КОЛБИНМЕН ТIРЕСКЕН ҚАЛАМГЕР

КОЛБИНМЕН ТIРЕСКЕН ҚАЛАМГЕР

КОЛБИНМЕН ТIРЕСКЕН ҚАЛАМГЕР
ашық дереккөзі
212

Мәскеуде 600 адам "Елiм-айлап" ән айтқан

Софы Сматаев ағаның ауруханадан үйге шыққанына көп болмапты. Жуырда ғана телефон соққанымда, аурухананың палатасында жатқанын айтып, үйге шыққан соң хабарласуымды өтiнген. Софы аға менi күтiп отыр екен. Ағамен iлесiп, жұмыс кабинетiне көтерiлдiм. Қабырғадағы кiтап сөрелерiнде ағаның 17 томдығы тiзiлiп тұр. Кiтаптарға көзiм түскенiн байқаған болуы керек, Софы аға бiрден:

— Төрт рет инфаркт, екi рет инсульт алғам, бiр рет асқазанның қатерлi iсiк ауруына шалдыққан адаммын, — деп бастады әңгiмесiн. — Сондықтан, көзiмнiң тiрiсiнде кiтаптарымды шығарып кетейiн деп ойладым. Он жетi томға бiрде-бiр аударма, ешқандай мақала, рецензия кiргiзбеудi жөн көрдiм. Таза поэзия, проза және драматургиям ғана ендi. Көптомдықтың үш томдығына әңгiме, повестерiм кiрсе, үш томдығына пьесаларымды енгiздiм. Үш томына поэзиямды сыйғыздым. Қалған сегiз томы — сегiз романымның еншiсiне бұйырды. Тағы бiр үш томым дайын тұр. Өзiмнiң кiтаптарымды өзiм қайталап шығарып отыру үшiн, қарап отырмайын деп, жекеменшiк баспа ашқам. Былтыр үкiметтiң тендерiне қатыстым. Мұхтар Абрарұлы қаны бар тамаша жiгiт. Сол азамат iнiм алты томдығыма ақша бөлдiрiп бердi.

— Жалпы аға, табиғатыңыз жанрдың қайсысына жақын? Поэзияға ма, прозаға ма, әлде драматургияға ма?

— Өзiм тәп-тәуiр прозаикпiн деп ойлаймын. Бiрақ, мен шығармашылығымды әуелi ақындықтан бастағам. Ең бiрiншi шыққан кiтабым – өлеңдер жинағы болатын. Ол 1962 жылы баспаға тапсырылып, 1968 жылы әрең шықты. Мәскеуде оқып жүргенiмде жазған өлеңдерiм едi олар. Мен Мәскеудiң Болат институтын бiтiргем. Мамандығым — инженер-металлург. 1962 жылы Алматыға келiп, өлеңдерiмдi "Жазушы" баспасына алып барып талқылау жасатқам. Ол кезде поэзия секциясын Сырбай Мәуленов аға басқарады екен. Қуандық Шаңғытбаев қарамағында iстейдi. Әбу Сәрсенбаев төрағасы болып, өлеңдерiмдi қабылдап, сәт-сапар тiлеп алып қалған-ды. Мәскеуде Тәкен аға Әлiмқұловпен танысып, сол кiсiге жиi хабарласып жүретiнмiн. Бiр күнi Тәкен аға маған: "Софы, сенiң проза жазуға икемiң бар сияқты. Тақырып берейiн, сен соны жазып көршi" дедi. Сосын он саусағын көрсетiп, "осы алғашқы онның қатарына кiрмесең, он бiр-он екiншi орында тұратын ақындықтың түк пайдасы жоқ. Ал, сен проза жазсаң, мына тырнақалдыңа қарағанда, сол ондықтың қатарына сөзсiз кiресiң. Бұдан былай, прозадан көз жазба" деп батасын берiп едi. Әрi әлгi өлеңдер жинағым да шықпай, кiдiре берген соң, сiрә, поэзияға суыңқырап кетсем керек.

— Ол кезде инженерлiктi оқып жүрген кезiңiз ғой.

— Иә, оқып жүргем.

— Ақын бола тұра, инженер мамандығын таңдағаныңыз қызық екен…

— 1959 жылы ҚазҰУ-дiң филология факультетiне оқуға түскем. Ол жылдары журналистика факультетi бөлiнбеген. Бәрiмiз филологияда оқитынбыз. Үшiншi курстан бастап, Мұхтар Әуезов студенттерге дәрiс оқиды. Ол кiсi — сырттай қызығып, аңсап жүретiн адамым. Үшiншi курсқа дейiн шыдай алмадым да, бiрiншi курсқа түскен жылы-ақ, ұлы Мұхаңның дәрiсiн тыңдауға барып тұрдым. Оның үстiне, есiл-дертiм кiтап болатын. Таңның атысы, күннiң батысы кiтапханадан шықпайтынмын. Арабша әлiпбидi өз бетiмше үйренiп алғам. Әкеме араб әрпiмен хат жазам. Бiр күнi кiтапханада хат жазып отырғанымда, Мұхаң келiп: "Әй, Сарбала, не iстеп отырсың?" деп сұрағаны ғой. "Әкеме хат жазып отырмын" дедiм. Сосын менiң қолымдағы хатымды алып: "Мына балаңыздан көп үмiт күтемiз, Қалыбек iнiм!" деп, менiң әкеме хаттың соңына ризашылығын бiлдiрiп, екi-үш сөйлем қосып едi. "Әу, Сарбала, сенiң мына бiлiмiң, мұндағы бiраз оқытушылардың бiлiмiне жетеғабыл. Сен "жазушы болам" деп жүрсiң ғой, жазушылықты ешкiм, еш уақытта оқытып, үйрете алмайды. Табиғаттың, болмыстың, әйтпесе құдiреттiң берген таланты ол. Сенiң бойыңда сол бар. Сен Мәскеуге кет, онда да жай кетпе, техникалық оқу орнына түс. Ол — адамның ақыл-ойын ұштайтын жер. Сондықтан, техникалық институтқа барсаң, математиканы, физиканы оқисың. Ал бұл пәндер адам миының аналитикалық топшылауын қалыптастырады", — деп кеңес берiп едi. Сөйтiп, Мәскеуге кеттiм. Сол жылы күзде Қазақстанның қырық жылдығы болды. Осы тойды атап өту үшiн Мәскеудегi алты жүздей қазақ аспирант-студенттер үлкен асханаға жиналдық. Ортамыздан бiр жiгiт орнынан тұрды да: "Жiгiттер, отырысымызды өзiмiздiң әнұранымызбен бастайық. Алдымен ыңылдаймыз, сосын сөзiн айтамыз" дедi. Бұлар не айтып отыр деп, бiз әрине, бiрiншi курс студенттерi ештеңеге түсiнбеймiз. Содан бәрiмiздi ыңылдатып, бiр әуен басталсын. Ыңылмен басталған мол дауысты әуен бiр кезде жүрек толғандырар әсерлi әнге ауыссын. "Елiм-айлап" ыңылдап басталған, күңiренген әндi алты жүз дауыс тебiрене айтып жатыр. Жан-жағыма қарасам, алты жүз баланың көзiнде мөлдiреген ып-ыстық жас. Әннiң құдiретiн сол кезде бар жан-тәнiммен түйсiне түсiндiм. Алты жүз баланың көз алдында бүкiл Қазақстаны орман-көлiмен, тау-даласымен зымырап көшiп жеттi-ау. "Ән деген құдiрет болады екен-ау. Осы әннiң тарихын неге жазбаймын?" деген ой өн-бойымды шырмап ала қойған едi. Әнге қатысты тарихтың бәрiн iздей бастадым. Ол кездерi Ленин атындағы кiтапхананың жабық тақырыптар бөлiмiне айына бiр-ақ рет рұқсат берiп кiргiзетiн. Содан кейiн жұмасына бiр рет кiретiн болдым. Орталық ескi актiлер музейi бар, сонда барам. "Орыс-қазақ" тарихы, "орыс-жоңғар", "қазақ-жоңғар" тарихына қатысты дүниелердiң бәрiн тәптiштеп, тырнақтап жинай бастадым. Оқу бiтiрiп келгеннен кейiн де, қазақ-жоңғар шапқыншылығына қатысты жерлердiң бәрiн жаяу-жалпылап аралап, өз көзiммен көрiп, танысып қайттым. Металлургия институтында жұмыс iстеп жүрген кезiм. Бастығым — Асқар Қонаев, лаборатория меңгерушiсi, өте бiр жақсы жiгiт болатын. Сол кiсiден он күнге, бес күнге сұранып, қала бердi демалысымды пайдаланып, шайқас болған жерлердiң бәрiн аралап, суретке түсiрiп, шарлап шықтым. Не керек, "Елiм-айды" бастап кеттiм. Бiрiншi кiтабын 1968-69 жылдары бiтiрдiм. Жазайын дегенiм, новеллаға сыймады, әңгiмеге де келiспедi, повестен де асып кеттi. Ақырында сол бiр новеллаға сыйғызсам дейтiн мақсатым үш кiтапты қамтыды. Қазiр төртiншi кiтабын жазып жатырмын. Құдай бұйыртса, "Елiм-ай" эпопеясы бес кiтап болады деп жоспарлап отырмын. 1756-58 жылдары бiзбен соғысқан ойратты қытайлар келiп, екi жылда қой бауыздағандай қырып, жер бетiнен жоқ қылып жiбергенi тарихтан мәлiм. Қазақпен айқасатын жоңғар қалмағаннан кейiн, "Елiм-айды" соза бергенде не қылам, бiтiрейiн деп шештiм. Қазiр 1739-45 жылдар арасын жазып жатырмын. Ал бесiншi кiтапта елуiншi жылдардың оқиғалары болады. Абылайханның кемеңгерлiгiн, қазақ халқына көрсеткен жақсылығын — елiнiң еркiндiгiн, жерiнiң ұлан-ғайыр кеңдiгiн сақтап қалған жанкештiлiгiн жазуым керек. Қазақтың қазақ болып қалыптасуына, жер бетiнде қазақ болып қалуына еңбек сiңiрген бес-ақ адам бар. Олар: Абылай хан, үш би, Бұхар жырау. Содан кейiн, Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай сияқты батырларымыз. Әйтпесе, бiз жоңғармен соғыса берер едiк. Бiр жарым миллион жоңғарды қытай жоқ қылып жiбердi. Абылай болмаса, сол өрекпiген қалпымен қытай бiздi де жалмап қояр едi. Осыны жазғым келдi. Сөйтiп, проза менiң поэзиядан бiраз қол үзiп кетуiме себепкер болды. Проза жазу үшiн жанкештiлiк керек. Ол столдың басында қаздиып талмай отыруды талап етедi. Сол себептi де проза жанрындағы дүние тоқсан пайыз еңбекпен келетiн тiрлiк болса, соның он пайызы ғана талантқа тiреледi. Тапжылмай отыра бiлетiн болсаң, уақытыңды соған түгелдей беретiн болсаң ғана проза жазылады. Қаламгер — қара сөздiң басыбайлы құлы болуы керек. Поэзияны жүрiп келе жатып та, тамақ iшiп отырып та жазуға болады. Ол ет пен терiнiң арасындағы ұшқыр желiк қой. Ол сенi тез ойлантады, тез тiтiркентедi, тез дүбiрлетедi. Соңғы кездерi өлеңдi қайта жазып жүрмiн. Ракпен ауырып, асқазанымды түгел алдыртып тастағаннан кейiн, үстөлде шаншылып отыру қиын болып қалды. Төрт рет инфаркт, екi рет инсульт алған адаммын деп айттым ғой. Ал инсульттiң әсерi адамға оңай емес. Жадыңды тонап, ойыңды тұзақтайды. Бұрын мен сөйлеген кезде, әрiптестерiмдi мысым басып тұратын едi. Күйдi ойнатып қойып, күйдiң мән-маңызын-ақ өлеңмен айтып, жарысатынбыз. Қазiр тiлiм күрмелiңкiреп, ойымдағым тiлiм ұшына келе бермейдi. Екi-үш жылға дейiн дұрыстап сөйлей алмай жүргем. Сол жағымнан екi рет инсульт ұстады. 1986 жылғы оқиғадан кейiн Орталық комитетте алғаш рет Колбинге қарсы шыққам… Ол кезде мен көркем әдебиет секторын басқаратынмын. Мәдениет бөлiмiнде. Көз алдымда жастарды ұрып-соққандарын өлсем ұмытпаспын. Сосын, Колбинмен мықтап айқастым. Екi рет секретариаттың талқысына салды. Бiрақ, менi партиядан шығара алмады. Әдiлетiмдi де, өзiмнiң ұстанымымды да сақтап қалдым. Айқастым, қатты айқас болды. Әдiлетке ешкiм қарсы шыға алмайды екен. Кеңес одағын жамандаймыз ғой, бiрақ, Кеңес одағында әдiлетсiздiкке көпе-көрiнеу жiбермейтiн. Сөйтiп, мен жеңiп кеттiм. 1987 жылы шiлде айында алғашқы инфарктымды алдым. Сол жылдың желтоқсанында бiрiншi рет инсульт болдым. Құдай сақтап, аман-есен қалғаныма тәубе деймiн. Өлеңге қалай келдiң дегенiңнен шығып отыр ғой әңгiме. 2002 жылғы ауыр операциядан кейiн, орындыққа отыра алмай қалдым. Тамақты тәртiппен, диетамен iшуiм керек. Жасанды асқазан жарты кеседей ғана тамақ сiңiредi. Одан көбейiп кетсе дем ала алмай қалатынмын. Сөйтiп, екi жылдай қатты қиналып жүрдiм. Бiрақ, жазушымын ғой. Жазушы болған соң, бiрдеңенi жазбай, түртпей отыра алмайсың. Үстөлдiң маңына жолай алмаған соң, төсекте шалқалап жатып, қол көтеретiндей шағын блокнотқа өзек өртеген ойларды сүйкей берiппiн, сүйкей берiппiн. Сөйтiп жүрiп, өлеңмен үш кiтап жазып тастаппын.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ" ДЕГЕН ҰҒЫМҒА БIР АДАМДЫ ДА КIРГIЗУГЕ БОЛАДЫ

— "Ұлттық сана, ұлттық мүдде, ұлттық үрдiс" деймiз. Жиi айтамыз… Сiздiң қайғыңыз да осылар емес пе? Ұлттығымызды, елдiгiмiздi, мемлекеттiгiмiздi сақтаудың жолы қандай?

— "Қазақстандық ұлт" деп әртүрлi пиғылмен әркiм-ақ сайрап жатыр ғой. "Қазақстандық ұлтты" алға шығарсақ, онда қазақ ұлтын, ұлттық мүддемiздiң бәрiн жойып жiберуiмiз керек. "Қазақстандық ұлт" деген ұғымға, ондай күнде бiр-ақ адамды да кiргiзе берер едiк. Арабиядан келiп оқыған бiр араб студентi осы жерде қалып қойса, "Қазақстандық ұлттың" бiр тармағы болар едi. Сонда бiз қазақтың бүкiл дәстүрiн лақтырып тастап, өзгелердiң киiмi мен кебiн киюiмiз керек пе? Ұлттық мүддеге байланысты мына бiр жәйт есiме түсiп отыр. Сонау 1985-86 жылдары Жазушылар одағының басшысы Олжас пен хатшы Камалиденов екеуi қатты ұстасты. Онда мен Орталық комитетте сектордың меңгерушiсiмiн. Камалиденов: "Олжастың үстiнен Сүлейменов өз орнына лайық емес деп жарты бет жазып берiңiз" дедi. Мен: "Жаза алмаймын, Сүлейменов өз қызметiне лайықты адам" деп келiсiм бермедiм. Ол: "Сүлейменовты бекер жақтама. Былтыр ол бес ай Жазушылар одағында болған жоқ" деп қасарыса түстi. "Оның бес ай бойы неге болмағанын, түсiндiрейiн сiзге. Сталиннiң өкiмiмен хатшы-жазушыларға шығарма жазу үшiн үш айға демалыс берiледi. Жай жазушыға екi ай берiледi. Ал, Олжас оның үстiне депутат. Ол бiр жарым ай Москвада сессияда отырды. Бiр ай КССР Жазушылар одағында кезекшi боп жүрдi. Жарты ай шетелге делегацияны басқарып барды. Ол ойнап жүрген жоқ" дедiм. Осы орайда О. Сүлейменовтың соңғы кездерi ұлтына деген озбырлық көзқарасын көргеннен соң, Олжекеңдi сол кезде Камалиденовтен де, Колбиннан да қорғап қалғаныма қатты өкiнетiнiмдi жасырмаймын. Осы екi ортада Колбин келдi. Ол келген бетте менi 1987 жылы 2-қаңтардан бастап, үгiт-насихат бөлiмiне ауыстырды. Колбин бар, Құбашев бар, Камалиденов бар, тоғыз адамнан құралған ұлтаралық комиссия күн аралатпай жиын өткiзедi. Сондай алғашқы басқосудың бiрiнде Колбин: "Сiздерде бiрiншi басшы қазақ болса, оның бiрiншi орынбасары орыс болатын дәстүр бар екен. Ол министр ме, бiрiншi хатшы ма, директор ма, бәрiбiр. Ал, бiрiншi басшы басқа қызметке ауысып кететiн болса, оның орнына дайындығы мол бiрiншi орыс орынбасарды қоймай, үшiншi, бесiншi орынбасар қазақты қонжита қояды екенсiздер. Сонда қалай… бұл орын қазақтардың сатып алған меншiктi орны ма?" деп дүрсе қоя берген. Сөйтiп, тоғыз қазақты ауыстырып, орнына тоғыз орысты қойды. Министрi бар, әкiмi бар, зауыт директоры бар, тоғыз қазақты бiр-екi айдың iшiнде доптай ұшырды. Содан наурыздың басында бiр орыс министрдi ауыстырып, оның орнына тағы бiр орысты қойды. Оның бiрiншi орынбасары қазақ екен. Қарап отырмын, ешкiм ештеңе демейдi. Үндемейдi. Шыдай алмадым: "Геннадий Васильевич, есiңiзде ме, бiрiншi басшы ауысса, оның орнына дайын кадр бiрiншi орынбасарын қою керек деп айтқан едiңiз ғой. Сол мақсатпен, тоғыз қазақтың орнына тоғыз орысты қойдыңыз. Оныншы орыстың орнына бүгiн ендi бiрiншi орынбасары қазақ болса да, оныншы орысты қойып отырғаныңыз қалай?" дедiм. "Сiзге мұндай сауал қоюға кiм құқық бердi?" деп үстелдi жұдырықпен бiр қойып қалды. Аузыма қалай түскенiн бiлмеймiн: "Коммунистiк партия! Сiз де, мен де бiр партияның, Коммунистiк партияның мүшесiмiз" дегенiмде Колбин сылқ етiп орнына отыра кеттi. Ұялды ма, сезiктендi ме орыстың орнына қазақ орынбасарды тағайындатты. Осыдан бастап, Колбинмен арамыз мүлде қиындап кеттi. 1987 жылы 3-желтоқсанда менi Секретариаттың талқысына салды. Сол секретариатта: "Мен прецедент жасап, ертең қызметке келмеймiн. Өйткенi мен — шығармашылық иесiмiн. Халқым менiң кiм болып iстегенiмдi сұрамайды. Кiтаптарымды талап етедi!" деп жауапты қызметiмнен бас тарттым. 17-желтоқсанда менi Орталық комитеттiң жалпы бөлiмiне шақырды. Ойымда ешнәрсе жоқ. Бардым. Алтыншы қабатқа көтерiлдiм. Келсем, секретариаттың алдында адам қаптап тұр екен. Менi ерiксiз iшке кiргiзiп жiберiп, екiншi рет секретариатқа салды. Мен туралы үш адам қаралап, үш баяндама жасады. Үшеуi сөйлеп болғаннан кейiн, Колбин бiрден: "Ал, коммунистер, бұл адамға қандай шара қолданамыз?" дедi. Отырғандардың бiреуi де үндеген жоқ. Сосын: "Геннадий Васильевич, сотталған адамға да соңғы сөзiн айтқызады. Маған сөз берiңiз!" дедiм. Қазақтар: "Айтсын, айтсын!" деп шулап қоя бердi. "Онда мен ең алдымен, Камал Смаиловтан бастайын" дедiм. "Камал Сейтжанович, сiздiң бөлiмiңiзде неше сектор бар?" деп сұрадым. "Төртеу!" дедi ол. "Өткен жыл қорытындысы бойынша қай сектор үздiк шықты?" дедiм. "Көркем әдебиет секторы" дедi. "Ал, ол секторда қанша адам жұмыс iстейдi?" деп сұрадым. "Үшеу". "Өткен жылы қанша адам жұмыс iстедi?". "Бiреу" дедi. "Ол кiм?" деп едiм, "Сматаев!" дедi. "Сiз жаңа ғана өзiңiз айтқандай, Сматаев дұрыс жұмыс iстемейтiн болса, өткен жылы оған не себептi бiрiншi орын берiлдi?" дедiм. Смаилов сасып қалды, бала құсап абдырап: "Жаз деп айтты ғой маған…" деп, қипақтай бердi. "Ендi Устиновке келейiн". Әлгiнде Устинов жолдас: "Сматаев жұмыс iстемейдi, бiрбеткей, ешкiмдi тыңдағысы келмейдi" деп айтты ғой. "Альберт Александрович! Сiздiң бөлiмде қанша адам жұмыс iстейдi?" дедiм. "37 адам" дедi ол. "Осы биыл 11 айда Сматаев отчетты қалай тапсырды? Қанша бет жазыпты?" дедiм. Бөлiм жазған 1476 бет отчеттың 371 бетiн менiң жалғыз жазғанымды мойындап, төмен қарап тұқырып, бөлiм бастығы не айтарын бiлмей, сасып қалды да: "Сматаев ұлтшыл, өзiнiң қазақтарын қорғайды" дедi. 1986 жылы екi әйелдi қорғап қалғаным бар едi. Бiрi 54-тегi, екiншiсi 55-тегi коммунистер едi. Ол екеуi де алаңға балаларын iздеп барған болатын. Сосын айттым: "Қандай ана өз баласын iздемейдi? Сiз де балаңызды iздейсiз ғой, кешiксе. Мен одан ешқандай кемшiлiк те, қарсылық та көрiп отырғам жоқ. Егер осыған менi кiнәлi деп тапсаңыздар, жазалай берiңiздер. Мен оны әдейi айтпап едiм" дедiм. Менi отырғандардың басым көпшiлiгi жақтап кеттi, Колбин "жиналыс жабық" дедi де, столды бiр қойды.

— "Қазақтың жауы — ұлтсыздық" дейдi Мұхтар Мағауин. Сiз қалай ойлайсыз? Бүгiнгi қазақтың ең үлкен қасiретi неде?

— "Қазақтың жауы — ұлтсыздық" дегендi Мағауиннен де бұрын ұлт қамын жеген мықтыларымыз айтып кеткен. Ұлтсыздық — бiр ғана қазақтың емес, барлық ұлттың жауы. Қазiргi етек алған ғаламдану саясаты кезеңiнде өз ұлтыңның мүддесiн қорғауға түгел ұлт болып араласпасақ, үлкен елдердiң қомағай өңешiнде жұтылып, адуын ықпалына тұтылып кетуiмiз қиын емес. Ұлтсыздық — өзiмiздiң шала қазақ пен ада қазағымызға ғана тиiмдi. Әсiресе, Олжас бастаған ұлтсыздану саясатын жанталаса қолдаушылар кешегi кеңестiк кездi қатты аңсап, бүгiнгi тәуелсiз елiңдi тәумендi тiрлiктiң бұғауына қайтадан қамап беруге барынша күш салады. "Осынша ұланғайыр жердi ат төбелiндей қазақ сақтап тұра алмайды. Сондықтан бiр мықты көршiнiң (Әрине, олардың көксегенi Ресей ғой) қолтығына кiрiп, етегiне жығылып, етегiн сүйiп қана жан сақтай аламыз" деген үрейдi ұлтымыздың құлағына құя берудi космополит бауырларымыз бастап та кеттi. Қазақты ұлтсыздануға бұрмалайтын iрiткiштер де осылар. Олар Қазақстан халық ассамблеясы дейтiн жолбике ұйымның "Ел бiрлiгi" атты дүмбiлез доктринасын жан-тәнiмен барынша қолдайды. Ұлт патриоттары жасаған тұжырымдаманы — басқа ұлттардың мүддесiн аяқасты етiптi деген сылтаумен жоққа шығармаққа жанұшыра әрекет етiп жатыр. Сондықтан да, төсектегi денемдi есiкке сүйреп, ұлтымызға қастандық сойылын соғушыларға қарсы "қазақ ұлты", "қазақ халқы", "халық мүддесi" деп соғатын тiлiм-тiлiм жүрегiмдi көлденең тоссам деген перзенттiк қимылға батыл кiрiсуге дайынмын. Ұлан-ғайыр жердi ата-бабаларымыз қанын төгiп, терiн сауылдатып құйып жүрiп қорғап қалған. Сол қасиеттi де киелi жерiмiздi — ел меншiгiн, халық еншiсiн ту-талапайға салғызып, көрiнген кiрменiң, азулы көршiнiң қанжығасына бөктертiп жiберуге тырыспақ болған биiктегi айдарынан жел ескен кiмде-кiмнiң өңешiне азуымды қадай алмасам, қазақ болып тiрi жүрмей-ақ қояйын. Азаматтық та, шығармашылық та борышым мен парызым осы.

— Тiл мен дiннiң дертiн қалай емдеймiз?

— Қазақ тiлi — Мемлекеттiк тiл деп негiзгi заңымызға жазғанымызбен тiлiмiз өзiнiң төрдегi биiк тұғырына қонбақ түгiл, босағадан да сығалай алмай жүр. Сығалатпайтын өзге емес, өзiмiз ғана. Өз тiлiне өгей қандастарымыз! Ана тiлi биiктегi орнын алар болса, сол биiктегi билiктiк орнынан мұрттай ұшарын, орысша ойлап, ағылшынша сайрайтын ұл-қыздары, немерелерi ертең қызметсiз қаларын бiлетiн төрдегi төбедей боп қонжиған төрелер мемлекеттiк тiлiмiздiң мүмкiндiгiн барынша шектеуге жанын салып жүрген жоқ па?

Ал қазақтардың өз арасынан дiнiмiзден безiнушiлердiң көбеюi, өз жерiмiзде оларды сырттан қаптап келiп бездiрушiлердiң нығаюы — мемлекет басындағылардың басын ауыртар қажеттiлiкке айналмаса, халқымызды iштей үңгiген бұл кесапат дерт тап ертең ұлтымызды сиырдың бүйрегiндей қырық бөлшектер ғаламат қауiпке душар етедi. Бiр жанұяның адамы бiрнеше дiндi қабылдап, бұрынғы сүттей ұйыған отбасының берекесi қашып, арты атыс-шабысқа жетуi ғажап емес. Оған мысал, анау Ливандағы қиян-кескi қырғын тiрлiк.

Дiн мен тiлдi қорғау мен сақтау — бүкiл халықтық қарқынды қозғалысқа айналуы шарт. Әйтпесе, өз басына бүгiн жете қоймаған кеселге немқұрайлылық танытқыш марғау қазақтың ертең оңайлықпен құтыла алмас аса қауiптi дертке ұшырарын осы бастан дабылдатып, мәңгүрт кеудесiне түрткi сала беруден баршамыз түгел жалықпауымыз қажет. Ондай жағдайда ұлтымыздың быт-шыт боп ыдырап кетуi сөзсiз.

АТАҚ-ЖАЗУШЫЛАРДЫ БIР-БIРIНЕ ҚАРСЫ ҚОЯДЫ

— Софы аға, сiз Мемлекеттiк сыйлыққа бес рет ұсынылдыңыз? Өте алмай қалдыңыз. Жалпы атақ, сыйлық адамның шынайы қабiлетiн, дарынын көрсетедi деп ойлайсыз ба?

— Рас, бес рет ұсынылдым, бесеуiнде де өтпедiм. Өткiзбеген өзiмнiң бақталас, бақас әрiптестерiм. Жоғарғы жаққа жеткiзбей, алғашқы отырыстарда-ақ менi сызды да отырды. Күндестiктiң, күншiлдiктiң күлiн шашқыш қызғаншақ қаламгерлер. Екi рет "Халық жазушысын" беремiз деп, президент әкiмшiлiгi Жазушылар одағына ұсыныс түсiрттi. Соңғысында тiптi, "Елбасы қол қойды!" деп сүйiншi сұраған құттықтауларды да естiдiм. Бiрақ қолыма құжаты тимейiнше, сенбеп едiм. Әлi күнге сенбей жүрмiн. Қазiр "Халық жазушысы", "Халық әртiсi" деген атақты бермейтiн болды. Жалпы, менiң өзiм атақ беруге мүлде қарсымын. Атақтың талантқа қажетi жоқ. Атақ жазушыларды бiр-бiрiне қарсы айдап салатын дау мен талас қана. Кеңес Одағының кезiнде Сталин дейтiн мұртты шалдың шырғалап жасағаны ғой. Ақыл-ойы өзiнен әлдеқайда озық дарын иелерiн өзiне кiрiптар қылу үшiн ол осыны ойлап тапқан. Сөйтiп, зиялыларды қырқыстырып қойған. Жазушыға орден, медаль түкке де қажетi жоқ. Абайда атақ бар ма? Жоқ. Бiрақ, қазақта Абайдан атақты ақын тағы жоқ. Сәкен Сейфуллин, Бейiмбет Майлин, Ахмет Байтұрсыновтар да атақ бар ма? Жоқ, олар онсыз да атақты емес пе? Сол жетедi. Тек кейде атағың жоқ деп жүндесқолды әкiмсымақтардың кеудеңнен итеретiнi жаман. Облысқа, аудандарға барсаң, бүгiнде атағың болмаса сенi менсiнбей, сыртқа итерiп тастайды. Ат көтермес атағыңа қарай сыйлайды, атан мертiгер атағыңа қарай бағалайды. Кiтап оқымайтындар үшiн атағы барлар төрге озатын заман бүгiн.

— Бүгiн қаламгердi мазалайтын нәрсе — қаламақының жоқтығы. Сiз де өз еңбегiңiзге қаламақы берiлмегенiне қиналасыз ба? Бүгiнгi қаламгердiң қаламақасы туралы не айтар едiңiз?

— Бұрын Кеңес Одағының кезiнде қаламақы жүйесi жақсы iстегендiктен, менен бай адам болмайтын. Менiң пьесаларым бүкiл Кеңес Одағында көптеп қойылатын. Соның бәрiнен ақша сауылдап келiп түсiп отыратын. Әр романыма жиырма мыңдай ақша алатынмын. Ол — сол кездегi доллармен 25-30 мың шамасында едi. Аудармаларымнан да қаржы-қаражат келiп жататын. Қазiр қаламақы жүйесi атымен жойылды. Кiтабыңды өз ақшаңмен шығарасың. Алда-жалда үкiметтiң есебiнен шықса, оған әрi кетсе 120 мың теңге ғана бередi. Ал мен машинисткама 150 мың теңге төлеймiн. Осы ма, сондағы қаламақысы? Естуiмше, бiр жылға жазушыларға бөлiнетiнi 10-ақ миллион теңге екен. Ол кейбiр қалталылардың казинода бiр кеште ұтқызып кететiн ақшасы. Он миллион дегенiңiз түк емес. Кiтап палатасында бастық боп отырғанымда, маған кейбiр әрiптестерiм — жазушылар келетiн. "Оу, Софы-ау, ең болмаса, аула сыпырушы қылып алсаңшы. Бүгiн үйде нан алатын да ақша жоқ" дейтiн едi. Мiне, бүгiнгi жазушылар осындай сұмдық халдi де бастан кешiрiп жүр.

— Капиталистiк елдерде қаламгерлер өзiнiң шығарған еңбегiмен ақша табады екен. Мәселен, "Гарри Поттердiң" авторы Джоанн Роулинг миллардерлердiң қатарына қосылды. Нарықтық экономиканың заңдылығы осында. Бiздiң қаламгерлерiмiз өз өнiмi арқылы пайда таба алады деп ойлайсыз ба?

— Америкамен бiздi салыстыруға келмейдi. Олар әр жақтан жиналған ұлттан құралған құранды мемлекет. Онда жазушыларға деген көзқарас мүлдем басқа. Бiзбен есептегенде, олардың жазушыларының саны да аз. Олар сценарий жазады, өйтедi-бүйтедi, жолы болғандары әйтеуiр бiр кiтабымен-ақ байып кетедi. Сондықтан, бiздiкiндей қадау-қадау дүние жазылмайды. Оқырмандарының талап деңгейi онша биiк емес. Сол себептi, терең ойлы, күрделi мазмұнды кiтаптарды сатып алмайды. Оларға керегi, детектив, кiсi өлтiру төңiрегiндегi жаппай мәдениет елiктемесi. Ал шын әдебиетте ондай атүстiлiк болмайды. Бүгiнгi шырмаған интернет жүйесi, телмiртiп қойған телевизор дегендер кiтапты мүлде оқытпайды. Бiзде де осы күмәндi тiрлiк алдыңғы қатарға шығып келедi. Келешекте кiтап оқымайтын ойсыз, қамсыз ұрпақ пайда болуы мүмкiн. Бiз сияқты жазбаса тұра алмайтын жансебiл адамдар да таусылады. Нарықтың аста-төк тамағын, құнықтырар дәмiн иiскегендер пайда түспейтiн қолбайлау нәрсенi не қылады? Сосын амалсыз қулық-сұмдықтың алдамшы жолына түседi де кетедi. Ал, бiздер үшiн қаламақы жүйесiн дұрыстап iске асыру керек. Өйткенi, қаламгердiң тауары — кiтабы. Жазылған еңбегiне өтеуi болмаса, жазушы, ақынның қадiр-қасиетiнен түк қалмайды емес пе?

ДРАМАТУРГИЯ ЖОҚ ЕМЕС, БАР

— Бiз сiздiң драматургияңыз туралы да жақсы бiлемiз. Жастар театрының сахнасында жүрiп жатқан "Көгiлдiр такси" спектаклiн де бiрнеше рет тамашалап қайттық. Жалпы, бүгiнгi драматургия туралы пiкiрiңiз қандай?

— Қазақ драматургиясы — қатты дамыған драматургия. Бастауында — Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов, Жүсiпбек Аймауытов секiлдi даңғылдар тұрған драматургия жанры әлi де өз биiгiнен түсе қойған жоқ. Бүгiн де драматургия жазылып жатыр. Бiрақ, соны көрсетуде құнттылық нашар. Қазiр театрлардың режиссерлерiнiң көбiсi шалағай. Соған қарамастан, өздерi күлдiбадам бiрдеңе жазады, өздерi соны қояды. Пьесаңды сахналау үшiн режиссерлер автормен қосалқы автор болады. "Жарайды" дейiк. Онымен не ұтамыз? Себебi, олар күйкiлжiң күйбiң тiрлiктiң маңайындағыларды қоюдан әрiге өресi жетпей қалғандар. Қазiр барлық театрда өзi режиссер, өзi автор пысықайлар тым көбейiп кеттi. Шынайы жазылған пьесаларды қоймайды. Олар қоймағаннан кейiн, стимул болмағаннан кейiн, кiмнiң пьеса жазғысы келедi. Не үшiн жазбақ? Неменеге жазбақ? Қойылмайтын болса, қабылданбайтын болса… Тауың шағылады, сөйтiп, тауаның қайтады. Бiр-екi рет айтасың, "қоямыз" деп жылпылдап, уәде бередi, артынша ескiрiп кеткен тақырып деп сылтауратады. Менiң екi пьесам бар. "Базарың құтты болсын немесе қазақша көкiрек керу", "Базарың құтты болсын немесе қазақша кек алу" деген. Алғашында екеуiн де екi театр ә дегенде таласып алды. Бүгiнгi жағдай ғой, пьесаларда сөз болып отырған. Екi театр да екi жылдай ұстады да, ақыры "қоя алмаймыз" деп қайтарып бердi өзiме. Жолма жол аударма жасап, Мәскеуге жiбергем. Қазiр солар қояйын деп жатыр. Бiздегi театр басшыларында бiр жағынан қорқақтық басым болса, екiншi жағынан жемқорлық та араласқан тiрлiктерiне. Бiздiң драматургияның адымын аштырмай, тұсау салып қойды. Келеңсiздiктерiн жабу үшiн олар "Драматургия жоқ" дейдi. Жазушыларымыздың кез келген әңгiмесi, повесi тұнып тұрған драматургия. Мәселен, Оралхан Бөкейдiң, Марат Қабанбайдың, тағы басқалардың шығармалары дайын тұрған драма. Бiрақ, соны көрмейдi. Авторлық құқықты қорғау деген мемлекеттiк ұйым болатын едi. Олар қазiр жекешеленiп кеттi. Қазiр сенiң пьесаң қойылып жатыр ма, жоқ па, бiлмейсiң. Үш ай гастрольде жүрiп, елу рет қойылған пьесаңа екi-ақ мың теңге алу деген не сұмдық!? Бұл да әдiлет пе? Ең кемiнде, бiр қойылымнан бес мың алатының белгiлi емес пе? Соны сезiп отырып та арамдық жасайды.

— Өзiңiз театрға барасыз ба?

— Көп барып жатқаным жоқ. Театрға барып, отыра алмаймын. Бұрын театрға жиi баратын едiм. Қазiр көп ауырам ғой. Анда-санда шақырғанда болмаса… Шынымды айтайын, соңғы жарты жылда бiр рет те театрға барғам жоқ.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары