ШЫН ТАРИХТЫҢ ШЫРАЙЫН ШЫНДЫҚ КIРГIЗЕДI
ШЫН ТАРИХТЫҢ ШЫРАЙЫН ШЫНДЫҚ КIРГIЗЕДI
Ел азаматын отаншылдыққа баулудың, әркiмнiң бойында отансүйгiштiк сезiмдi қалтқысыз қалыптастырудың және ел бiрлiгiн нығайтудың дұрыс амалы адамдарды тек қана әдiл, адал, шыншыл тарихпен тәрбиелеу негiзiнде жатса керек. Бұл жұмыстың кемшiндiгi салдарынан бiзде өмiрде де, өнерде де ел мүддесiнен гөрi жалпыадамзаттық мүдденi күйттеушiлiк, қара халқымыздың қамын ойлаудан гөрi қайткенде әлемге танылуды мақсат тұтушылық белең алып кеткен.
Шын мемлекетшiл, шын мәнiндегi отаншыл ұрпақ қатарын қалыптастыру үшiн шынайы да әдiл тарих жазылуы қажеттiгi, соны тәрбие жұмысына кеңiнен қолдану керектiгi дау тудырмауға тиiс. Бұл орайда ең алдымен қазақ тарихының маңызды тұстарын және мемлекеттiлiгiмiздiң тарихын айқындап алу ләзiм.
Қазақ ғасырлар бойы тайпа-тайпа боп түрлi қағанат, ұлыс, хандық құрамында тiршiлiк кешкен замандарынан кейiн, өмiр сүру кеңiстiгi, шаруашылығы мен тұрмыс салты, тiлi, дiнi, дiлi бiр болғандықтан, тарих сахнасына өз атымен 1456 жылы тұтас бiр ұлт ретiнде шыққан да, аз жылда тарихи атамекенiнде мемлекеттiлiк шаңырағын көтерiп, жеке хандық түтiнiн түтеткен. Содан берi қазақтың күллi рулық бiрлестiктерi жаңа сапада – мемлекеттiң өзiндiк құрылымын түзген азаматтық қауым институттары деңгейiнде дамыды. Осы жәйттi түсiндiруге бiзде мән берiлмейдi, бiз әлi күнге дейiн ұлт болып қалыптасып болған жоқпыз деген қате де залалды пiкiр айтуға құмармыз.
Қазақ хандығы дербес ту тiккелi бергi әр кезеңде ел ағалары көне Созақ, Сарайшық, Ташкент, Түркiстан қалаларын астана етiп, халықтың тыныс-тiршiлiгiн Есiм ханның "Ескi жолы", Қасым ханның "Қасқа жолы", Тәуке ханның "Жетi жарғысы" сынды заңнамалық құжаттармен реттеудi жолға қойды. 19-ғасырдың екiншi жартысында оңтүстiк өлкемiз жаулап алынып, жер-суымыз бен халқымыз орыс империясы қоластына бiржола қаратылғанға дейiн – мемлекеттiгiмiз небiр өрлеу және құлдырау кезеңдерiн бастан кештi. Отар жағдайында да елдiң еркiндiксүйгiштiгiн көрсетер тағлымды серпiлiстер көп болды. Iшiнде ұрпақ тәрбиесi кәдесiне асар тұстар мол сонау тарихымызды мемлекетшiл көзқараспен жаңаша түзiп, азаматтарды тарих арқылы тәрбиелеу, тарихтың көмегiмен рухтандыру iсiне пайдалану – әлi орындалмаған парыз.
Шын тарихтың шырайын шындық кiргiзе алады. Бiз елiмiздiң орыс бодандығына өтуiнiң шындығы жайында күнi бүгiнге дейiн әдiл жаза алмай жүрмiз.
Мәселен, қазақтардың Мәскеу мемлекетiне бодан болуы керектiгi және онымен әскери одақ құру қажеттiгi жайында тұңғыш рет 1594 жылы орыс тұтқынындағы ханзада Ораз-Мұхаммед пен Тәуекел ханның елшiсi Құл-Мұхаммед арасындағы әңгiмеде көтерiлген. Содан, Тәуекел ханнан тиiстi тiлек-хат алған соң, Феодор Иоаннович патша 1595 жылғы 28 наурызда қазақтарды Мәскеу мемлекетiнiң бодандығына қабылдағаны туралы Тәуекел ханға, оның ұлдары Шаһмұхамед пен Күшiк сұлтандарға грамоталар жiбередi. Ол өзiн, тiптi, басқа титулдарымен қоса, қазақтардың да патшасымын деп атай бастайды.
Бiрақ ол жолы қазақ хандығының орыс мемлекетiне кiрiптарлығы бодандық грамотадан әрiге тереңдемейдi. Бұндай әңгiме алғашқы бодандық құжаты жасалғаннан бiр ғасыр өткен соң ғана, шын мәжбүрлiк ахуалда қайта көтерiледi. Оған негiзiнен тарих сахнасына жаңа әрi күштi көшпендi мемлекет ретiнде жоңғар хандығы шыққандығы, оның жайылымдық жер-су аумақтарын иелену үшiн бiрден өзiндей көшпендi көршiсiне қырғидай тиiп, үздiксiз шабуыл жасауға кiрiсуi, сөйтiп, қазақ хандығымен қырқысуын ондаған жылдар бойы тоқтатпағандығы себеп болды.
Қазақияны 1680 жылдан билеп отырған Тәуке хан елi ұдайы Жоңғариямен соғыс жағдайында болған себептi, орыс патшалығымен жақындасу, онымен әр салада тату қарым-қатынаста болу жолын қарастырады. 1694 жылы Бiрiншi Петрге сауда-саттықты, достық қатынасты жаңғырту туралы хат жазады. Сонымен бiрге ол, жалпақ Қазақияны басқаруды оңтайландыру мақсатымен, үш өлкенi жайлайтын Үш жүзге жеке билер тағайындайды, сосын, сонау ел басқару құрылымын жетiлдiрудi көздегендiктен, әр тарапта ғұмыр кешкен қазақ ордаларына жеке хандар сайлау жүргiзiлуiн қош көредi.
Содан, жалпықазақ ханы Тәукенiң көзi тiрiсiнде, объективтi түрде үш аймақты жайлап тұрған үш ордаға үш хан сайланады. Тарихи дереккөздер мәлiметтерiне қарағанда,1703 жылы Орта жүз бен Кiшi жүздiң бiр бөлiгiне – Қайып, 1710 жылы Кiшi жүз бен Орта жүздiң бiр бөлiгiне – Әбiлқайыр, 1712 жылы Ұлы жүзге Абдолла хан болып сайланған. Абдолла хан қайтыс болған соң, Ұлы жүздi 1720 жылдан Жолбарыс хан басқарды.
Жалпықазақ ханы Тәуке қаһан 1715 жылы дүние салды. Одан кейiн жалпықазақ ханы (қаһан, бас хан) сайланған жоқ.
Сол 1715 жылдан бастап Орта жүз билеушiсi Қайып хан барлық хандардың iшiндегi басты хан, яғни аға хан ретiнде мойындалған. Орыс-қазақ байланыстары құжаттарында оның орыс мемлекетiнiң көмегiн алуды көздегенiн көрсететiн бiраз қатынас қағаздары сақталғаны байқалады.
Қазақ хандарының аға ханы – Қайып хан 1718 жылы қаза тапты. Сонда, Қайып хан тәрiздi аға хан лауазымына, 1719 жылдан Әбiлқайыр хан ие болды. Оның ордасы сол жылдан бастап, "Ақтабан шұбырындыға" ұрындырған 1723 жылғы алапат жоңғар шапқыншылығы басталғанға дейiн, Түркiстанда орналасты.
Ескеретiн жәйт, Тәуке ханның үлкен ұлы Болат жалпықазақ ханы болып сайланған емес. Осы уақытқа дейiн көпшiлiк санасына сiңiрiлген бұл дерек – қате. Ол Қайып ханнан соң, 1719 жылдан Орта жүз ханы болды. Және айтылып жүрген 1730 жылы емес, "Ақтабан шұбырынды…" апаты кезiнде, әлде оның қарсаңында – 1723 жылы өмiрден өттi. Содан соң Орта жүзге оның iнiсi, Тәуке ханның баласы Сәмеке сұлтан 1724 жылы хан сайланды.
Сәмеке хан қайтыс болғаннан кейiн, Орта жүз ханы тағына 1739 жылы Тәукенiң немересi, Орта жүздiң Сәмекеге дейiнгi билеушiсi болған Болаттың үлкен ұлы Әбiлмәмбет отырғызылды. Әбiлқайырдың 1748 жылы қаза табуына байланысты, ол сол жылдан аға хан санатында есептелдi. Көп жылдар Абылай сұлтанның қамқоршысы болды.
Әбiлмәмбет ханнан соң, 1771 жылы, Абылай Орта жүздiң және Ұлы жүздiң бiр бөлiгiнiң ханы, сонымен бiрге аға хан – сол кезгi ресми тiлмен айтқанда: "күллi ханларның ағласы қылыб" сайланды.
Қазақ мемлекеттiлiгiнiң әдiл тарихы ғылыми дәлелденген осындай деректер негiзiнде, бұрмаланбай, байыпты көзқарас тұрғысынан жазылуға тиiс. Солай етсек, бойымызды тек мифтерге билетуден, аңыздарға арқа сүйеп, өткендегi бабаларымыздың бiрiн әспеттеу, екiншiсiн қаралау секiлдi келеңсiз әдеттерден бiржолата арыла аламыз. Сонда ғана ол бiртұтас қазақ халқының мүддесiне қызмет ететiн, мемлекеттiлiгiн мақтан тұта алатын азаматтарды тәрбиелеудiң және патриотизмнiң бұлтартпас қайнар көзiне айналады.
Бүгiнде талай жан бейнесiн терiс түсiнетiн Әбiлқайыр хан жоңғарларға қарсы азаттық қозғалысы жасақтарын 1710 жылдан 1730 жылғы тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай жеңiсiне жеткенше басқарған адам. Әуелде Әбiлқайыр баһадүр 1709 жылы башқұрт ханы болған-ды. Ол сол башқұрт тағынан 1710 жылы елге шақырылып, Қарақұмда өткен Кiшi жүз бен Орта жүздiң белгiлi адамдарының құрылтайында, бұған дейiн тек Жәдiк сұлтан ұрпақтарын хан сайлап келе жатқан ежелгi дала дәстүрiн бұзып, Кiшi жүз ханы болып сайланды. Бұл оның жеке ерлiктерi мен асқан қолбасшылық дарыны, ақыл-ойының ерекше зеректiгi мен ұйымдастырушылық қабiлетi үшiн оған көрсетiлген құрмет әрi сенiм едi.
Әбiлқайыр хан қазақ елiндегi беделiне сәйкес, 1719 жылдан аға хан болды. Ал 1726 жылғы Ордабасыда өткен қазақ хандары, сұлтандары, батырлары мен билерiнiң құрылтайында бiрiккен қазақ қолдарының жоғарғы командашысы – бас қолбасы болып сайланды. Қазақ жасақтары 1727-1730 жылдарғы шайқастардағы iрi жеңiстерiнiң бәрiне бас сардар Әбiлқайыр ханның жоғарғы қолбасшылығы нәтижесiнде жеттi.
Үстiмiздегi 2010 жылы даңқты Аңырақай шайқасына 280 жыл, қазақ қолының жоғарғы қолбасшысы, қазақтың аға ханы Әбiлқайырдың туғанына 330 жыл толады. Бүкiл қазақ елi халқының патриоттық тәрбиесiне қызмет ететiн осы даталарды атап өте аламыз ба, жоқ па – бұл бiздiң өзiмiздi өзiмiз және азаматтарымызды, сондай-ақ, жас ұрпақты шынайы да әдiл тарих арқылы тәрбиелеу iсiне қалай мән беретiнiмiзге байланысты болмақ.
1730 жылғы көктемде орын алған Аңырақай жеңiсiнен кейiн Әбiлқайыр хан жоңғарлармен бiтiм жасасты. Содан соң батыс және батыс-терiстiктегi шекараларға жаңа шабуылдарымен қатер төндiрген дұшпандармен арақатынасты ретке келтiруге аттанды (бұл белес осы уақытқа дейiн "Әбiлқайыр өзiн үш жүздiң ханы етiп сайламады деп өкпелеп, майдан даласын тастап кеттi" деген жалғандықпен бұрмалап түсiндiрiлiп келдi).
Сол жылғы мамырда Әбiлқайыр ханның жазғы ордасына жиналған Кiшi және Орта жүз сұлтандарының, батырлары мен белгiлi адамдарының құрылтайында Орыс патшасы үкiметiмен келiссөз жүргiзу мәселесi талқыланды. Сонда Ресейдiң қоластындағы қалмақтар мен башқұрттардың, сондай-ақ орыс казактарының қазақ елiне шабуылдарын доғартуды көздейтiн бiтiм жасау жөнiнде шешiм қабылданған. Соған сәйкес орыс патшайымы Анна Иоанновнаға хат жазылып, Петербургке арнайы елшiлiк аттандырылды.
Одан әрi, Бiрiншi Петрден көзi тiрiсiнде: "Миллион сом жұмсасаң да, қазақтардан орыс қоластына қарағысы келетiндiгi туралы бiр жапырақ қағазды қайткенде қолға түсiру керек" деген тапсырмасын алған тiлмәш Мәмет Тевкелевтiң дипломатиялық iс-әрекеттерi мен айлалы үгiтi бар; Әбiлқайыр ханның патшайымға жазған хатын Сыртқы iстер алқасында iстейтiн әлде Тевкелевтiң, әлде сол секiлдi пиғылдағы өзге тiлмәштiң орыс мүддесiне орайластырып тәржiмалағаны бар; Әбiлқайыр ханның бiр жылдай қасында болған Тевкелевке сенген, орыс мемлекетiнiң протекторатында болу – жалпақ Қазақияны бiр орталыққа бағындырылған мықты хандыққа айналдыруға жәрдемi тиедi деген өз үмiтi бар – орыс-қазақ қатынастарының қилы амалдарға толы жаңа кезеңi басталады.
Кейбiр оқығандарымыз қазақты патшалыққа бодан еткен Әбiлқайыр хан деп бiледi. Ал орыс тарихшылары Әбiлқайыр ханды "орыстардың қас жауы", "Орынбор өлкесiнiң Бiрiншi Петрi" атанған генерал-губернатор Неплюевтiң "жеке дұшпаны" деп таныған және өлкенi отарлау жұмыстарын жүргiзуге үкiмет Әбiлқайыр хан өлтiрiлгеннен кейiн ғана кiрiсе алды деп есептеген. Бұл орайдағы өте танымды деректердi тарихшы Витевскийдiң генерал Неплюевтiң өмiрi мен қызметiн зерттеген әйгiлi төрт томдық монографиясынан табуға болады.
Дегенмен, қазақтарды Ресейге Әбiлқайыр хан өз еркiмен қосты деп айту – отарлаушы өкiметке тиiмдi едi. Бұл патша әкiмшiлiгiнiң содан берi жоспарлы түрде жүргiзген қанды жорықтарын бүркемелеуге пайдаланған қолайлы тәсiлi болатын.
Тәуелсiз ел тарихнамасы мұның шындығын, қатпар-қатпар астарын қалың көпшiлiкке әлi күнге ашып бере алған жоқ.
Кеңес дәуiрiн алайық. Түркiстан өлкесiндегi европалық кiрмелердiң үлес салмағы барлық халықтың 5 пайызы ғана екенiн ескерген жергiлiктi коммунистiк партконференциялар 1920 жылы Түркi республикасы мен Түркi халықтарының коммунистiк партиясын құру жайында шешiм қабылдады. Ал түркiлердiң күшеюiнен сескенген орталық ол шешiмнiң орындалуына жол бермедi. Пролетариат көсемi Лениннiң өзi бас болып, өлкенi "Өзбекия, Түркмения, Қазақия" әкiмшiлiк бiрлестiктерiне бөлшектеудi ойластырды. Үзеңгiлестерiне мұны мұқият қарастыруды тапсырды.
Азамат соғысы аяқталып, басмашылар қарсылығын еңсеру анық байқала келе, көсем дүние салысымен, өлкенi бөлшектеу iсi шындап қолға алынды да, 1924 жылы күзге қарай толығымен жүзеге асырылды.
Жiктеп-межелеудiң түпкi мақсатын дәл ұққан қазақ қайраткерлерi Орта Азия мен Қазақстанды бiр ортаазиялық федерацияға ұйыстыру, сөйтiп, Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағына бiр федерация болып кiру дұрыс болмағын алға тартты. Орта Азия мен Қазақстанды жеке экономикалық қауымдастыққа бiрiктiру идеясын ұсынды.
Тарихтан сабақ алу дәстүрiмiз кемшiн түскендiктен, тәуелсiздiктiң қарсаңы мен тұсында белгiлi дәрежеде қолайлылық пен мүмкiншiлiктер туғанда да большевиктер жүзеге асыртпаған осы идеяларды, өмiрге енгiзе алмадық.
Екi өлке – Казақ Республикасы мен Түркiстан Республикасындағы қазағы көп аймақтар бiрiккеннен кейiн, республикадағы қазақтың үлес салмағы халықтың үштен екiсiнен асты. Соған сәйкес, аңсаған ұлттық республикаға, ақыры, қол жеткенi, ендi оны бар талапқа сай келетiндей етiп жасау жұмысына кiрiсу керектiгi 1925 жылы жария етiлдi. Бiрақ кеңестiк империя оған жол бермедi.
Қолдан жасалған ашаршылықтар, соғыстар, саяси қуғын-сүргiндерге қоса, түрлi саяси желеумен сырттан келiмсектердi тоғыту салдарынан, қазақ 50-жылдары өз жерiнде халықтың үштен бiрiне де жетпей қалды. Содан, белгiлi демографиялық дүмпудi бастан кешiп, 2009 жылы ғана қайтадан, жалпы халықтың үштен екiсiн құрады. Сөйтiп, ұлттық мемлекеттiң сандық алғышартына қол жеттi. Алайда, таяуда жұртшылықтың талқылауына ұсынылған "Ел бiрлiгi" доктринасының жобасына қарағанда, оны жасаушылар ел бiрлiгiн бұрынғысынша қазақ мүддесiн әдемi сөзбен керi шегерiп, ортақ орыс тiлi негiзiнде, тұғыры күдiктi азаматтық қоғам құра отырып нығайтуды көздейтiн боп шықты.
Бұдан жиырма жыл бұрын республика Жоғарғы Кеңесiнде қабылданған тәуелсiз мемлекет құру жайындағы Декларацияда қазақ ұлты мен өзге ұлт өкiлдерiнiң бiрлесiп қазақтың ұлттық мемлекеттiлiгiн жаңғырту, нығайту жоспары ұлы мұрат ретiнде атап айтылған едi ғой. Бүгiнде, ел бiрлiгiн көздеген құжат жасаушылардың, сонау әдiлеттi мақсатты керi ысырып, "этностық емес, азаматтық мемлекеттiк орнатамыз" деп даурығуы, менiңше, халқымыздың қасiреттi тарихын бiлмеушiлiк, елемеушiлiк пен бұрмалаушылық салдарынан туған, өмiршең болуы неғайбыл сыңарезу пайым ғана. Бұл құжат жобасы мемлекетұйыстырушы қазақтың ұлттық мүддесiне сай келмейдi, сондықтан да қайта қаралуы керек.
Мәселенiң басты себебi – патша үкiметi ашық бастап, кеңес дәуiрiнде әсiреқызыл, алдамшы ұранмен үдемелете жүргiзiлген орыстандыру саясатында жатыр. Тәуелсiздiк кезеңiнде отарсыздандыру шараларын ойластырмай, екпiнiмен дөңгелеп келе жатқан, тiптi, көршiлердiң астыртын саясатымен рухтанып, үдей түскен орыстандыруға тегеуiрiндi тосқауыл қоймағандықта жатыр. Мұның бәрiн жаңа заман тарихы жақсылап түсiндiрiп беруге тиiс. Кемел келешекке әдiл тарих қана кепiл бола алады.
Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ