БYГIНГI ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯНЫҢ ҮМIТТI АҚТАМАУЫ

БYГIНГI ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯНЫҢ ҮМIТТI АҚТАМАУЫ

БYГIНГI ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯНЫҢ ҮМIТТI АҚТАМАУЫ
ашық дереккөзі
288

Ұлттық мүддесiн қорғай бiлген мемлекет қана өзiн өзгелерге мойындата алады. "Ұлттық энциклопедияда" ұлттық мүдде ұғымының 15 ғасырдан бастап кеңiнен қолданыла бастағандығы және оның жалпыұлттық iс-әрекетке негiз болатын себептер мен құбылыстарды қамтитындығы туралы жазылған. Ұлттық мүдденi қорғау қабiлетi тектi жанның қолынан ғана келетiн iс. Ата – бабаларымыздың ұлттық мүдде жолындағы сан-қырлы қызметтерiн, олардың асқақ рухын көрсететiн жанқияр ерлiктерiн зерделi оқырман жақсы бiледi.

Мемлекетiмiз егемен ел болғаннан бастап бiрiншi кезекте тәуелсiздiгiмiздi тұғырлы етуге күш салуда. Осы мақсатта мемлекеттiк қауiпсiздiк мәселелерiн шешiп, ықтимал сыртқы қатерлерден сақтануды көздеген түрлi бағыттағы шаралар да жүргiзiлуде.

Ұлттың қауiпсiздiгiн қорғау iсi тоқсан түрлi түйiнi бар мәселе. Түйiндеп айтар болсақ, ол iшкi және сыртқы саясаттың үндесуiнен көрiнедi. Ал iшкi саясаттың халықтың өмiр сүру сапасын жетiлдiру қызметi ұлттық мүдденi қорғаудың жалғыз жолы екендiгi де белгiлi.

Кез келген мемлекет өзiнiң ұлттық мүддесiн қорғау үшiн жанталаса саясат жүргiзедi. Өйткенi, уақыттан ұтылған саясаттың ел игiлiгiне қызмет етпейтiндiгi әрi келер ұрпақтың жолына зор бөгет болатындығы да даусыз. Адамның адамдық парызы өз өмiрiн қамтамасыз ету ғана емес, келер ұрпақтың қамын жеп, қолынан келгенiнше қамқорлап кету де. Алаш зиялылары бағыттағандай, тәннiң күштi болуы да, елдiң күштi болуы да – екеуi де тәрбиеден. Бауыржан Момышұлы "Өмiрден қайткенде көп қарпып алу дегенiмiз-тоғышарлық, ал қоғамға қайткенде көп беру бұл күрескердiң iсi" дегендей, түзу тәрбие бойына сiңген тұлға болмысының кез-келген қауiпке алдырмайтындығы да белгiлi. Түзу тәрбиенiң өзегi ұлттық саясат. Ғұмар Қараштың "Жақсылардың белгiсi, жақсы үлгi бередi, қажет болса елi үшiн жанын бередi" деген мағынадағы даналығы ойымызға оралып та тұр.

Мемлекеттiң даму деңгейi өмiр қажеттiктерiне толыққанды жауап беруге қабiлеттi әдiлеттi заңдар мен олардың аясында өмiр сүре бiлу тәртiбiмен өлшенедi. Заң алдында жұрттың бәрi тең. Заң арқылы саяси жүйе жетiлу үдерiсiн басынан кешедi немесе тоқырауға ұшырайды. Сондықтан да құқықтық реформаның тиiмдi жүргiзiлуiне ерекше ден қойылып отыр. Қоғамдық дамудың бүкiл саласы сауатты бақылауға, ғылыми сараптауға сусап тұр. Әлеуметтанушылар әлеуметтiк тұрмысы төмен елдерде қылмыстың қарқыны жоғары болатындығын дәйектейдi. Ал Абай данышпан: "Кiмде-кiм жаман болса, замандасының бәрi виноват" – деген-дi. Бас бостандығынан айырылғандар түрмеден босағаннан кейiн де мемлекеттiң қамқорлығын сезiне алса, қылмыскерлердiң саны азайған болар едi. Әрине, адамды қылмысқа итермелейтiн себептердi ғылыми тұрғыда сараптап, оның алдын алғанда ғана бұл мәселенi төменшiктемей батыл талдауға болады. Жоқшылық, "оңай олжаға кенелуге" итермелейтiн соқыр түсiнiк немесе "өзi би, өзi қожа болудың жөнi осы екен ғой" деп билiктегi беделiн "пайдаланып" қалу секiлдi тексiз iстер қылмыстың негiзгi көздерi болып отырғандығы да шындық. Философ Әбдiрашит Бәкiрұлының "Түркiстан" газетiнiң 4-ақпандағы санындағы "Құлдық санамен" өмiр сүру – қазақтың маңдайына жазылған тағыдыры ма?" атты мақаласында "Құлдық сана" демей-ақ қояйық, тарихта әбден тепкi көрiп, санасы сансырап бұйығы күйге түскен халықты оның өз билiгi "халқымның еңсесiн көтеремiн, ездiк санадан құтқарамын!" деп шын ниетiмен бел шешiп кiрiссе кәнеки! Оның орнына өз халқының бұйығылығы мен төзiмдiлiгiн пайдаланған көп шенеунiктер "өз қалауымен" басқару жүйесiн орнатып, байып қалуға жанталасуда. Бұл әрекет олардың тұмшаланған тiршiлiгiнде қалыптағы жағдайға айналды. Ал оларға өз жағдайларын сақтау үшiн жуас халықты одан әрмен езе түсуден басқа амал жоқ. Сонда – "құлдық сана" кiмде: қарсыласуға дәрменсiз халықта болғаны ма? (Ескерту: халықтың еңсесiн басушы "ездiк сананы" "құлдық санамен" шатастыруға болмайды). Шынына келсек "ездiк сананың" емi бар. Ал "құлдық сананың" емi жоқ!" – деген жан айқайы көңiл көзi ашық адамды ойландырмай қоймас…

ҚР Парламентi 2008 жылдың өзiнде Қазақстанда жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын iске асыру және қорғау жүйесi мен механизмiн одан әрi жетiлдiруге бағытталған 20 заң қабылдаған. ҚР адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң 2008 жылғы есебiнде құқық қорғау органдарының заң бұзушылықтары туралы 184 хат келiп түскендiгi (хаттардың жалпы санының 20,3 %-ы), Прокуратура органдары, Iшкi iстер министрлiгi мен Қаржы полициясы агенттiгiмен 160 хат қаралғандығы жазылған. Қаржы полициясы органдарына көбiнесе кәсiпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың басшылары тарапынан шағымдар келген. Ұлттық қауiпсiздiк органдарына әдiл өткiзiлмеген тергеу, кiнәнiң жеткiлiктi дәлелденбеуi, ұсталған тұлғаның туыстарына хабар бермеу, автокөлiк пен жүктердi котрабанда деп күдiкпен ұстау және Алматы қаласының ҰҚКД тергеу изоляторының нашар жағдайы себеп болған. Уәкiл сотталғандардың колонияларда оларға азаптаулардың және қорлаудың басқа да тәсiлдерi мен нысандарын қолдану туралы шағымдарын қарап, оларды мекеме басшыларының, жергiлiктi жерлердегi арнайы прокурорлардың тиiстi түрде қарамайтындығын сараптаған. Бұл мәселенi Қазақстан Республикасының Бас прокурорының назарына ұсынған. Осындай келеңсiз құбылыстардың елдiк сананы тұншықтыратындығы да даусыз. Бiр сөзбен қайырсақ, әдiлетсiздiк – қоғамды керi тартып қана қоймайды, ұлттың рухын аяқ асты етедi. Сондықтан, "қылмыскерге қылмыскерше" қарайтын кеңестiк тоталитарлық сананың "жаңғырығынан" арылуды көздейтiн реформалардың бiрнеше жалпы бағыттары бүгiнде нақты айқындалып отыр.

Қазақтың басты проблемасы ұлттық буржуазияның қалыптаспағандығы десек те артық болмас едi. Елбасы 1994 жылы қазақ кәсiпкерлерiмен кездесуiнде: "Бiзге ұлттық буржуазия керек. Ұлттың қалталы адамдары қалыптаспайынша, көптеген iстiң қиюы келмейдi. Ұлттық буржуазия пайда болса, мемлекет мүддесiн ойлайтын адамдар көбейер едi. Өз байларымыз өзгелер құсап қымқырып-жымқырып қалуды мақсат тұтпас едi. Осындай аса қиын әрi күрделi жағдайда ұлттық буржуазия өз сөзiн айтуы, iс-әрекет жасауы керек" деген едi…

Шикiзат көзi болып қалу дертiнен толық арылу тәуелсiздiгiмiздi тұғырлы етедi. Әр өңiрдегi әрбiр индустриялық жобаны жергiлiктi билiк ғана емес, жұртшылық та айрықша бақылауы тиiс. Бұл мәселе жұртшылықтың пiкiрiн есту тетiктерi дұрыс iске қосылған жағдайда ғана толық орындалмақ.

Саяси элитасы ұлт мүддесiн ойлай, қорғай бiлген қоғамның даму жолы айқын әрi сапалы. Егерде билiк мазмұны ұлт мүддесiмен сәйкес келсе, онда саяси жүйенiң қызметi де оң нәтиже бередi. Бұл дегенiмiз халықтың саяси мәдениет деңгейiнiң өсуi. Тұрмыстың тауқыметiнен қажыған адамнан саяси мәдениеттi "талап" ету ақылсыздық болар едi. Саяси – әлеуметтiк институттардың қызметi ондағы таза бiлiмдi әрi терең бiлiктi мамандардың зиялы iстерiне қатысты оң нәтиже бермекшi. Осыған орай билiктiң түрлi құрылымдарындағы тұлғалар бойына мемлекетшiлдiк сананың тамырын тереңге жаю басты мәселе. Гегель өзiнiң саяси шығармаларында үкiмет қабiлетсiз болып, жаман атақты иеленсе, халықтың да жаман атты иемденетiндiгiн дәлелдеген едi. Саяси, әлеуметтiк институттар халық игiлiгiне орай өнiмдi қызмет етсе (өнiмдi қызмет ету мен атқара салу iсiнiң мағынасы аспан мен жердей екендiгi де түсiнiктi) халық "жаман атты" "иеленбес" те едi. Өткен жылы "Нұр Отан" ХДП саяси кеңесiнiң хатшысы Е.Қарин "Элитаның Президенттiң алдындағы жауапкершiлiгiн арттыру керек. Мен бiр сараптама жасадым. Соңғы 4-5 жылда Президенттiң протоколды тапсырмаларын қарадым (ал протокол, яғни тiркелген тапсырмалар мiндеттi түрде орындалуы керек!), Президент соңғы 4-5 жылда әртүрлi салада, әртүрлi бағыттарға қатысты 750-ге жуық тапсырма берген. Оның 300-ден аса көлемi орындалмаған! Бiз, негiзi, шектен шығуға бейiмбiз. Не асыра мақтайды, не бәрiн жоққа шығарып, даттайды. Елбасына келгенде де солай. Елбасы, ең әуелi, қазақтың ынтымағы үшiн керек. Бүгiнде қазақтың ыдырауына жол бермеу, ынтымағын арттыру – өзектiлiгi кетпеген мәселе" деп жазған едi. Асыра мадақтау немесе көзсiз даттау надандықтың нышаны емес пе?

Парасатты адам өз басына, жақындарына, қоршаған ортасына, бiр сөзбен айтқанда, Отанына адал қызмет ете бiледi. Пайғамбарымыздың "Әрқайсысың жауапкерсiңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар: Ел басшысы – жауапкер; ол – қарамағына жауапты. Ер адам – отбасының басшысы; ол – отбасына жауапты. Әйел – ерiнiң үйiне басшы; ол – меншiгiне жауапты. Қызметшi – мырзасының мал-мүлкiнiң басшысы: иелiгiне жауапты. Әркiм – жауапкер: әрбiрiң қарамағыңа жауаптысыңдар" – деген хадисi де бар. Қазақ тарихын жетiк бiлетiндер қазақ баласының аманатқа қиянат жасамайтындығын да жете ұғынады. Бұрынғы қазақ баласы тұрмыс өмiрiн табиғат ырқымен қалаған, демек табиғат заңына бағына отырып өз тiршiлiктерiн шебер үйлестiре бiлген едi. Өмiр сүру ауыр болса да өзiндiк мiнезбен талай қиыншылықтардан ұлтты аман алып қала бiлдi. Ұлттың жаны талай жараланды. Ел үшiн арпалысқан Кенесары сынды дара тұлғаларынан айрылғанда қазақ сан мәрте зар жылады. Қазақ талай теперiш көрдi, нәтижесiнде ұлттың жанын жаралайтын ұсақ мiнездер, жат қылықтар бас көтерiп, өз-өзiмiздi аяқтан шалатын iстер көбейдi. Әлеуметтiк тұрмыстың қиыншылығынан ынтыма-бiрлiкке сызат түстi. Тiл де, дiн де, дiл де табиғи өрiсiнен айрылып, өз-өзiмiзге жат тарта бастадық. Материалдық игiлiктерге ғана бет бұрып (күйбiң тiрлiктiң қамынан шыға алмай) заттана бастағандардың да үлесi арта түстi. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов айтқандай: "Большевиктер ылаңы көпке кетер… Әлi талайды былғап кетер…". Сонда да бiр-бiрiмен рухани сұхбаттасқан дара тұлғаларымыздың арқасында артқа кетпей, iлгерi бастық. Күнi кешеге дейiн ұлтын сүйгендердiң күнi қараң болды. "Батпандап кiрген ауру мысқылдап шығады" дегендей, ұлттық санаға түскен дақтардан толық арылуға уақыт керек және уақыт жiбермей күресу керек.

Адам баласын өрге сүйрейтiн рухани құндылықтар ғана. Себебi, онда ұлттың жан-дүниесi сақталған. Ұлттық құндылықтар негiзiнде ғана мемлекет iсi алға баспақ. Оның дiңгегi – ана тiлi. Шаңырағы биiк отбасы, адам жанын жетiлдiретiн ғылыми мазмұны жоғары еңбектер, парасатты ұстаздар, ұлағатты ғалымдар, ұлтжанды шенеунiктер саны артқан сайын халықтың тектiлене түсетiндiгi анық. Сондай-ақ, халықты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде БАҚ-тың алатын орны да тым ерекше. Алаш ардақтылары айтқандай, "Газет қызметi халыққа бас, көз, құлақ, тiл болып, ұлтының ар – абыройын күзетiп, жұртын жақсылыққа бастауы, жаманшылықтан сақтандыру…". Қазiргi адамзаттың қауiп – қатердiң нешеме түрiн өз басына өзi "тiлеп" алған уақытта Қазақстанды ақылмен ұғыну қажеттiлiгi артып- ақ тұр. Әрине, бұл өз алдына арнайы зерттелiнетiн тақырыптардың бiрi. Жер шарының дамуы әрбiр ұлттың дамуына, ал ұлттың дамуы тұлғалықтың дамуына тiкелей байланысты. Ахмет Байтұрсынов сөзiмен айтсақ: "Мойындағы борышты бiлу – бiлiм iсi, борышты төлеу – адамшылық iс. Бiлiм мен адамшылық екi басқа нәрсе, бiрақ борышын бiлушiлер көбейсе, төлеушiлер де көбеюi ықтимал".

ХХI ғасырдың табалдырығын аттаған уақытта алдымыздан "Атадан қалған аманатқа адалдық танытып отырмыз ба? Жауаптылық пен аманатты өз деңгейiнде ұғынуға қабiлеттiмiз бе?" деген сауалдар алдымыздан шығуда. Өйткенi, күнделiктi өмiрде жемқорлық, парақорлық секiлдi надандық iстердiң етек алуынан естi адамның өзi үшiн емес, ұрпағы үшiн шошынатындығы да белгiлi. Естiлiк келбеттi иеленгендер ұлттың қамы үшiн қайғырады. Ессiздiк ұлт тағдырын ойыншыққа айналдырады. Шәкәрiм ғұлама айтқандай: "Қазақтың көзсiз баласын, қаңғытып қайда барасың? Арыңды сатып арамға, адалдап қалай аласың?". Сонымен, түйiндеп айтар болсақ тұлға мен мемлекет жарастығын қамтамасыз ету билiктiң негiзгi қызметi ғана емес басты парызы да.

Құралай СӘРСЕМБИНА, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары