ҚАНДАЙ ДIННIҢ ҚАНЖЫҒАСЫНДА...

ҚАНДАЙ ДIННIҢ ҚАНЖЫҒАСЫНДА...

ҚАНДАЙ ДIННIҢ ҚАНЖЫҒАСЫНДА...
ашық дереккөзі
214

Парламент депутаттары таяуда "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп, жер-жерде басқосулар өткiзген едi. Алайда билiк елiмiзде дiни ағым уағызшылары мен секталық топтардың тiркелуiне қойылған қатаң талаптардан шошынды ма, әйтеуiр, Заң жобасы қабылданбай қалды.

Заң жобасы Парламент қабырғасында қаралып жатқанда, миссионерлiк қызметтi астыртын атқарып жүрген кейбiр дiни топтардың iсi әшкере бола бастады. Құқық қорғау, әдiлет мамандарының айтуынша, заңға бағынбағандар қомақты көлемде айыппұл төлеп, елден аластатылған. Сорақысы сол, олардың денi арнайы тiркеуден өтпептi. Мұндай бейберекетсiздiкке әсiресе, Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Павлодар облысында көп жол берiлгенi анықталған. Ал, қазiр заң жобасы бiр шетке ысырылып, дiни ағымдар туралы ешкiмге жақ жармайды. Неге?

Жақында редакциямызға газетiмiздiң тұрақты оқырманы хабарласып, екi оттың ортасында қалғанын жыларман күйде жеткiздi. Көпқабатты тұрғын үйде тұратын қария далаға балаларды шығарудан қорқып қалғанын айтады. Себебi, үйдiң сол қапталында, яғни, Тiлендиев көшесiнде "Үмiт" үйi болса, оң қапталындағы Тұрғыт Өзал көшесiнде қазақтың қаракөз бүлдiршiндерiн тәттi тоқашпен, түрлi ойыншықпен арбайтын клуб бар. "Ойын баласы емес пе, сабақтан келген соң таза ауа жұтып келсiн деп жiберсең, кәдiмгi өзiмiздiң қазақтың қыз-келiншектерi балалардың тiлiн тауып, қолдарына шақыру билетiн таратып кетедi. Осыған тосқауыл қоюға дәрменiмiз жетпей ме?!", — дейдi немерелерiнiң болашағына алаңдаған қария.

Сол "шақыру" қағазы қадiрмендi қонаққа ғана берiлетiн шақыру билетi дерсiң. Сыртындағы дәмдi тоқаш пен бауырсақтың, тәттi кәмпиттiң түр-түрiнiң суретi көз тартады.

"Шақыру билетiнде" көрсетiлген мекен-жаймен Тұрғыт Өзал көшесiндегi үйдiң қоңырауын соқтым. Кәдiмгi жер үй. Сыртында оқшауланып тұрған атау да, белгi де жоқ. Есiк алдында 9-10 жас шамасындағы екi бала ойнап жүр. Шапшаңдау Самат: "Мамам да, папам да жұмыста. Сабақтан соң, олар үйге келгенше далада ойнаймын. Сосын көршiм Әдiл екеумiз осы үйге келемiз. Осындағы апай бiзге неше түрлi кәмпит бередi ғой" деп ата-анасы жұмыстан қайтқанша, қарнының тоқ жүретiнiн айтып мәз болысты. Әке-шешесiнiң қадағалауынсыз қалған Саматтың күндегi бас сұғатын жерi осы екен. Сөйтiп жүргенде, Саматтың бiржола жат пиғылды ағымның жетегiнде кетпесiне кiм кепiл?

…Түрi шаршаңқы, қабағы солғын қазақ келiншегi есiк ашты да: "Сiз бiздiң "Ақиқат" қауымына келдiңiз бе? Ересектер жексенбi күнi сағат 10-да жиналады. Сол кезде мына үй нағыз Құдай үйiне айналады" деп жылы-жылы сөйлеп, iшi-бауырыма кiрiп барады. Жанымдағы екi баланы танып, басын сипап қойған әйелден "Мұнда балалар да жинала ма?" деп сұрағанымда, ол: "Жаздың кезiнде маңайдағы көпқабатты үйлерде, жатақханада тұратын балалар қатысатын. Қазiр көбiне ересектер. Ал, мына екi бала бiздiң тұрақты қонағымыз" — деп екi қаракөзге мейiрiмiн төге сөйледi. Мына үйдiң iшiнен бәрiн табуға болады. Ойыншықтар, бейнелеу, еңбек құралдары, сөрелерiнде самсап тұрған қазақ тiлiндегi журналдар. Қолыма тиген "Шапағат" журналын парақтап едiм, қаракөз балалардың Иса пайғамбарды мадақтаған жырлары мен әңгiмелерiнен бас айналады. Ол ол ма, журнал ұжымы елiмiздiң әр аймағындағы оқушыларға осы тақырып аясында байқау жариялап, оның жеңiмпаздарын анықтапты. Сыйақысы да тәп-тәуiр. Мiне, қызық! Қазақ балалары iзденiсiн қай арнаға бұрып жатыр?

Үрейлi үйде серiк болған екi досым да өз үйiнде жүргендей арсын-гүрсiн. Журналдардың бiрiнен соң бiрiн алып, қызыға танысып жатыр. Өзi қазақ, сөзi орыстiлдi әйелдi әңгiмеге тартқанмын. Ол: "Балаларым қарсылық танытқанына қарамастан, осы "Ақиқат" қауымына кiрiп кеттiм. Мiне, он жылдың жүзi болыпты. Балаларым бөлек, өзiм осында қарауылдап тұрамын. Өз өмiрiмдi, өз Құдайымды тапқаныма бақыттымын. Өмiр сүруге деген құлшынысым да күн санап артып келедi" деп бақытты жанның кейпiне ене кеттi. Әлгi екi бала да көздеген тәттiсiне қол жеткiзгенi сол екен, далаға тұра жүгiрдi. Тысқа шыққан соң, сөзiм жеткенше, екi балаға мұнда келмеу керектiгiн айтып, түсiндiрмек болдым. Тiптi, үйiне барып ата-анасымен тiлдескiм де келдi. Бiрақ, жұмыстан әлi оралмапты.

Осы көрген-бiлгенiмдi айтып, Бостандық ауданы, Әдiлет бөлiмi мамандарына хабарласқанымызда, "Бiз тексеремiз, көремiз…" деуден әрiге аса алмады. Бәлкiм, бұл дiни секта тiркеуде жоқ шығар… сондықтан да жұрт елеусiз үйде бас қосатын болар… Ол жағын ешкiм ашып айтпады.

МИССИОНЕРЛЕРГЕ ТӨР БЕРГЕН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ

Таяуда Парламент депутаты Бекболат Тiлеухан Тараз қаласындағы ата-аналардан келiп түскен хаттың желiсi бойынша депутаттық сауал жолдады. Хатқа сүйенсек, жаңа жыл қарсаңында, дәлiрек айтқанда, 2009 жылғы желтоқсанның 28-i күнi Тараз қаласындағы ақыл-ой дамуында кемiстiгi бар балаларға арналған мектеп-интернатқа кәрiс-христиан шiркеуiнiң қызметкерлерi келiп, сыйлық таратқан. Мектепте тәрбиеленiп жатқан 248 бала 27 сыныпқа бөлiнсе, оның 20-сы — қазақ сыныптары. Ал бұл шараның негiзгi әрi белсендi ұйымдастырушысы мектеп-интернаттың директоры Райхан Әбсаттарқызы Исманованың өзi екен. Райхан ханым Тараздағы "Ерик" кәрiс шiркеуiне хат жолдап, балаларға жаңажылдық сыйлық берудi өтiнедi. Сөйтiп, ақырында шiркеу қызметкерлерi өздерiнiң қойылымын көрсетiп, онда Исустың туған күнiнен бастап, пайғамбар болғанға дейiнгi сәттерi бейнеленедi. Олар зал толы қазақ балаларын орнынан тұрғызып, қолдарын жүрек тұсына ұстатып, "Я люблю тебя, Исус" деп қайта-қайта ән шырқатты", — деп жазылған арыз-хатты оқып берген депутат Бекболат Тiлеухан Жамбыл облысының әкiмi Қанат Бозымбаев пен Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевқа шүйлiгiп, мәселенiң анық-қанығына қатысты нақты жауап күтетiнiн баса айтты. Айтпақшы, бұл аз десеңiз, Жамбыл облыстық бiлiм басқармасының бастығы осы жайтқа қатысты "Кәрiс шiркеуi мектепке келiп қойылым қойғанда тұрған ештеңе жоқ, бiздiң мешiттiң молдалары да мектепке келiп, қой сойып, құдайы берiп жатады ғой" дейтiн көрiнедi. Бiлiм беру басқармасы бастығының неге бұлайша сөйлегенi түсiнiксiз. Арнайы тексерудiң нәтижесiне сәйкес директорлық қызметiне атүстi қарап, түрлi заңсыздықтарға жол берген Р.Исмаилова жұмыстан босатылды. Сондай-ақ депутат екiншi сауалында орыс бөлiмдерiне арналған 6-сыныптың "Русская словесность" оқулығы баптист, иегова куәгерлерiнiң идеологиялық қаруына айналғанына айта келе, миссионерлердiң өз саясатын ашық түрде жүргiзiп, жас ұрпақтың санасын улап жатқандығына ашынды. Яғни, бұл орыс мектептерiнде оқитын мұсылмандiндi өзге ұлт өкiлдерiнiң жанайқайы. Ең сорақысы, осы оқулықтарды мектеп бағдарламасына енгiзу туралы шешiмдi елiмiздiң Бiлiм және ғылым министрлiгi шығарған. Бекболат Тiлеухан екi сауалын дәл осы мекемеге бағыттады. "Қазiр мынау саентологтар, "Иегова куәгерлерi" дiни бiрлестiгiнiң өкiлдерi, сатанистер және т.б. миссионерлер қазақтың топырағында ешқандай дәстүрлi емес миссионерлiк әрекеттерiн осы кiтапқа сүйенiп жасап отыр. Бұл бiздiң бюджеттiң ақшасына басылып, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ұсынысымен шығарылған кiтап. Ақылға сыймайтын нәрсе" деп ашына әрi батыра айтты.

Бiздегi дiни ахуалдың қалай сипат алып бара жатқанын осыдан-ақ пайымдасақ болмай ма? Бұл бiр ғана мысал. "Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы" Заңымызды қашан қайтадан қолға алып, қашан өз игiлiгiмiзге сай етiп қабылдар екенбiз?..

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары