ҚЫТАЙЛАР КӨКТЕМГI НАУҚАНДЫ БАСТАП КЕТТI

ҚЫТАЙЛАР КӨКТЕМГI НАУҚАНДЫ БАСТАП КЕТТI

ҚЫТАЙЛАР КӨКТЕМГI НАУҚАНДЫ БАСТАП КЕТТI
ашық дереккөзі
416

Таяуда көктемгi науқан мәселесiне орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен Ауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаев кездестi. Бұл кездесуде биылғы егiн салуға қатысты жаңа механизмдi қолдану жөнiнде сөз болды. Министр 2009 жылдың қорытындысын тiзбектей келе, алдағы жұмыс барысын да назардан тыс қалдырмады. Елбасы аталмыш министрлiкке астық мәселесiн дұрыс жолға салу үшiн бiрталай тапсырмалар жүктедi.

Қазақстанның аграрлық секторында дәп бүгiнге дейiн қайталап қараудан түспей тұрған өзектi мәселенiң бiрi — астық проблемасы. Оның негiзгi ауаны рекордтық көрсеткiшпен жиналған егiндi ысырап қылмай, тиiмдi пайдалану және экспорттау жолдарын айқындайтын шараларға қатысты. Егiстiктi рәсуа етпеудiң жолдары әу-бастан-ақ қолға алынғаны абзал. Бұған дейiн талай үкiмет жиылыстарында астықты экспорттау бағыты жиi қарастырылды. Өткен жылы Үкiметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов елiмiздегi астық мәселесiне байланысты бiрқатар ведомстволарға тапсырмалар жүктеген-дi. Атап айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрi мен «ҚазАгро» холдингiне және «Қазақстан темiр жолы» компаниясына астықты тасымалдауға қатысты нақты тапсырмалар берiлдi. «Қазақстанның астығын шет елдерге экспорттау шараларын қарастыру қажет. Ең алдымен ресейлiк әрiптестерiмiзбен экспорттық байланыс бойынша үкiметтiк деңгейдегi жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын», — деп Үкiмет басы астықты экспорттауда да Ресейдiң көмегiне жүгiнетiнiмiздi анық аңғартты. Ендеше, Кедендiк одаққа кiрген соң бұл мәселенiң ойдағыдай шешiлетiнiне күмән жоқ. Жүктелген тапсырмаға орай «Қазақстан темiр жолы» ұлттық компаниясы көршiлес елдердiң салалық басшыларымен келiссөздер жүргiзуi тиiс.

Дүниежүзiлiк астық нарығында Қазақстанның негiзгi бәсекелестерi Украина мен Ресей. Сондықтан да үш мемлекет өзара текетiреске түспес үшiн аймақаралық келiсiмге келуге тиiс. Бұл мәселе Қара теңiз жағалауы елдерi арасында да шешiмiн таппай келедi. Әйткенмен, астықты әлемдiк аренаға шығаратын аталмыш елдердiң қайсiбiрiнiң болса да пайдасына шек келтiрмейтiн баршаға тиiмдi жобасы бар. Бұл жобаның дүниеге келгенiне ешбiр тараптың қарсылығы жоқ. Десе де қазiрге дейiн iске аспай, тек қағаз жүзiнде ғана талқыланып келедi. Жақында Берлинде ұйымдастырылған «Жасыл апта — 2010» атты көрме қарсаңында Украина тарапы астық нарығында үш елдiң арасында өзара жанжал туғызбас үшiн бар күшiн салатындығын ескерттi. Бұл туралы Украинаның аграрлық саясат министрi Ю.Мельник Ресей федерациясының «Еуроодақтың қысымының нәтижесiнде бұл жобадан бас тартады» деген пiкiрiн жоққа шығару мақсатында атап өткен едi. Тiптен, Украин елiнiң аталмыш жобаны жүзеге асыру үшiн қаржы көзi мен өзара концепциясы да дайын көрiнедi. Әлемдiк астық нарығында бәйгенiң басында келе жатқан бұл үш елдiң негiзгi көздегенi халықаралық аренада әуелде 30%, бiртiндеп 40% үстемдiкке ие болу. Астықты экспорттау жобасына келешекте Мажарстан мен Болгарияның да кiрмек ойы бар.

Елiмiздегi ауылшаруашылық министрлiгi ендi қозғалып, тапсырмалар тiзiмiн түгендеп жатқанда, ҚХР үкiметi егiн салатын шаруалардан тұқымды жоғары бағамен сатып алуды бастап кеттi. «Дағдарыс жағдайында шаруалардың өмiрiн жақсарту мақсатында аталмыш әрекет қарастырылды» дейдi мемлекеттiк кеңестiң премьерi Вэнь Цзябао. Оның айтуынша, биыл жаздық және күздiк күрiш өнiмiнiң 1 келiсiнiң төменгi бағасы 0,06 және 0,1 юанға өседi деп жоспарланып отыр. Ал астық бағасы 0,06 юанға көтерiлуi үшiн мемлекеттiк кеңес барын салуда.

Премьер Цзябаоның сөзiне қарағанда, биыл егiстiктер аумағы анағұрлым кеңейтiлiп, шаруаларға тұқыммен қоса ауылшаруашылық құралдар да таратылмақ. Аталған жұмыстардың түбегейлi орындалуы үшiн жергiлiктi бюджеттен 377,9 миллиард юань бөлiнiп отыр, яғни өткен жылмен салыстырғанда, 7,6 пайызға жоғары. Олай болса Қытайдың астық өндiрiсiн дамытудағы қарқыны қатты екенiн байқауға болады. Себебi, қандай шаруада да тиянақтылық танытатын, жемқорлыққа бой алдырмайтын қытай халқы алдын ала жоспарланған iске бiлек сыбана кiрiстi.

Сондай-ақ, Қытайдың ауылшаруашылығына бөлiнiп отырған соманың негiзiнде қала және ауыл тұрғындарының пайда көзiн теңестiру жатқан көрiнедi. Премьердiң айтуынша, ауыл адамдарының бiлiм алу, медициналық көмек, үй алу үшiн табыс көзi қала тұрғындарымен бiрдей болуы керек. Ал Қытайда 720 миллион адам ауылды жерлерде тұрады, яғни халықтың тең жартысының қалтасын теңестiруге тура келедi. Ал елiмiзде аталмыш мәселенiң орындалуы қандай дәрежеде екендiгi көңiлге ауыр қаяу салады…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары