МОЛШЫЛЫҚТЫ ШАҚЫРҒАН "ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ" КӨБЕЙСЕ ҚҰБА-ҚҰП

МОЛШЫЛЫҚТЫ ШАҚЫРҒАН "ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ" КӨБЕЙСЕ ҚҰБА-ҚҰП

МОЛШЫЛЫҚТЫ ШАҚЫРҒАН "ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ" КӨБЕЙСЕ ҚҰБА-ҚҰП
ашық дереккөзі
325

Жер-Ананың тоң кеудесi жiбiп, күн мен түн теңелген шақ – Ұлыстың ұлы күнiн халқымыз ерекше қастерлейдi. Наурызда жасалатын жөн-жоралғыларымыз өз алдына, бұл күнде халқымыз ақ дастарқанға барын қойып, "Айға жетпес асыңды ауылдастан аяма" деп ең алдымен ауылдастарына, көршi-қолаңға, жасы үлкендерге дастарқандағы тағамнан ауыз тигiзедi. Ұлыстың ұлы күнiнiң бозара атқан таңында ырым бойынша ауыл адамдары мен ағайын-туыс "жылдан жылға аман жеттiк" деген ниетпен, бiр-бiрiмен көрiсiп, араздасқан адамдар татуласып, бiрiн-бiрi жайылған дастарқанға, наурыз көженiң дәмiн татуға шақырады.

Дастарқан – қазақ үшiн киелi ұғым. "Ақ дастарқанды аттауға болмайды, киесi ұрады" деген сөздi қазiр де жиi естимiз. Халқымыз үшiн бақ-береке саналатын дастарқан – ырыс пен молшылықтың белгiсi. Үйге келген қонаққа дастарқан жайып, салтымен күту де үлкен мiндет. Жайылған дастарқанға қарай келген қонақ үй иесiн бағалаған. Ал мереке күндерi қазақтың дастарқаны ерекше құлпыра түседi. Қазақ халқы атадан балаға мирас болып келген салт-дәстүрлерге ғана емес, ұлттық тағамға да бай. Күллi түркi елдерi тойлайтын "жаңа күн" Наурыз мерекесiнде дастарқан ұлттық тағамдармен жайнайды. Асты адамның арқауы деп түсiнетiн қазақ халқы наурыз-дастарқанға аса зор мән берген. Ырымшыл қазақ үшiн әрбiр тағам белгiлi бiр ырым-жоралғыға сай, ақ ниет, адал пейiлмен жасалады. Былпылдап пiскен бауырсақпен қоса наурыз-дастарқанға жент, құрт, iрiмшiк, қазы-қарта сияқты ұлттық тағамдар қойылады. Наурыз-дастарқанның сәнiн келтiретiн басты – тағам ырыс пен құттың белгiсi саналар наурыз-көже. Наурыз көже тары, арпа, бидай, бұршақ, күрiш сияқты жетi түрлi дән мен ақтан жасалады, егер оған тұз бен суды қоссақ, көже жасалатын қоспа саны тоғызға жетедi. Қасиеттi астың жетi немесе тоғыз қоспадан жасалуының да өзiндiк себебi бар. Түркi халықтарының ұғымында жетi, тоғыз, қырық сандары қашанда аса киелi сандар болып саналады. Таңдайыңнан дәмi кетпес үшiн наурыз-көжеге сүрленген ет те қосылады.

Наурыз-дастарқанға байланысты халқымыздың тағы бiр ырымын айта кету керек. Жыл бойы молшылық болсын деген ниетпен үй иесi ыдыстарды бидай, арпа, сұлы, жүгерiге толтырады. Бұған қоса ыдыстар сүт, айран, шұбат, шалап, уыз сияқты аққа толады. Бұл – жыл басы Наурызда айтылатын "Ақ мол болсын!" деген ақ тiлектi бейнелесе керек.

Наурыз-көжемен қатар киелi дастарқанға қазақтың сусыны – қымыз әкелiнедi. Жылқының қадiрiн бiлген халқымыз үшiн қымыз қастерлi сусын. Өйткенi, қымыз жай ғана шөлiңдi қандырып қоймайды, ол сондай-ақ емдiк қасиетi бар дәрумен де. Кезiнде ата-бабамыз ешбiр дәрi-дәрмексiз ауырмай-сырқамай ұзақ өмiр сүрген. Мұның сыры – бабаларымыздың табиғи өнiмдi көптеп пайдаланғандығында дейдi мамандар. Тiптi орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой қымыздың емдiк қасиетiн ерекше бағалағаны соншалық, бие байлатып, қымыз саудырып iшкен екен. Бүгiнгi жаһандану дәуiрiнде 6000 жылдық тарихы бар ұлттық сусынымыздың қадiр-қасиетiн шет мемлекеттер де жете түсiнiп жүрген сияқты. Мысалы, медицинасы көш iлгерi тұрған Израиль, Египет, Германия, Франция, Жапония сынды мемлекеттерде қымызға деген сұраныс күн санап артуда. Әр елде қымызды өздерiнше атайды. Жапондар бие сүтiн "сүт тағамдарының патшасы" деп атаса, немiстер Олимпиадалық жарыстар алдында спортшыларына мiндеттi түрде қымыз iшкiзедi екен. Ал Ресейде қымызбен емдейтiн 48 емдеу орындары бар. Қасиеттi сусынымыздың қадiрi тек елiмiзге ғана емес, бүкiл дүниежүзiне осылайша паш етiлiп отыр.

Қымыз тек қана емдiк қасиетiмен ерекшеленбейдi. Ол тұтас қазақ елiнiң дәулетiн, мiнез-құлқын, дастарқанның берекесiн бiлдiретiн ұлттық бренд десек те асылық айтпағанымыз болар. Халқымыз қымызды дайындау тәсiлдерi мен ырымдарына ерекше ден қойған. Осыған орай, қымыз жылқының жас ерекшелiгiне қарай әртүрлi атаумен аталған. Уыз қымыз, бал қымыз, тай қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бестi қымыз деген қымыздың түрлерi осыдан шықса керек. Бұған қоса, қымыздың сары қымыз, қысырдың қымызы, қысырақтың қымызы, түнемел қымыз, қорабалы қымыз деген атаулары да бар.

Көктем құлпыра шығып, бие алғаш сауылған шақта ата-бабамыз "Қымызмұрындық" дәстүрiн жасауға бел буа кiрiсiп кетедi екен. Сауылып, ашытқы қосылған алғашқы қымыздан жасы үлкен ауыл ақсақалдары мен көршi, ағайын-туыс дәм татып, қарттар ақ батасын бередi. Алғашқы қымыз "ақ қымыз көпке бұйырсын" деген ниетпен берiлетiн болған. Дәстүрдiң ескiргенi бар, замана көшiне сай жаңашаланғаны бар. Аталмыш салт бүгiнде өз жалғасын тауып отыр. Өткен жылы "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясы, Мәдени саясат және өнертану институтының қолдауымен "Саржайлау" қымыз орталығы халқымыздың жадынан өшiрiле бастаған дәстүрдi қайта жаңғыртты. Мамырдың жаймашуақ күнiнде Алматыдағы Абай алаңына қымызға құмар қала тұрғындары түгел жиналды. "Қымызмұрындық" фестивалiнiң басты мақсаты – өзге елде кең қолданысқа ие болып, шетелдер "еншiлей" бастаған қымызды халық арасында насихаттау, шөлiңдi қандырып, сарайыңды ашатын бал қымызды өндiру, сату iсiн iлгерiлету болатын. "Қымызмұрындық" фестивалi қастерлi сусынның қадiрiн арттырды. Жаздыгүнi Павлодар қаласында тағы бiр "Қымызмұрындықтың" тұсауы кесiлдi. Бұл жолғы "Қымызмұрындық" ұлттық мәдениеттердiң жазғы фестивалiнiң шымылдығын ашыпты. Павлодардағы дәстүрдiң жаңғыруына Мұсылман әйелдер лигасы ұйытқы болған екен. Осылайша, балдай тәттi бал қымыз, емге шипа сары қымыздың арқасында дәстүрiмiз халық арасына оралды. Дей тұрғанмен, қымызға байланысты тағы бiр жоралғы бар. Бие ағытылар алдында соңғы қымыз ауыл ақсақалдарына ұсынылып, қариялар ақ батасын арнайды. Мұндай дәстүр – "Сiрге жияр" деп аталады екен. Ежелде қазақ арасында жылқының сүтi той-томалаққа, үлкен асқа апарылатын маңызды сыйлық болып саналған. Мәселен, 1860 жылы Ұлытауда бағаналы Найман елiнiң белгiлi азаматы Ерден Сандыбайұлына ас берiлген шақта, 1000 саба қымыз әкелiнген екен. Әрбiр сабаның мөлшерi 100-150 литр деп саналғанның өзiнде 150000 литр қымыз қонақтарға құйылған делiнедi этнограф-ғалымдардың зерттеулерiнде.

Құдайға шүкiр, бұл күнде халқымыз шайтан судан, шетелден жеткен кейбiр зиянды азық-түлiктерден арылып, ұлттық тағамдарға ерекше ден қойып жүр. Оған дәлел, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде бiрiнен соң бiрi ашылып жатқан "Қымызханалардың" санының артып, сапасының нығая түсуi. Ұлттық тағамды ұлттың бейнесiн ашып көрсетер бренд десек, ата-бабамыз қадiрiн сақтап, дәмiн бұзбай бүгiнгi ұрпақтарына жеткiзген ұлттық тағамдарымыз халық арасында әлi де кеңiнен насихаттала түскенi жөн-ау, сiрә.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары