ҚАЗАҚҚА ЖАНЫ АШИТЫН КОМИССИЯ КЕРЕК!

ҚАЗАҚҚА ЖАНЫ АШИТЫН КОМИССИЯ КЕРЕК!

ҚАЗАҚҚА ЖАНЫ АШИТЫН КОМИССИЯ КЕРЕК!
ашық дереккөзі
389

1956 жылы Өзбекстанға 25 жыл мерзiмге арендаға берiлген жер екi ел шекарасын делимитациялау кезiнде ескерiлмей, Мырзашөлдiң көп бөлiгi көршi республика құрамында қалып қойған.

… Алатаудан қарағанда Сырдың арғы бетiнде, Қызылдың құмын ендей жайлап, Мырзаның шөлiнде малын айдап, Жетiсайдың сайларында тамыр байлап, отырықшылыққа бойы үйренiп, диқаншылыққа қолы үйренiп, пейiлi кеңiп, жердi емiп қалың қазақ жұрты отыр.

… Сол ел, сол ауыл, сол аталар әлi атакүлдiкте қозғалмай отыр. Қаншама ұрпақ сонда туып-өстi. Бiздiң ендiгi хикая – Атамекен тағдыры. Әрiден басталған Жер дауы.

Соңғы 35-40 жыл iшiнде жер даулаған жүздеген арыздар СССР халық депутаттары М. Шаханов, О. Сүлейменов, Е. Юсупов, А. Клепиков (260 адамның атынан), КПСС ОК Бас хатшысы М. Горбачев (тұтас аудандар атынан), Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы Г.Колбин (Мырзашөлдiк 42 ардагердiң атынан), Өзбекстан КП ОК бiрiншi хатшысы Р. Нышановқа (50 адам атынан), Д. Қонаев, Л. Брежнев, Ш. Рашидовтардың атына, XIX Бүкiлодақтық партия конференциясына Сырдария, Жызақ облыстары бойынша 18-260 адамның қолымен қаншама арыз жазылды. Сондай-ақ, КПСС Орталық Комитетi Бюросына да сан рет шағымдар жолданған. Бiрақ құлақ асып, тиiстi шара қолданылмады. Сонымен жер дауы асқынған жараға айналды.

Елбасы Н.Назарбаев Мақтаарал ауданының 70 жылдығына келгенде "түкпiрдегi сiздердi ұмытпаймыз" деген мағыналы сөз айтты. Үмiт қайта жанды.

АШЫҚ ХАТ НЕМЕСЕ ҮКIМЕТКЕ МЫҢЫНШЫ АРЫЗ

"Оңтүстiк Қазақстанның жүрегi – Мырзашөл. Оған барлық жағдайды, мүмкiншiлiктiң бәрiн жасаймыз. Сiздер түкпiрде жатқан өңiрмiз деп ойламаңыздар, Мақтаарал өңiрiн ешуақта бiз естен шығармаймыз. Қазақ халқының болашағы үшiн, елiн, жерiн сақтап қалу үшiн мен Астананы Қазақстанның ортасына көшiрдiм…" (Президенттiң Мақтаарал ауданының 70 жылдығында сөйлеген сөзiнен).

Мен Өзбекстан аймағындағы – Бұхара, Тәшкент, Жызақ және Сырдария облыстарында тұратын қазақ ұлтының Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық аймақтың жанайқайына байланысты шағымын жазып отырмын. Мәселе түсiнiктi болу үшiн арыдан бастайын.

Бұл аймақта ұлттық мәселелердегi шектеулiктер түркi халықтарын республикаларға бөлген сонау 1924 жылы-ақ көрiнiс бердi. Сол кезде Ташкент және оның төңiрегiндегi тұрғындардың көпшiлiгiне командалық әдiспен және арандатушылық қимылмен өте қысқа мерзiмде күштетiлiп өзбек болу ұсынылды. Құжаттары ерiксiз қайта жазылып, қазақтардың көбi өзбек болып шыға келдi. Осыдан кейiн Орта Азиядағы ең iрi Ташкент қаласы Өзбекстан астанасы болды. Сол кезге дейiн өзбектер Самарқанд пен Бұхараға шоғырланғанын тарихтан бiлемiз.

Өзбек ССР-ның бiздiң елдiң кейбiр аймақтарын алу әрекеттерiнiң екiншi кезеңi 30-жылдары Қазақстан аймағында Шыршық ГЭС-i салынарда байқалды. Алғаш құрылыс салуға ұлықсат алып, одан кейiн Өзбек ССР-ының басшылары қитұрқы ойымен Бостандық ауданын тұтас берудi талап еттi. Сөйтiп, өзбек басшыларымен ұзақ уақытқа созылған айтыс-тартыстан кейiн 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданына қарайтын Тимирязев атындағы совхозы Өзбек ССР-ының құрамына ендiрiлдi.

Өзге аймақтарды иемденудiң үшiншi кезеңi 1931 жылы Қарақалпақ АССР-ының Қазақстан құрамынан Өзбек ССР-ының құрамына берiлуi. Бұл актiнi Өзбекстан басшылары былай түсiндiредi: "Қазақстанның жерi өте көлемдi және ол басшылық үшiн қиындық туғызады". Оны жеңiлдету үшiн қазаққа тiлi, дәстүрi, фольклоры, мәдениетi жақын Қарақалпақстанды Өзбекстан республикасына қосты.

Өзбекстан шекарасын кеңейтудiң төртiншi кезеңi 1963 жыл болды. Сол кезде Н. С. Хрущевпен сыйлас дос Ш. Р. Рашидовтың ынтасымен Шымкент облысының үш ауданы – Мақтаарал, Жетiсай, Киров аудандары Өзбек ССР-ы құрамына өттi. Кейiннен осы үш аудан аймағында Ш. Р. Рашидовтың туған жерi – Жызақ облысын нығайту үшiн тағы жетi аудан ұйымдастырылды. Қазақстанның жоғарыда аталған аймақтарын Өзбекстанға беру сол кездегi Қазақстан Компартиясы Оңтүстiк өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы И. Юсупов жолдастың Н.С.Хрущевқа ұсыныс хаты негiзiнде жүзеге асты.

Киров ауданының алты совхозы берiлiсiмен "Шымқорған", "Арнасай", Амангелдi және Ильич атындағы, Қызылқұм, "Известия" газетi атындағы совхоздары Фариш ауданының қарамағына жатқызылды. Қазақстан Компартиясы ОК бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаевтың ықпалымен Өзбекстанға өткiзiлген аудандарды қайтару мақсатында КПСС ОК-не еңбекшiлер тарапынан шағым хаттар ұйымдастырылып, 1971 жылы Шымкент облысының үш ауданы Қазақстанға керi қайтарылды. Бiрақ олардың алты совхоз және жетi ауданындағы көлемдi бөлiгi Өзбек ССР-ында қалды.

Адамдардың шын мәнiнде теңдiгi ең алдымен экономикалық теңдiкпен жеткiзiледi. Сондықтан әрқайсысының мүддесi бiрыңғай шаралармен жүзеге асырылады. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтылған Қазақ ССР-ы құрамынан Өзбек ССР-ы құрамына берiлген аймақтар мысалын қалай түсiнуге болады?

Қазақстанның ұлт саясатындағы демократияға негiзделген әлеуметтiк әдiлеттiлiк теңдiк Өзбекстанда жоқ. Кезiнде өз ұлтын басқалардан артық көрген Ш. Рашидовтан берi осылай. Соның қарқыны әлi жалғасуда. Бұл – республиканың кадр саясатында анық көрiнедi. Егер бұрын партия, Кеңес ұйымдарында және министрлiктерде қазақ ұлтының өкiлдерi кездессе, қазiр мүлдем жоқтың қасы, немесе бiрен-саран ғана. Рашидовқа дейiн ауылшаруашылығының салалық министрлерi болып Сарықұлов пен Насыров, Ташкент политехникалық институтының ректоры Ниязов еңбек етсе, аудандық партия комитетiнiң хатшылығында 20 адам жауапты қызметте болды. Оның алтауы Ташкент облысының аудандық партия комитетiнiң хатшысы қызметiн атқарды. Қазiр қазақтардан шаруашылық басшыларын тағайындау да сиреп барады. Кадр мәселесiнде ұлтты қысымға алу, қазақ кадрларына сыйластықпен қарамаудың мысалдары тұрғындардың басым көпшiлiгi қазақ Мырзашөл ауданынан айқын көрiнедi.

Мал шаруашылығының ауыр еңбегiне көңiл бөлу мен қамқорлық аз. Жызақ пен Бұхар облыстарындағы Тамды және Кенимех аудандары шопандарының 99 пайызы қазақ. Олар 30-40 жылдан берi бәз-баяғы әуре-сарсаңмен тiршiлiк кешуде.

Бұрын республикалық 42 жоғарғы оқу орнының кемiнде 10-ында арнайы қазақ тiлiнде бiлiм беретiн факультеттер болатын. Қазiр жалғыз Низами атындағы ТМПИ-де ғана қазақ тiлi мен әдебиетi факультетi бар. Оған жылына бар-жоғы 25-ақ студент қабылданады. Қазiрдiң өзiнде бiрқатар ауылдық округтарда қазақ балаларын қоқан-лоққымен өзбек деп жазады. Әке-шешесi – қазақ, ал олардың сәбилерi – өзбек. Мұны қалай түсiнуге болады?

Жастар мектептi қазақ тiлiнде бiтiрсе де емтиханды өзбек тiлiнде тапсырады. Бұл едәуiр қиыншылықтар келтiретiнi сынақ кезiнде анық байқалуда. Көбiсiнiң сынақтан өте алмайтыны да сондықтан.

Достық ауданындағы "Васильевский", "Рокосовский" совхоздарының әрқайсысындағы жүзден астам қазақ отбасыларының атажұрттан көшпеске амалы жоқ. Балалары өз ана тiлiне шорқақ болғанымен қоймай, уақыт өте келе ғасырдан-ғасырға жеткен дәстүрiмiз, әдеп-ғұрыптарымыз, мәдени құндылықтарымыз, ұлттық нақыштағы әндерiмiз жоғалып барады. Қазiр аудан және шаруашылық басшылары тарапынан ұлттық намысты қорлау көрiнiстерiнiң орын алуы кездейсоқтық емес. Бұл ұлттық сезiмдi табанасты ететiн iс-әдетке айналды.

Демографиялық мәлiметтерге сүйенсек, республикада 2 миллионға жуық қазақ тұрады. Бiрақ республикалық 1 газет пен 1 баспа ғана бар. Қазақ театры, концерт ұйымдары жоқ. Жекелеген қазақ тiлiнде шығатын аудандық газеттер өзбекше нұсқасынан аудармамен жарық көруде. Әуе толқынына ана тiлiндегi радио-телехабарлар сирек шығады. Қазақ тiлiндегi кiтаптар мен қазақ музыка аспаптары дүкен сөрелерiнде жоқ.

Осындай мәлiметтердi салыстыру үшiн Қазақстанды мысалға алайық. Онда бiрнеше ондаған мың кәрiс, ұйғыр және немiс диаспоралары тұрады. Олардың көбiнде республикалық, аудандық газеттерi, республикалық театрлары, көркемөнерпаздар ансамбльдерi бар. Түрiк, дұнған, татар және т.б. өкiлдерiнiң шығармашылық ұйымдарының бөлiмдерi Жазушылар одағында және Қазақ Ғылым академиясында жұмыс iстейдi. Жызақ пен Сырдария облыстарында тұратын барлық қазақтар, соғыс және еңбек ардагерлерi өтiнiштерiн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Үкiметке жеткiзудi маған мiндет етiп жүктедi.

Қазiргi Мырзашөл, Арнасай аймақтары, Фариш ауданының үлкен бөлiгi ("Шымқорған", Қызылқұм, Ильич және Амангелдi атындағы, Арнасай, "Известия" газетi атындағы совхоздар) 1963 жылға дейiн заңды түрде Қазақстанға қарағаны Үкiметке белгiлi болса керек. Бостандық ауданы түгелдей және қазiргi Жызақ облысының Мырзашөл, Достық, Октябрь аудандарының, Сырдария облысының Ильич, Ақалтын ауданының аймақтары 1956 жылға дейiн Қазақстан аймағының бөлiнбес бөлiгi болғанын жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Алайда, бiр өкiнiштiсi сол, Өзбекстанға 25 жылға жалға (арендаға) берiлген қазақ жерi сол елдiң құрамында ескерусiз қалып қойды. Бiз осы мәселенi үкiметтiк деңгейде қайтаруды шындап қолға алса деймiз. Және бар үмiтiмiз де сонда.

Бұл мәселеге Үкiмет өттi-кеттi деп қарамай, заңды арендалық аймақтарды Қазақстанға қайтару мәселесiмен шын ниетпен шұғылданғаны жөн болар едi. "Неге көршiлес өзбектер жылдар бойы бiздiң, яғни, Қазақстанның аймақтарын меншiктене беруге тиiс?" деген сұрақ та бүгiнде мырзашөлдiктердiң әрқайсысының көкейiнде. Бiз өзбек бауырлармен араздасқымыз келмейдi. Iстiң насырға шауып, Карабах оқиғаларының қайталанбауын қалаймыз. Бiрақ бiз өзiмiздiң әлеуметтiк әдiлеттiлiктi талап ету құқымыз орынды әрi заңды деп санаймыз. Бiздiң және балаларымыздың өзбек достары көп. Бiрақ өзбек ағайындар тарапынан ауық-ауық қайталанып отыратын қысымға шыдас беру күн өткен сайын қиындап барады. Мырзашөл ауданында ондай оқиғалардан көптеп мысал келтiруге болады.

Бiздiң халықта: "Сөз қуған бәлеге жолығады, жол қуған қазынаға жолығады" деген нақыл бар.

Дегенмен, тоқырау жылдарында "Шымқорған" совхозының тұрғындарына моральдық және материалдық жағынан орасан зор зиян келтiргенiн, тiптен қиянат жасалғанын мiндеттi түрде айту қажет. Бұл бұрын Қазақстанда қаракөл шаруашылығының флагманы болған совхоз. Совхоз орталығы мақта егiстiгiмен қоршалған аралда орналасқан. Тұрғындарының жер учаскелерiн суаруға ғана емес, iшуге де су жоқ. Елдi мекендерге көгiлдiр отын желiсi жүргiзiлмеген, су құбырларының құрылыстары ұзаққа созылған. Қазiр ауыл айтақырға айналды. Ал оған жақын совхоздарда табиғи газ бар. Басқа совхоздардың әрбiр отарына, дала қосына электр жарығы жеткiзiлсе де, "Шымқорған" шаруашылығының фермаларында жоғарғы вольттi желi жоқ. Совхоз орталығында барлық ағаштар кеуiп қалған. Кезiнде жасыл желекке бөленген "Шымқорған" Қонаев пен Рашидовтың өзiн жайқалған жасыл желекпен қарсы алғаны ұмыт болғандай. Ендi ондай бақыттың ауылы алыста қалған сыңайлы. Өйткенi, өзбек ағайындар түртпектей берген соң ондағы қазақтардың бiразы көтерiле көшiп, Шымкент жанындағы Шұбарсу елдi мекенiне әзер жайғасты. "Шымқорған" совхозының азып-тозуы әлдекiмдерге пайдалы болған шығар. Жылдан жылға қазақ ұлтының шаруашылық мамандарына да немқұрайлы қарау байқалады. Мысалы, Сырдария облысы қазақ жерi есебiнен құрылғанда облыстық атқару комитетiнiң төрағасы, содан соң облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Е. Т. Тасанбаев болды. Ал жаңа Жызақ облысы құрылғанда облыстық партия комитетiнiң екi бөлiм меңгерушiсi, екi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, екi аудандық Атқару комитетiнiң төрағасы, облыстық Атқару комитетi, сондай-ақ облыстық халықтық бақылау комитетi төрағаларының орынбасарлары қызметiнен босады. Қазiр олардың бiрi де жоқ. Облыс төңiрегiнде бiр де бiр қазақ жауапты қызметте қалған жоқ. Барлығы 2-3 жылда кадрларды iрiктеу және орналастырудың әдiлеттiк принциптерi бұзылғандықтан қызметтен қуылды.

"Халықтардың нағыз достығы – әрбiр халықтың абыройын, намысын, мәдениетiн, тiлi мен тарихын аса құрметтегенде және олармен өзара тең дәрежеде қарым-қатынас жасағанда ғана болады" – деген қағиданы негiзге ала отырып, шекаралық мәселенiң қайта қаралып, әдiл шешiмiн табатынына сенемiз.

Осы мәселелер төңiрегiнде қалыптасқан қиын жағдайларды жаза отырып, бiз Мырзашөл аймағында тұратын қазақ ұлты үшiн шешiмiн көптен күткен өмiрлiк мәселеге Үкiметтiң араласуын өтiнiп, шағымдануды жөн көрдiк. Әрине, мемлекетаралық келiсiмдер бойынша егемендiк алғаннан кейiнгi екi ел шекарасының делимитацияланғанынан хабардармыз. Бiрақ бұл бөлiсуде СССР кезiндегi өзбектерге қазақ жерiнiң арендаға – жалға берiлген бөлiгi ескерiлмедi. Ол құжаттар сол күйi мұрағатта сарғайған күйде сақталуда. Оны ашып қарауға әрине өзбектер мүдделi емес. Ал қазақ басшыларының iзденiп, ақиқатына жетуге құлқы жоқ тәрiздi. Бiздiң талап – ғасырлар бойы қазақтарға атақоныс болған аймақтар Қазақстанға қайтарылса екен. Бұрынғы бұзылған өмiрлiк мүдделер конституциялық тұрғыда қалпына келтiрiлсе деймiз. Жызақ, Сырдария, Ташкент және Бұқара облыстарында тұратын қазақ тұрғандарының қалауы осы. Осы мәселе бұған дейiн де талай арыздарда көрсетiлген болатын.

Бабалар даналығы: "Жердi қайтару үшiн күресу керек. Ешкiм, ешқашан жердi өз еркiмен бермейдi", – дегендi үнемi ескертедi. Бiз әлеуметтiк әдiлетсiздiкке жататын жанайқайымыздың бiр парасын ғана сөз етiп отырмыз. Қазақстан Республикасының ғасырлар бойы меншiгi болып табылған Мырзашөлдегi жер көлемiн Өзбекстаннан Қазақстанға қайтару жөнiндегi Үкiметтен жаңа комиссия құрып, мәселенi қайта қарауды сұраймыз. Сол комиссияның құрамына жергiлiктi көптi көрген куәгер қарияларды қосса деймiз. Бiзге шын мәнiндегi ҚАЗАҚҚА ЖАНЫ АШИТЫН НАМЫСШЫЛ КОМИССИЯ керек!

Иә, кезiнде облысты басқарғандардың пайдакүнемдiкпен Мырзашөлдегi талай жердi өзбектерге арендаға беруi бүгiнде жарты миллион қазақтың зардап шегуiне әкелуде. Неге десеңiз, қазiрдiң өзiнде Шардараның қасындағы Амангелдi кеңшарынан кеден салған өзбектер Қоғалы және атақонысымыздың бiраз жерiн қамтып кеттi. Ал қазақтар жағы үнсiз. Бiздiң жанайқайымыз қанша шырылдасақ та, Үкiметке жетер емес.

Айтпақшы, Өзбек және Қазақ Совет энциклопедиясында (ҚСЭ) Жызақ және Сырдария облыстарындағы қазақтардың саны өте аз көрсетiлгенiн ескерте кету керек. Тiптi, жер көлемi де әр түрлi берiлген. Ең сорақысы, ҚСЭ бұл мәлiметтi өзбектерден көшiре отырып, сiлтеме жасаған. Демек, болашақтағы құрылатын комиссия Мырзашөл өңiрi халқымен кездеспей, шын шекара сызығы нақты анықталмайды. Мақтаарал мен Жетiсайда ашық халықтық референдум өткiзiлсе, көптеген шындықтың бетi ашылады", – дейдi Қазақстанға шексiз үмiтпен қарайтын қайран менiң мырзашөлдiктерiм…

Мылтықбай ЕРIМБЕТОВ,

Жазушылар одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары