ҰЛТТЫҢ ЖАЙЫН КIМ АЙТАР?

ҰЛТТЫҢ ЖАЙЫН КIМ АЙТАР?

ҰЛТТЫҢ ЖАЙЫН КIМ АЙТАР?
ашық дереккөзі
207

Тағы бiр жыл тарих қойнауына сүңгiп барады. Көгiлдiр көктемнiң жаймашуақ күнiнде күн мен түн теңесiп, жер ананың тоңы жiбiп, ел мамыражай қалыпта Наурызды қарсы алады. Ендi бiрер күннен кейiн өткен жылдағы кемшiлiктер де, қиындықтар да, мұң мен нала да артта қалып, жаңа бiр жыл табалдырық аттайды.

Бiрақ, адамзат өткенiмен қош айтысқанымен, жадымызда қалған жағымды-жағымсыз естелiктерiмен қош айтыса ала ма? Сиыр жылының қуантқаны көп пе, әлде мұңайтқаны ма? Бiз өткен жылы неден ұттық, неден ұтылдық? Ненi қастерлеп, ненiң қадiрiне жете алмадық?!

"Баспасөз – халықтың көзi, құлағы һәм тiлi". Жылт еткен жағымды жаңалық болса, оқырманына жеткiзуге асығатын, қайғысы болса, ортақтасатын, қуанышы болса, бiрге бөлiсетiн бұқаралық ақпарат құралдары Сиыр жылында не нәрсеге төрелiк жасады, ненi таразыға салды? Ұлт мүддесiне қатысты мәселе туындағанда әр тiлде жазатын басылымдардың қозғар мұңы, айтар ойы бiр жерден шыға ма? Осы орайда, бiрқатар басылым басшыларына сауал тастаған едiк.

– Сиыр жылында ұлттық тұрғыдан алғанда қандай оқиға маңызды болды деп ойлайсыз? Одан қандай сабақ алдық?

Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК, "Жас өркен" ЖШС-нiң президентi:

– Наурызға дейiнгi кезеңдi алғанда, өткен жылы мынадай маңызды оқиғалар болды деп айтуға болады. Оның бiрiншiсi – "Нұр Отан" партиясы төрағасы орынбасарының ауысуы. Мұның маңыздылығы, тек саяси жағынан ғана емес, жалпы, қоғамдағы сол тұста орын алып отырған жағдайды өзгертуге өзiндiк әсерiн тигiздi. "Нұр Отан" партиясs басшысының орынбасарының кетуiне байланысты көптеген мәселелерге билiк өзi тоқтау салды. Бұл қоғамда пiсiп жетiлiп келе жатқан пiкiрталас едi. Бiз мойындайық-мойындамайық, мәселе онда емес. Бiрақ, бiздiң билiк тарапындағы адамдарымыз қанша дегенмен де, бiздiң мемлекетте демократиялық бастамалардың бар екендiгiн, осы қадамы арқылы ұқтырды, бiлдiрдi. Бұрынғыдай биiк мiнберден айтылды екен, сол қалпында қабылдай салайық деген ниет болған жоқ. "Нұр Отан" партиясы арқылы, оның жетекшiлерi арқылы өз ойларындағы мәселенi қоғамның талқысына салып көрдi. Соның нәтижесiнде, бiраз мәселелердiң әлi пiсуi жетпей тұрғандығын, ол тап бүгiн емес, болашақта да қарастырылуы еш әбестiк болмайтынын, оның мүмкiншiлiгiнiң барлығы алдағы уақыттың еншiсiнде екенiн мойындады. Екiншiсi – сиыр жылын мiнезiне қарап, момындау деген әңгiме айтылады. Жалпы, бұл сиырдың мiнезiне байланысты емес, жыл атауына байланысты, әр жылдың өзiнiң мiнезiнiң бар екендiгi бұрыннан айтылып жүрген жайт. Соның өзiнде де, Астанада қойылатын Жәнiбек пен Керей ескерткiшiне байланысты үлкен пiкiрталас жүрдi. Бұл пiкiрталаста екi тарап итжығыс түстi, болмаса бiр жағы жеңдi, екiншi жақ жеңiлдi деп айтуға болмайды. Бұл да бiр демократиялық үрдiстiң көрiнiсi болды. Әрине,әр тараптың өзiнiң кемшiлiктерi де, ұтымды бастамалары да айтылып қалды. Бәрiне уақыт төрешi. Дегенмен де, тап осы мәселе қоғамда бiраз пiкiрталастың туып, белгiлi бiр деңгейде оның нәтижесi болғанын, халықтың көзқарастарының өзгергенiн байқатты дер едiм. Сиыр жылында "Нұр Отан" партиясына орынбасардың келуi, оның қызметтегi жолдарына, оның шенеунiк ретiндегi болмысына, оның қарымына қарап отырсақ, "Нұр Отан" партиясы өз iшiнен жаңа бiр деңгейге көтерiлгiсi келетiнiн, содан кейiн, бұрынғыдан да неғұрлым өмiрге жақынырақ қадамдар жасауға ниеттi екенiн байқатты. Себебi, бiздiң қоғам қанша дегенмен де, құр бос әңгiмелерден, құр бос пiкiрталастардан шаршай бастаған сияқты. Белгiлi бiр дәрежеде сөз жүзiнде ғана пiкiрталас тақырыбына айналып, ал iс жүзiнде жүзеге аспайтындығынан шаршады. Ал, осы тұрғыдан келген кезде, "Нұр Отан" партиясы бәлкiм өз iшiнен дамуға байланысты бiр тәуiр қадам жасаған сияқты деп ойлаймын. Сиыр жылындағы есте қалатын нәрсе, кiмнен сұрасаңыз да, бiрiншi ауызға оралуға тиiс, доктринаның талқылануы. Бiреулер өкiнер, бiреулер қуанар, бiрақ, мен iштей өз басым осы ұлттың бiр азаматы ретiнде тәубе дедiм. Бiздiң қоғам, бiздiң мемлекет, бiздiң билiк, бiздiң оппозиция, бiздiң халық та демократиялық үрдiске бой үйрете бастады. Мысалы үшiн, бiреулер көшеге бiрден аттандап шыға келген жоқ. Бiреулер "бiз сенiң жолыңды кесемiз" деп қарсылық та көрсеткен жоқ. Басқа елдердегiдей алаңға шығып кету оқиғалары болған жоқ. Алдын-ала не iстесе де, не iстегiсi келсе де, ескертiп барып жасайтынын көрсеттi. Сосын оппозиция билiкке қарай, билiк оппозицияға қарай, өздерi мойындамаса да бiр қадам жақындады деп айтар ем. Себебi, доктринаны талқылау тоқтатылды. Кейiнге қалдырылды. Ал, сол доктринаға байланысты шу көтерген азаматтардың бiрлi-жарымы болмаса, "бiз айтқанымыздан қайтпаймыз" деп қасарысып, бiр дауды екiншi дауға апарып қосқан жоқ. Сондықтан да, белгiлi бiр дәрежеде түсiнiстiкке жетiп, екi жақта тыншыды. Сиыр жылындағы бiр оқшау оқиға деп осыны айтар едiм. Өткен жылы жұрттың, халықтың санасын оятқан, көзiн ашқан нәрсе, тұрғын үй мәселесiне байланысты болды. Жердiң дауы, үлес қосу арқылы үй аламын деушiлердiң дауы туындаған сәттерде "Самұрық-Қазына" арқылы ептеп болса да, Үкiметтiң демеу көрсеткенi, қаржы бөлiп, алданып қалғандардың алдының үйлерiне кiре бастағаны қоғамдағы текетiрестi жұмсартты. Сиыр жылында билiк пен халықтың арасындағы жақындастырған тiл табысу деймiз бе, көпiр деймiз бе, сондай қадамға тұрғын үй мәселесi түрткi болды. Әрине, көзiмiз көрiп жатыр, бұл тұрғын үй мәселесiнде үлес алу арқылы болсын, үкiмет бөлген жағдайда болсын, бағанағы "бармақ басты, көз қысты" бәрiбiр жүредi. "Артық пайда тауып қалсам" деген қадамдар да қоса iлесе жүрдi. "Пәлен пайызы осындай екен" деген әбестеу болар, бiрақ бiр үйдiң орнына екi үй алсам деген ашқарақтық бәрiбiр бар. Сиыр жылының берген тағылымы, әсiресе қалалықтарға, капитализм заманында неше түрлi қитұрқы ойындардың жүретiнiн дәлелдедi. Оған үкiметтiң қатысы болар-болмас, жекелеген кәсiпкерлердiң, жекелеген адамдардың қатысы болар-болмас, дегенмен де, алаяқтықтың көптеп орын алуы, тұрғындарға ащы сабақ болды деп ойлаймын.

Сиыр жылында ерекше есте қалатын нәрселер деп айтпай кетсек, тағы болмайды, ол кәсiпкерлiк орта мен үкiмет жағындағы жекелеген шенеунiктер мен жекелеген үлкен кәсiпкерлердiң заң орындарының қармағына iлiнуi болды. Өзiм бұған жеке бiр ой-тұжырым қалыптастырған жоқпын, қалыптастырып үлгерген жоқпын, оның ақиқатына да жетiп үлгерген жоқпын. Халықтың да ойы менiкi сияқты. Өйткенi, бiз әлi ақ-қарасын ажыратып үлгерген жоқпыз. Себебi, ақпарат құралдарымыз, оның iшiнде орыстiлдi ақпарат құралдарымыз үлкен ойын жүргiздi деп есептеймiн. Ол ойын билiктiң қатысуымен бе, әлде қалталы азаматтардың қатысуымен болды ма, оны бiраз елдiң iшi бiледi. Кейде адамның кейбiр нәрселерге iшкi сенiмi кетiп қалады екен. Оның да өзiндiк себебi бар. Мәселен, бiздiң тәуелсiз ақпарат құралдарымыз, оппозициялық басылымдарымыз басына iс түскен адамдардың күнi кеше өзiмiздiң арамыздан шыққан азаматтар екенiн ұмытып кеткен сыңайлы. Олардың бәрiмен кеше қол алысып жүрген азаматтар екенiн, бәрiнiң көз көрген азаматтар екенiн, бүгiнмен ғана тыйылып қалмай, ертең де жүз көрiсетiн азаматтар екенiн ұмытып кеттi. Сол себептi де, олардың барлығына бiрдей бiр көзқараста қараған жоқ. Қара қылды қақ жарып қараған жоқ деп айта алар едiм. Әрине, соттың мәселесi басқа. Мәселен, Абылай Сабдалин деген азаматқа байланысты оппозициялық газеттердiң бәрiнiң үдерiп, Жәкiшевтi қорғағаны сияқты қорғағанын көрген жоқпын. Содан кейiн, экология министрi болған Нұрлан Ысқақовты жеке танушы едiм. Өте сауатты, өте бiлiмдi азамат. Оны Жәкiшевтен немесе басқа iстi болған азаматтардан артық көрiп отырған жоқпын. Бiрақ, осы азаматтарға байланысты жаппай пiкiр бiлдiрiп жатқан баспасөздi көрген жоқпын. Керiсiнше, Нұрлан Ысқақовты мiнеп-сынаған, кекеген материалдар көбiрек берiлдi. Осыған байланысты да, менiң кейбiр өзiм сенiп жүрген нәрселерге деген iшкi сенiмiм кетiп қалды деп айтар едiм. Әрине, мұның бәрiн өтпелi кезең деп немесе жаңадан қалыптасып келе жатқан кезең деп айтармыз, бiрақ мұның бәрi кәсiпкерлерiмiз үшiн, шенеунiктерiмiз үшiн үлкен сабақ болды деп ойлаймын.

Нұртөре ЖҮСIП, "Айқын" газетiнiң бас редакторы:

– Қазақ Сиыр жылын әдетте жаман атамайды. Бұл сүттi, берекелi, ырысты жыл деп одан жақсы үмiт күтедi. Бiрақ кейде сиырдың мүйiзiн шайқап-шайқап жiберетiн жаман әдетi бар ғой, сол сияқты кей кездерi бұл жылдың өз ауыртпалықтары да болған. Халық зердесi тұтас кезең, дәуiрлермен өлшенедi. Соған байланысты әрбiр он екi мүшел тарихта өз "қолтаңбасын" қалдырып отырған.

"Бiз үшiн өткен жыл қандай ерекшелiктерiмен есте қалды? Ұлттың ұпайы кеткен жерлер қайсы? Кеткен есемiздiң орнын толтыруға не қам жасадық? Қым-қуыт оқиғалардан қандай сабақ алдық?"– деген сұрақтар алға тартылғанда, бүгiнгi әсермен қарайтын, осы мезеттегi көңiл-күймен баға беретiн дағдымыз бар. Ал тұтас кезең, жалпы дәуiр тұрғысынан алғанда ең үлкен жетiстiк – Қазақ елiнiң Тәуелсiздiгiн, Мемлекеттiлiгiн нықтауға келгенде қай қазақтың да ниетi түзу, пейiлi дұрыс. Тек ойдағы нәрселердiң бәрi тез бола қоймады деген пенделiк асығыстық болмаса, елiмiз дұрыс бағытпен келе жатыр. Ең үлкен көрсеткiш – Халық санағы бойынша қазақ халқының саны өскенi! Алдын ала деректер бойынша қазақ халқының саны 67 пайыз болды деп билiктiң өзi сүйiншi сұрады. Артынан "жаңылысыппыз, санағанда қате кетiптi" деп қазақтың саны 63,5 пайызға түсiрiлдi. Осы құйтырқылық астарында не жатыр? Шынымен халқымыздың саны қанша болды? Халық санағына даярлық қандай болды? Оның нәтижесi неге бұрмалауға түстi? Неге қазақ халқының санынан ғана қате кеттi? Жалпы осы санақ қаншалықты нақты? Деректер неге әртүрлi? Мемлекеттiң базалық құжаттарында халықтың белгiлi бiр деңгейде саны бар емес пе? Әкiмдiктер туғаннан өлгенге дейiн, әлеуметтiк көмек пен зейнет беруге шейiн күнбе күн әр аймақ бойынша халықты есептеп отырған жоқ па? Ендеше неге мыңдаған адам санаққа iлiкпейдi? Мыңғырған малды шатаспай санай алатын ел едiк, көзi ашық оқығаны бар, тоқығаны бар, мамандары майталман деген осы заманда олар неге есептен жаңылысады? Неге халық осы былықтардың бәрiне төзедi? Мiне, бұл сұрақтардың бәрi кептелiп, халықтың көкейiнде қалды. Көкейiнде емес, көмейiнде әлi тұр!

Бiз өзi қателiк жiберуге үйренiп алған елмiз. Қателiктi қайталамау деген, кез келген нәрседен сабақ алу, қорытынды шығару деген тiптi жоқ. Соның салдарынан жылда бiр нәрсе ескiрген күйтабақ секiлдi шыр айнала бередi. Оған өмiрi бiтпейтiн жанармай мен жағармай жырын, тұрғын үй тауқыметiн, ана мен бала өлiмiн қоссаңыз, еш нәрседен мардымды түйiн түйiп, сындарлы сабақ алмайтынымыз анықтала түседi.

Мәселен, сол Халық санағы келесi бiр он жылда тағы өтедi. Жiберiлген кемшiлiк пен олқылық тағы қайталана ма? Қайталамас үшiн осы бастан не iстеу керек? Мықты мемлекет боламыз десек, мұндай олқылықтарға ешқашан жол бермеуiмiз керек. Мемлекет қалтасынан бөлiнген қаржының желге ұшып кеткенi бiр өкiнiш болса, санаққа iлiнгенi бар, iлiнбегенi бар, осыншама халықтың iзiм-қайым "жоғалуы" бiр өкiнiш.

Өмiрдiң өзi сабақ! Өкiнiшке орай үлгерiмi нашар оқушы секiлдi өмiр бойы бармақ тiстеуден арыла алмай келемiз. Неге бұлай? Бәлкiм себебiн Сiз бiлетiн шығарсыз?

Срайыл СМАЙЫЛ, "Жас қазақ" апталығының бас редакторы:

– Адамзаттың алғашқы ұстазы Аристотель айтыпты деген бiр тәмсiл бар. "Жақсы болғыңыз келсе, өзiңiздiң жаман екенiңiзге сенiңiз". Былтырғы сиыр жылы тосын оқиғаға бай. Маған салсаңыз, солардың арасында жария етiлген жемқорлық деректерi ұлтқа қандай кеселдiң жармасқанын көрсеттi. Қазына қаржысына құныққан мен дәнiккендер, жебiрлер мен парақорларды бiр қаламгерлерiмiз былай сипаттады. "Жемқорлар осы күнде даланың аш бөрiсi сияқты. Күндiз тасада тығылып, түнде жортады, оңашада жылы қанға тұмсығын тығып алып, майлы еттi қылғи бередi. Жоғарыдан төменге дейiн тамырлары айқасып, тереңге бойлап алды". Бұл аздай, былтыр жан қинап, маңдайы терлемей қалтасына басқан қыруар ақшамен қыр асқандар көп болды. Сорақысы сол, қазақтың маңдайалды қыздары ұрлықпен, қымқырумен атын шығарды. Сиыр жылы ұлтымызды жерге қарататын, мемлекеттiң iлгерiлеуiн тежейтiн осындай кедергiнiң бар екенi ашық айтылды. Бұл, бiле бiлсек, үлкен жетiстiк. Ендiгi керегi – бұдан сабақ алуды үйренсек…

Юлдаш АЗАМАТОВ, "Ұйғур авази" газетiнiң бас редакторы:

– Үш мәселенi ерекше бөлiп айтар едiм. Поскеңестiк кезеңде ұйғыр болсын, қазақ болсын, бәрiмiз орысша оқыдық. Өйткенi, ол кездерi орыс тiлiн бiлмесең, қызмет атқара алмайтын едiң. Бұл мәселе, әлi де күн тәртiбiнен түскен жоқ. Қазiрдiң өзiнде ұйғыр балаларының көбi орыс мектептерiне барып жүр. Ұйғыр мектептерiнде оқыған бала мемлекеттiк тiлдi де меңгерiп шығар едi деген мәселенi бiздiң газетiмiз жиi көтерiп жүр. Республикалық ұйғыр мәдени орталығы, Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Бiлiм және ғылым министрлiгiне ұйғыр мектептерiнде қазақ тiлiне басымдық беру мәселесi қойылды. Сөйтiп, ұйғыр балалары қазақ тiлiн тереңдеп оқи бастады. Мұның ұйғыр балаларына ұлттық кешендi тесттi тапсыру кезiнде де өзiнiң пайдасын тигiзедi. Елiмiздiң әрбiр азаматы өзiнiң тiлiн, мемлекеттiк тiлдi алғашқы кезекте бiлу керек.

Екiншiден, сиыр жылында менiң бiр кiтабым шықты. Коммунар Талипов деген досым бар едi. Өмiрден ерте кеттi. Шығыстану институтында директордың орынбасары болып қызмет атқарды. Талантты ғалым және қарымды публицист едi. Елу тоғыз жасында қайтыс болды. Сол кiсiнiң архивiн ақтарып, көптеген бұрын баспасөз бетiнде жарияланған, сондай-ақ, әлi еш жерде жарияланбаған материалдарды таптым. Ол көптеген еш жерде шықпаған архив материалдарын жинақтапты. Сол мәлiметтердiң негiзiнде бiр кiтап шығардым. Кiтаптың аты – "Тарих сабақтары немесе өткенiмiзсiз келешек жоқ" деп аталады. Бұл кiтапта бiздiң ұлтымыздың iшiнде ауызбiрлiгiмiздiң жоқтығы туралы көбiрек айтылады. Бұл мәселе қазiр де бар. Әр халықтың бойында ең алдымен ауызбiршiлiк болуы қажет.

Үшiншi мәселе – дiн мәселесi. Қазiр қазақ болсын, ұйғыр болсын, басқа дiнге кiру көбейiп барады. Жастарымыздың арасында әртүрлi секталарға енiп жатқандар өте көп. Бұл үлкен қауiптi мәселе деп ойлаймын. Менi көбiрек мазалайтын да –осы.

Сергей АПАРИН, "Новое поколение" газетiнiң бас редакторы:

– Менiңше, биылғы жылғы ең маңызды оқиға – Кедендiк одақтың өмiрге келгенi. Бұл оқиға – Еуразия одағын құруда және ТМД елдерiнiң өзара ынтымақтасуы мақсатында жүзеге асқан шаралардың бiрi. Егер, естерiңiзде болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл идеясына көптеген сарапшылар күмәнданған болатын. Бұл идеяға қарсы тұрған мемлекет басшыларын, саясаттанушылар мен халықтың санасына оның маңыздылығы мен қажеттiлiгiн жеткiзу үшiн үлкен күш пен жiгер талап етiлдi. Қазiр Ресей – жаңа еуразия валютасын енгiзу iсiмен айналысып жатыр, ал бұл идеяның 1994 жылы Қазақстан тарапынан ұсынылғанын ұмытып та кеткен.

Екiншi маңызды қадам – ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз. Көптеген адамдар, оның iшiнде Қазақстанның өз iшiнде осы екi маңызды оқиғаның бағасына жете бермейдi. Бұл оқиғалар Қазақстанның жаңа тарихында алтын әрiптермен жазылатын болады әрi бiздiң елдiң болашағына кәдiмгiдей әсер етпек. Бiзден өзге қандай посткеңестiк ел мұндай iрi жетiстiктерiмен мақтана алады.

Әрине, Ванкувердегi "күмiс" медалiмiз де бiз үшiн iрi жетiстiк. Бiр ғана медаль – алайда, жағдайды, қатысқан спортшылардың санын және бұған жұмсалған күш-жiгердi өзге елдермен салыстырып көрiңiздер. Сонда бәрi айқын болады.

Төртiншi – дағдарысты еңсергенiмiз. Үкiметтiң қадамдарына әртүрлi баға беруге болады. Менiңше, бәрi бiрдей сәттi деуге келмес, дегенмен бiз банк жүйесiн аман алып қалдық. Бұл да жақсы жетiстiктерiмiздiң бiрi.

Күрделi проблемалар ретiнде екi мәселенi атар едiм. Екеуi де қаржыға қатысты. Бұл екiншi деңгейлi банкiлердiң тиiмдi жұмыс iстей алмай отырғандығы. Оларды мемлекет қаржысы құтқарды, бiрақ, бұл қаржы тұрғындарға несие беру мақсатында бөлiнген болатын. Алайда, несие – адал адамдардың қолы жете бермейтiн дүниеге айналды. Несиенiң өсiмақысы банк саясатымен сәйкеспейдi. Сондықтан да, несие алудан бiздiң тұрғындар ат тонын ала қашатын болды. Екiншi проблема – бiздiң олигархтардың мониторингiсiнiң дұрыс еместiгi. Күнi бүгiнге дейiн "олигарх" атауы "шенеунiк" мамандығымен бiрдей аталып жатады. Сондай-ақ, жемқор шенеунiктердiң көбi шетел асқаннан кейiн ғана оларды түрмеге қамау туралы нұсқау берiлiп, Интерпол арқылы iздеу басталады. Бұл да ақылға сыйымсыз мәселе.

Сондай-ақ, бiз бұл сауалды "Время" газетiнiң бас редакторы Игорь Мельцер мырзаға да жолдаған едiк. Телефон трубкасын көтерген, аты-жөнiн айтудан бас тартқан редактордың көмекшiсi:

– Сiздердiң бұл сауалдарыңыздың бiздiң редакция үшiн маңызы тым аз. Сондықтан, бiз бұған жауап берудi жөн көрiп отырған жоқпыз, – деген жауап бердi.

– Сонда сiздер журналистiк ынтымақтастық дегеннен бас тартып отырсыздар ма? Өздерiңiз шенеунiктердiң кез келген мәселе жөнiнде жауап беруден жалтаратындығы жайында көп сын айтасыздар.

– Шенеунiктер жауап беруге мiндеттi.

– Менiңше, бас редактор да ел алдында жүрген адам, сондықтан ол да жауап беруге мiндеттi.

– Жоқ, ол мiндеттi емес.

– Онда бiз сiз екеумiздiң арамыздағы осы әңгiменi газетке беруге мәжбүр боламыз.

– Бұл сiздердiң мәселелерiңiз. Алайда, қандай да бiр ар-намысымызға тиетiн ақпарат беретiн болсаңыздар, сiздердi сотқа шақыратын боламыз.

– Бiз ешкiмнiң ар-намысын қорлайық деп тұрған жоқпыз, не дедiңiз соны беремiз.

– Онда өз ерiктерiңiз.

Дайындағандар

Гүлзина БЕКТАСОВА,

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары