ҚАНТӨГIСКЕ ҰРЫНДЫРА ЖАЗДАҒАН ТЕЛЕАРАНДАТУ

ҚАНТӨГIСКЕ ҰРЫНДЫРА ЖАЗДАҒАН ТЕЛЕАРАНДАТУ

ҚАНТӨГIСКЕ ҰРЫНДЫРА ЖАЗДАҒАН ТЕЛЕАРАНДАТУ
ашық дереккөзі
447

"Имеди" телеарнасы Саакашвилидiң қазасын жариялады

"Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледi". Бұл жолы аңдамай сөйлеген Грузияның "Имеди" телеарнасы жергiлiктi халықты арандатуға себепкер бола жаздады. Сенбi күнгi кешкi жаңалықтар барысында аталмыш телеарна Ресей әскерiнiң Грузияға басып кiргенiн хабарлап, бейбiт жатқан халықтың зәре-құтын алған. Арандатуға негiзделген бұл хабарда ел президентi Михаил Саакашвилидiң қаза тапқаны айтылып, билiк басына жақында ғана Мәскеуде болып қайтқан оппозиция өкiлi Нино Бурджанадзенiң келгенi туралы баяндалады. Алайда, көрсетiлiм аяқталған соң грузин халықы имандай сенiп отырған "Имеди" телеарнасы мұндай жағдайдың орын алуы мүмкiн деген алдын-ала болжамдарын көрсеткендiгiн айтып, бiрауыз сөзбен кешiрiм сұрайды. Бұл уақытта дегбiрi қашқан халық мәселенiң мән-жайын ұғып та үлгермей, Тбилиси көшелерiнде даңғаза шу көтердi.

1938 жылы АҚШ-тың шығыс жағалауына тарайтын радиоэфирде фантаст Герберт Уэллстiң "Әлемдер соғысы" кiтабына арналған бағдарламасы өтiп жатады. Осы кезде диктор марсиандықтардың АҚШ-ты жаппай жаулап алуды бастағандығын айтады. Көп кешiкпей бұл қорқынышты жайттан бүкiл Құрама Штаттар хабардар болып, халық әбiгерге түседi. Бейқам елдiң тынышын кетiрген жалған ақпарат тарату тарих беттерiнде жиi кездеседi. 1984 жылы АҚШ-тың президентi, бұрынғы актер Рональд Рейган кезектi радиосөйлеуiнде микрофонды тексермекшi болып дәстүрлi "бiр, екi, үштiң" орнына – "жаңа ғана Ресеймен заңсыз соғысқа қол қойдым. 5 минуттан кейiн бомбалау басталады" деген-дi. Талайлардың жүрегiн ұшырған бұл жолдаудан кейiн де кешiрiм сұралған болатын. Ал күнi кешегi Грузияда көрсетiлген жалған репортажға 2008 жылғы Оңтүстiк Осетиямен болған қантөгiстен кейiн жергiлiктi халықтың сенбеске амалы қалмаған-ды. Себебi репортажда соғыстың басталу себептерi де тәптiштеп түсiндiрiледi: "Бүгiн Цхинвалиде Оңтүстiк Осетияның басшысы Эдуард Кокойтаға қарсы теракт болды. Содан кейiн Ресей әскерi дереу Грузияға басып кiрдi" делiнген. Сондай-ақ, Тбилиси, Гори, Мцхет қалаларының тұрғындарының тауға қарай жапа-тармағай қашып жатқандарын анық бейнелейдi. Тiптi Ресей президентi Дмитрий Медведев Саакашвилидi "террорист және мұндай басшыдан Грузияны азат ету керек" деп жар салады көрсетiлiм барысында. "Арнайы репортаж" көрсетiлiп болған соң халықтың басым көпшiлiгi "Имеди" телеарнасына ашу-ызасын бiлдiрiп, аталмыш телеарна ғимаратын қиратпақшы болған. Жұрт кернеген алаңға iле-шала М.Саакашвилидiң баспасөз-спикерi Манана Манджгаладзе келiп жетiп, жұртшылықты тыныштандыруға тырысқан ол Ресей қарулы күштерiнiң Грузияға кiрмегендiгiн басып айтты. "Президенттiң айтуынша соғыс қаупi бiздiң елiмiзге төнiп тұрған жоқ" дедi. Ал телеарнаға "журналистiк этика талаптарын" бұзғаны үшiн сөгiс жарияланды.

Әзiрге елдегi оппозиция өкiлдерi "Имеди" телеарнасын лицензиядан айыру керек деп бас көтеруде. Ал репортаж сценарийi бойынша президент тағына уақытша сайланған Нино Бурджанадзе бұл қағiлездiктi М.Саакашвилидiң өзi ұйымдастырып отыр деген пiкiрде. "Халықтың дегбiрiн кетiрген бұл сюжеттi президенттiң өзi және оның криминалды тобы қасақана жасады деген болжам бар" дейдi. Тбилисидегi өзге де телеарналар мен оппозиция өкiлдерi бұл ел президентiнiң сценарийi бойынша түсiрiлген репортаж деп отыр. Себебi, бейбiт өмiрдiң тынышын кетiрген репортаж М.Саакашвилидiң рұқсатынсыз көрсетiлмейдi және қарапайым журналистiң мұндай әрекетке баруға қауқары жоқ екенi айдан анық. "Халықтың басым бөлiгi бәрiн тастап көшеге шықты. Журналистика — үлкен жауапкершiлiк. Халықтың жүйкесiмен ойнауға болмайды", — дейдi Тбилиси мэрi Гиги Угулава. Әлбетте, репортаж эфирге шықпас бұрын алдын-ала ескерту жасалады. Алайда, соғыс сұмдықтарын көзiмен көрген халық ескертудi қаперге де алмаған. Әзiрге "Имеди" телеарнасы жүгiртпе жолдар арқылы кешiрiм сұрауда. Грузияның Католикос-Патриархы Екiншi Илья "Имеди" телеарнасының елдi абыржытқан iсiн құптап отырған жоқ. "Адам — ойыншық емес. Бiз мұндай бағдарламаға оң баға бере алмаймыз. Үкiметтiң назарына, елдегi телеарналар бақылауда болуы керек. Бұл жайт Грузия азаматтары мен әскерiн қорлау" деп үкiметке бұл жағдайға тиiстi деңгейде жаза беруге шақырды.

Мұндай арандату жергiлiктi халықты ғана емес, Ресей, Оңтүстiк Осетия мен Еуроодақ елдерiн де аяғынан тiк тұрғызды. Ал осы уақытта Оңтүстiк Осетияның Қорғаныс министрлiгi Осетия шекарасына жақын орналасқан Грузияның Меджврисхеви елдiмекенiнде әскери техникалар мен колонналардың топтасқанын байқаған. Бұл туралы Еуроодақ та хабардар болып үлгерiптi. Алайда, Оңтүстiк Осетияның ҰҚК-i ешқандай да соғыстың болмайтындығын айтып, өз елiн тыныштандырып отыр.

Десе де аталмыш телеарнаның бас директоры алған райынан қайтар емес. Бұрын президент әкiмшiлiгiнде қызмет атқарған Георгия Арвеладзе болған жайтқа Facebook желiсiнде түсiнiк бердi. "Әлбетте, менiң айтқандарым ажиотаж тудыруы мүмкiн. Халыққа түсiнiктi болу үшiн ең ауыр жағдайдың моделiн жасадық. Егер де 1920 жылы телевидение болып, эфирге 1921 жылдың ақпанында орын алған оқиғаның болатынын хабарлағанда, талай грузин алдағы қауiптi дұрыс деңгейде бағалаған болар едi" дедi ол. Естерiңiзге сала кетейiк, 1921 жылдың ақпанында бұл елге Қызыл армия (РСФСР) басып кiрiп, Грузия тарихында Кеңестiк-грузиялық соғыстың (азамат соғысы) оты лаулады. Мiне, тарихтың осы беттерi қайталануы мүмкiн деген пiкiрдi ел президентi М.Саакашвили де ұстанып отырған көрiнедi…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары