдi, жасандылық – жиiркенiш туғызады. Оның жасандылығы менiң және сенiң шынайылығыңнан әлдеқайда әдемi. Ол сенi жақсы көредi. Жауһарға ұнатпай қарадым. — Кетейiк. — Естисiң бе, ол саған ғашық. Ол қолымен басын сүйеп, жанарын төмен салды. — Мен оны сүйiп қалған секiлдiмiн. — Мен ондай адамды сүймек түгiлi жай адам ретiнде ұната да алмаймын. — Адам адамды түсiнбейдi, бiрақ түсiнуге ұмтылады деген сен емессiң бе? — деп көңiлсiз езу тартты.
* * *
 

Жауһар күннен күнге менен алыстап барады. Ол маған, мен оған бөтен адам секiлдiмiз. Сол күндерi әлемде жалғыз қалғандай бойымды зiлдей мұң басқан. Ол сенбi, жексенбi үйге қонбады. Себебiн сұрап едiм, жауапсыз қалдырды. Әлден соң жастыққа бетiн басып, өксiп-өксiп жылады. Жұбатпадым.

— Кешiр. Мен өзiмдi өзiм қазiр шынымен жоқтап жылап отырмын. Үндемедiм. Одан кейiн оның көз жасын көргенiм жоқ. Жауһардың көз жасын маған көрсетпей жылайтынын сезем. Ол махаббаттың емес, жалған сезiмнiң құрбаны болғанын бiлмедi. Айнадағы өз бейнесiнен көз алмай қарап тұрған Жауһар: — Өмiрге ешқандай ұрпақ әкелгiм келмейдi. Қайғы, мұң арқалап, ол да өмiрден өтедi. Бiр бақытсыз жанды өмiрге әкелмей, сауапты iс жасағым келедi, — деп бет-алды күле бердi. Шошыдым. Екi жұдырығымен қабырғаны ұрғылап, басын соқты. Ернiн тiстелеп, жыламады. — Неге қорқып тұрсың? Қорықпай-ақ қой, есiм әлi ауысқан жоқ, — дедi маған мағынасыз көзқараспен қарап. — Сен адам таниды екенсiң. Ол — өте қорқынышты адам. Шашын артына жылмита қайырып жүретiн, шегiр көз, төртпақ сары жiгiт пәтерiн жалға берiп, басқа жаққа кетiп қалған болатын. Шегiр көз жiгiт бiзбен көршi тұрғанда да оны тым сирек көретiнмiн. Көре қалсам, бойымды үрей ме, әлде жиiркену ме, әйтеуiр әлдеқандай бiр түсiнiксiз сезiм билейтiн. Ол менi көргенде баяғыдай жалған жымимай, басын изеп өте шығатын. Шегiр көз жiгiттен жүктi болып қалған Жауһар ауылына кеттi де, қалаға қайтып оралмады.
* * *
 

Арада бес жыл өткен. Пәтер iздеп жүрiп баяғы Жауһар екеумiз тұрған үйге бардым. Күншуақта мүгедектер арбасына таңылып отырған жас жiгiт менен көзiн алмай қарады. Таныс бейне. Баяғы шашын артқа жылмитып тарап алатын шегiр көз, төртпақ сары жiгiт. Менiң қадала қарағанымды жаратпады бiлем.

— Бүгiн менiмен би кешiне бармайсыз ба? — дедi кекесiндi үнмен. — Уақытым жоқ. Пәтер iздеуiм керек. — Онда менiң жарым болыңыз. Пәтер мәселеңiз бiр сәтте шешiледi. "Не деген парықсыз жан едi". — "Мүгедектiң әйелi болам ба?" деп қорықпаңыз. Дәрiгерлерге сенсем, көп ұзамай жүрiп кетемiн. Сосын екеумiз үйлену тойымызда басымыз айналғанша шыр айналып вальс билеймiз. Бал айымызды Еуропада өткiземiз. — Мен сiздi жек көрем. Мысқылдап күлдi. — Мен де сiздi жек көрем. Менiң қандай адам екенiмдi бiле тұрып, құрбыңызды қорғамағаныңыз үшiн жек көрем. Оның өлiмiне мен ғана емес, сiз де кiнәлiсiз. Соқыр сезiмнiң құлы болған құрбыңызды сүйген емеспiн. Ол шырпы тиген қу шөптiң тез жанып кететiнiн бiлмедi. Бiрақ сiз құрбыңызға қарағанда ақылды екенсiз. — Сiз оның өлгенiн бiледi екенсiз ғой? Даусым сыбырлай шықты. Сөзiмдi естiмегендей аспанға үмiтсiз көз тiктi. — Кейде ойға батып отырып, не ойлағанымды ұмытып қаламын. Себебi, мен ештеңе де ойламаған едiм. Кейде күлiп тұрып, жылағым келедi, мұңайып тұрып, күлкiм келедi. Себебi, мен өмiрдiң қарапайым екенiн, тек оны өзiмiз күрделендiретiнiмiздi түсiнем. Өмiрдi түсiнуге ұмтылған сайын өмiрiм күрделене түседi. Бойымда бiр үрей бар. Бетпе-бет келуден қорқатын сауалдар жанымды жегiқұрттай жейдi, — дедi ол қамығыңқы үнмен. Үшiншi қабаттағы бұрынғы пәтерiмiздiң терезесiн көзiммен iздедiм. Бұл үйде Жауһар екеумiз ешқашан тұрмаған секiлдiмiз. Жауһар көрiнетiндей терезеге соңғы рет көз тастадым. — Менi тастап кетпеңiзшi. Мен сiздi сүйем ғой, — деген жалынышты дауыс құлағыма талып естiлдi. — Мен де сiздi сүйемiн. Шындығымды өзге түгiлi күнi бүгiнге дейiн өзiмнен жасырып келiппiн. Әрине, ол менiң даусымды естiген жоқ. Мен ол кезде ұзап кеткенмiн.
Аягүл МАНТАЕВА

Серіктес жаңалықтары