NABUCCОНЫҢ "ЖЫРЫ" КӨП

NABUCCОНЫҢ "ЖЫРЫ" КӨП

NABUCCОНЫҢ "ЖЫРЫ" КӨП
ашық дереккөзі
404

Түрiк депутаттары Nabuccо жобасын жүзеге асыруға қатысты заң жобасын ресми түрде бекiттi. Бiрақ еуропалық газ құбырының тағдыры қашан шешiлетiнi әзiр белгiсiз. Өйткенi, мүдделi тараптар арасындағы келiспеушiлiктер мен қаржы тапшылығы әлi шешiмiн таппай отыр. Есесiне, КСРО "шекпенiнен" күнi кеше шыққан орталықазиялық елдердiң тасымалдауды дербестендiру жолындағы қарқындары қатты.

Күнi кеше ғана Венгрия, Болгариямен бiрге ресейлiктердiң "Оңтүстiк ағынына" қосылған Анкара Мәскеудiң газ құбырын тартуға қатысты айтқан ұсынысын қабыл алғанда, еуропалық газ құбырын мүдделi тараптарға мойындата алмай жүрген Брюссельдiң көңiлi кәдiмгiдей алаңдаған болатын. Алайда, өткен аптаның бейсенбiсiнде Түркияның Ұлттық Мәжiлiсi Nabucco жобасын жүзеге асыруға қатысты негiзгi ережелердi қабыл алды. Бұқаралық ақпарат құралдарына ресми түрде мәлiмдеме жасаған Түркияның энергетика министрi Танер Йылдыз аталған газ құбыры ел үшiн өте пайдалы екендiгiн жеткiздi. Өйткенi, түрiктер iшкi нарықтағы тұтынатын "көгiлдiр отынның" 15 пайызын осы құбыр арқылы тасымалданатын газдың есебiнен қанағаттандырмақ. Еуропалық нарыққа жыл сайын 32 млрд. текше метр газ жеткiзуi тиiс Nabucco Анкараға 4,8 млрд. текше метр энергоқор бөлмек. Негiзi тек Nabucco ғана емес, "Оңтүстiк ағын" да түрiктерге тиiмдi әрi екi құбырды территориясы арқылы өткiзуге Түркия қауқарлы. Бiрақ сарапшылар қауымы қайсы құбыр бұрын салынса, сол пайдаға жаратылатынын айтады.

Жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымға созылатын Nabucco құбыры Түркия, Болгария, Румыния, Венгрияны басып өтiп, Австрияға тiрелмек. Жобаның басты қатысушыларының арасында үлес салмақтары 16,67 пайызға тең австриялық OMV, венгриялық MOL, болгариялық Bulgargaz, румыниялық Transgaz, түркиялық Botas пен немiстердiң RWE компаниялары бар. 8 млрд. долларға жуық қаржыны талап ететiн құбырдың жалпы сомасының 30 пайызы Nabucco Gaz Pipeline International акционерлерi тарапынан инвестицияланса, қалған 70 пайызы несиелер есебiнен төленбек. Бүгiнде iргетасы әлi қаланбаған құбыр құрылысына қатысты қордаланған қиындықтар көп. Қаржылық қиындыққа ұшыраған Nabucco жобасы қашан қолға алынатыны белгiсiз, ал "Оңтүстiк құбыр" 2010 жылдың соңына дейiн қолға алынуы тиiс. Демек, ресейлiктердiң мүмкiндiгi қазiр жоғары. Кейiнгi кездерi энергетикалық қорлар тапшылығын қатты сезiнiп жүрген түрiктердiң электрстансалары қазiр мазутпен жұмыс iстеуде. Қара теңiздiң түбi арқылы тартылатын "Оңтүстiк ағын" Новороссийскiден бастау алып, болгарлардың Варну портына барып тiрелмек. Одан ары қарай екi тармаққа бөлiнетiн құбыр Балқан түбегi арқылы кәрi құрлықты бетке алады.

Былтыр шикiзатқа деген сұраныстың төмендеп кетуi себептi "Газпром" түркiмендерден сатып алатын газдың көлемiн азайтқан едi. Ашхабад қол қусырып қарап отырмады, энергоқорын Иран мен Қытайға бағыттауға бел буып, құбыр тарту iсiн қолға алды. Осының нәтижесiнде ел экономикасына құйылатын инвестиция көлемi артып, тасымал жолын дербестендiру iсi қарқынды жүрдi. Түркiменстан бүгiнде Иранға жөнелтетiн газ көлемiн 12,5 млрд. текше метрге, Қытайға бағыттайтын қорды 40 млрд. текше метрге дейiн ұлғайтып, былтыр Ресейге жөнелтiлмей қалған газ экспортының 90 пайызын осы екi ел тұтынушыларының есебiнен қамтамасыз етудi көздейдi. Былтыр түркiмендерден келетiн импорт көлемiн күрт қысқартып тастаған "Газпром" үстiмiздегi жылдың қаңтарынан бастап жыл сайын Ашхабадтан 30 млрд. текше метр газды тасымалдауға келiстi. Сонымен қатар Түркiменстан еуропалық нарыққа бағытталған Nabuccо мен "Ақ ағын" жобаларына да қатыспақ. Түркiменстан — Өзбекстан — Қазақстан — Қытай жобасы 2009 жылдың 14 желтоқсанынан бастап iске кiрiстi. Шикiзат тапшылығына байланысты Nabucco жобасына қатысудан бас тартқан Қазақстан егер құбырдың тиiмдi екендiгiне көз жеткiзсе, жобаға үлес қосуға кетары емес. Өйткенi, ұлттық мүддеге сай әрекет ететiн кез келген мемлекет сияқты Қазақстан экономиканы ғана емес, тасымал жолдарын да дербестендiруге мүдделi. Жуырда ғана Румыния президентi Траян Басескумен кездескен ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қазқстаннан бастап, Әзiрбайжан, Грузия, Румынияға жол тартатын Каспий мен Қара теңiз арасында жаңа мұнай құбырын тартуға ұсыныс бiлдiрдi. 2007 жылдың сәуiрiнде Румыния, Сербия, Словения, Италия, Хорватия мен Еуропалық Комиссия өкiлдерi румындардың Констанца мен итальяндықтардың Триест қаласы арасында мұнай құбырын тарту туралы шешiм қабылданған болатын. Еуропалықтардың тиiмдi жобасына белсене араласуға мүдделi Астананың румын президентiне ұсыныс айтуы сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары