«...ЖАМАЛДЫҢ ӨР МIНЕЗI»

«...ЖАМАЛДЫҢ ӨР МIНЕЗI»

«...ЖАМАЛДЫҢ ӨР МIНЕЗI»
ашық дереккөзі
298

Тұрмысбек Ахметов ол кезде қыр мұрынды, қара қасты, мойылдай қара шашты, көрген кiсiнiң көзiне де, көңiлiне де қуаныш ұялататын мөлдiреген сұлу жiгiт едi. Бiрде Ленгер (бүгiнгi Төле би) аудандық оқу бөлiмiнiң инспекторы ретiнде мектебiмiздiң директоры үстiнен жазылған домалақ арызды тексере келдi. Қасында аудандық партия комитетiнiң жауапты қызметкерi бар.

Арыз қорытындысы мұғалiмдер кеңесiнде талқыланып, оқу-тәрбие жұмысымыздағы жетiстiктерiмiз бен кемшiлiктерiмiз сарапқа салынды. Сонда Тұрмысбек Ахметовтың барды бар, жоқты жоқ деп, жағдайды қапысыз әдiл бағалағанына риза боп, институтты жаңа бiтiрген мен ол кiсiнi өзiме үлгi тұтқан едiм.

Кейiн Тұрекең Оңтүстiк Қазақстан облыстық партия комитетiнiң ғылым және оқу орындары бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне жоғарылап, ұзақ жыл жемiстi, абыройлы еңбек еттi. 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты нақақтан-нақақ жабылған жалаға ұшырап, қамауға алынғанын сырттай естiп, "аққа Құдай жақ" деген, әлi-ақ ақталып шығады деген сенiмде жүрдiм.

…Арада он жыл өткенде ойламаған жерден Тұрмысбек ағаның дастарқанынан дәм татып, өзi, сүйiктi жары Жамал жеңгей үшеумiз үстелдi қоршай отырып, емiн-еркiн сырласқаным есiмде. Сондағы орта бойлы, жiгерлi, намысқой, өңi атқан таңдай ажарлы Жамал жеңгейдiң айтқандарынан терең тағлым, қазақ әйелдерiнiң ақылды, дана, күрескер бейнесiнiң жаңа қырымен танысқандай әсер алып, iшiмнен: "Мына кiсi Қыз Жiбектiң туған сiңлiсi екен-ау!" – деп тамсана таң қалғаным бар. Бұл тұжырымымның дұрыс-бұрыстығына көз жеткiзу үшiн Жамал жеңгейдiң сол жолғы шерткен сырын оқырманның талғам тарызысына ұсынғанды жөн көрдiм.

* * *

– Тұрмысбек аға Москваның "Матроская тишина" түрмесiнде жатқанда сiз қандай ойда болдыңыз?

– Өте ауыр ойда болдым. Мүлде күтпеген, үш ұйықтасам түсiме енбеген жағдай, – деп Жамал жеңгей кеудесi қақ айырылардай үһiлей күрсiндi. – Тұрмысбекке тағылған кiнә әдiлетсiз екенiн бүкiл болмыс-бiтiмiммен түйсiнiп, ендi қайттiм, қалай көмектессем екен деп күнi-түнi аласұрып, бұлқынумен болдым.

Тергеушiлер қитұрқы сұрақты қарша жаудырып, менiң де басыма қара аспанды төндiрiп бақты. Заң жүзiнде рұқсат етiлмейтiн неше түрлi зорлық-зомбылық тәсiлдерiн айтып, қорқытпақ та болды. Олардың бiр сөзiне де сенбедiм, Тұрмысбектiң адал қызмет iстегенiн, адамдарға жаны ашып, мүмкiндiгiнше қол ұшын беруге әр кез әзiр екенiн жақсы бiлетiн мен мойымадым, керiсiнше қара тастай қатайдым. Жас кезiмнен өжет, өр боп өскенiмнен бе, ешқандай қорқып, үрiккенiм жоқ. Жаратылысымнан бiреуге жағынып, иiле қоймайтын әдетiммен таныстарым: "Мына бейшараның салы суға кетiп, әбден арып-ашып бiтiптi-ау", – деп есiркемесiн деген ойда бұрынғымнан бетер басымды жоғары көтерiп, кеудемдi тiк ұстап жүрудi әдетке айналдырдым. Өзiм қызмет iстейтiн Шымкент қаласы орталығындағы Сыпатаев атындағы мектепке бара жатқанда әдейi Тұрмысбек қызмет еткен облыстық партия комитетiнiң алдынан өтем.

Тұрекең – иi жұмсақ жан. Айтқан жерден аулақ, әдiлетсiздiкке шыдай алмай, өзiне өзi қол жұмсап, жамандыққа барып қоя ма деп қауiптенiп, уайымға берiлген де кезiм көп. Әдiлетсiздiкке күйiнiп, жасымасын, "жарым Жамал iздеп келiп жүр" деген ұғымда болсын деген оймен Москваға ай сайын барып тұрдым. Екi жылдың iшiнде 25 рет бардым.

– Ой, қандай өлермен кiсiсiз?!

– Ол кезде өлермендiк керек болды. Басқалардың әйелдерiнiң қанша рет барғанын, бармағанын бiлмеймiн, мен Москваға ай сайын барып тұрдым. Ол әрекетiмдi мектепте өзiммен бiрге жұмыс iстейтiн әрiптестерiм бiлген жоқ.

Мен күйеуiнiң арқасында шалқақтап, жұмысына енжар қарайтын кейбiр жанаяр, жалқау әйелдердi жек көретiнмiн. Тұрмысбегiме сөз келмесiн деп ертелi-кеш iзденiп, барынша талпынып-бағатынмын. Сондықтан шығар ұжымымда қадiрлi болдым. "Қазақ ССР-i бiлiм беру iсiнiң үздiгi", әдiскер, аға мұғалiм деген атақтарды иелендiм. Оларды тамыр-таныстықпен алмағанымды дәлелдеу үшiн жиi-жиi ашық сабақ, түрлi кештер өткiзетiнмiн. Ұжымымдағылар: "Апай, апай", – деп сыйлады. Соның өзiнде де мен директорымнан, не оқу iсi меңгерушiсiнен Москваға барып келейiн деп сұранғам жоқ. Сұрансам, сөзсiз жiберер едi. Сыпсың сөздi көбейткiм келмедi.

Химия пәнiнiң мұғалiмi, шәкiртiм Атабековаға:

– Сен кесте бойынша менiң сабағымның орнына өз сабағыңды өт. Москвадан келген соң, сенiң орнына мен өтем. Амандық болса, ол жақтан бiр, не екi күнде қайтып келем, – деп келiсетiнмiн.

Ол кезде ұшаққа билет алу қиын едi. Шымкент қалалық партия комитетiнiң хатшысы Сансызбай Бекбосынов пен Мәйлесқұловқа барып:

– Москваға билет алуға көмектесiңдер, – дейтiнмiн. Олар жағдайымды жақсы түсiнетiн. Аяқсыз қалдырмай, маған басқа фамилияға брон алып берiп жүрдi. Жанашырлықтарына осы күнге дейiн ризамын. Москваның Домодедова әуежайына түнде барып түсем. Таңертең автобусқа мiнiп, түрме табалдырығынан аттаймын.

– Сол кезде үйiңiзде кiм қалады?

– Үйiмде Ғани деген ұлым қалады. Басқа балаларым бөлек тұратын. Қаржым шамалы, билет қымбат. Тұрмысбек қамалғалы екi жүктемемен жұмыс iстедiм. Ары-берi жүрер жолыма 120 сом кетедi. Айлығымнан небәрi 50-60 сом артылады. Жалпы салмағы бес кило тартатын жемiс-жидек сатып аламын. Сәл асса, кезекшi қабылдамай қояды. Апарғанымды өткiзген соң: "Сәлемдемемдi Тұрмысбек алатын, менiң соңынан iздеп келгенiмдi бiлетiн болды", – деп балаша қуанам.

Түрме дәлiзiнде қабырғаға тақай қойылған ұзын орындық бар. Соған жата кетiп, бiраз мызғып алам. Жол жүрiп, әрi Тұрмысбегiмдi уайымдап, шаршаймын ғой… Ары-берi тынымсыз өтiп жатқан адамдарға мән бермейтiнмiн.

Москвадан оралысымен киiмiмдi ауыстырып, түк болмағандай сабағыма барам. Атабекова:

– Апай, ағайға жолығып келдiңiз. Көңiл күйiңiз жақсы ма? – деп сұрайды.

– Жақсы, қарағым, – деймiн қысқа тiл қатып. Iштей қатты күйзелетiнiм, тергеушiлер Тұрмысбегiммен жолықтырмайды. Менi куәгер ретiнде шақырып тұрады. Сонда тергеушiлерге:

– Мен Москвада ешкiмдi танымаймын. Қымбат қонақ үйге жататын қаржым шамалы. Маған ең арзан "Интурист" қонақ үйiнен орын алып қойыңдар, – деп телефон соғам. Оларға сол кезде қалай өктем сөйлегенiме қазiр өзiм таң қалам. Бiр қызығы, тергеушiлер менiң талабымды ерсi көрмей, айтқанымды орындайтын.

Оқта-текте камерасына кiрiп, құжаттарын реттеп, түгендеп тұратын адвокат Хетецтен

Тұрмысбек туралы хабарды естiп, көңiлiм орнына түскендей болатын. Тым қатыгез тергеушi де болды. Ол менi 8– бөлiмдегi бiр бөлмеге алып кiрдi. Отырмын. Бiр кезде қарасам, қарсымдағы үстел үстiнде өңкей шымкенттiк басшылардың пара ретiнде бердiм деген заттарының тiзiмi жатыр. Бәрi де жала. Ол тiзiмдi менi оқып, таныссын деп алдыма әдейi әкеп қойғанын iшiм сездi

Тергеушi:

– Уақытың бiттi, бөлмеден шық! – дедi.

– Мен күйеуiме жолықпай шықпаймын! – деп қасарыстым.

– Шығар, – дедi бастықсымақ бiреуi.

– Шықпаймын! Атасыңдар ма, атыңдар! Бұл қорлықтан гөрi атылып өлгенiм артық. Сонша алыс жерден келдiм. Күйеуiме неге жолықтырмайсыңдар?! Жолықтырмау деген ешқандай заңда жоқ! – деп айқайды салдым. Бiр кезде:

– Шығар, шығарыңдар, – деп генерал Калиниченко жетiп келдi.

– Шықпаймын! Халықаралық сотқа арызданам.

Тергеушiлер алған бетiмнен қайтпайтыныма көздерi жеттi ме, бiр кезде Тұрмысбекпен кездестiрдi. Жүдеу өңiн көрiп:

– Сен неменеге жүнжiп, жасисың. Жасыма, ұнжырғаң түспесiн. Әйел мен ғұрлы жоқсың ба?! Түрмеге әдiлетсiз отырғызғанын бiлесiң. Әрнәрсенi бiр желеу етiп, бопсалап қорқытқанынан қорқып, болмағанды болды деп босаңсып бос сөз айтпа, – дедiм қазақшалап. Соңынан Калиниченко:

– Жамал, бұдан былай сенi Тұрмысбекпен кездестiрмеймiн. Саған жолыққаннан кейiн оның жауабы басқаша болып қалды, – дедi.

– Басқаша дегенiңiздi қалай түсiну керек? Ол түрмеде бекерден бекер, жазықсыз отыр. Пара-сараға жуыған жоқ. Тергеушiлердiң қорқытқандарынан қорқып, iстемеген iстi мойныңа алушы болма дегенiм рас. Мен өтiрiк сөз сөйлегем жоқ, – дедiм.

Түнгi ұшақпен Шымкентке оралысымен жiгерлене жұмысыма кiрiсем. Айдың соңында қанша қажып жүрсем де Москваға қалай бару жолын ойластыра бастаймын. Қаржы тапшылығы жанымды қинайды.

Жазғы демалысыма шыққан кезде Балабек бауырыма барып:

– Тергеушiлер сұрақ-жауапқа шақырып жатыр. Ары-берi екi рет жүрмеу үшiн маған Москва түбiндегi "Сосновый бор" шипажайына жолдама алып бер, – дедiм.

Ол өтiнiшiмдi бұлжытпай орындады. Сол жерден тергеушiлердiң сұрақтарына жауап берiп, күйеуiме елден әкелген сәлем-сауқатымды жолдап сергек жүрдiм. Бiр жағынан қаржымды үнемдеп, екiншi жағынан аздап демалып, әлдендiм.

Осылай бiр жылды артқа тастадым. …"Интурист" қонақ үйiне қонғам. Белоруссиядан кеп қасымда жатқан екi қыз таңертең ерте тұрып, базарға кетерiнде:

– Сiз бөлмеде бола бересiз бе? – деп сұрады.

– Мен кешкi ұшақпен үйiме қайтам. Оған дейiн осында болам. Маған адвокаттың келуi, оның сұрақтарына жауап қатып, Тұрмысбекке сәлемдеме беруiм керек, – дегем.

Сағат таңғы сегiз шамасында төсегiмнен тұрайын десем, айналамның бәрi қозғалып, дүние астан-кестен боп бара жатқандай. Кеше тергеушiлердiң:

– Асанбай Асқаровты үйлерiңе қонаққа шақырдыңдар ма? Қанша пара бердiңдер? – деп, менi қыспаққа алған.

– Ол кiсiнi үйiмiзге қонаққа шақырған емеспiз. Айлықпен өмiр сүрiп жатқандар параны қайдан бередi, – деп жауап бергенiмдi мiсе тұтпай ашуланғанын, менiң де ренжiп, титықтағаным, әрi жол жүргенiм бар, соның бәрi жиналып, жүйкеме әсер етсе керек. Бөлме бөлмеге ұқсамайды. Орнымнан тұрайын десем, тұра алмаймын. Не боп бара жатқаны мүлде белгiсiз. Ұзақ қозғалмай жатқаннан кейiн қан қысымым өте жоғары көтерiлiп, қатты ауырып қалғанымды сездiм. Мұндайда миыма қан құйылып кетуi де мүмкiн екенiн ескерiп, не iстеу керегiн ойлаумен болдым.

– Ойпырма-ай, ағайын-туғаным Москвада өлiп қалды дер ме екен? – деп өзiме өзiм дем берiп, бетiме су шашып, желкеме бальзам жағып, әурелендiм. Бұрын өзiм көп ауырғам. Мұндай қысылтаяң, қиын сәтте қолданатын амалдардың бiразын бiлiп қалғам. Ең бастысы, оқыс қимылдауға болмайды. Сол қағидаға бағынып, ақырындап көршi қабырғаны қақтым. Ешкiм жауап бермедi. Телефон столдың арғы шетiнде тұр екен. Оны бауынан жайлап тартып, өзiме жақындатып, төменгi қабатта отырған кезекшi әйелге:

– Нендей жағдай екенi түсiнiксiз, орнымнан көтерiле алмай жатырмын. Маған дәрiгерлiк жәрдем керек. Жәрдем берiңiздершi – деп қоңырау шалып едiм, бiр орыс әйел жүгiрiп келдi. Қан қысымымның 160-қа жеткенiн өлшеп көрiп, шұғыл "Жедел жәрдем" шақыртты. Сол екiарада Москва қаласы адвокаттар әрiптестiгiнiң төрағасы, Тұрмысбектiң адвокаты Хетец кiшкентай бутерброд әкелген екен, оны жеуге шамам жетпедi. Дәрiгер кеп уколды бiрiнiң үстiне бiрiн салып, ептеп ес жиғызды. Хетец менiң ауыр халiмдi көрiп шошып кеттi.

– Жақсы адам екен ғой

– Өте жақсы кiсi едi. "Жамал, сен қозғалмай жат. Сақтанбасаң, қиын жағдай болып қалуы мүмкiн. Бүгiн үйiңе қайта алмайсың, – деп ескертiп, қоштасты. Кешке "Жедел жәрдем" дәрiгерi тағы келiп, укол салды. Неге екенiн бiлмеймiн, келушiлердi тiркеп отыратын төменгi қабаттағы әйелдер де менi жақсы көрдi. Үйде жалғыз қалған ұлымды ойлап, қайткен күнде де бүгiн Шымкентке қайтуым керек деген шешiммен, қараңғы түсiсiмен әлгi әйелдер арқылы такси шақырттым. Бөлме қабырғасына сүйенiп, орнымнан тұрып, әуежайға келдiм. Басым айналып, көзiмнiң алды қайта қарауыта бастады. Әуежайда дәрiгерлiк орталық бар екен. Бейтаныс кiсiлер қолтығымнан сүйеп, менi сол жерге апарып жатқызды. Ақ халат киген әйел укол салып, дәрiгерлiк көмек көрсетiп:

– Сiз қазiргi ұшатын ұшаққа үлгере алмайсыз, – деп билетiмдi ауыстырды. Түн ортасында Жамбылдың ұшағына мiндiм. Таңертеңгiлiк Тараз әуежайына барып түсiп, такси жалдап, Шымкентке жеттiм. Уақтылы сабағымды өтiп, үйiме бара құладым.

– Қандай қайтпас қайсар жансыз?! – деп мен тағы таңғалдым.

– Менi қайраттандырған жеңгеңнiң осы өр мiнезi ғой, – деп Тұрмысбек аға көңiлдене күлдi.

– Ағаң қызмет iстеп жүрген кезiнде iшкiлiк iшпесе екен деп қанша жанталастым. Еркiнсуiне ерiк бермедiм. Қайсыбiр әйелдердiң күйеулерiне қалай болса солай қарағанының кесiрiнен олардың көбi маскүнем боп қаңғып, өмiрден ерте кетiп қалды. Бұл жағынан да Тұрмысбек ағаң маған алғыс айтса болады.

– Бiр ол кiсi ғана емес, сiзге мен де рақмет айтам, – дедiм шын риза көңiлмен.

– "Тұрмысбегiм аман болсын, бала-шағасының ортасында жүрсiн, солардың рахатын көрсiн", деп күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айырылдым. 1989 жылы көктемде үлкен ұлым үйге жүгiрiп келiп:

– Апа, Шұбардан саяжайға жер берейiн деп жатыр, алайық па? – дедi.

– Ой, айналайын, мынауың жақсы хабар екен, алайық. Ертең әкең темiр тордан босап келген кезде бiзге жалаңаяқ жер басып, денсаулығын түзегенi, қараңғы қапаста отырғанын тез ұмытқаны керек. Таза ауада демалсын, жұмыс iстеп, қимылдасын. Облыстық партия комитетiнде қызмет iстеп жүргенiнде ылғи қағаз жазумен болды ғой, – дедiм қуанып.

– Онда әкем келгенше жемiс ағаштарын отырғызып, бау жасап қояйын. Өзi ертеңдi-кеш суғарып, ермек етсiн.

– Дұрыс, балам, әкеңдi жұмсаймыз. Бойына қан тарап, тез өзiне өзi келедi. Жалаңаяқ жұмыс iстесе, өмiр жасы ұзақ болады, – деп демалыс күндерi қолыма күрек алып, ұлыма көмектестiм.

Бiрде ол:

– Қатты шаршап жүрсiз. Өзiңiздi де аясаңызшы? Әкеме ай сайын бара бересiз бе? Екi айда бiр барсаңыз да жетпей ме? – дедi.

– Жетпейдi. Әкеңе уәде бергем. Денi басым сау кезде мен бара берем. Маған ештеңе тосқауыл бола алмайды. Шүкiр, денсаулығым жаман емес. "Маңдайы терлемегеннiң қазаны қайнамайды" деген. Менiң қазаным – әкең. Ол мен барған сайын көңiлi өсiп, өмiрге деген құштарлығы арта түседi, – дедiм.

Жамал жеңгейдiң бұдан өзге де шерткен сыры көп… Ол кiсiмен қоштасарымда: "Өз жарыңды жаттай күт, жат көрсiн де түңiлсiн. Бiр-бiрiңдi қадiр тұт, жұрт үлгi алып үңiлсiн" деген халық мақалы ерiксiз есiме түскенiн де айта кеткендi жөн санадым…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ

Серіктес жаңалықтары