ҚАЗАҚСТАН ҚАРАШЫҒАНАҚТАН ҮЛЕС АЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ҚАРАШЫҒАНАҚТАН ҮЛЕС АЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ҚАРАШЫҒАНАҚТАН ҮЛЕС АЛАДЫ
ашық дереккөзі
277

Шетелдiктерге экологияға зияны үшiн айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысында орналасқан Қарашығанақ кенiшiн игерiп отырған халықаралық Karachaganak Petroleum Operating B.V. (КРО) концорциумына қоршаған ортаға әкелген зияны үшiн айыппұл салынды. Экологиялық талаптарды орындамағаны үшiн халықаралық концорциумның Т3,089 млрд. көлемiндегi соманы төлеуiне тура келедi.

Таяуда Батыс Қазақстан облысының аймақаралық экономикалық соты Жайық-Каспий экология департаментiнiң талаптары бойынша белгiленген соманы мәжбүрлi түрде өндiрiп алмақшы. Бас прокуратураның айыппұл салуына 2008 жылы тасталған қалдықтардың қойылған нормадан артықтығы және атмосфераға улы заттарды тастағаны түрткi болды. Айтқандай, прокуратура концорциумда еңбек және миграциялық заңдылықтарға сәйкес тексерiстердi де жүргiзiп жатыр.

Қазақстан үкiметi мен концорциум акционерлерiнiң арасында бұған дейiн 1 млрд. көлемiндегi өңделмеген мұнайға экспорттық кедендiк баж салығының қайтарылуы жөнiнде дау туындаған болатын. 2008 жылы концорциум қайтарылатын сомамен келiспегендiктен, 2009 жылы Лондондағы сот төрелiгiне жүгiнген болатын. Бұл сотта концорциумның акционерлерi 1998 жылы қабылданған кедендiк режимнiң бұзылмағанын алға тартты. КРО күзде сотты тоқтатып, келiссөзге барған едi. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Bloomberg Қарашығанақ жобасының британдық BG Group және итальяндық Eni SРA компаниялары Қазақстан үкiметiмен өзара дауды шешу үшiн өз акцияларын елiмiзге сататындығы туралы айтқан-ды. Әлбетте, бұл кедендiк баж салығына байланысты туындаған дауды шешу үшiн қолданылған шара. Алайда, әзiрге екi жақ та бұл туралы жұмған аузын ашар емес.

Қарашығанақтың қорында 2,4 млрд. баррель конденсат және 16 трлн. текше фут газ бар. КРО-ның құрамына BG Group (32,5 пайыз үлес), Eni (32,5 пайыз), Chevron (20 пайыз) және «Лукойл» (15 пайыз) үлескерлерi кiредi. Қарашығанақ – елiмiздегi Қазақстанның үлесi жоқ жалғыз мұнайгаз жобасы. Каспий теңiзiнiң елiмiзге қарасты шельефiнде орналасқан Қарашаған мұнай көздерiн де жергiлiктi үкiмет кезiнде айыппұлдан көз аштырмаған болатын. Нәтижесiнде Қазақстан бұл кенiштiң үлесiне ие болды. Олай болса, жақын арада елiмiз Қарашығанақтың да белгiлi бiр үлесiн иемденуi мүмкiн деген болжам бар. «ҚазМұнайГаз» ұлттық холдингiнiң президентi Қайыргелдi Қабылдин бұл мәселеге орай өз ойын жасырмады: «Әрине, алдын ала үлескер атандық деуге әлi ерте. Дегенмен бұл жобаға кiрiгу ойымыз бар».

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары