АЛМАТЫ КЕЛЕШЕКТЕ ЖАБЫҚ ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА?

АЛМАТЫ КЕЛЕШЕКТЕ ЖАБЫҚ ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА?

АЛМАТЫ КЕЛЕШЕКТЕ ЖАБЫҚ ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА?
ашық дереккөзі
219

Мегаполистерге момын қазақтың келуi қиындай түспекшi

Алматы қаласында тұрақты мекен табу бұрын да қиямет-қайым болатын, қазiр де оңай болып тұрған жоқ. Кеңестiк жүйе кезiнде тiркеу талаптарының қатаңдығы салдарынан, Алматы – «жабық қала» атанып келген. Ал, қазiр ше?

Әрине, Алматыда тұру шарттары қазiр бiршама жеңiлдетiлген. Әрбiр пәтерде 15-20 адамның тiркеуге тұруына рұқсат етiлген. Кейбiр тұрғындар үшiн бұл бизнес көзiне айналса, кейбiреулер шетте жүрген, қаладан жырақ қалған ағайындарының қалаға орналасып кетуiне мүмкiндiк жасау мақсатында қол ұшын созады. Бiрақ, бұдан былай бұл мүмкiндiктердiң көзден бұлбұл ұшуы мүмкiн. Ең әуелi осыдан айға жуық уақыт бұрын Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов халық алдында есеп беру кезiнде қалалық тiркеудiң қиындайтынын, бүгiнгiдей бiр пәтерде 15-20 адамның тiркеуде тұруына ендi жол берiлмейтiндiгiн айтып қалып едi. Содан көп ұзамай Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiне "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасы келiп түстi. Осы заң жобасының 57 -бабының 2-тармағында тiркеуге тұруға қойылатын талаптардың күшейетiндiгi айтылады. Қазiргi қолданыстағы "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Заңның 377-бабы бойынша тiркеусiз жүрген азаматқа әуелi ескерту жасалып, сосын бiр айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айыппұл салынса, жаңа дайындалған заң жобасы бойынша, тiркеусiз жүрген тұрғынға бiрден 10 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде (АЕК – 1433 теңгеге тең) айып салынатын болған. Егер, ол бейбақ Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiнiң қолына қайта түсетiн болса, онда бұл сома екi есеге дейiн өседi. Демек, бiз тiркеу мәселесiне қайта айналып соғу арқылы, қарапайым тұрғындардың iрi мегаполистердi жағалауына тыйым салатын болдық.

Бiрақ, бұл тыйымдарды енгiзетiн болсақ, Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына өзгерiстер енгiзу қажеттiгi туындайды екен. Онда "Қазақстан Республикасының әр азаматы ел аумағында емiн-еркiн жүрiп-тұруға құқылы және ресми тiркеудiң болмауы жұмысқа қабылдаудан бас тартуға себеп болмауы тиiс әрi азаматтар тiркеусiз өзi қалаған қаласында тұруға ерiктi" делiнген. Бiрақ, бүгiнгi таңда заңның бұл талаптарын барлық мекемелер орындай бередi дей алмаймыз. Әуелi, қалалық тiркеуiң болмаса, ауруханаларда емделуiң қиямет-қайымға айналады. Екiншiден, ұлттық компаниялар, мемлекеттiк мекемелер, жоғары деңгейлi жалақысы бар коммерциялық құрылымдар тiркеусiз ешкiмдi жұмысқа алмайды. Үшiншiден, мектептер мен мектеп жасына дейiнгi мекемелер ең әуелi сол аумақта тiркеуде тұрған ата-аналардың балаларын қабылдайтындықтарын айтады. Кезек сол аумақта тұратын, бiрақ, тiркеуi жоқ отбасылардың балаларына келедi. Бiрақ, бұл кезектiң тым ұзаққа созылып кететiндiгi айдан анық. Ал шеттен келген ағайындарымыздың көшi-қон квотасына ену үшiн, азаматтыққа құжаттарын тапсыру үшiн өзi тұратын аймағында тұрақты тiркеуi болуы тиiс. Яғни, бiзде iс пен сөздiң қайшылығы туындап отырғанын осыдан көруге болады.

Тiркеу – Қазақстан Республикасы тәуелсiз ел атанғаннан кейiн жойылғаны белгiлi. Қазiр тұрақты тiркеуi ауылда болып, Алматы қаласында ғұмырын өткiзуге мүмкiндiк берiлген. Алайда, Мәжiлiске түскен жоғарыдағы заң жобасын мәжiлiсмендер мақұлдап, сенаторлар қолдап, Елбасы қол қойып жiберетiн болса, онсыз да әлеуметтiк мәселелерi ушығып тұрған қазақтың мұңын еселей түсерi анық.

Дос Көшiм, "Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшiсi:

– Қазақстанда "прописка" деген терминнiң алынып тасталғанына бiраз уақыт болды. Оның орнына "регистрация" деген ұғым енгiзiлдi. Егер, сiз билiкке немесе үкiмет органдарына қажет болып қалсаңыз, сол регистрация арқылы тауып алады. Ал, тiркеудiң бұл түрi бұрынғыдай жұмысқа орналасуыңызға және басқа да қажеттiлiктер үшiн жүрмейдi. Егер, Кеңес Одағы кезiндегiдей 9 шаршы метрге бiр адамды тiркейтiн болса, онда әлеуметтiк жағдай ушыға түседi. Дәл осы тәсiлмен кезiнде Алматыны қазақтан тазартқан, "Шаңырақ" оқиғасының туындауы да осыдан. Бiз демократиялы мемлекетпiз. Сондықтан да, адамдардың қайда тұруы мен өмiр сүруiне шектеу қоя алмаймыз. Әрi заң жобасы бойынша 3 ай мерзiмдi 15 күнге дейiн қысқарту адамдардың қалада тұруы мүмкiндiгiн мүлдем шектейдi.

Сондай-ақ, қолданыстағы заңдардың орындалуы да қадағаланбайды. Мысалы, мемлекеттiк мекемелер мен ұлттық компанияларда қалада тiркеуiң болмаса, жұмысқа қабылдамайды. Бұл заңға қайшы.

Демек, "прописка" мәселесiн қайта жаңғырту арқылы, Үкiмет ауылдан қалаға ағылып жатқан ағайындарға қосымша жүк тауып бермекшi.

Рахым Айып, "Жебеу" республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры:

– Күнi бүгiнге дейiн тiркеу мәселесi бiршама жеңiлдетiлген едi. Соның нәтижесiнде шеттен оралған 4000-дай отбасы Алматыға тұрақты қоныстанып үлгердi. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасына қарай жоғары оқу орындарының жатақханаларындағы тiркеу арқылы тұрақты тiркеуге қол жеткiзетiн мүмкiндiк болды. Егер де, кеңестiк заманның қатаң талаптары қайта қойылатын болса, Алматы секiлдi iрi мегаполистерге қазақтар ене алмайтын болады. Қазiр оқу орнын бiтiргелi отырған көптеген студенттердiң "пропискаға" қол жеткiзе алмай сандалатыны анық. Өйткенi, қазiр көптеген отбасылар ауылдан және сырттан келген ағайындарының қалаға енiп кетуiне жағдай жасау мақсатында 15-20 адамға дейiн тiркеуге тұрғызуға мәжбүр. Ендi оған шектеу қойылатын болса, ауыл адамдарының, оқуын жаңа бiтiрген жас мамандардың қалада тұрақтануы қиынға айналады. Мәселен, қазiр менiң 5 бiрдей туысқаным оқуын аяқтап жатыр. Барлығы жатақханада тұрады. Оқу орнының тiркеуi оқуын аяқтаумен тәмамдалады. Ендi олар қайда барады? Жұмысқа қабылдамаса, пәтерлерге тiркеуге шек қойылса. Үкiмет жаңа заңды ұсыну арқылы қарапайым халықтың басына тағы бiр бұлтты үйiрiп қояйын деп отыр.

Қазақстан Республикасының Статистикалық агенттiгiнiң ресми есебi бойынша, ауыл мен қала арасында жөңкiлiп жүрген адамдардың саны жылына 150 мыңға жетедi екен. Ал, қоғамдық ұйымдардың ресми емес есебi бұл санды 300 мыңға жеткiзедi. Олардың басым көпшiлiгiнiң тұрақты тiркеуi ауылда. Егерде, "Халықтың көшi-қоны туралы" заң жобасы осы күйiнде қабылданатын болса, онда нәпақасын қалада айырып, тiркеуi ауылда тұрған көптеген ағайынды ауылға күшпен қайтару науқаны басталып кетпесiне кiм кепiл? Бұл Қазақстан төрағалық етiп отырған ЕҚЫҰ стандарттарына қайшы келетiнi даусыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары