АНАЛАР МЕРЕКЕСI МЕН ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР

АНАЛАР МЕРЕКЕСI МЕН ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР

АНАЛАР МЕРЕКЕСI МЕН ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР
ашық дереккөзі
225

8-наурыз – бүкiл әлем әйел алдында бас иетiн ерекше мереке. Ер-азаматтарымыз сүйiктi жарына, ақ жаулықты анасына, сүйiктi қызына шоқ гүлдердi ұсынып, қастерледi. Бұл күнi табиғат-Ана да аяулы қыздар мен әйел-Анаға өзiндiк ықыласын төктi. Ал отандық телеарналар әйел затына не ұсынды екен?

"Той десе, қу бас та домалайды" деп, мерекенiң құрметiне 3 күн демалдық. Демалыс күндерi ермек ететiнiмiз, әрине, төрге орналасқан көк жәшiк. Әсiресе 8-наурыз – дәл мереке күнi нәзiк жанды көрерменнiң көк жәшiктен күтерi мол болатын. Теледидар тетiгiн арлы-берлi ақтарып, ең алдымен отандық телеарналардан iздедiк қыз-келiншектерге сыйлықты.

Мереке қарсаңында әрбiр телеарна өзiндiк жаңалық енгiзуге әуестенушi едi әдетте. Бұл жылы қазақ телеарналары бәлендей жаңалықпен көрерменiн қуанта қойған жоқ. Мереке сайын отандық телеарналардың эфирiн толықтыратын, әрине, концерт.

Биылғы 8-наурызда телеарналарымыз осы дағдыдан айныған жоқ. Бiр күнде қатарынан бiрнеше концерт көре отырып, көрермен жалыққан сыңайлы. Күн сайын болмаса да, араға апта салып Республика сарайында думандатып өтетiн ән кешi көгiлдiр экраннан қайта берiлдi. Ең қызығы, бiр концертте тыңдаған әнiңiздi немесе әншiңiздi екiншi концертте қайта көресiз. Осыдан кейiн жалықпай көр. Биылғы 8-наурызда отандық телеарна түгел дерлiк концерттерге толды. Мәселен, әншейiнде әншi бiткендi жинап, өзiндiк мерекелiк бағдарлама дайындайтын "Хабар" өткен жылғы "Көктемгi ертегi" мерекелiк қойылымын, жыл сайын аты өзгермейтiн "Әйелдердi еркектерден көп дейдi" мерекелiк бағдарламасын, "Қосамын әнге атыңды" мерекелiк концертiн, әрбiр мереке сайын эфир уақытын толтыратын "Алма-Ата – моя первая любовь" ретро ән кешiн ұсыныпты көрерменге. Өткен жылы қоғамда айтарлықтай пiкiр тудырған "Қазақстан әйелi-Казахстанская женщина" биыл қайта жалғасты. Қазақ әйелдерi тағы да бәсекелес болды.

"Хабардан" кейiн "Ел арнадан" тағы да концерт көруге жайғаса кетесiз. Себебi, "Ел арнадан" бұлбұл әншi Бибiгүл Төлегенованың ән кешiмен қоса, "Жұлдыздар отбасы" журналы ұйымдастырған "Ең үздiк махаббат әндерiнде" "жұлдыздармен" қайта қауышасыз. Бұған Роза Рымбаеваның жыл сайынғы "Көктем шақырадысын" қосыңыз. Орыс тiлiндегi "Донкихоты по коням" атты концертiңiз тағы бар. Ал "Қазақстаннан" Майра Iлиясованың жеке жобасы "Жан Анамды" тамашаладық. Мереке сайын "Қазақстан" телеарнасының "Сағындырған әндер-айды" көрсететiн әдетi бар. Бұл жолы да сол концерт қайта көрсетiлдi. Айтқандай, ресейлiк "ОРТ" "Две звезды" жобасының таңдаулы деген қойылымдарын көрерменге ұсынушы едi, бiздiкiлер қалсын ба, ел iшiнде үлкен дау тудырған "Екi жұлдыздың" таңдаулы концертiн көрiп, "жұлдыздарымыздың" талантына тағы куә болдық. Үш телеарнадан берiлген қазақтiлдi концерттердiң ұзын саны осы. Елiмiзде таза орыстың телеөнiмiн көрсетiп отырған телеарналар да баршылық. Солардың бiрi – "НТК" телеарнасы. Ресейдiң халық қалаулылары барынша қарсылық бiлдiрiп, эфирден алып тастауға шешiм қабылдап отырған "Дом-2"-нi жас ұрпақ "НТК"-дан үзбей көредi. Дәл осы арна 8-наурызда қазақтың қыз-келiншектерiне орыс тiлiндегi "С улыбкой о главном" атты әзiл кешi мен "Песни для любимых" атты ән кешiн сыйлыққа тарту еттi. Ал "31 арнадан" осыдан бiр апта бұрын қазақ КВН-нiң "майталманы" Тұрсынбектiң "Базар жоқ!" сатиралық концертiн көрiп едiк, дәл мереке күнi араға бiр апта салып, "Базар жоқ" қайта көрсетiлдi. Есесiне, көрермендер ығыр бола бастаған "Папины дочки" телехикаясының жаңа маусымына қанық болды. Ал "СТВ" арнасы музыкаға тұнып-ақ тұрды. "Ән көңiлдiң ажары", "В моем сердце весна…", Алтын Маханбетованың ән кешi "Әншi болғым келедi", "8-марта с Ириной Аллегровой". Қазақшасы бар, орысшасы бар "СТВ" әйтеуiр әйел затын осылай құттықтады. Соңғы кездерi "Кейiпкер", "Жүрекжарды" сынды бағдарламаларымен көрермен көңiлiне жол тауып жүрген "КТК" "Қыз қылығы", "Мәссаған" әзiлдiк бағдарламаларымен қоса, тағы бiр ресейлiк өнiмдi ұсынды. Ресей сатириктерi Юрий Гальцев пен Елена Воробейдiң бенефисiн тарту еттi.

Концерттеерге қоса, 8-наурызда отандық телеарналар Болливудтiкi бар, Голливудтiкi бар ұзын саны 25-ке жуық кино ұсыныпты көрерменге. Ең таңданарлығы, 25 киноның iшiнде өзiмiздiң төл өнiмiздiң бiреуiiн де таба алмайсыз. Тек қана "Алматы" телеарнасындағы "Қыз Жiбек" пен "Махаббат бекетi" болмаса.

8-наурыз – әйелдер күнiне отандық телеарнаның ұсынған өнiмiнiң ұзын ырғасы осындай. Бәзбiреу "концерттер берiлiптi, онда тұрған не бар?" деуi мүмкiн. Әрине көңiлдi сергiтер ән тыңдап, демалған дұрыс-ақ. Дегенмен саны көп концерттердi оңды-солды телеарнадан ұсыну арқылы әннiң де, әншiнiң де қадiрiн кетiретiн сияқтымыз. Бүгiнде қай жерге бармаңыз, қай жерге бас сұқпаңыз "жұлдыз" әншi деген қос сөздi жиi құлағымыз шалатыны жасырын емес. Ал егер әншiлерiмiз бен "жұлдыздарымызды" бiр күнде әр арнадан үздiксiз көрсете берсек, ән мен әншiден не қадiр қалады?

Бұл күнде отандық телеарналар барынша бәсекеге қабiлеттi болу керек дегендi жиi естимiз. Экранымызды 25-ке жуық өзгенiң өнiмi мен Ресей әншiлерi және сатириктерiнiң концерттерiмен толықтырып отырмыз. Бұрындары "Қазақстан" телеарнасынан берiлетiн "Қымызхананы", "Хабар" арнасы ұсынған "Әйелдер-ай, әйелдер", "Ұят болмасын", "Еркектiң аты – еркек" ойын-сауықбағдарламаларын қызыға тамашалайтынбыз. Бұл бағдарламалардың өн-бойында қазақы рух болатын. Ал бүгiнгi бағдарламалардан қазақылықты iздеудiң де қажетi жоқ. Телевизия – идеология құралы деп жатамыз. Телевизия ұлтты тәрбеиелеуде аянбай еңбек ету керек деген ұранды сөздер де әр жерден жаңғырады. Ендеше, қазақ телевизиясының көрермендi өзгенiң өнiмiне телмiртпей, төл өнiмiздi насихаттағаны жөн болар.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары