Икрам АХМЕТОВ: МЕНI ТҮРКIСТАННЫҢ КИЕЛI ӘРУАҚТАРЫ ҚОЛДАДЫ!

Икрам АХМЕТОВ: МЕНI ТҮРКIСТАННЫҢ КИЕЛI ӘРУАҚТАРЫ ҚОЛДАДЫ!

Икрам АХМЕТОВ:  МЕНI ТҮРКIСТАННЫҢ КИЕЛI ӘРУАҚТАРЫ ҚОЛДАДЫ!
ашық дереккөзі
297

Жақында ғана Алматыда өткен бильярдтан "Аралас пирамида" турнирiнiң күмiс жүлдегерi Икрам Ахметов өзiнiң сүбелi ойын өрнегiмен жанкүйер қауымның көңiлiнде қалды. Бәсеке бойы қызықты ойын өрнегiн паш еткен түркiстандық жiгiт әлем чемпионы, атақты Александр Паламарьдiң өзiн ұтып, көпшiлiктiң таңданысын тудырды. Қазақ спортында жаңадан жарқ етiп шыққан есiмдi кеңiнен таныстыру мақсатында бiз Икрам Ахметовпен сұхбаттасқан едiк.

– Икрам, әлем бiрiншiлiгiнен кейiн сен жайлы мәлiмет бiлгiсi келетiндер қатары көбейдi. Сол себептi осы спортқа қалай келгенiң, өзiң жайлы оқырмандарға өз аузыңмен таныстыра кетсең?

– Мен қазақтың киелi ордасы Түркiстан шаһарынанмын. Бильярдқа келуiмнiң бiрден-бiр себебi туған ағам Баһадүрдiң осы спортпен шұғылданғандығы едi. Алғаш 12-жасымда сол ағам Түркiстандағы турнирге қатысып, мен оған жанкүйерлiк танытуға бардым. Бiр көргеннен бұл спорттың маған да бiр жақындығы барын сездiм. Содан кейiн өзiм де тастаяққа әуестенiп, тұрақты айналыса бастадым. Алғашқы бапкерiм Абай Байымбетов те менен болашақ жақсы бильярдшы көре бiлген шығар, менiң осы спортпен берiле машықтануыма үлкен септiгiн тигiздi.

– Сен жайында ел көбiне осы байрақты бәсекеден кейiн ғана танып жатыр. Осыған дейiн қандай турнирлерге қатыстың?

– Мен ең алғаш бильярдпен айналысқаннан кейiн бiр жылдан соң Түркiстан қаласының чемпионы атандым. Одан берi де талай жарыстың жүлдесiн қанжығаладым. Ал атап өтерлiк жетiстiгiм деп Азия чемпионатының қола жүлдесiне қол жеткiзгенiмдi айтуға болар. Және соңғы Қазақстан бiрiншiлiгiнде 3-орынды иемдендiм.

– Бұрындары сен Қазақстан құрамасының сапына алынбай жүрдiң. Осы жолы байрақты додаға қатысуыңа аталмыш бiрiншiлiкте көрсеткен нәтижең әсер еттi деп ойлайсың ба?

– Мен оның алдында ұлттық команда сапына бiр алынып, бiр алынбай жүрдiм. Бiрақ соңғы кездерi өзiмнiң жаттығуларымды көбейтiп, көрiнетiн кезiм келгенiн ұқтым. Белдi бекем буып, осы бiрiншiлiкте барынша жақсы өнер көрсетуге тырыстым. Және сол алған қола медальдiң арқасында өзiмнiң нағыз спорттық бабымның қай деңгейде екенiн жаттықтырушыларға ұқтырдым деп ойлаймын. Мiне, осындай еңбегiмнiң арқасында құрама сапына iлiнiп, әлем бiрiншiлiгiнде ел намысын қолдан бермей жүлделi атандым. Бұл менiң алғашқы iрi жеңiсiм деуге толық болады.

– Сенiң негiзгi жеңiсiң әлем чемпионы, атақты Александр Паламарьдi тiзерлеткенiң. Алматы төрiнде барша халықтың алдында күллi әлем мойындаған украиндықты 5:2 есебiмен ойсырата ұтқаның ел жадында көпке дейiн қалары сөзсiз. Ендi осы кездесуге тоқталып өтсең.

– Осыдан бiр жыл бұрын Павлодарда мен оған 1/32 финалда ұтылғанмын. Ол сол уақытта шынымен де мықты едi. Мен үшiн онымен кездесудiң өзi мақтаныш-тұғын. Бұл жолы Паламарьмен тағы кездесетiнiмдi бiлiсiмен, одан қалайда қарымта қайтаруды көздедiм. Ойын басталысымен басымдылық танытып, оны әбден састырдым. Ең бастысы, қызық ойын көрсетiп, дүйiм жұрттың ризашылығын алдық. Мен оған өзiмнiң деңгейiмнiң өскенiн көрсеттiм. Қазақтар да тастаяқты ойнай бiлетiнiн көрсеттiм. Сондай-ақ жеңiске жетуiме әсер берген туған жерiмдегi сансыз баптар мен әулиелердiң әруақтарының қолдағаны деп бiлем.

– Әр спортшыда – бiр демеушi дегендей, сенi де үнемi қолдап жүретiн демеушiң бар шығар?

– Әрине, ондай кiсiлерсiз күнiмiз қиас екенi тағы белгiлi. Ең алдымен әке-шешемнiң, аға-iнiлерiмнiң орны бөлек. Осы турнирге өзiммен бiрге келген Рамазан деген ағамның берген ақыл-кеңестерi мен Түркiстандағы "Қуаныш" базарының директоры, менiң тұрақты демеушiм – Әбдуғаппар Шәймерденов атты кiсiнiң қаржылай көмегiнiң арқасында осындай табысқа кенелудемiн. Сол кiсiлерге ерекше алғысымды бiлдiргiм келедi.

– Қазақ бильярдының осы күнi қарқынды дамып келе жатқанын көзiмiзбен көрiп жүрмiз. Десе де, кемшiлiксiз болмасы тағы анық. Жалпы спортшы ретiнде, осы саланың қазанында қайнап жүрген мүшесi ретiнде қандай кертартпа тұстарды атап өтер едiң?

– Соңғы бес жылдың iшiнде қазақ бильярды жоғарғы деңгейге көтерiлдi. Оның арқасы деп Федерацияның жасап жатқан игi жұмыстарын айтамын. Аймақтардағы түрлi жарыстар, облыстық бөлiмшелер ұйымдастырып жатқан бәсекелер – осы спорттың ел iшiнде бедел алып, кеңге қанат жаюына бiрден-бiр себеп. Дегенмен, кемшiн тұстар да бар. Оны жасырғаннан ешкiм де ұта қоймайды. Дәл қазiргi таңда спортшыларға және түрлi жарыстар өткiзуге – қаржы жағы қолбайлау. Шеттегi додаларға қатысудың ретi жиi келе берiп тұрған жоқ осы күндерi. Бiрақ бұл сұрақтар жақын арада өзiнiң оң шешiмiн табар деген үмiттемiн. Өйткенi, қазақ спортына жаны ашитын қалталы азаматтар бильярдқа ендi-ендi көңiл бөлiп келе жатыр.

– Икрам, өзiңнiң алдағы мақсаттарың мен бағыт-бағдарыңды айқындап өтсең?

– Алға қойған мақсаттар өте көп. Соның бiрi – алдағы әлем бiрiншiлiгiнде топ жару. Ол үшiн аянбай еңбектену керек. Азия, Қазақстан кубоктарында да озып келсем жаман болмас едi.

– Әңгiмеңiзге рахмет.

Әңгiмелескен Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары