АРҚАДАН КЕЛГЕН АУЫЛ

АРҚАДАН КЕЛГЕН АУЫЛ

АРҚАДАН КЕЛГЕН АУЫЛ
ашық дереккөзі
492

Ауыл – кiшi Отан. Оның да өз тарихы бар. Үлкен тарих жолы осы кiшкене соқпақтардан бастау алмақ. Жастар өзiнiң туған ауыл шежiресiн де бiлуге тиiс. Бiз бүгiн осы мақсатта бiр ауыл ақсақалының әңгiмесiн назарларыңызға ұсынып отырмыз.

"БIЗ СЫР БОЙЫНА АРҚАДАН КЕЛГЕНБIЗ" дейдi бүгiнгi қызылордалық қарт Шаймерден Сүйiндiкұлы

– Аңыз әңгiмелерге қарағанда балталы, бағаналылардың бiр бөлiгi Сыр бойына бұдан екi-үш ғасыр бұрын келген секiлдi. Олар өздерiнiң қалың қауымдастарынан қалай бөлiнiп кеттi. Оған не себеп болды екен? Осының ара-жiгiн ажыратарлықтай мәлiметтер бар ма?

– Он жетi жасымда сексен жетiге келген ауыл ақсақалы Есенгелдi деген атамыздың айтуынан естiгенiм, бiз Сыр бойына Арқадан келгенбiз. Қарсақпай, Жезқазған, Қарағанды жақтан.

Ертеде Елiбай деген атамыз өткен екен. Қауым басшысы болған кiсi. Сол атамыз бiр бауырының Өтеп деген баласына қыз айттырмақ болып Сырға, Төменарыққа, Ақарыққа келедi. Қасында екi серiгi бар. Мұнда Оспан деген ескi досы тұрады екен. Соның ауылына түседi. Бұл сунақтар ауылы едi. Бұрын сунақтар сол Ақарықтың бойында отырған.

Елiбай атамыз сунақ ауылында үш күн жатып, ескi досының Анар атты бойжеткен қызына құда түсiп қайтады.

…Келiндi алып қайтар сәт те жетедi. Арқадан келген құдалар түйелерiн жайылымға тұсап жiберген екен. Алып келуге кiсi жiберсе, түйеге жақындай алмай "Қасына барсақ, бүркедi" деп қайтып келедi екен. Сунақ отырықшы қауым ғой. Төрт- түлiк малға емес, егiн-тегiнге көбiрек қарайлайды. Тұрмыс-тiршiлiгi қазақтан гөрi өзбекке жақындау. Сонда қалыңдықтың өзi аталарына түйелерiн әкелiп, шөгерiп, қоршау жасап, мiнгiзiп жiбередi. Сөйтiп Өтеппен екеуi кейiнгi қоршауға отырған екен дейдi.

Арқаға келiн боп түскен Анар өзiнiң ақындығымен де, ақылдылығымен де елге танымал болады. Үш ұл табады. Қауым басшысы Елiбай атамыз қартайып, жасы жеткен соң, елдi жинап: "Ендi Анар келiндi ел анасы деп бiлiңдер. Соның айтқанын iстеңдер. Бұдан былай оның аты – Ақмаржан болсын" дейдi. Сөйтiп Анар әжемiздiң аты Ақмаржан болып кетедi.

Сол әжемiз Елiбай атамыздан соң қауым анасы ретiнде елге басшылық жасайды.

Бiр заманда Арқаға қыс қатты келiп, арты жұтқа ұласқан дейдi. Қиын-қыстау кезеңге тап болған жұрт не iстерiн бiлмей дал болады. Сонда Ақмаржан әжемiз өзiне қарасты қырық сегiз үйдi көшiрiп, Жезқазғанның үстiмен Сырдың бойына, Қараөзекке алып келген екен.

– Сыр бойындағы батысы – Қараөзек, шығысы – Шардараға дейiн шашырай қоныстаған балталы, бағаналылар сол қырық сегiз үйден тараған ба?

– Шамамен XVIII ғасырдың соңы, XIX ғасырдың басында Ақмаржан әжемiз бастаған байырғы көш бертiнге дейiн үздiк-создық жалғасып келген секiлдi ғой. Қиын-қыстау кездерi қолындағы малынан айрылған жұрт қай кезде де алыс-жақын ағайындарын сағалаған ғой. Арқадан ауған көш соңы Сырға өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары келсе керек. Ең ақыры "Ақтышқан" аталған жұт кезiнде жеткен сыңайлы. Ол кезде Қарсақпай өңiрi Қызылорда облысына қараған.

– Бiздiң ауыл әуелгi көштен бе, жоқ кейiнгiлерiнен құралған ба?

– Бiздiң iргемiз сол Ақмаржан аталған Анар әжемiздiң көшiнен бастау алып, кейiнгiлерiмен толыққан. Әуелгi қырық сегiз үйден таралған ұрпақтардан. Аталарымыз iрге кеңейтемiз деп сол Қараөзектен Шиелiге қарай Сырдарияның бойын жағалап келген ғой. Сөйтiп мынау "Авангардқа" қоныстанған. Ол кезде бұл жердi "Мешiт" дейдi екен. Көкжиде, Айдартүбек, Қызылбайыр деген дарияның жағалау алқаптарын жайлаған. Терiстiгi – Қаратау, түстiгi – Сырдың бойы. Мына жағы – қоңырат, мына жағы – қыпшақ. Жер дауы өрiс алып, әңгiме шиеленiскен кездер де болыпты.

– Бұл қай кезеңдер шамасы?

– Николайдың уағы, он тоғызыншы ғасырдың елуiншi-алпысыншы жылдары болса керек. Арқадағы қалың найманнан қолдау сұраған заматтар да өтiптi. Әйтеуiр дау жауласуға ұласпай, өзара келiсiм жолымен шешiмiн тауып отырған көрiнедi. Бертiнiректегi бiр жер дауында кiшiгiрiм айқас болып, Арқадан Бұзау болыстың адамдары келген екен деседi.

– Дау қай жер үшiн болған?

– Қаратау жайылымдарына байланысты. Балталының оншақты үйi ерте көктемде Сырдан малын айдап тауға шығады ғой. Қоңыраттың әпербақандау байшiкештерi оларды отырған жерлерiнен қуып шығады. "Қоңырат, найман – бiр туған. Еншi алыспаған. Туыс-жекжат емеспiз бе, бiзге кеңшiлiк жасаңдар" дегенге көнбейдi. Ол кезде қазiргiдей емес, адам аз ғой. Жер деген жетедi. Бiрақ, пендешiлiк қай кезде де көлеңкедей iлесiп жүретiн нәрсе емес пе. Сонымен не керек, Сырдың бойындағы аз балталы көтерiлiп, Қаратаудың Зорқара, Әупқара деген жерiнде айтыс-тартыс арты төбелес болады.

– Айтыс-тартыс шыққанына қарағанда жер иелiгiне байланысты бiр кiлтипан болғаны ғой?

– Ертеде қалмақтарды қуған заманда қазақтың бас батыры Қабанбай өзiнiң нөкерлерi арасындағы қырыққа келгендерiн жаудан босаған жерлерге қалдырып кетiп отырған дейдi. Сонда Қаратаудың Алашапан, Дарбаза жағындағы саздары садыр-матай руларынан шыққан жасақтарына тиген көрiнедi. Содан ғасырлар бойы олар сол жерлердi жайлап келген. Қаратаудың Ықым сазы, Қорлыбай сазы, Бәймен сазы, Төлеу сазы… бәрi сол найманның садыр-матай руынан шыққан кiсiлер атынан қойылған. Жетiсу, Семей жерiнде сексен колхоз садыр болған дейдi. Солардың қариялары Қаратау саздары туралы, онда болған тарихи оқиғалар жайлы үлкендерден естiген әңгiмелерiн айтып отырады екен. Бұрынғылар атажұртты көрсек деп арман еткен көрiнедi. Наймандар Қаратаудың бүкiл өнбойында шоғыр-шоғыр кездесiп отырады. Мына Шымкент жағында да бар. Бiр қиын-қыстау, жаманшылық кездерiнде мұндағы садыр-матай жер ауып кеткен. Балталылар солардың орнын басты ғой, бiлдiңiз бе…

– Сонымен жер дауы…

– Сөйтiп Зорқара, Әупқараның баурайында қақтығыс болады ғой. Қалың қоңырат қойсын ба, қырықшақты балталыны Зорқараның тауына тықсырып апарады. Бiздiң үш атамыз таяққа жығылады. Қалғандары аттарын етекке тастап, Зорқараның басына өрмелеп қашып шығады. Соңынан қуғандарға тас атып жолатпайды. Таудың жауын жауғанда, қарқын су жүргенде төмен қарай сырғып көше беретiн майда қайрақ тастары болады. Соларды сырғытып, үлкендерiн домалатып, "қырып-жоямыз" деп соңына түскендердi кейiн шегiндiредi.

Осы шайқастан соң балталыдан үш кiсi Арқаға аттанады ғой.

Бұзау болыс сол суыт хабаршылар барғаннан кейiн iле-шала елшi аттандырып, артынан бiр топ қарулы кiсi жiбередi. Әңгiменiң кейбiр нұсқасы бойынша Арқадан үш мыңдай салт атты адам келген дейдi.

Елшi хабарынан кейiн қоңыраттар бiтiм жағын ойластырып, Әупқара тауының етегiне қырық үй тiгедi. Сол жерде үлкен жиын болады. Ту биелер сойылады. Игi жақсылар: "Арқадан келген ат төбелiндей ғана азғантай найманға қалың қоңырат қалай жайылым бермей отыра алады. Арадағы тентек-телiлердiң әрекетiне бола ағайындар жүз шайыспасын. Қақтығыста мерт болғандарға құн төленедi" дейдi.

Сонда бiр атамыз сөз сұрап, қолына тұмағын алған күйi:

– Ей, айналайын халайық! Найман, қоңырат! Бұл дауды түбегейлi шешудiң бiр-ақ жолы бар. Ол – қыз алып, қыз берiсу. Жалған дүниенiң дау-дамайын қыз шешедi, – дейдi.

Бұл әңгiме жұрттың көкейiнен шығып, бiтiмнiң негiзi сол қыз алып, қыз берiсу болады. Сонда қоңыраттың бiр белгiлi дәулеттi кiсiсiне Ақбикеш деген апамызды қырық нарға жүк артып, жасауымен ұзатқан екен дейдi. Сөйтiп қыз алып, қыз берiсу жалғасып кеткен. Бiтiм бойынша Қаратаудың бөктерiндегi Көлтоған, Сарышырпы, Алашапан, Төлеу сазы деген жерлер балталылар иелiгiне бiржола өтедi.

– Бала кезде Қаратау бөктерiндегi Ақтөбе деген жерден жүгерi қайыратын едiк…

– Бiздiң шаруашылыққа қарасты жер ғой. Үлкен Ақтөбе, Кiшi Ақтөбе – екеуi де ежелгi қарауыл төбелердiң орындары. Жаугершiлiк замандарда Қаратаудан, "Жонның асуынан" асып келе жатқан жауды бақылап Сығанаққа алдын ала хабар берiп отыру үшiн жасалған мұнара-қорғандар ғой. Сыр жағындағы Көккесене, Ақкесенелер де, Аққұдық та, Ақтас та сондай қарауылды қамалдар болған. Бәрi Сығанақ уәлаятына қарасты қорғаныс, бекiнiс орындары. Ақтөбе жақтан қарағанда Сығанақ сағымдана көтерiлiп көрiнiп тұрады. Арада ешнәрсе қалқаламайды. Жазық дала ғой. Бәрi алақандағыдай. Қарауыл төбелер Сығанаққа түнде отпен, күндiз түтiн салу арқылы белгi берiп отырған деседi.

"МЕШIТ" ПЕН "СҮТТIҚҰДЫҚ" АРАСЫНДА…

– Ауылымыздың колхоз болғаны қай кез?

– Әуелде "Коммуна" болғанбыз. Солай аталған. Кейiн "Екпiндi" болды. Бұл жиырма тоғызыншы жыл мен отыз үшiншi жылдардың арасы. Онда қазiргi "Авангардтың" орнындамыз, "Мешiтте".

– Қиын-қыстау кезеңдердiң шет жағасын көрген шығарсыз?

– Көрдiк қой. "Мешiтте" жұрт жер кепеде тұратын. Бiр кепеде жетi адам, сегiз адамнан өлiп жатқанын көзiммен көрдiм. Тамақ жоқ. Доңыз өлеңдi тары орнына қуырып жедi. Арқадан келген жұрт ол кезде балық аулауды бiле бермейдi. Бiрлi-жарым кiсiлер болмаса, бұрын-соңды жеп үйренбегендер оған әрекеттенбейдi де. Байлар кәмпескеленiп, ұсталғаны ұсталып, қашқаны қашып Өзбекстан, Тәжiкстан асып кеткен. Белсендiлерде де, әкiмдерде де пәлендей сауат жоқ қой ол кезде. Шала молдалық дiн бұзса, шала сауаттылық ел бұзды.

– Ондай белсендiлер көп болды ма?

– Көп болмаса да, бiр-екеуiнiң өзi талай адамның түбiне жеттi ғой. Солардың бiрi жұлдыздық Ә. деген кiсi. Жұрт наласы болар, бала көрмей кеттi. Басқа да "шабармандар" болған. Әрине, белсендiлердi де кiнәлау қиын, өйткенi заманы солай болды ғой. Ақты қара деп айтқызып тұрған да сол сұрқылтай заманы ғой.

– Ел қамын ойлаған кiсiлер де болған шығар…

– Әрине… Екпiндiлiктер Бәуен қожа деген кiсiнi ұмытпайды. Ол отыз екi-отыз үшiншi жылдары ауданда "зональный инспектор" болған. Өзiмiздiң қожамыз ғой. Сосын Жүсiп деген кiсi. Алмасбаев Жүсiп. Бәкiр ағайларыңның әкесi. Ол да ауданда ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы саласы бойынша қызмет iстеген. Ұзын бойлы, ақсары келген кiсi едi. Ол уақытта Шиелi ауданына қараймыз. Екеуi де ауданға белгiлi, беделдi мамандар болған.

Олардың ауылға жасаған жақсылығы көп. Соның бiрiн айтайын. Сол отыз екi-отыз үшiншi жылдары ауданға Әулиеатадан 210 бас ақтамақ қашар келедi. Бесеуi бұқа екен дейдi. Шиелiден жүк вагоннан түсiрiлген сиырларды Бәуен мен Жүсiп екеуi ықы жоқ, тықы жоқ, түгелiмен Екпiндiге айдатып жiбередi ғой. Қызыл қасқа сиырлар. Асыл тұқымды ақ бас сиырлар бiр жерде, бiр шаруашылықта болсын дегендi желеу еткен болу керек, әйтеуiр есебiн тапқан ғой. Арты қырғын жанжал болады. Бiрақ болар iс болған соң, не iстесiн. Ауылымызға "Екпiндi" деген ат мiне, осы кезде берiлiптi. Онда бастық төңкерiстiк Алтынбай деген кiсi, партия ұйымының хатшысы – Сүлеймен, кешегi өткен Әбiлтай ағаңның әкесi, қойма меңгерушiсi – Жаңаш. Бәрi ақылдасып, ашаршылықтан әлсiреп шыққан елге үй басы бiр-бiрден 100 сиырды сауынға бередi. Кiлең желiндеп тұрған ақтамақ қашарлар. Мал колхоздiкi. Төлi де колхоздiкi. Сүтiн де өткiзедi. Өздерiне тек шай қатық. Көже қатық. Оның өзi үлкен демеу. Бiздiң үйге де бiр сиыр келдi. Көрдiм. Дәу қара қасқа сиыр. Қолға берiлген сиырлар туып, әр үйде ағарған болып, жағдайымыз жақсара бастады. Диланған ел ендi егiн егуге кiрiстi.

Нұртай деген атамыз өте бiлгiр мұраб болған. Сол кiсi дариядан өзi жобалап әкелiп арық қаздырады. Сөйтiп су шығарады. Боқтысай деген арық. Ел соның жағасына жүгерi егедi. Мақта егедi. Ауылға таратылған жүз сиырдан Шиелiге күнбе-күн, айма-ай сүт өткiзiлiп жатады. Не айтасың, қайдан келген сүт, "Екпiндiден" келген сүт. Сөйтiп Екпiндiнiң аты шыға бастайды.

Соғыстың алдында Бұхарадан ауданға бiр мың бiр жүз бас қаракөл қойы келедi. Аты шыққан озат шаруашылық деп мұны да "Екпiндiге" бөледi. Маңайдағы өзге шаруашылықтарда мұндай қара мал да, қой да жоқ. Бұхарадан келген қойды Нұрбек атаң бағады. Ол кiсi кезiнде болыстыққа таласқан беделдi адам болған. Жеңгелерi мен келiндерi өле-өлгенше "болыс", "болыс қайнаға" атап кеттi. Нұрекең сол қойды он сегiз мыңға жеткiздi ғой.

Осылай халықтың жағдайы бiрте-бiрте жақсара бастайды.

– Сiздiң бала кезiңiзде жұрттың iшетiн ауқаттары, киетiн киiмдерi қандай едi?

– Ол кезде жұрт тары егедi. Ауқаттың негiзгiсi осы тары. Тарыны қайнатады. Оны қуырады. Келiге түйедi. Сөйтiп ақталған тарыдан көже жасайды. Мәйсөк жасайды. Мәйсөк – нағыз деликатес. Жеңсiк ас. Ондай деликатес дүние жүзiнiң өзге бiр жерiнде бар ма екен, жоқ па екен… Әй, қайдам, жоқ шығар…

Екiншi – бидай. Күздiк бидай, жаздық бидай егедi. Еккен бидайды еңбекке бередi. Кiмнiң қанша еңбегi бар, соған қарай бөледi. Оны ұн ғып тартады, қол диiрменмен. Нан ғып жейдi, табаға жауып, шоққа пiсiрiп. Жаңа пiскен кезiнде сары майға салып, мыжып жесе одан дәмдi ауқат жоқ. Ол әсiресе үлкен кiсiлерге таптырмайтын тағам. Тiске жұмсақ. Бидайды қуырып жарма, талқан әзiрлейдi. Қуырылған бидайды сары майға былғап та жейдi.

Сосын жүгерi. Жүгерi талқан деген болады. Жүгерi көже… Оны сусын орнына да әзiрлейдi.

Бақша егiсiнен қауын егедi. Асқабақ егедi. Бiздiң бала кезiмiзде әсiресе асқабақты көп егетiн-тұғын. Кәртөшке, сәбiз дегендер ол кезде жоқ едi.

– "Асқабақ пен қауынды шатастырған" дейтiн әңгiме әзiл ме, шындық па?

– Рас әңгiме ғой. Ол осы бертiнiректе болған нәрсе. Арқадан Сырға жаңа келген ағайындар арасынан шыққан ғой. Ол жақта қауын да, асқабақ та өспейдi. Бiрiншi рет көрген адам қайсысы қауын, қайсысы асқабақ екенiн қайдан бiлсiн.

Қауын, қарбызды қадiрлеп, әспеттеу Сырда ғана ма дедiм ғой. Бiрде Көкшетауға бардым. Қонақүйде қасымда бiр қария кiсi болды. Көкшетаудың Қызыл Ту деген ауданынан екен. Қызылордадан бiр таныс кiсiлер картошкаға айырбастаймыз деп вагонмен қауын әкелген екен. Соны өткiзе алмай жүрмiз. Бұл жақтағылар қауын жемейдi екен деп маған бiр үш-төрт қауын бердi. Соның бiреуiн сойып, көршi қарияма "Келiңiз, қауын жеңiз" демеймiн бе. Сөйтсем "бұл не нәрсе?" дейдi. "Сырдың қауыны ғой, жеп көрiңiз" деймiн мен. Тiл үйiретiн тәттi қауынды әлгi кiсi ауыз тидi де, "рахмет!" деп керi итере салды. Мен "мынадай дәмдi қауынға тұшынбай тұрған бұл не деген тәбет" деп аң-таң әрi таң-тамаша қалдым…

Арқа деген Сiбiрдiң шетi емес пе. Ондағы тәбет пен Сырдағы тәбеттiң айырмасы болады ғой… Әр тiршiлiк иесi өзiнiң туып-өскен жерiне, оның табиғатына үйлес өмiр сүредi ғой.

– Не үшiн асқабақ көп егiлетiн едi?

– "Асқабақ – кедейдiң асы" деген сөз бар. Асқабақты қайнатып, пiсiрiп жейдi. Ол әрi дәмдi тағам, әрi дертке дауа дәрi. Қауыннан қақ, қауынқұрт жасайды. Тым пiсiп кетпеген қауын тiлiктерiн жел қақтырып алады да, кейiн қарбыз суына шылап отырып қақ өредi. Оны өреге жайып кептiредi. Бұл да деликатес.

Сосын азын-аулақ қойы бар, ешкiсi бар. Үй басына бiр-бiрден бөлiп берген сиыры бар. Олар кейiн көбейдi. Әр үйде бiрнешеуден сауын сиыр болды. Сүттен қаншама дәм түрлерi жасалады. Халықтың тез әл-ауқатын көтерген мiне, осылар болды.

– "Екпiндi" өзiнiң бұрын "Мешiт" аталған орынынан неге көштi?

– Отыз жетiншi жылы Қиыр Шығыстан эшалонмен кәрiстер келдi емес пе. Бiр тобы Шиелi ауданына жiберiледi. Жоғарыдан олар өздерi қалаған жерге орналассын деген тапсырма болды ма, жоқ, аудан белсендiлерiнiң әрекетi ме, кәрiстер сол бiз отырған жердi қалайды ғой. Осы араға күрiш шаруашылығын орнатамыз дейдi. Сөйтiп бiздi Жаңақорған ауданына көшiредi. Тақыркөл, Сүттiқұдық, Жайылма деген жерлерге.

– Сiз ол кезде қаншада едiңiз?

– Он төрт жастамын. Интернаттың оқушысымын. Қазiргi Нартай Бекежанов атындағы ұжымшар тұрған жердiң үстiрт жағында, қалың қамыс арасында, құмның үстiне соғылған екi там бар-тын. Қыштан өрiлген. Бiр байдың үйi болған екен. Иесi кәмпескеленген бе, жер ауған ба, тастап кеткен ғой. Соны жөндеп, әрлеп, бiрiн мектеп, бiрiн интернат жасаған. "Мешiттен" он сегiз шақырым едi. Аталарымыздың көрегендiгi ғой, балаларымыз оқысын, қатардан қалмасын деп келешегiн ойластырған. Бұл ендi Жаңаштардың, Бекжұмандардың, Жүсiп пен Бәуеннiң тiрлiгi ғой. Осы күнi ойлап отырсам, олардың басқару қабiлетi бiр басқа, әрi елге қамқор, үлкен жүректi азаматтар болған екен.

Интернатта отыз сегiз бала жатып оқыдық. Жаңаберген – комендант. Азық-ауқатты колхоздан өзi тасиды. Арбасы, екi өгiзi бар. Демалыста ауылға барамыз. Кейде жаяу, кейде арбамен.

– Мұғалiмдерiңiз де ауылдан келе ме?

– Жоқ, Шиелiден келедi. Шиелi интернаттан бес-алты-ақ шақырым жерде.

Содан бiр күнi тамақ iшiп отырсақ, ауылдан келген комендант көкемiз:

– Е-ей, қарақтарым, елiмiз жер ауып көшiп кеттi. Жайылма жаққа. Бiздi Жаңақорған ауданына өткiзiп жiберiптi… – дедi.

"Ел көшiп кеттi!" дегендi естiген соң, сол жерде жылап-еңiреп, қырықшақты бала жаяу-жалпы бәрiмiз ауылға келдiк қой. Келсек, жер кепелердiң орындары ғана қалыпты. Ағаштарын алып кеткен. Есiктерi үңiрейiп-үңiрейiп тұр. Дым жоқ… Мал да жоқ, жан да жоқ…

– Кәрiстер әлi келмеген…

– Иә, кәрiстер келмей тұрып көшiрiп жiбердi ғой… Содан сол өгiз арбаға мiнгесiп-ұшқасып Төменарықтың үстiмен Сүттiқұдыққа келдiк қой. Сөйтсек, ауыл баяғы заманнан қалған жолым үйлер сияқты қостарын – кiшкене қара үйлерiн тiгiп арық бойында қаздай тiзiлiп отыр екен. Қазiр ол арықтың iзi ғана жатыр… Жер асты суы табылған тұс. Бүгiнде Жаңақорған, Шиелiге содан тұщы су тартылып жатыр ғой. Сол маң. Ол кезде мұнда ел жоқ болатын.

– Ауыл "Мешiттен" Сүттiқұдыққа жылдың қай мезгiлiнде көшiп едi?

– Ерте көктемде. Барысымен егiске кiрiстi. Мақта ектi. Күрiш ектi. Бидай ектi. Қауын ектi. Егiн жақсы шықты. Арықтың суы жеткiлiктi болды.

Егiн-тегiн жиналып, күз келдi. Ендi қыстайтын жер керек. Қайда барамыз? Жұрт арасында әңгiме-сөз көбейдi. Жоғарыдағылар Жайылманы қыстайсыңдар дептi.

"ҚЫЗЫЛ КIТАП"

Содан ауылдың бас көтерер кiсiлерi жиылып, ақылдасады: "Бiз неге "мәңгi иелiкке" берiлген жерiмiзден қараптан-қарап айрылып қалуымыз керек. Совнарком мөрлеп бекiткен мемлекеттiк актiсi, Сталин мен Калининнiң қолдары бар "Қызыл кiтабы" бола тұрып, ол жердi неге келiмсектерге беремiз де, өзiмiз айдалада қаңғырып жүремiз? Әңгiме осылай өрбидi.

– Ол "Қызыл кiтап" қазiр бар ма екен?

– Қазiр бiлмеймiн. Сол кездерi "конторда" тұратын. Мен өз көзiммен көргенмiн. Колхозға берiлген жерлердiң картасы болды. Шекаралары белгiленген. Онда дариядан тауға дейiнгi шаруашылыққа тиесiлi жер түгел көрсетiлген. Сыр жағындағы Айдартүбек, Ақдөң, Қызылбайыр, Көкжиде, Қырықкепе, Қамыстықақ, Бесжан, тау жағындағы Мыңбұлақ, Дарбаза, Алашапан, Төлеу сазы, Сары шырпы… бәрi бар.

Қаздай тiзiлген "жолым үйлердiң" бiрi кеңсе едi. Бiр күнi соған құлақтандыру жазып қойыпты "кешке жиналыс болады, тегiс келiңiздер" деп. Бала болсақ та елеңдеп бiз де бардық. Қысылып-қымтырылып босағада отырдық. Әңгiме қыстайтын жер туралы екен. Қыс болса келе жатыр. Қалай етемiз? Мынау Жайылманы қыстаймыз ба? Жоқ, басқалай әрекет жасаймыз ба?

– Сөзiңiз аузыңызда. Сiздер, ауыл балалары қайда оқитын болдыңыздар?

– Бiз Шиелi жақтағы интернатты қойдық та, Қандарал мектебiне қатынап оқыдық.

– Қандаралыңыз қай тұс?

– "Красная звезда" тұрған жер ғой… Бұл кезде онда да әлi арнайы салынған мектеп жоқ болатын. Киiз үйлерде оқитынбыз. Он екi киiз үй болды. Оқушылар өз топтарымен сонда бөлiнiп оқиды. Арнайы ғимарат одан кейiнгi жылдары салынды. "Елтай", "Екпiндi" – екi колхоздың балалары сосын сонда оқыды.

– Бұл кезде колхоз бастық кiм едi?

– Жаңаш. Түлкiбаев Жаңаш.

– Ол кiсi соғыстан бұрын да бастық болып па едi?

– Иә, болған.

– Сонымен жиналыс не шешiм қабылдады?

– Бiз барғанда Дәуренбек көкемiз сөйлеп жатыр екен. Парторг:

– Бiз әлi де болса iзденуiмiз керек. Қолымызда жоғарғы үкiмет орны бекiтiп берген "Қызыл кiтабымыз" бар. Заң бiздiң жағымызда. Жерiмiздi тартып алып, өзiмiздi қаңғыртып жiберуге ешкiмнiң хақы жоқ. Бiз жоғарыға баруға тиiспiз, – дедi.

Сосын Смайыл сөйледi. Өтебектiң әкесi. Ол кiсi бас бухгалтер. Одан соң Жаңаш сөйледi. Бiр уақытта орнынан Жаңаберген көтерiлдi:

– Ей, ағайындар, азаматтар, сөздерiң орынды. Бiрақ мұның арты сиырқұйымшақтанып кетпесiн. Екi адам шығарыңдар. "Қызыл кiтапты" Мәскеуге алып барайық. Iстiң жайын соны көрсетiп тұрып айтайық. Бұл әңгiменi көп ұзатпай, сөзден нақты iске көшейiк, – дедi.

Дәуренбек тұрып:

– Жәңке, оған баратын адамның ыңғайы жоқ қой. Кiм барады? – дедi.

Сол кезде Кiшiбай көтерiлiп, Досыбектiң әкесi… Бригадир… Сол кiсi:

– Бұған Жаңаберген мен Досмағамбеттiң ыңғайы келедi, – дедi.

Мұны Жаңаш қолдады. Сосын өзгелер де "осы дұрыс" дегенге келдi.

Сонымен не керек, Мәскеуге Жаңаберген мен Досмағамбет баратын болды.

Жиналыста жол жүретiн кiсiлерге қаражат, азық-ауқат, киiм-кешек әзiрлеу жағы пысықталды.

Екi көкемiз мiнген өгiз арбаны ұста Жәуке атаң екеумiз айдап Төменарыққа келдiк. Сөйтiп сол жерден шығарып салдық. Ол кезде "кедей пойыз" деген пойыз болды. Кiшкентай. Тоқтамайтын жерi жоқ. Мәскеуге дейiн он екi күн жүредi екен. "Екпiндiнiң" екi өкiлi соған мiнiп кеттi.

"ЕКПIНДIНIҢ" ЕКI ӨКIЛI МӘСКЕУДЕ

Содан Мәскеуге барып түседi ғой, Қазан вокзалынан. "Сұрай-сұрай Меккеге барасың" деген емес пе… Бұлар да сұрай-сұрай Кремльдiң маңына жетедi. "Қызыл кiтап" қоржында. Ол кезде чемодан қайда. Иықтарында шашақтап тастаған бiр-бiр қоржын. Баста қалпақ. Үсте шапан. Аяқта кебiс-мәсi… "Қайда барасыздар?" – "Кремльге, Сталинге барамыз!"…

Содан Қызыл алаңда бұл кiсiлерге бiр татар кездесе кетедi. "Қайдан келесiздер? Қайда бармақшысыздар?" дейдi ғой. "Қазақстаннан келдiк. Осындай-осындай… Сталинге кiрмекшiмiз" дейдi бұлар.

Әлгi татардың қызмет дәрежесi бар екен. Мән-жағдайды ұққан соң ол бұларды Калининнiң қабылдауына алып барады. "Бұл мәселенi Жоғарғы Кеңестiң төрағасы шешедi. Жердi бекiтiп беретiн сол" дегендi айтып, түсiндiредi.

Калинин екпiндiлiк ағайынды екi өкiлдiң әңгiмелерiн бiр қазақ тiлмаш арқылы басын шайқа-а-ап отырып тыңдапты. Сөйтiп әлгi тiлмашқа тапсырма бередi:

– Мына кiсiлердi қонақ үйге алып барып орналастыр. Моншаға түссiн. Тамақтандыр. Сосын жатып демалсын. Ертең Москваны аралат. Қыдырт. Мынадай қаржы ал. Үш күн осында болсын. Үш күннен соң пойызға шығарып сал. Олар елiне барып жеткенше "Қызыл кiтапта" белгiленiп бекiтiлген жер түгелiмен иесiне қайтарып берiледi, – дейдi.

Бұлар Мәскеуден елге келгенде ауыл қайта көшiп келiп жатыр екен. Бiрақ дәл бұрынғы орнына емес, оның терiскей жағы Сорқұдық деген жерге.

– Сорқұдық қай тұс?

– "Полказарманың" тұсы. Көктам деген жер бар ғой. Соның жаны. Боқтысай каналы "Полказарманың" үстiмен соған дейiн барады. "Полказарма" бiздiң жерiмiз болған ғой. Жиырма үшiншi разъездiң Шиелi жағындағы темiр жолдан өтетiн тесiк көпiр бар емес пе. Сол маң. Жағалай үй тiгiп жатыр екен. Ол кезде Шиелi каналы жоқ. Жұрт сол бұрынғы "Мешiт", қазiргi "Авангардтың" өкпе тұсына кеп қоныстанады.

– "Мешiттiң" өзiне неге қайтып бармаған?

– Кәрiстер отырып қалған ғой. Калининнен өкiм-бұйрық болып, телеграмма келген соң, облыс, аудан басшылары ақылдасып, оларға сол "Мешiттi" қалдырған да, өзге жерлердi түгел қайтарып берген. Айдартүбек, Қызылбайыр, Көкжиде, Сүттiбай құмы, Қамыстықақ, Бесжан, Баянбай, Жаманбала… бәрi өтiп кете жаздап барып қайтқан ғой. Сөйтiп кәрiстер қыспақта қалды. "Авангардтың" жанында канал бар. Шекара. Одан берi өте алмайды. Егiндi бiр жағы дарияның арғы бетiне, бiр жағы таудың етегiне дейiн барып егедi.

Кейiн ауыл "Ескi Екпiндi" мен Жаманбала көлiне бөлiнiп қоныстанды…

Әңгiменi хатқа түсiрген Әбiлхан ӘБIЛАСАН

Серіктес жаңалықтары