“СПОРТ АЙДЫНЫНЫҢ” БАҒЫ ТАЙДЫ

“СПОРТ АЙДЫНЫНЫҢ” БАҒЫ ТАЙДЫ

“СПОРТ АЙДЫНЫНЫҢ” БАҒЫ ТАЙДЫ
ашық дереккөзі
284

Ақпарат айдынынан тағы бiр қазақ басылымының үнi өштi. Жарты ғасыр халықты спорт әлемiндегi жаңалықтармен сусындатып келген "Спорт айдыны" газетi бүгiн, ресми түрде шығуын тоқтатты. Шынын айтсақ, "Спорт айдыны" газетiнiң басынан бағы тайғалы қашан.

Сонау Кеңес заманында таралымы 300 мыңға дейiн жеткен газет 2008 жылы жекеменшiк қолға өтiп, оқырманмен қауышуы сирей бастаған. Басылым бетi 6-ға қысқартылып (бiр аптада болған спорт жаңалықтарын алты бетке сыйғызу мүмкiн емес), бар-жоғы екi тiлшi жұмыс атқарыпты. Газеттiң таралуы һәм маркетингтiк саясаты дұрыс жолға қойылмауынан таралымы екi есеге кемiдi. Дәл спорттық маусым қызған шақта (Бейжiң Олимпиадасы кезiнде) газет бiр ай шықпай қалды. Бұл жайт та газет оқырмандарын жоғалтуға өз "көмегiн" тигiзбей қоймады. Өткен 2009 жылы қарызға белшесiнен батқан "Sport&kz" ЖШС (басшысы — Бигелдi Ғабдуллин) "Спорт айдынын" тағы екi айға шығармай тастады. Бұл сорақылық түк емес. Орашолақ басшылық "Спорт айдынымен" қоса жағаласып шығатын орыс тiлiндегi "Sport&kz" газетiнiң шығуын тоқтатқан жоқ. Ал өткен жылы мемлекеттiк тапсырысты орындауды сылтау еткен газет басшылығы он нөмердi бiрiктiрiп, бар-жоғы төрт санмен желтоқсан айында 2009 жылды қорытындылады. Биылғы жылдың басында "Спорт айдынының" оқырмандары сүйiктi газеттерiнен тағы көз жазып қалды. Газет тек ақпан айының ортасында шықты.

Қазақ спортының жетiстiгiн көзiқарақты оқырманға жеткiзер газеттiң үнi өштi. Өкiнiштi. Талай спорт журналистикасының саңлақтары қызмет еткен газет редакциясының қара есiгiне бiр-ақ күнде қара құлып салынды. Көршi өзбек жұртында спорт тақырыбындағы республикалық 5 газет, екi телевидения бар. Ал Ресейдiң "Спорт Экспресс" газетiн бүкiл әлем жұрты оқиды.

Ал экономикасы қарыштап дамыған Қазақстанның қазақ тiлiндегi бiрде-бiр спорттық газетi жоқ. Кiм бiлсiн, спорттың халық арасында кеңiнен насихатталмай жатқаны да осыдан шығар?

Ермұхамед МӘУЛЕНОВ

Серіктес жаңалықтары