ТҮРКI ЕЛДЕРIНЕ АЛТЫН КӨПIР САЛҒАН ҒАЛЫМ

ТҮРКI ЕЛДЕРIНЕ АЛТЫН КӨПIР САЛҒАН ҒАЛЫМ

ТҮРКI ЕЛДЕРIНЕ АЛТЫН КӨПIР САЛҒАН ҒАЛЫМ
ашық дереккөзі
347

Кеше Ұлттық кiтапханада Түрксой халықаралық ұйымының ұйымдастырумен "Түркi халықтарының тарихы мен мәдениетi Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған зерттеулерiнде" атты дөңгелек үстел болды. Бұл басқосу түркi әлемiне ортақ тұлға Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның туғанына 120 жыл толу қарсаңында өткiзiлiп отыр.

Халықаралық жиынға башқұрт халқының көрнектi ғалымы, белгiлi қоғам қайраткерi Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның өмiрi мен ғылыми мұрасы жайында қазақстандық және шетелдiк белгiлi ғалымдар баяндама жасады. Басқосуға отандық тарихшы ғалымдармен қатар Түркиядан арнайы шақырылған ғалымның баласы Сүбедей Тоған және башқұртстандық бiрнеше зерттеушiлер қатысып, Ахмет-Зәки хақында бүгiнге дейiн жинаған деректерiн ортаға салды. Және де Башқұртстаннан келген "Уфа-центр" газетi редакторының орынбасары Айнұр Хужахметов, философия ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Хужахметова, "Ағидел" башқұрт мәдени орталығының жетекшiсi Азамат Рыскилдиндер Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған еңбектерiне арнаған баяндамасын оқып, рухани мұраның өзектiлiгiн сiңiруге атсалысты.

Дөңгелек үстелдi ашып берген белгiлi тарихшы Мәмбет Қойгелдi Ахмет-Зәкидiң еңбегi жайында айта келе, оның ешқашан өшпейтiн мұрасы ортамызға оралып жатыр деген жүрекжарды қуанышын бiлдiрдi. "1917 жылы революциялық өзгерiстен кейiн қазақ, башқұрт халықтары азаттық жолды таңдап, бiр бағытта қоян-қолтық жұмыс iстедi. Сол кезде "Қазақ, башқұрт азаттық қозғалысы" құрылып, түбi түркi тектес екi ұлт өзара бiрлiкте әрекет еттi", – дейдi ол. Осынау биiк мақсаттағы iстерге әрқашан оң көзбен қараған алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов та азаматтық қозғалыс жұмысының iлгерi жүруiне септiгiн тигiзiптi.

Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы башқұрт жерiнде Уфа губерниясының Стерлитимак уезiнде дүниеге келген. Ол башқұрт халқының ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, шығыстанушы-түркiтанушы ғалым. Саяси оқиғаларға белсендi түрде араласқан Ахмет-Зәки Түркiменстан арқылы Иранға, одан Еуропаға және Түркияға эмиграцияда жүрiп-ақ ғылыми қызметi мен дәрiс беру iсiн жалғастырады. Ең алғашқы "Түрiк және татар тарихы" атты көлемдi зерттеуiн 1912 жылы Қазан қаласында жариялапты. Бұдан соң ғалымның тынысы ашылып, "Жалпы түркi тарихына кiрiспе", "Құран және түрiктер", "Түркiстан", "Қазiргi Түркiстан және оның жақын тарихы", "Тарихи зерттеулердегi әдiснама", т.б. құнды ғылыми еңбектерi жарық көрген. Мiне, Ахмет-Зәкидiң жеке мұрағатынан алынған баға жетпес деректерге толы сирек кiтаптар мен қолжазбаларды Түрксой халықаралық ұйымы мамандары Ұлттық кiтапхананың қорына табыс еттi. Түрксой ұйымындағы ҚР МАМ өкiлi Асқар Тұрғанбаев: "Бiз бұрын Түрксой тарихында болмаған жаңалыққа қол жеткiздiк. 2010 жылды Түрксой шеңберiнде башқұрт қайраткерi "Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған жылы" деп жарияласақ, келер жылды "Шоқай жылы" деп жоспарладық. Бұл шешiм Ахмет-Зәкидiң туған жерi Башқұртстанда бекiтiлдi" деп Түрксой халықаралық ұйымының жетiстiктерi мен табыстарына тоқталды. Оның айтуынша, 2010 жыл түркi халықтарының ұсынысының арқасында ЮНЕСКО-да Наурыз мейрамы халықтық мереке болып жарияланыпты. Көктемнiң жаңаруынан басталатын төл жаңа жыл – Наурыз мейрамын биылғы жылы шығыс халықтары, парсытiлдес, түркiтiлдес елдер Париж қаласында 29-наурызда тойлайтын болады.

Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның 120 жылдығына арнап бiр тарихи фильм түсiру, Түркiстан қаласында конференция өткiзу де жоспарға iлiккен. Сондай-ақ, зерттеушi-түркiтанушы ғалымның еңбектерiн кiтап етiп шығаруды да Түрксой өз мiндетiне алып отырғанға ұқсайды.

Ал ақын, қоғам қайраткерi М.Шаханов: "Ахмет-Зәки Уәлиди – бүкiл түркi әлемiне ортақ тұлға. Ұлтты ұлт ететiн де – жеке тұлғалар" деп баға бердi. Ол өз сөзiнде кейiнгi кезде Башқұртстан, Татарстанда ұлттық мектептердiң жабылып жатқандығын, Ресей аталған мемлекеттердi өз қарамағындағы қалаларға қосып, референдум арқылы жойып жатқандығын айтты. Яғни, Башқұртстанның қазiргi жағдайының тiптен мүшкiл екендiгiн жалпақ жұртқа жеткiзген М.Шаханов осы секiлдi мәселелердi шешуде түркi тектес ұлттардың бiрлiкте әрекет ету керектiгiн ұсынды. 1926 жылы кеңестiк империяның "Наурыз – Ислам дiнiнiң қалдығы" деп, 62 жыл бойы Қазақстанда аталып өтуге тыйым салынған төл жаңа жылымыздың қайта оралуын жағымды бастамаға балады.

Түркi халықтары мәдениетiнiң халықаралық ұйымы Түрксой түркi халықтарынан шыққан iрi ғалымдардың ғылыми мұрасының зерттелуi мен насихатталуына әрдайым көңiл бөлiп келедi. Мәселен, 2003 жылы Түрксой халықаралық ұйымы А.З.Уәлиди Тоғанның "Башқұрттар тарихы" атты еңбегiн жарыққа шығарса, 2009 жылы Ыстамбұл университетiнiң Еуразия институтымен бiрлесiп А.З.Уәлидi Тоғанды еске алу күнiн өткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары