БАЛАЛАРҒА КҮЛКI СЫЙЛАҒАН - "FUNKY TOWN"

БАЛАЛАРҒА КҮЛКI СЫЙЛАҒАН - "FUNKY TOWN"

БАЛАЛАРҒА КҮЛКI СЫЙЛАҒАН - "FUNKY TOWN"
ашық дереккөзі
240

Балаға бақытты балалық шақ сыйлау әр ата-ананың мiндетi. Әсiресе, мәдениет пен өркениеттiң ошағына айналған қалада баланың дүниетанымы мен өмiрге деген көзқарасы әрқалай дамиды. Ол да басқа балалар сияқты ойнағысы келедi, қуанғысы келедi. Бiрақ мұндай мүмкiндiкке көбiне қала орталығында тұратын отбасылардың ғана қолы жететiнi белгiлi.

Бұдан былай Алматы қаласының iргесiнен қоныс тепкен халық баласын орталыққа тасып, әуреге салынбайтын болды. Ендi олар елiмiздегi аса iрi "Апорт" сауда кешенiндегi отбасылық демалысқа арналған жаңа "Funky Town" паркiне жол тартады. Алматы аймағында ғана емес, барлық Орталық Азия төңiрегiнде теңдесi жоқ технологиямен жабдықталған ойын-сауық мекенiне атбасын бұрған адамның лайықты демалуына жағдай жасалған. Алматы-Бiшкек тас жолы бойындағы "Апорт" сауда кешенiнiң маңайында тұратын 800 мыңнан астам тұрғын бұл жерге небары 20 минутта жетедi. Әсiресе, парктiң тұсауы кесiлген күнi Алматы мен Алматы облысына қарайтын iрiлi-ұсақты елдiмекенде тұратын балғындардың қуанышында шек болмаған шығар. "Funky Town" мамандары жұмыс күндерi паркке күнiне 1500, ал демалыс күндерi 4000-нан астам балалар мен жасөспiрiмдер келедi деген болжам жасауда. Себебi, мұндағы ойын алаңының қызмет құны қаладағы демалыс орындарына қарағанда 20-30 пайыз төмен. Яғни, 100-250 теңгенiң аралығындағы қалта көтерерлiк ойын түрлерiн кез келген отбасының баласы тамашалай алады. Қуаныштысы сол, ойын атаулары "Мұнара", "Балдырған", "Аю" деп қазақ тiлiнде жазылыпты. "Funky Town" паркiнiң атқарушы директоры Юрий Водолеевтiң айтуынша, 2400 шаршы метрге түрлi жастағы балаларға арналған соңғы үлгiдегi 8 қауiпсiз аттракцион мен 100 ойын автоматы орналасқан. Соның iшiнде Алматы аймағында бұрын-соңды кездеспеген 4 аттракцион бар. Барлық ойын түрлерiн ойын-сауық индустриясымен айналысатын әлемдiк көшбасшы компаниялар жасап шығарған. Бiр айта кетерлiгi, былтырғы жылдың қазан айында ашылған "Апорт" сауда кешенi 2000 адамды жұмыспен қамтамасыз етсе, оның 70-i "Funky Town" паркiнде жұмыс iстейдi. Екi қолға бiр күрек тапқанның басым көпшiлiгi Алматы облысы, Қарасай ауданында тұратын жастар мен қарапайым халық.

"Апорт" сауда кешенiнiң Қаржы және бизнестi дамыту жөнiндегi директоры Дмитрий Ревин: "Бұл жерге келген адам баласын да қуантады, өзi де бiр серпiлiп қалады. Әлемдiк бренд аталған дүкендердi аралап, өзiне ұнаған затты таба алады. Қажет болса, азық-түлiктiң түрi мол "Рамстор" гипермаркетi, киiм ательесi, химиялық тазалау, банкомат, тiптi, медпункт те осында" дейдi. Қысқасы, адам жанына керектiнiң бәрi бiр кешенде.

"Funky Town" паркiнiң басшылығы тұсаукесер салтанатында балалар үйiнiң 200-дей тәрбиеленушiсiне шаттық сыйлады. Қайырымдылық шарасын жалғай түсетiн олар Қарасай ауданының балалар үйлерiмен байланыс орнатпақ. Сондай-ақ, Қарасай ауданының мектептерiнде "Озат оқушы" акциясын өткiзiп, ең үздiк оқитын 1-5 сынып оқушыларын парктiң бонус-карталарымен марапаттайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары