IЗГIЛIКТIҢ БӘРI IСПЕН КЕЛЕДI

IЗГIЛIКТIҢ БӘРI IСПЕН КЕЛЕДI

IЗГIЛIКТIҢ БӘРI IСПЕН КЕЛЕДI
ашық дереккөзі
384

Ал iске құлықтымыз ба?

Құрамы жасақталғалы берi «тарайды-мыс» деген сыбыстың салқынында тiршiлiк етiп келе жатқан Мәсiмов Кабинетi өзiнiң өмiр сүру мерзiмiн тағы да бiраз «ұзартты». Президент Үкiметтегi бiраз шенунiктердiң орнын ауыстырып, әкiмшiлiк жаңалықтар енгiзу арқылы «жаңартуды» құп көргендей. Бiраз шенеунiктер бiр министрлiк кеңсесiнен басқа министрлiк кеңсесiне көшiп, Астана тағы да аз уақытқа абыр-сабырды бастан кештi.

Жаңа тағайындаулар жөнiнде жұртшылық толық құлақтанып болмай жатып-ақ, Кәрiм Мәсiмов «жаңа» министрлердi мекемелер қызметкерлерiне таныстырып үлгердi. «Жаңа» болса да, бұл лауазымды шенеунiктердiң барлығы дерлiк қоғамға бұрыннан көзтаныс. Шын мәнiнде жаңадан құрылған Мұнай және газ министрлiгiнен басқа министрлiктер мен ведомстовалардағы қызметтерi бұл азаматтарға тiптi таңсық та болмауы мүмкiн. Өйткенi, олардың басым көпшiлiгi сол саланың маңайында жүрген (тiптi бiр кездерi басқарған) шенеунiктер. Ал ендi олар жаңа әкiмшiлiк өзгерiстермен қатар қызметтерiне жаңаша серпiн бере ала ма, жоқ па – ол басқа әңгiме…

Тарап кеткен Индустрия және сауда минситрлiгiнiң барлық мiндеттерi мен құзыреттерi Экономикалық даму және сауда министрлiгiне берiлдi. Бұл саланы басқаратын Әсет Исекешовтiң министр қызметiне премьер-министр орынбасары мiндетiнiң қосылуы – оның жеке басының ғана емес, оған басқаруға берiлген министрлiктiң де құзыретiнiң өсе түскендiгiн байқатса керек.

Қазақстан 2020 жылға қарай әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына енудi көздейдi. Сондықтан да Үкiмет басшысы ең бiрiншi индустриалдық мәселелерге мән беру керектiгiн ескерттi.

Сауат Мыңбаев энергетика және минералды ресурстар министрi қызметiнен босатылып, оған жаңадан құрылған Мұнай және газ министрлiгiн басқару жүктелдi.

Шын мәнiнде, Мұнай және газ министрлiгiн құру арқылы көмiрсутекке қатысты жобаларда мемлекеттiң мүддесi қорғалуы көзделiп отыр. Сондықтан да электр қуаты, атом өнеркәсiбi салалары осы министрлiк құзырына өттi. Оның үстiне, бұрын «ҚазМұнайГаз» ҰҚ құзырында болған келiсiм-шарттар түгел осы министрлiкке өткiзулi керек.

Жанар Айтжанованың жаңа қызметi гендерлiк мәселенiң жақтаушыларын бiр қуантып тастаған шығар. Ол – Үкiметтегi екiншi әйел-министр. Бұған дейiн индустрия және сауда министрiнiң орынбасары қызметiнде Кеден одағы және Дүниежүзi сауда ұйымына кiру мәселелерiмен айналысқан. Ендi оған Экономикалық даму және сауда министрлiгi сенiп тапсырылып отыр. Бұл министрлiк экономикадағы стратегиялық басқаруды, Кедендiк одақ аясында iшкi және сыртқы саудаға қатысты жұмыстарды реттеп отыруы керек.

Бiрақ бюджеттi жоспарлау iсiмен ендi тек Қаржы министрлiгi айналысатын болады. Бұл орайда қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң: “Жаңа тағайындауларға қатысты ешқандай шығын жұмсалмайды” деген сөзi орынды көрiндi, – «Ешқандай қосымша шығындар болмайды. Өйткенi қызметтiк мiндеттер министрлiктерде қазiр жұмыс iстеп жатқан адамдар арасында бөлiнедi. … Министрлiктерге ешкiм қосымша ақша бөлейдi. Менiңше, бұл жауап аздап сiздердiң көңiлдерiңiздi түсiрiп тастады ғой деймiн…».

Қайтадан құрылған Мәдениет министрлiгi ендi дiни бiрлестiктермен тiкелей жұмыс iстемек. Мемлекеттiк тiлдi дамыту да осы министрлiктiң жауапкершiлiгiнде қалды. Бұл саланы бұрынғы мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед басқармақ.

Ал бұған дейiн «Қазақтелекомды» басқарып келген Асқар Жұмағалиевке байланыс саласындағы қордаланған мәселелерге қоса бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттеп отыру құзыретi сенiп тапсырылды. Бұл министрлiк ендi елде ақпараттық технологиялардың дамуына, оның iшiнде сандық және спутниктiк телевидениенiң дамуына да жауап бередi. Мемлекеттiк хатшы – сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың былтыр таза мемлекеттiк тiлде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бiрдей телеарна ашу туралы уәдесi есте. Ендеше, бұл министрлiктiң мойнындағы мiндет те оңай емес.

Асқар Жұмағалиев бұл мiндеттердi ойдағыдай атқаратындығына сенiмдi сияқты: «Бiз мойнымызға жүктелген мiндеттi ойдағыдай атқара аламыз. Телекоммуникациялар мен ақпарат (саласын) дамытуда бiздiң жаңа заманға сай саясат жүргiзуге тырысатындығымызға сенiмiм кәмiл» дедi.

Ақпарат демекшi, бұл саладағы басты жаңалық – «Арна медиа» холдингiнiң тарап, оның құрамына кiретiн ақпарат құралдарының ендi тiкелей министрлiк қарауына көшкендiгi болды.

Бұрынғы Мәжiлiс депутаты Сергей Дьяченко Ақмола облысының әкiмi болып тағайындалды. Бұрын бұл облысты Альберт Рау басқарған. Ол индустрия және жаңа технологиялар министрiнiң орынбасарлығына тағайындалды.

Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi қызметiнен босатылып, Президенттiң көмекшiсi болып тағайындалған Бақыт Сұлтановты «шығарып салып» тұрып Мәсiмов күлiп былай дедi: «Сiз бiздiң iшек-қырындымызға дейiн бiлесiз – күштi қырларымызды да, осал тұстарымызды да бiлесiз… Әкiмшiлiкте бiзге қолдау бiлдiресiз деп үмiттенемiн!».

«Болашақ» бағдарламасының түлегi Қуандық Бишимбаев Президенттiң көмекшiсi қызметiнен босатылып, экономикалық даму және сауда министрiнiң орынбасары болып тағайындалды.

Былай қарағанда, жаңа тағайындаулардан ұтылған лауазым иелерi жоқ. Лауазымды тұлғалардың қызметсiз бос қалғаны жоқ. Ал осы тағайындаулар кезiнде қатардағы әкiмшiлiк қызметкерлерiнiң қаншасы қысқартылып, қаншасы қызмет орнын ауыстырмақ? Мұның түбiне жетiп бiлу мүмкiн емес шығар.

Ең бастысы, тағы бiр тағайындаулардан халықтың өмiрiнде өзгерiс бола ма? Болса – қандай өзгерiс болмақ?

Мәсiмов Ақмола облысының жаңа басшысын әкiмшiлiк қызметкерлерiне таныстыру кезiнде былай дедi: «Әлдебiр өзгерiс кезiнде адамдар алдан бiр жақсылық күтiп, дәмеленiп қалады. Сондықтан да сiз бұл облыста сiздiң тағайындалуыңыздың жақсылық әкелгенiн адамдар сезiнетiндей жұмыс iстеуге тиiссiз» дедi.

Бұл сөздi бiз ТҰТАС КАБИНЕТКЕ қаратып айтар едiк.

P.S. Осы тағайындаулардың дабырасымен сәл елеусiздеу қалған тағы өзгерiс бар. Ол – Халық қаһарманы, армия генералы, Қорғаныс министрлiгiнiң штаб бастықтары комитетiнiң төрағасы Мұхтар Алтынбаевтың Президент жарлығымен қызметтен босатылуы. Бұған дейiн екi мәрте Қорғаныс министрлiгiн басқарған 65-жастағы генералдың отставкасы – қорғаныс саласындағы жаңа кезеңнiң басталуын бiлдiредi дейдi сарапшы мамандар. Президенттiң өзi коллегия жиналысында «Армияда ҚР Қорғаныс министрлiгiнде жас әрi болашағынан үлкен үмiт күттiретiн кадрлер қызмет сатысымен өсуi тиiс» деп айтып қалды. Алтынбаевтан босаған орынға генерал-лейтенант Сәкен Жасұзақов тағайындалды.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары